Бұл күндері Қазақстанда, оның ішінде интеллигенция мен билік, білім мен ғылым саласы өкілдерінің арасында академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдинді білмейтіндер кемде-кем. Жастайынан білім алуға ерекше құлшыныс білдірген, кейін ғылым соңына түсіп, соның арқасында сонау кеңес заманының өзінде «ғылымдардың ғылымы» атанған философия ғылымының шыңына шығып, өзін сол кездегі Одақ көлеміне, қала берді, әлемге мойындатқан қазақ ұлдары көп емес. Жабайхан Мүбәрәкұлы солардың бірі, бірі емес, бірегейі десек артық айтқандық емес.
Ой іліміне ден қою
Еліміздің жаңа заманғы философия ғылымы мектебінің негізін қалап, оның өркендеуіне елеулі үлес қосқан ол 25 жасында кандидаттық, 35 жасында докторлық диссертация қорғады, 60 жылға жуық уақыт бойы бүкіләлемдік деңгейдегі конгрестерге, симпозиумдарға, ғылыми конференцияларға Қазақстан атынан қатысты, еңбектері шетелдерде жарияланып, шетел ғалымдарынан оң бағасын алды. Жәкеңнің ғылыми ізденістері мен ой әлеміндегі парасат-пайымын Қазақ елінің біртұтас қоғам, қазіргі талапқа сай қалыптасқан мемлекет болуының жаңа саяси-рухани бағытын анықтауға да аянбай жұмсады. Ол – Ұлттық Ғылым академиясының кіші ғылыми қызметкерінен оның вице-президентіне, Қазақстан Республикасының халық депутаты, Парламент мүшесі ретінде еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға атсалысқан аздардың қатарындағы азамат.
Академик Ж.Әбділдиннің жетекшілігімен қазақстандық философия мектебінің негізі қаланып, оның бүкілодақтық дәрежеде танымал болуында диалектикалық логика саласындағы еңбектерінің орны ерекше болды. Осылайша ғалым ой іліміне басыбүтін ден қоя бастады. Бұл еңбектер және басқалары, негізінен, 1985-1987 жылдары Ж.Әбділдиннің жетекшілік етуімен авторлар ұжымының қатысуы арқылы, Қазақстан философтарының көпжылдық зерттеу жұмыстарының жемісті нәтижесі болды. Ғалым зерттеу еңбектері арқылы шындықты ұғынудың терең теориялық деңгейін анықтады, маңызды, жалпыға бірдей және аса қажетті сипаттамаларды адам танымы мен практикасы арқылы түсінуге қол жеткізілді. Ал кітап бойынша Мәскеу мен Алматы философтарының арасында, Бүкілодақтық философиялық симпозиумдарда болған пікірталасы Қазақстан ғалымдарының бұл іргелі еңбегі осы проблематика бойынша жүргізілетін зерттеулер ішіндегі үздігі екенін көрсетті. Міне, бұл еңбектердің құндылығы да, ұлтымыз үшін тарихи тұрғыдан мәнділігі де осында болатын. Еліміздің егемен, тәуелсіз даму кезінде де бұл игілікті іс өз жалғастығын тапты. Ж.Әбділдин және оның әріптестері бұл ұлағатты істерді заманның ыңғайы мен сұранысына сай ары қарай дамытты. Ұлттық Ғылым академиясының Философия және саясаттану институты қазақ философиясы мен қоғамдық-әлеуметтік, саяси ойының әрбір кезеңдерін зерттеп, белгілі бір жүйеге түсірді. Институт қызметкерлері еліміздегі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда да өз салалары бойынша қыруар еңбек етті.
Соның арқасында Әлемдік философиялық ойдың ең танымал өкілдері шығармаларының 20 томдығы мемлекеттік тілге аударылып және Қазақ философиясы мен қоғамдық ойының көне заманнан осы уақытқа дейінгі тарихының көптомдығын жазып шықты. Көрнекті ғалымның екінші бір жаңа қыры Тәуелсіз, егемен еліміздің саяси-әлеуметтік, қоғамдық-философиялық ойын өзіндік зерделеу барысында ерекше көрінді.
Ұлттық ерекшелікті айқындау
Ғылымда қоршаған ортаның адамға тигізер әсері мол екені – бұрыннан айтылып жүрген жай. Ұлы дала, оның ерекше географиялық жағдайы, флорасы мен фаунасы оны мекендеген халықтардың өмір салтына, жалпы, тіршілігіне, мәдениетіне, діни наным-сенімдеріне, дүниетанымына зор әсер еткен. Ж.Әбділдиннің «Ұлы дала және қазақтардың дәстүрлі дүние қабылдауы» деген зерттеуіне осы аталған мәселелер бойынша ғалымның ой-толғанысы арқау болған. Аталған мақалада ғалым оқырман назарын халқымыздың этномәдени ерекшеліктеріне аударады. Онда халқымыздың өзіне тән дүниетанымы, дәстүрі, әдет-ғұрпы, салт-санасы кеңінен сөз болады. Қазақ халқының өмір тіршілігінен туындаған, ұлтымыздың табиғатпен бірлігі, табиғат ыңғайына қарай жүргізілетін шаруашылық мәдениеті, эстетикалық, этникалық танымы жан-жақты қарастырылады.
Халқымыздың тағы бір ерекшелігі – өз өмір тіршілігіне, қажеттіліктеріне сай қолданылатын заттарды жасауы. Автор бұл тұста екі ерекше құндылыққа көңіл бөледі. Оның бірі – бесік, екіншісі – киіз үй. Қазақ қауымында екеуінің де алатын орны ерекше, бірі тәрбие мен тіршілік басы болса, екіншісі – қалыптасу ортасы мен тіршілік аясы.
Халқымыздың рухани мәдениетін қалыптауда ұлттық ырымдардың, наным-сенімдердің де орны өз алдына бір бөлек. Автор осыған байланысты аруақ, қыдыр, құт, ырым, бата ұғымдарының генезисіне тоқталып, олардың мәнін түсіндіру барысында ауыз әдебиетінің озық үлгілеріндегі деректерге, Ш.Уәлиханов сияқты ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып қорытынды жасайды.
Жабайхан Мүбәрәкұлы үнемі ой әлемінен сөз қозғайды, бүгінгі қазаққа қай салада да ой керек дейді. Академиктің бұлай айтуына толық адами құқығы бар дер едік. Өйткені ол бүкіл өмірі мен қызметтерін ұлтымыз үлгі тұтқан Алаш азаматтарын ақтау комиссиясының басшысы ретінде де қыруар еңбек жасады. Өз кезінде олар қазағын «Оян, қазақ!» (М.Дулатов) деп оянуға, әлеумет әлемінен өз орындарын алуға шақырса, ғалым-философ қазіргі уақытта «қазаққа алдымен ой керек, жаңаша ойлау, жаңаша таным керек» дейді. Және соның үлгісін өзі алдымен көрсетеді. Ол Ата Заңымыз – Конституцияны ардақ тұтуға, ұлттық ойды ұлағаттауға, ұлт мақтанышы болар азаматтарды ардақтауға, ғылым таппай мақтанбауға, ұлттың өзін-өзі тану қажеттігіне, қоғамның даму бағытын саралауға шақырып қана қоймайды, олар туралы өзінің ой байламдарын айтады.
Жастайынан философия ғылымына ден қойған Жабайхан саналы өмірін осы салаға арнады, жай арнаған жоқ, оны ғылым ретінде дамытты, тіпті әртүрлі алыпқашпа түсініктерге өзінше анықтама беріп, дәлелдеді. Өзінің өткен ғасырдың 60-жылдарында «Білім және еңбек» (№1, 1968) журналына берген сұхбатында: «Адамзаттың ақыл-ойын алға бастырған алып ой иелерін еске түсіретін болсақ, онда философиядан артық және көп кемеңгерлері бар ғылымды табу қиын. Мәселен, адамзат ақыл-ойының алыптары – сонау көне шығыс пен гректерден бастап Абайға дейін ең алдымен философиялық ой-пікірлердің өрені болған адамдар... Бұл жағынан алып қарағанда, философияны кемеңгерлер ғылымы деп атауға әбден болады» деген пікір білдіреді. Философтың пікірінше, қазіргі уақытта философияның дамуына байланысты философтар мен табиғаттанушы ғалымдардың арасындағы байланыс бұрынғысынан да нығая түсті. Сондықтан табиғат, қоғам дамуының жалпы заңдылықтарын ашумен бірге, бүгінгі философияның аса маңызды міндеттерінің бірі адамды, адамзаттың дамуы проблемаларын зерттеу болып табылады. Адам мәселесін тура немесе жанамалай көптеген қоғамдық-әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және жеке жаратылыстану ғылымдары зерттейді. Алайда адамды нағыз адам ретінде зерттейтін ғылым – философия ғана. Адам деген ұғымның өзін толық беретін де – философия. Философия ғылымының түсіндіруі бойынша адам – тек табиғи тіршілік қана емес, ол ең алдымен қоғамдық қатынастардың жемісі, жиынтығы. Демек, адам мәселесі еш уақытта қоғамнан, өндірістен, еңбектен бөлініп қаралуға тиіс емес.
Ұлыларды ұғыну
Кезінде «Ж.Әбділдин мектебі классикалық философиямен, оның ішінде неміс философиясымен, философияның дәстүрлі мәселелерімен, жалпы тарихымен айналысып кетті. Одан ұлттық қоғамдық философиялық ойға пайда жоқ. Олардың философиясы бір жақта да, ұлттық ой-сана мен ұлт өмірі екінші жақта қалды» деген сияқты пікірлер айтылды. Бұл әділетсіз, үстірт ой-пікір болатын. Осыны дер кезінде түсінген академик Ж.Әбділдин «Парасат» (№1, 1993) журналына берген сұхбатында өз ойын былайша тарқатады: «Ғасыр басында қылт етіп көрінген ұлт ойшылдары қолдан жасалған әртүрлі қырғынға ұшырады, одан ес жия берген 50-60 жылдары ұлт тілі кеміп, төл мәдениеттен жери бастадық. Бұл жағы бізді ойландырды, ойландырғанда да мықтап ойландырды. Ұлттық философия сол жылдары Шәкәріммен және оның тұстастары мен кейінгі ізбасарларымен бірге келмеске кеткендей болды. Сондықтан философиядағы әлеми шыңдарға шықпай, ұлттық ой ағымына анық та танық баға беріп, төрелік айта алмайтынымызды, оны алға апарып, дамыта алмайтынымызды түсіндік. Осыдан келіп, сол тұста алдымен философияның әлемдік бұлағынан сусындау, оны шама-шарқымыз келгенше игеру қажет болды. Біз солай істедік те».
Ғалым-философ айтса айтқандай, тек Шоқан мен Ыбырайдың, Абай мен Шәкәрімнің аттарын атап, түстерін түстеу, қазақ ойын философияның жаһандық ұлы мұхитына апарып құя алмайтын еді. Олардың ұлылығын әлемдік философия мектебін жан-жақты меңгергенде ғана түсінуге болатын еді.
Тағылымы мол ғалым Жабайхан Мүбәрәкұлы жастарды классиктерді оқуға шақырады. Менімен бір әңгімеде ол қазіргі әлеуметтік-саяси, экономикалық салалардағы келеңсіздіктер мен түсінбеушіліктер, нәтижесіздіктер өткенді шала білуден, әр сала бойынша бұрынғылардан қалған рухани мұраларды игермеуден, осыларды игеріп барып жаңа теориялар жасап, оны жүзеге асыру керек. Ал әркімге «болмасақ та, ұқсап бағу» еш нәтиже әпермейді дегені есімде. Ол жастарда гуманитарлық білім болуын қуаттады. Себебі олардың бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана толыққанды интеллигенттік, зиялылық туралы айтуға болар еді. Жастарды сауатты болуға, әлемдік деңгейдегі білім дәрежесіне көтерілуге шақырды. Жай сауат ашу мен шын мәніндегі рухани жетілген адамның арасында үлкен қашықтық бар дейді ол.
Жаңа кезеңде Жабайхан Мүбәрәкұлы егемен еліміздің рухани-әлеуметтік өміріне ерекше атсалысты. Ол жазықсыз жаза кұрбандары болған қазақ зиялылары, Алаш арыстары Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов т.б. арашашы болып, бір бөлек мәдениет пен ғылым қайраткерлерінің шығармашылығымен кейінгі ұрпақтың сусындауына, қол үзбеуіне жағдай жасады. Бір айта кететін жайт – жазықсыз жапа шеккен, ұрпақтарының санасынан аластатылған Алаш арыстарын ақтау туралы талпыныстар бұрын болған еді. Бірақ олар мәселені аяғына дейін жеткізе алмады. Философ Жабайхан Әбділдин барлық мәселе бойынша төзімділік пен шыдамдылық көрсетіп, біліктілік пен қисынды оймен өз позициясын қорғап қала алды. Сол үшін де қазақ халқының оған деген ризашылығы шексіз.
Қазақты қорғау
Ой өлшемі биік, байлам-пайымы ерен Жабайхан ағаны ғылыми орта ерте танып білді. Ең алдымен оны қазақтың біртуар азаматтары Қаныш Сәтбаев, Салық Зимановтар қолдады. Философия саласындағы тұңғыш академик болуына жол ашты. Оның жанында әрқашанда тілектес ағалары мен әріптестері, інілері, шәкірттері болды.
Ғұлама ғалым, арлы азамат Тәуелсіздік жылдарында қоғамда орын алған мемлекеттіктің конституциялық негіздерін шайқалтуға әрекеттенген жат пиғылдарға дәлел дәйегімен соққы беріп отырды. Сол тұстағы шовинистік пиғылдағы Жоғарғы Кеңестің кейбір депутаттарының арандатушылықтан тұратын, кейде астыртын, кейде ашық айтқан жымысқы пікірлерінің астарын әшкерелеп, бұл әлі де болса буыны қатпаған жас мемлекеттің болашағы үшін қауіпті екенін Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сияқты әріптестерімен бірге жарыссөздерде оның мән-маңызын Жәкең де ашып көрсете алды. Ұлтқа жанашыр болу, қазақты қорғау мәселесінде басқалармен қатар Жабайхан ағаның істеген істері тарих беттеріне жазылып қалғанын көзіқарақты келер ұрпақтың көрері анық.
Сол тұстағы депутаттар арасында жиі көтерілген мәселелердің бірі мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны еді. Жабайхан Мүбәрәкұлы өз әріптестерімен бірге және оларды қолдай отырып, «мемлекеттік тілді – қазақ тілін барлық тұрғындар, әсіресе халыққа қызмет көрсетушілер білуі тиіс, бұл – бірінші кезектегі бағдарламалық іс, оны шешу әлеуметтік-экономикалық міндеттерден де ауыр, алайда қажеттілік» дегендердің қатарында болды.
Жабайхан Әбділдиннің ғылыми жетістіктерін кезінде КСРО ҒА Философия институты мен МГУ-дің әйгілі ғалымдары сан рет атап өткен болатын. Олардың пікірін баяндасақ, мынаған саяр еді: Ж.Әбділдин – қазіргі заманғы алдыңғы қатарлы және болашағы зор бағытты зерттеген ғалым. Олар былай деп жазады: «Қазіргі уақытта бүкіл Орталық Азия континентінде сіздің диалектикалық-материалистік философиялық зерттеулеріңіздің теңдесі жоқ. Біздің көпшілігіміз сіздің басшылығыңызбен сіздің институтта философияның өзекті мәселелері бойынша ұйымдастырылған әртүрлі дәрежедегі форумдарға қатысып пікір алмастық. Олар бізді жаңа өзіндік идеялармен, соны да қайталанбас пікірталастармен байытты». Ал Жабайхан Мүбәрәкұлының жеке басына қатысты: «Сіздің кітаптарыңызда күрделі, ірі, маңызды да өзекті философиялық мәселелер әлемдік қоғамдық-философиялық оймен ұштасып жатады және сіздің жеке өз басыңыз тындырған тарихи-философиялық еңбектеріңіз әлемдік қоғамдық ойды дамытуға қосылған зор үлес деп білеміз» дейді. «Сіз философиялық ойдың Тян-Шаньдай биігіне шықсаңыз да, зор атақ-абыройға бөленсеңіз де, қарапайым адами қасиетіңізді, қарапайым адамдармен қарым-қатынасыңызды, жүрек жылуыңызды сақтай алдыңыз, философиялық-даналық өмір салтынан бір сәт те танбадыңыз, міне, сондықтан да біз әрқашанда сізбен жүздесуді, пікірлесуді өзіміз үшін бақыт санаймыз, тағатсыз күтіп жүреміз», – деген пікірлерді кезінде Одақ академиктері Б.М.Кедров, Ф.В.Константинов, П.Н.Федосеев, П.В.Копнин тағы басқа әйгілі ғалым философтар айтқан да, жазған да.
Р.S.
Елдің елдігін, халықтың халықтығын танытатын белгінің бірі – маңдайына біткен талантты перзенттерін қадірлей, қастерлей білуі. Бағалай, базарлай алсақ, көне заманнан бастап қазақ мәдениетінің аспаны да жарық жұлдыздарға кенде болып көрген емес. Саналы өмірінің көпшілігін, қоғамдық-әлеуметтік ғылымдар дамуында тоталитарлық жүйе үстемдік етіп тұрған дәуірде өткізген, соған қарамастан, философиядағы ең өзекті мәселелермен, киелі бағыттармен айналысып, республикамыз, қала берді, бұрынғы Одақ көлемінде ғылымда өзінің танымал мектебін қалдырған қазақ ұлдары сирек, болса да аз. Жабайхан Мүбәрәкұлы – ұлтымыздың қоғамдық-философиялық, саяси-әлеуметтік ойын дамытуға зор үлес қосқан осы сиректердің сапындағы тұлға, ғалым-азамат, абыз аға.