«Артық туған Абылай...»
25 ақпан Алаштың атаулы даталары мен мерейтойлары қатарына Абылай ханның 300 жылдығы ретінде еніп отыр.
Дана саясаткер Абылай ханның тарихтағы орны бөлек. Қазақтың бүгінгідей Тәуелсіздікке қол жеткізіп, іргелі мемлекет болуының берік негізі Абылай дәуірінде қаланды. Абылай қазақ хандығына мүлде жойылып кету қаупі төнген күрделі уақытта ел биледі. Тарихи деректерге жүгінсек, XVIII ғасырда қазақ жерінің шығыс аймағын, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Оңтүстік Қазақстан облыстарын түгелімен жоңғарлар басып алып, елу жыл бойы үстемдік жүргізді. Ел басына күн туған сол заманда үш жүздің басын біріктіре отырып, ең ақырғы қалмақты Жоңғар қақпасынан әрі асырғанша аттан түспей, 35 жыл айқасып, бүкіл қазақ даласын азат еткен Абылайдың бұл еңбегі, бұл ерлігі ұрпақ жадынан өшуге тиіс емес.
Абылай хан дәуірі – қазақтың қайта бір тұтасқан, қазақ территориясының қайта қалпына келген кезеңі, Қазақ хандығының қайта шарықтаған кезі. Осы тұрғыдан алғанда, Абылайдың қазақ үшін сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Алайда ұлы хан, көреген қолбасшы, үлкен дипломат деп қана танитындығымыз болмаса, біз жалпы, Абылай ханның адам, азамат, күрескер ретіндегі шынайы тұлғасынан, болмысынан хабарсызбыз. Ел аузындағы әңгімеде Абылай өмірі мейлінше буалдыр. Аңызы қайсы, ақиқаты қайсы екенін ажырату қиын. Тіпті оның мемлекеттік деңгейдегі тапсырыспен арнайы түсірілген «Көшпенділер» фильміндегі бейнесі де айқын емес. Мысалы, «Көшпенділерде» анасы қалмақ шабуылы кезінде қаза тапқан нәресте Абылайды Ораз атты дала данышпаны өз тәрбиесіне алып, жауынгерлік өнерге арнайы дайындайды. Сөйтіп, 20 жыл бойы ұрыс өнерінің қыр-сырын үйретеді. Өзге де шәкірттерімен бірге жаттықтырып, Шыңғыс хан, Аттила тәрізді ұлы бабалар рухына сай болуға үндейді, ел бірлігі, ұлт ынтымағы жөніндегі ғибратты әңгімелерді құлағына бала күнінен сіңіреді. Өз басым фильмді алғаш көргенде осы эпизодты қиялдан туған нәрсе деп ойлаған едім. Алайда бірқатар тарихшылардың пікірін білгеннен кейін «Фильмдегі ойшыл Ораз – қазақтың Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, сияқты даналарының жиынтық бейнесі екен ғой» деген ойда қалдым. Өйткені білікті ғалым Талас Омарбеков: «Көркем Уәлидің баласы болмаған. Ол Абылайды екі жасында асырап алған. Бірақ он шақты жылдан кейін сұлтан қайтыс болып кетеді де, жетім қалған Әбілмансұрды Төле би қолына алып тәрбиелеп, хандыққа дейін жеткізеді. Абылайдың Абылай болып қалыптасуына, кеңінен ойлап, кеңінен толғап, мәселені мемлекеттік тұрғыда шеше білуіне, жан-жақты, көпқырлы саясаткер, елші, дипломат, батыр болуына Төле би себепкер болған. Бұған Қазыбек би мен Әйтеке билердің де септігі тиген», – дейді.
Абылай хан туралы алғашқы деректерді қалдырған Шоқан Уәлиханов жазбаларында Ораз деген кісінің аты аталады. Ораз – Абылайдың күтуші-тәрбиешісі болған адам. Рухани ұстазын жоғары бағалаған Абылай ел билігіне келгеннен кейін оған арнайы қыстаулар, мекендер бөліп берген. Яғни «Көшпенділердің» сценарийін жазған Р.Ибрагимбековтің, бір жағынан, Талас Омарбеков айтып отырған мәселені негізге алса, екінші жағынан, осы дерекке сүйенген болуы да мүмкін.
Жалпы, Абылай өміріне қатысты бір жайт, жастайынан жетім өсіп, Төле бидің малын баққандығы, ұрыста батырлығымен көзге түсу арқылы ел аузына ілігіп барып, билікке келген жағдайлары күні бүгінге дейін оның түп-тамыры, шыққан тегі туралы дүдәмал әңгімелерге негіз болумен келеді. Бұған тағы бір себепкер – Бұқар жыраудың толғаулары. Ханның ел басқарудағы көрегенділігін, батырлық ерлігін дәріптеуші төкпе жырау, қиын-қыстау сәттерде кеңес берер, жол сілтер нағыз ақылшы, хан мен халықтың арасын жақындатқан парасатты елші ретінде тарихта аты қалған Бұқар баба Абылайдың кемшілігін қаймықпай бетіне айтқан сарабдал сыншы да болған. Сол абыз қария бір жырында:
Ей, Абылай, Абылай!
Мен өзіңді көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің!
Жаныс Қарабайдың үйінде
Түнде туған ұл едің,
Әкең – күмән әуелден,
Оны да мен білемін!.. – десе, енді бір тұста:
Абылай-ау, Абылай,
Момынға келіп бек болдың,
Атаңды ұқпас ұл едің.
Қаршы менен Құзарда
Жалаңаяқ жар кешіп,
Бөз тоқыған сарт едің.
Ататегіңді сұраса,
Арқар ұранды жат едің,
Қай түріңмен төре едің?
Шешеңді және сұраса,
Қай алтынның буы едің?
Оны да мен білуші ем,
Түрікменнің жерінде,
Қашып жүріп күнелткен
Мәскенің қара күңі еді, – деп толғанады.
Осыдан келіп «Абылай төре тұқымы ма, әлде қарадан шығып хан болды ма?» деген заңды сауал туындайды. Әрине, жазушы Бексұлтан Нұржекеев айтқандай, Абылай төре бола ма, қара бола ма, ол маңызды емес. Ең бастысы, ол – қазақтың ұлы тұлғаларының бірі. Ал түпкі атасының қайдан шыққандығы Абылайдың атына ешқандай нұқсан келтіре алмайды.
Қалай болғанда да, бұл орайдағы түйінді уәжді тарихшылар мен зиялы қауым өкілдерінің айтқаны жөн шығар...
АБЫЛАЙДЫҢ ҮШ АРМАНЫ
Ұлы хан дүниеден өтер алдында қоштасуға келген Бұқар жырау: «Хан ием, не арманың бар?», – деп сұрайды. Абылай хан сонда: «Үш арманым бар. Біріншісі, менің елім мал емшегін емген ел еді, аяғына дейін жер емшегін емгізе алмадым. Екінші, менің тұсымда қан көп төгілді. Соған өкінемін. Егер мен жаудың қанын төкпесем, ол менің қанымды төгетін еді. Үшінші, елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға түсті», – деген екен.
Шот-Аман УӘЛИХАНОВ, сәулетші:
Жыраудың сөзін тура мағынада түсінуге болмайды
Абылайдың төре тұқымынан екеніне күмән келтірушілер көп-ақ. Бірақ ұлы ханның ұрпағы ретінде мен соның бәрін жоққа шығарамын. Абылайдың Шыңғыс нәсілінен екендігі шындық, ол оның үлкен ұлы Жошыдан тарайды. «Қарадан шығып хан болған» деп жүргендер, меніңше, Бұқар мен Үмбетейдің Абылайға арнап айтқан толғауларына, онда да «...Сені мен алғаш көргенде, Тұрымтайдай ұл едің, Үйсін Төле бидің, Түйесін баққан құл едің...» деген сөздеріне сүйенеді. Бірақ жыраудың ол сөзін тура мағынада түсінуге болмайды. Бұл – Бұқар жыраудың: «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп, ханға өткенін еске түсіріп, тәубеге шақырғанда айтқаны. Яғни ол ханның асып-тасып кетпеуін, әділдіктен ауытқымауын меңзеген.
Тарихшы А.Левшиннің еңбегінде: «Уәли, оның баласы Абылай, оның баласы Уәли, оның баласы Абылай хан», – деп жазылған. Шоқан Уәлиханов та, Құрбанғали Халид та, қытай ғалымы Су-Бэй Хай да өз жазбаларында Абылайдың хан тегі екеніне күмән келтірмеген. Яғни әр заманның авторлары зерттегенімен, олардың ортақ ойы «Абылайдың тегі – ақсүйек» дегенге саяды.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ, драматург-жазушы:
Шын Абылай – кәдімгі қазақ білетін Абылай
Абылайдың балалық шағынан бастап, кімнен туды, қайда болды деген нәрселердің бәрі мені қатты қызықтырады. Бұл ретте, Абылайдың әлі ашылмаған жұмбақтары көп. Мен, мысалы, қазақтың Шәді молла деген үлкен ақынының шығармасын оқыдым. Онда ол көзбен көргендей етіп, біраз нәрселерді айтыпты. Сол мәселелерді басқаша қазбалап, «Шын мәнісінде қалай болуы мүмкін?» деген тақырыпта шығарма тудыру, бәлкім, өзін-өзі ақтайтын мақсат болар еді. Өз басым сол Абылайдың қайдан шыққанынан бастап, бүкіл өмір тарихына қатысты үлкен шындықтың қатпарларын түгел қамти алатын жағдайлардың бәрін әлі толық ұғып болғам жоқ, көп материалдарға қол жетпей жатыр. Яғни үлкен шығарма жазуға қажетті детальдардың бәрі маған әлі толық мәлім емес. Жалпы, мен Абылайдың қазіргі айтылып жүрген өмірбаянын дұрыс деп есептеймін. Шын Абылай – кәдімгі қазақ білетін Абылай. Ал «бәленнен туған екен», «бәлен асырап алған екен» деген аңыздарға мен мән бермеймін...
Нәбижан МҰХАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Тарихи тұлғамызды кемсіткеннен басқа Абылай тумайды
Жошыдан тарайтын Абылайдың хан тұқымы екендігінде ешқандай дау жоқ. Рас, оның Төле бидің түйесін баққаны, тәлім-тәрбиесін көргені өтірік емес. Бірақ саяси билікке келуі оның батырлығы мен ішкі талантына, қабілетіне байланысты. Қалмақтың батыры Шарышты жекпе-жекте жеңбесе, ержүректілігімен, көрегендігімен танылмаса, ел оның артынан ермеген болар еді. Ол заманда қазіргі кездегі сияқты біреудің беделіне сүйеніп билікке жету деген болған жоқ. Кім нағыз батыр, нағыз кемеңгер болса, сол тізгінді ұстайтын.
Жасыратыны жоқ, қазір тарихи тұлғаларымызды әлсірету, аласарту, кемсіту сияқты нәрселер бой көрсетуде. Онымен басқа Абылай тумайды. Ел билеу жөнінен Абылайдың Төле биден алған тәлім-тәрбиесінің маңызды болғаны даусыз. Бірақ бұл соншалықты шешуші мәселе емес. Мысалы, Төле бидің жанында кім жүрмеді? Солардың бәрі осы Абылайдың деңгейіне көтеріле алды ма?!
Абылай – неше ғасырда бір туатын, қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға. Мәселеге талдау жасағанда сол кездегі тарихи жағдайды дұрыс таразылай білуге тиіспіз. Тарихты қазіргі көзқараспен немесе бүгінгі эмоция бойынша тарихты өзгерте беруге болмайды. Абылайды зерттеуді әлі де тереңдете түскеніміз жөн. Біз Абылайдың дәуірін, сол кезеңдегі қазақ қоғамын, қазақ мемлекеттілігін толық зерттеген жоқпыз. Оның мемлекет басқарудағы көсемдік, жетекшілік қасиеті әлі ашылған жоқ. Абылай ханның 300 жылдығына байланысты халықаралық конференция ұйымдастыру керек. Ол туралы көп деректер сақталған Қытай, Ресей сияқты басқа елдерден деректанушы мамандарды шақырып, өз ғалымдарымызды қатыстыра отырып, үлкен жиын өткізсек, дұрыс болар еді. Сол арқылы мемлекетіміздің ХVІІІ ғасырдағы шарықтаған кезеңін көрсетер едік. Сол замандағы өзге елдердің патшалары қандай болды? Абылайды солармен салыстырған абзал. Ол қанішер болды ма, демократ болды ма, гуманист болды ма деген мәселелер біз сол дәуірдің өлшемімен қарастырылуы тиіс. Ол үшін бізге қалайда Абылайды зерттеу орталығын ашу керек...
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Абылай – Төле бидің тәрбиесімен қалыптасқан тұлға
Шежіре бойынша, Абылай хан Көркем Уәли сұлтанның баласы болып есептеледі. Көркем Уәли – Түркістанды билеген сұлтан. Мен қараған деректерде Көркем Уәлидің төрт әйелі болғаны және төртеуі де бала таппағаны айтылған. «Сонда Абылай қайдан туды?» деген мәселе осыдан шығады. Кейбір деректерде Абылай ханның әйгілі Жиренше шешеннің Аршын есімді жиеншарынан туғандығы айтылады. Нақтырақ айтсақ, қалмақтар елімізге бір шапқыншылығы кезінде кішкентай балаларды да айдап әкеткен. Тағы бір соғыста қазақтар ол балаларды құтқарып алған. Олардың жартысының ата-анасы табылған да, жартысынікі табылмаған. Сөйтіп, ата-анасы табылмағандарын әр отбасы бір-бірден қолына алады. Солардың ішінен Аршын деген қыз баланы Төле биге жақын туыс болып келетін, Жаныс руынан шыққан Сеңкібай деген ақсақал асырап алып, тәрбиелейді. Аршын сөзге шешен, зерделі қыз болса керек. Бірде сол үйге қыдырып келген Төле би Аршынның алғырлығын байқап, «Кімсің, айналайын?» десе, қыз ата-тегін тақылдап айтып береді. Сөйтсе, қыздың бесінші атасы әйгілі Жиренше шешен екен. Аршын кейіннен сол Сеңкібайдың ұлы Қарабайдан аяғы ауырлап қалып, екеуі үйленеді. Содан Әбілмансұр туады. Әбілмансұр екі жасқа келгенде Төле би оны Көркем Уәлиге апарып: «Саған бала керек қой, міне, бала» депті. Содан Көркем Уәли екі жасар Әбілмансұрды қуана-қуана асырап алады. Ол он бір-он екілерге келген кезде Көркем Уәли де, төрт әйелі де әлдебір жұқпалы аурудан қайтыс болады да, Әбілмансұрды Төле би өзі іздеп барып, үйіне алып қайтады. Шашы өсіп, жүнжіп кеткен жетім баланы Сабалақ деп атап кетеді. Төле бидің балаларымен бірге Сабалақ та жылқы, түйе бағады. Бірақ Әбілмансұрдың көзінен от шашып тұрғанын көріп, одан бірдеңе шығатынын, дұрыс тәрбие берсе, түбінде үлкен азамат болатынын адам танығыш Төле би бірден сезеді.
Ал енді сол кездегі қоғамдық жағдайға келсек, төрелер тұқымының таққа таласы салдарынан қазақ үш жүзге бөлініп, елден ауызбіршілік кетіп тұрған заман болатын. Соның бәрін таразылай келе Төле би мен Қазыбек би: «Қарадан бір хан дайындайық» деген ойда болған. Сонда қалай дайындау керек? Біріншіден, оны кішкентайынан білімді, жан-жақты етіп тәрбиелеу қажет. Ол данагөй билердің ел билігіне қатысты мәселені қалай шешетінін, халықпен, батырлармен, ру басылармен, шетелдіктермен қалай қатынас жасайтынын, бәрін-бәрін көріп өсуі тиіс. Бірақ ол кезде қазақ ханды тек қана төре тұқымынан сайлайтын. Төре емес адам хан бола алмайтын. Мысалы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің қай-қайсысы да хан болуға лайық болатын. Бірақ олардың бәрі қарадан шыққан-тұғын. Сол себепті де, Әбілмансұрдың шыққан тегін жасыруға тура келген. Тек Көркем Уәлидің баласы болып саналғандықтан ғана, Әбілмансұр – Есім ханның, арғы жағында Барақтың ұрпағы болып есептелген.
Меніңше, Аңырақай шайқасы қызып жатқан кезде Төле би мен Қазыбек би екеуі Әбілмансұрды ұрысқа әдейі қосқан. Ұрыста «Абылайлап» шабуды оның өзі емес, Төле би мен Қазыбек би ойлап шығарған. Төле би мен Қазыбек би осы ұрысты басқарып отырған. Сабалаққа «Абылай!» деп шап» деген. Сол сәтте елдің бәрінің назары Әбілмансұрға ауған. «Неге Абылай деп шаптың?» деген кезде, ол өзінің Абылайдың ұрпағы екенін айтқан. Төле би мен Қазыбек би Сабалақты қолдай кеткен соң, орта жүздің ханы Әбілмәмбет: «ойбай, бауырымдап» құшақтай алған. Өйткені «Көркем Уәлидің баласы жетім қалды» дегенді ол баяғыда естіген. Мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі білмегендіктен, Әбілмәмбет оны «төре»деп қабылдап, ылғи да жанында ұстаған. Сабалақ аты ұмытылып, Абылай атанған. Уақыт өте келе Әбілмәмбет емес, мәселенің бәрін Абылай шешетін болған. Ал 1745 жылы билікті қолға алғанда Абылай ақбоз атқа мініп, ақ ту көтерген. Бұл – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ақ туына байланыстырып, Төле би, Қазыбек би сияқты даналардың ақылымен жасалған нәрсе. Қысқасы, Абылай – Төле бидің тікелей тәрбиесімен қалыптасқан тарихи тұлға және оған қаз дауысты Қазыбек бидің де ықпалы көп болған.