Ән жайлы Абайдан артық айтқан адам жоқ. Ол өзінің алты шумақтан тұратын өлеңі арқылы әннің бүкіл табиғатын ашып берді: «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар. Кейі – зауқы, кейі мұң, дертін қозғап, Жас балаша көңілді жақсы уатар...» Бекзат болмысты Жәнібек Кәрменов – осы қасиеттерді бойына сіңірген әнші. Осындай қасиеттерді көре білген қазақ әнді де, әншіні де төбесіне көтеріп, хандай күтеді, айдарлап ат тағады. Бұл – өнерге елітіп, сөз қадірін білетін халық үшін заңды құбылыс. Жәнібек Кәрменов те – көпшіліктің осындай құрметіне, ыстық ықыласына ие әнші. Ән айтудағы шеберлігіне, әнді таңдап, оны халыққа ұсынудағы ізденісіне тәнті тыңдаушы оны көзінің тірісінде-ақ «таңдайына бұлбұл ұялаған әнші», «даланың бозторғайы» деп еркелетті. Небәрі 43 жасында жол апатынан қайтыс болған әншінің орындаушылық шеберлігімен қоса, халық арасында айтылатын қаламгерлік, шешендік қырларына зер салып, әр еңбегіне үңілген сайын ол кісі жайлы алғашқы түсінік тереңдей береді.
«Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» (Абай), «Дені саудан дені сау ән шықпақ», «Жаны кірдің әні кір» секілді әнші ұстанымдары одан дәріс алып, Жәкеңнің алдын көрген шәкірттердің аузында жырдай айтылады. Шашубайдың «Аққайыңын», Ғазиздің әнін, Сейітжан сал салған «Қанатталдыны», Біржанның және Жарылғапбердінің әндерін, Мұхиттың, Ақанның, Естайдың, Исаның, Әсеттің, Жамбылдың, Сәкеннің, Кененнің, Қасымның әндерін өз мәнеріне жеткізе орындайтын Жәнібек Кәрменовтің репертуарында 300-ден астам ән болыпты. Сазгерлік қырын енді жолға қоя бастаған тұлға қалың тыңдарманға «Жеңеше», «Жаса, елім», «Ағалар», «Өмір туралы толғау» сияқты әндерді ұсынып кетті. Әншінің артында қалған ұрпақтары да «Ойламаңдар, жігіттер, Баста дәурен тұрмайды», «Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артыңа», «Өмірдің соңы – өкініш, санамен ойлап білгенге», «Желігіп келсең өмірге, Жерініп бәрібір өтерсің», «Байлықты қусаң базарлап, түбінде саған сол – қайғы», «Қулықпен тапқан мал арам, Түбінде қайыр болмайды», «Жолдас болма жаманмен, Көзің жетпей парқына», «Жалғыз шықпа сапарға, Өкініште қаларсың», «Қайырым түбі – даналық, Жақсылық етпе есеппен» деп кеткен әке аманатының өздеріне асқақ арман мен биік мұрат жүктейтінін айтады.
Қазақ әнші-сазгерлерінің қарқыны мен болашақ беталысына қарап, орыс ғұламасы Г.Потаниннің: «Енді 50 жылдан кейін қазақтар астана сахналарына әншілер мен музыканттар даярлап беретін болады. Бәлкім, олардың ұлт ретінде қайта тууының өзі осыдан басталатын болар», – деп айтқан сөзіне қанат біткендей. Оған Жәнібектей асқан талантты орындаушылар – дәлел. Ендеше, Жәнібек Кәрменовтің өмірден озғанына 20 жыл болса да, оның талғампаз өнері мен тұлғалық бейнесі көз көргендердің естеліктері арқылы халықтан, халықтың киелі өнерінен еш алыстамақ емес.
«…Ел, халық болған соң, оның ұлттық нақыш-сазы, өзіндік үн-тілі, әуенділік тілі болады. Сол ұлттық әуен, ұлттық нақыш-сазға әншілер арқа сүйей отырып, олар өздерінше өрнек құрайды. Егер бейнелеп айтар болсақ, кең-жазира алқапты белгілі бір ұлттың ән өлкесі деп есептеңіз. Сол ән өлкесінде өскен алуан түрлі гүлдер орындаушы әншілер сияқты. Сол топырақтан нәр алып өскен гүл, яғни әнші-орындаушы кімнің де болса көңілін қуанта алады. Ал өскен, нәр алған топырағынан тамырын үзген әнші-орындаушы жұлынған гүлмен бірдей». («Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» кітабы, 218-бет).
Тұрар Тұрсынханова, Ж.Кәрменовтің жары:
Достары бізді сыртқа тепкен емес
– Жәнібекпен 20 жыл бірге өмір сүрсем, Жәнібексіз ғұмырыма да 20 жылдың жүзі болыпты. Тағдырдың жазуына не шара?!
Жәнібек өмірде өте қарапайым болды. Жастарға – аға, үлкендерге іні бола білді. Өзі ауылда өскендіктен, ауыл адамдарымен өте жақсы тіл табысатын. Концерттермен ауылдарды көп аралайтын. Менің де ол кісіге ілесіп, бір-екі рет ауылдарды аралағаным бар. 1989 жылы Шәкәрім қажының 130 жылдық мерейтойына бардық. Сонда көргенім ол кісінің кез келген адаммен емен- жарқын араласа кететіні еді. Кез келген киіз үйге кіріп барады да, жастыққа жантая кетеді. Үстінде үтіктелген таза концерттік костюмдері бар. Ол умаждалады дегендей. Оны қайта үтіктейтін жер де жоқ. Біз кірпиязбыз баяғы. Бізге орындық керек, жерге отыра алмаймыз. Келгеннен кейін: «Үстіңнің бәрін қыртыстадың, неге жерге жата кетесің?» – деп ренжимін. Сонда ол кісінің айтатыны бар еді. «Қара киізге жатсам да, ол маған майдай жағады, сол күндерімді мен сағынамын, шіркін-ай!» – дейтін. Жәкеңнің патриоттық сезімі ерекше еді. «Бүкіл қазақтың мыңғырған малы, кісінеген жылқысына дейін менікі», – дейтін рақаттана күліп. «Ол қалай сенікі?» – деймін мен. Ол кісі сол кезде: «Республиканың кез келген облысынан, қаласам болды, маған кез келген адам өзі малын әкеліп бере салады. Мен сұраншақ емеспін. Бірақ бұған сондай сенімдімін», – дейтін. Малшыларға, шопандарға барса болды, құрметтеп, жібермейтін.
Қазақта «әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген қанатты сөз бар ғой. Құдайға шүкір, Жәнібектің достары балаларға әкесіз қалғанын сезіндірген жоқ. Кенже баламыз әкесінен екі жарым жасында қалды. Әкесін қатты сағынып жүрді. Жәкеңнің достары бізді тойларға, қонаққа бірге алып барып, қайтар жолда үйге қалдырып кетіп жүретін. Сондай күндердің бірінде Шәкәріміміз Тұрсын Жұртбайдың мойнынан қатты құшақтап алып, жібермей: «Сен бүгін менің үйіме қонасың», – деп бәрімізді жылатқаны бар еді. Сондай достары әрқашан да балаларды жетімсіретіп, мені жесір деп сыртқа тепкен емес, бізден қашқақтаған жоқ. Керісінше, Жәнібекке қатысты іс-шаралардың бәрінің басы-қасында шапқылап жүреді.
Жәнібектің қолы өте ашық болатын. Қазір қарап отырсам, ол кісі өзіне сыйлаған Мұхтар Әуезовтің домбырасын да, ұстазы Жүсіпбек Елебековтің де домбырасын көңілі қалап сұраған достарына сыйлап жіберіпті. Жәнібек карта ойнағанды қатты жақсы көретін. Преферанс дегенді күнді күнге салып ойнайтын. Жәкең аңшылықты жақсы көрді. Соңына түсіп кетпесе де, ара-тұра аңға шығатын. Кейін ойлаймын, ол, бәлкім, шығармашылығына да керек болды ма екен...
Несіпбек Айтов, Ж.Кәрменовтің досы, ақын:
Шешендігімен ерекшеленді
– Жәнібектің шешендігін елден артықшылығы дер едім. Бір айтқан сөзін екінші жерде қайталамайтын еді. Мен мұндай шешен адамды ауызекі сөзде әлі көрген жоқпын. Талай шешенді көріп жүрміз, бірақ Жәнібекке жетері жоқ. Жас кезінде той басқарып жүргеннен кейін мен онікі жаттанды шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол ойым қате екен. Жүре келе, көре келе, араласа келе, оның шешендігінің табиғи, қанына сіңген қасиет, ерекше дарыған қабілет екендігін байқадым.
Мен Жәнібекті 1969 жылы Алматыға оқуға келгенде көрдім. Содан бастап дүниеден озғанша жолдас болдық, қатар жүрдік. Талай сапарға бірге бардық. Оның тағы бір ерекшелігі – Абай айналасындағы көнекөздердің шежіре оқиғаларын іздеп тауып, сонымен танысып, зерттеп, өзіне сіңіріп жүргендігі.
Жәнібектей әнді жеріне жеткізіп айтатын, әнді буынға дәл түсіріп айтатын әнші кемде-кем. Ол әнді көп уақыт өзінде сақтап, пісіретін. Бас салып бірден айта бермейтін. Ақселеумен бірге жүргізген әндер туралы хабарлары терең мағыналы болатын. Әнді орындағанда ол Манарбекке де, Жүсіпбекке де ұқсамай орындап, өзі бір жаңадан жол салып келе жатыр еді. Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуын, Ақтамбердінің «Күмбір-күмбір кісінетіп» деген әндерін өзінше өрнекпен айтып, енді ғана ашылып келе жатқанда үзілді. Амал не, сұм ажал арамыздан осындай талантты ерте алып кетті.
Шаһ-Керім Кәрменов, Ж.Кәрменовтің ұлы:
Әкемнің журналистік жолын жалғадым
– Мен әкемнен екі жасымда қалғандықтан, ол кісі жайлы естеліктер ойымда тек елес ретінде қалды. Әкемнің кім екенін, қандай адам болғанын анамның, достарының әңгімелерінен білдім. Мен үшін әкемнің болмысын сезіну үлкен мұраттай көрінеді. Ол кісіні туғаннан бастап өзімше зерттеп, зерделеп келемін. Бірақ әлі түбіне жетер емеспін. Мен оның әлеміне үңілген сайын ол кісінің азаматтық болмысы, әкелік бейнесі асқақтай береді. Есейген сайын сол асқақ тұлғаның өзің үшін керектігі айқын сезіліп тұрады, сағынасың. Әпкем екеуміздің арамыз 16 жыл болғандықтан, мені ол кісі үлкен сағынышпен асыға күтіпті. Әкемнің арқасында тілім де ерте шығыпты. Анамның айтуынша, үш жарым айымда «ата» деппін. Әкем өзін ата деп айтқызыпты. Бір жасымда Абай атамыздың «Қайран елім, қазағым, қалың жұртым» деген өлеңін жаттатқызыпты. Мұның бәрі, әрине, құлаққа бір түрлі естіледі. Бірақ, анамның айтуынша, ол кісі менен үлкен үміт күтіпті. Қонаққа барса да, бір кісілермен кездесуге барса да, мені қасына ертіп алады екен. Әкемнің жұмыстан келер уақытында мен де екі тәпішкемді құшақтап алып, есіктің аузында отырады екенмін. Бұл көрініс маған бүгін бұлдыр сағым секілді оралады. Жұмыстан келген бетте: «Далаға кеттік», – деймін. Әкем сөзімді жерге тастамастан, далаға алып кетеді. Сонда менен ол кісі: «Балам, саған не әперейін?» – деп сұрайды екен. Кейде қасында дос-жарандары болады. «Балмұздақ әперейін бе?» «Жоқ, керек емес». «Кәмпит әперейін бе?» «Жоқ, керек емес». «Ойыншық па?» «Жоқ». «Енді не?» – дейді ғой. Мен еш бөгелместен: «Маған қатын әпер», – дейді екенмін. Оған бәрі балаша мәз болып, күлетін көрінеді. Енді өзі үйретіп қойған сөзі ғой әкемнің. Әке жайлы әдемі естелік көп. Ол таусылмақ емес.
Әншілік Алланың бұйрығымен келетін талант десек, сол өнер бізге қонбағандықтан, әкемнің ең болмағанда журналистік, жазушылық жолын жалғайын, ол кісінің тұлғасын зерттейін деген оймен журналист мамандығын алып шықтым. Дипломдық жұмысымның тақырыбын «Жәнібек Кәрменовтің публицистикалық мұрасы» деп алдым. Зерттеп отырсам, әкем очеркті көп жазыпты. Өнер саласындағы құрдастары, одан бөлек Нұрғиса Тілендиев, Кәукен Кенжетаев, Шәкен Айманов, өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебеков жайлы көптеген мұра қалдырды. Очерк – ол кісінің шығармашылығының бір саласы ғана. Ол кісінің жазған үш сүбелі еңбегі бар, оны білесіздер. Одан бөлек үйде «Аяқталмай қалған күй» деген романы бар. Алла жазса, батылдығым жеткен кезде оны да қолға алып, аяқтармын деп ойлап жүрмін. Әкем дүниеден өткеннен кейін анамның, достарының атсалысуымен «Жәнібек» деген естеліктер кітабы шықты. Одан бөлек біраз еңбегі жинақталуда. «Махаббат әні» кітабы қайтадан басылып шықты.
Әкемнің қара домбырасы иесіз қалмасын деп, 7-сыныпта Абай оқуларына қатысып, домбыраны өз бетімше үйренген жайым бар еді. Біздің үйден ол кісінің әндері үзілген емес. Ол әндер үйде үнемі шырқалып тұрады. Сондықтан әндегі ұстазым да әкем дер едім. Сол кісінің үнтаспаларын тыңдап отырып, домбыраны үйреніп, «Абай оқуларына» қатыстым. Содан кейін ол кісінің туған жері Қарауылға барып, бас жүлдені жеңіп алдым. Бірақ өзімді әнші деп есептеуге қақым жоқ. Ортан қол дауысым бар. Кәрменовтің тегін алып жүріп, ортанқолдық мүмкіндікпен әнші болып кету мен үшін ұят деп ойлаймын. Сондықтан әкемнің журналистік жолын жалғап, қолымнан келгенше елге қызмет еткім келеді. Бірақ немерелерінің арасынан болса да, Кәрменовтің әншілігі қонатын бір дарын шығатынына еш күмәнданбаймын.
Құныпия Алпысбаев, Ж.Кәрменовтің досы, филология ғылымының докторы, профессор:
Мәскеуге жиналған жұртты аузына қаратты
– КазГУ-да оқып жүргенде Жәнібек екеуміз сол оқу орнының көркем өнерпаздар үйірмесіне бірге қатыстық. Сол кезден есте қалған әдемі бір естелік бар. 1975 жылы университет тұңғыш рет Дүниежүзілік университеттер ассоциациясына мүше болып қабылданатын болды да, соған байланысты Мәскеуде МГУ-да үлкен форум болды. Соған біздің оқу орны арнайы музыкалық бағдарлама дайындап апарды. Ол бағдарламада Жәнібектің сахна сыртынан шырқап шығатын номері бар еді. Мен залда көрермен болып отырдым. Сол көрініс әлі көз алдымнан кетпейді. Жәнібек сахна сыртынан шырқап келе жатқанда бір кездегі Әміренің Париж төрінде шырқап, француздардың аузын аштырған сәті ойға оралды. Исаның «Желдірмесінің» әуелгі айғайы сахнаның сыртынан басталып келе жатқанда ел ерекше тамсанып қалды. Жәнібектің тынысының кеңдігі, дауысының тазалығы тіпті оны күнде тыңдап жүрген біздің өзімізді таңғалдырды. Зал бірден шапалақ ұрып кетті. Оның дауысы микрофонға жетпей, сахна сыртында тұрып-ақ, осылайша залды жаулап алған еді. Одан кейін де Жәнібек сол биігінен еш төмендеген емес, бірақ бүкіл әлем елдерінің басын қосқан форумда Әміреден кейінгі қазақ өнеріне, қазақ әніне, қазақ әншісіне деген шетелдіктердің құрметін сезіндірген бұл қойылымның орны біз үшін қашанда ерекше. Оның әр сахнаға шығуы жұртты тамсандырмай қоймайтын. Ол ХХ ғасырдағы ұлы әншілердің бірі болды десек, еш қателеспейміз. Тыңдаушысын қатты құрметтейтін. Жәнібек оның алдына ерекше дайындықпен келетін. Дауысым бар деп, кез келген әнді немқұрайдылықпен сахнаға алып шыға салмайтын. Өзінің сол талғампаздығын, ізденімпаздығын, қарапайымдығын кейін ұстаз болған кезінде өзінің шәкірттерінің бойына сіңірді.
Өте аңғал, кісіге сенгіш еді. Достыққа адал болды. Біреуге жақсылық істеуге ниетті болып тұратын. Қалжыңды да жақсы айтатын, дос-жаранның арасында ортаның көрігін қыздырып жіберетін. Дауысы саңқылдап, әр ортада топ жарып тұратын. Көңіліне жақпаған қылықтарды көрсе, бетің бар, жүзің бар демей, айтып салатын. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген түсінікті жігіттің жігітіне таңатын болсақ, біздің Жәнібек сол теңеуге әбден лайық жан еді.