Абай елінің әкімі (эссе)
Бірден айтайық, жоғары қызметтегі лауазымды адамдарды мемлекеттік аттестациядан өткізу мәселесі ауылдағы қарапайым адамдарды да бей-жай қалдырған жоқ. Әсіресе бір елді басқарып отырған аудан әкімдерінің тағдырына кәдімгідей қобалжып, қопақтап қалғанымыз да рас. Несін жасырайық, кейбір аттестациядан өте алмай қалған әкімдерге «Өзіне де сол керек, не құдай емес, не құдайдан былай емес болып, халықты танымай кетіп еді» деп іштей қуанып жатқандар да, керісінше, «Қап, бәрекелді-ай, обал болды-ау, біраз істей тұру керек еді» деп шын өкініш білдіріп қалғандар да болды.
Қалай айтқанда да қоғамның саяси өмірінен қарапайым адамдардың да қалтарыс қалмайтындығын осы сынақ нақты дәлелдеп берді.
Қазақтың үш бірдей данышпан ұлдарын дүниеге әкелген қасиетті Абай елі де өз әкімдерін бәйгеге қосып, қашан сынақ біткенше көмбе түбінде «қиқулап» тұрғандай болды.
Ал ешбір көңіл жықпастыққа, атақ, даңққа, лауазым, мансапқа, тамыр- таныстыққа қарамайтын қатал сынақтан әкімдері жоғары бағамен өтіп келіп, қайта сайланғанда, шыны керек, бүкіл ел балаша қуанды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қанатты сөздің айтылуы да осыдан шығар.
Бірде Алаштың арда азаматы, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің: «Абай еліне әкім болу – әрі бақ, әрі сор. Бақ болатын себебі – ұлылар еліне басшы болу әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Ал сор болатыны – иісі қазақ қарап отырған елді көш соңына қалдыруға ешкімнің қақысы жоқ», – дегені бар. Шындығында, солай.
Атақ, даңқы алты Алашты шарлаған Абай елінің тағдыр-талайы оп-оңай болған жоқ. Кешегі Кеңес дәуіріндегі Шәкәрім қажы жазықсыз оққа ұшатын «Шыңғыстау көтерілісінен» бастап, бейбіт халықты 40 жыл қырғынға ұшыратқан атом алапатының аяқталуына дейінгі ғасырға пара-пар аласапыран жылдарда ел не көрмеді дейсіз?! Бәрін де көрді. Бәріне де шыдады. Аяқ, қолы бірдей босайтын азаттықтың ақ таңын аңсады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын сол запырансыз заман туғанда абыз ақсақалымыз, Халық ақыны Шәкір Әбеновтің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бүкіл Алаш баласының атынан ақ бата беруі де сондықтан шығар.
Рас, Абай елін сол Кеңес дәуірі кезінде де шып-шырғасын шығармай, айрандай ұйытып, абырой, атағын асқақтатып ұстаған басшылар да көп болды. Әсіресе көрнекті қоғам қайраткері, бүгінде 80-ді алқымдап қалған аяулы ақсақалымыз Хафиз Матаевтың басшылығы тұсында Абай ауданы еңбекте де, өнерде де, спортта да дәуірлеп тұрды. Одан кейінгі басшылар да жұмыс істемеді деуден аулақпыз. Әрқайсысы әл-қадірінше елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға атсалысып жатты.
Рас, барды жоғалтып, жоқты таба алмай, тақыр таза кеткендері де, халықтың қарғысына ұшырап, әрең қашып құтылғандары да болып жатты.
Хакім Абайдың бүкіл Алаш баласы болып атап өткен 150 жылдық мерекесінен кейінгі он шақты жылда ауданда айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Қайта бары жоғалып, азы тоналып, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатты. Аудан абдырап қалды.
Облыс тізгінін ұстаған Метте «ешқандай өндіріс орны жоқ, қалпынша Үкімет қарызымен отырған Абай ауданын жабу керек» десе, қашқын күйеу Храпунов Абай елінің қай бағытта орналасқанын да білмей, аруақтан аттап кете барды.
Жоғары жақтан көмек көрмеген соң не істесін, ауданның ажары қайтып, базары тарқай бастады.
Сөйтіп, дел-сал болып жүргенімізде Шығыс өңіріне жаңа басшы келді. Жай келген жоқ, өзі отырған ақ үйдің алдындағы Лениннің орнына Абайдың ескерткішін қойғызып, ерлік жасап келді. «Құдай берді, көсегеміз көгеретін болды» дедік. Солай болды да.
Алғашқы сапарын Абай ауданынан бастаған Бердібек Сапарбаев бала-шағасын қосқанда 20 мыңға жетпейтін аз ғана халқы бар, алақандай Абай елінің «жүдеулеу» көркін өз көзімен көріп кетті. Іле-шала барлық аудан әкімдері бас қосқан үлкен бір алқалы жиында «Абай – бар қазақтың данасы. Олай болса, оның елін жұтатып қою бәрімізге сын, ойланыңыздар» депті.
Артынша өзі Абай елін басқаруға жаңа әкім әкелді. Туған жері Аягөз қаласы болғанымен, ата-бабасы Абай ауданының Құндызды өңірінде жатқан әйгілі Ақтамберді жырау мен Ақтайлақ билердің тұқымы саналатын Тұрсынғазы Жантұяқұлын жұрт Семей қаласы әкімінің орынбасары болып көп жылдар бойы қызмет істеген білікті маман, білгір азамат ретінде білетін. Қуана қарсы алды. Әкім бірер ай салт келіп істеді. Жанұясы көшіп келмеді. Бұрынғы әкімдер салып кеткен Қарауылдың қақ ортасындағы екі қабатты зәулім коттедж бос тұрды. Ел «гу» ете түсті. «Уақытша келген ғой, біздің әкімнің орындығы да ойнамалы жілік сияқты болып кеткен-ау, сірә» деп келемеждеп жатқандар да болды.
Бірақ әкім кетпеді. Ауыл шетіндегі екі жанұялық пәтердің жартысын сатып алып, соған жанұясын көшіріп кіргізді. Коттеджді «қонақүй» жасауға берді. Бұл да ауданның зәру нәрсесі болатын. Жұрттың жүрегі жылып қалды. «Алайын, тонайын» деп келген әкім емес, «болайын, жанайын» деп келген әкім екен, «қолдасайық, қорғасайық» десіп, жақсы әкімді жағалай бастады жұрт.
Содан бері де міне, үш жылдың жүзі болыпты.
Жапырағына жан бітіп, тамырына қан жүгірген қара ағаштай биік ел келбеті аз жылда ажарына қайта кіріп, оңалып, гүлдей бастады.
Әсіресе, жыл сайын сан мыңдаған қонақты құшақ жая қарсы алып, сан мыңдаған қонақты қошеметтеп шығарып салатын аудан орталығы Қарауыл адам танымастай кескін-келбетке, керемет кейіпке оранып келеді.
Бір кездері Х.Матаев еккізген тал-ағаштың тамырына балта шабылып, қурағаны қурап, қурамағаны отқа жағылып кетіп еді, енді бүгін еңсе тіктеп, жайқала бастаған жас талдардың жап-жасыл көркі көз қуантып, көңіл өсіреді. Ол-ол ма, қайтадан қалыпқа келтіріліп, қайтадан гүл егіліп, шым төселген, кешкі уақытта сан түрлі бояуға малынып, самаладай нұр шашатын электр шамдары мен субұрқақтар орнатылған скверлер, гүл алаңдары мәдениетті ел тірлігінің мәйегін аңғартқандай.
Түн баласында Қарауыл бейне-бір жұмақ төріндей көрінеді. Бұрын-соңды болмаған аспалы шамдар бірнеше көшелерде бірнеше шақырымға созылып, самаладай жарқырайды.
Бұған әрбір мекеменің алдында мың түрлі бояумен мың түрлі сәуле шашқан небір әсем жарықтарды қоссаңыз, ғажайып әлемінде жүргендей боласыз.
Жаңадан асфальтталып, ретке келтірілген орталық көшелердің қиылыстарында бағдаршамдар жарқырайды. Бұл да – кейінгі жылдардың жаңалығы.
Жасырақ кезімізде «қызда болса үмітің, батылдау бол, жігітім» деген ән қайырмасын жиі естуші едік. Дәл осы мәтінді әкімдерге де айтуға болатын сияқты. Жасыратыны жоқ, қай кезде де жаңалықты енгізуге, өзгерістер жасауға қыруар қаржы керек. Жергілікті жердің онсыз да орта құрсақ бюджеті мұндай істі көтере алмайды. Еріксіз жоғары жаққа алақан жаюға тура келеді. Төтесін айтқанда, сұрау керек. Бұған көп әкімдердің батылы жете бермейді. Бір сұрар, екі сұрар, үшінші сұрауға жүрек дауалай қоймас. «Әй, мен сені сол ауданға ақша сұрап беруге апарғаным жоқ, жап ауызыңды» десе, жата қалмайтын әкім бар ма?
Баяғыда коммунистік партияның бар кезінде Хафиз Матаев республика басшыларының өзінен ұлы Абайды арқаланып, көптеген мәселелерді шешіп алып жатушы еді, дәл сондай ел тіршілігіне ауадай қажетті қомақты қаражаттарды біздің Тұрсекең де жалтақтап, жасырынбай, қорқақтап, қобалжымай сұрап алып жатады.
Айталық, облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының өзі бас болып, бір ғана аудан орталығынан бірер жылда екі спорт залы, екі хоккей және кіші футбол алаңдары салынып, пайдалануға берілді.
Бердекең бастамашы болған «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша елдің үлкен азаматы Шыңғыс Медғатұлы Құтжанов 70 миллионнан астам қаржы шығарып, тағы да бір зәулім спорт мектебін салып жатыр.
Дәл осындай жағдай ауданның елді мекендерінде ойдағыдай жүзеге асуда. Тоқырау кезеңінің толқынына ұшырап, «жекешелендірудің» жедел қимылы желкелерінен қиып кеткен, тапа-тал түсте талан-таражға түскен ауылдардағы мәдени ошақтар қайтадан қалыпқа келтіріліп жатыр. Мәселен, Құндызды, Қасқабұлақ, Медеу, Көкбай ауылдарындағы клуб үйлері қайта жөнделіп, пайдалануға берілсе, опырылып, орны ғана қалған Архат, Саржал, Тоқтамыс ауылдарындағы клуб үйлері мен кітапханалар қайта салынуда.
Жоғарыда жоғары жақтан жөні мен ретін тауып сұрай білудің де үлкен өнер екенін айттық. Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығы, Шәкәрім Құдайбердиевтің 155 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тек Абай ауданына ғана 500 млн көлемінде қомақты қаражат бөлсе, соның нәтижесінде аудан орталығында жаңадан өлкетану мұражайы ашылды. Орталық мәдениет үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. «Жастар үйі» бой көтерді. Үш қабатты кітапхана кірсе шыққысыз кейіпке келді.
Абай елінің азаматы Ерлан Бәтташұлының тікелей қаражатымен қазіргі заманға сай қайта жөнделіп, пайдалануға берілген екі қабатты қонақ үйі – соңғы бірер жылдардың тамаша жемісі.
Асылында, әр әкімнің қызмет істеу қабілеті әртүрлі болады.
Біздіңше, Тұрсынғазы Жантұяқұлы Мүсәпірбеков ой мен ақылды қатар ұстайтын, кеудесі кең сарайдай ашық, оқып-тоқығаны мол, іші мен сырты бірдей білікті адам. Ол тоқмейілсуді, тоқырап, тоқтауды көп жақтырмайды. «Болғанның үстіне бола түссе екен, толғанның үстіне тола түссе екен» дейтін жан.
Қасында жүріп, бірге қызмет істемесем де, сырттай аңысын аңдып, барысын бақылап жүретін жанашыр ағасы болғандықтан, байқаймын, ол үнемі ізденіс үстінде отырады. Кәдімгідей шығармашылықпен жұмыс істейді. Айталық, Абай ауданының «Қаламқас» халық ансамблінің атақ-даңқы кешегі кеңес дәуірі кезінде де, одан бері де аспандап тұрды. Кең-байтақ елімізді былай қойғанда, көптеген шет мемлекеттердің салтанатты сарайларын әсем сазға бөледі.
Осы ансамбльдің соңғы уақытта біраз тоқырап қалғаны да рас.
«Біздің елде ешқандай өнім өндіретін өндіріс орыны жоқ, біздің байлығымыз –өнер мен спорт» дейді Тұрсекең. Осы сөзді жай ғана айтып қоймай, оны ойдағыдай жүзеге асырып отырған адам да – осы кісі.
Әнші, биші, күйші де қанатты құс сияқты. Оларды кең даланы кездіріп, көк аспанды шарлатып отырмаса болмайды.
Құрамында 70-ке жуық ауыл өнерпаздарын жинақтаған «Қаламқас» халық ансамблі былтырғы облыстық өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алса, биыл республикамыздың 20 жылдық торқалы тойына орай, Астана қаласына 100 адамдық құраммен барып, астаналықтардың құрмет, қошеметіне бөленіп қайтты.
Ансамбль мүшелерін үнемі жаңа киіммен, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етіп отыру мәселесін аудан әкімі бір сәт те естен шығарған емес.
Қашан көрсең, қолында қағаз, қалам. «Мынаны былай істесек, мынаны өйтсек, бүйтсек» деп ақылдастар алқасымен әңгіме-дүкен құрып отырғаны. Бастапқы үлгі, эскиз өзінікі. Келісе келіп, бұзылып, өзгеріп жатуы да мүмкін. Ең бастысы, идея бар. Үнсіз, тым-тырыс отыру жоқ. Идея демекші, ел көсемі әйгілі әз Тәукенің өзіне серік болған Әнет бабаға, әнші жерлесіміз марқұм Жәнібек Кәрменовке де аудан орталығынан ескерткіш салдырған осы адам.
Басқа жақтан бас ұрып, «ақша сұрағыш» мамандар іздемей-ақ, жергілікті жердегі мүсінші-сәулетші, суретші жігіттерді жанына жинақтап, Шәкәрім баба ескерткішін салуға да кірісіп кетті.
Қарауылдың басты көшелеріндегі жол жиегінде тұрған әртүрлі аңдардың әсем мүсіндері де – әкім идеясынан туған шаруалар.
Мына барды ұқсатып, жоқтан бар жасап жатқан зымыран заманда уақыт көшіне ілесіп, алға қарай аршындап ұмтылмасаң, ұтыласың. Өзің ғана емес, ел басқарып отырған соң өзгені де мұқым халықты да «қап» дегізесің!
Көп жылдар бойы қала әкімінің орынбасары болып істеген, небір өндіріс орындарының ашылуына да, қалыптасып жұмыс істеп кетуіне де қозғаушы болған Тұрсынғазы Жантұяқұлын «ап» деп Абайға келгеннен бастап осы ой қатты мазалаған.
Оның үстіне, бүкіл республика көлемінде кең етек алып, өркендеп, өсіп келе жатқан жаңа инновациялық технологияны дамыту үрдісі бүгіннің өлшемінен асып, ертеңгі күннің межесіне айналғалы қашан!
Қарауыл ауылында елді мекен тақиясына тар келетін шағын завод бар. Кешегі кеңес дәуірінің келмеске кетер тұсында салынып, бірер жылдың шамасында халыққа қара, қызыл тон кигізіп те үлгерген қазақ пен түріктің бірлескен заводы «Дерикар» аталатын. Амал не, жаппай жекешелендіру кезінде ол да қолды бола жаздап, ел азаматы Тасболат Битеновтің табандылығының арқасында қаз-қалпында сақталып қалған болатын.
Әкім болып сайланғанның ертесінде-ақ соны аралап көрген әкім бірден шешімге келді. «Жұмыс істету керек, малды аудан үшін таптырмайтын орын».
Бірақ қалай?!
Бұрынғы тігін цехы бүтіндей жоқ. Партия тараған кезде, ауданның келешегінен үміт үзген түріктер өз қаражаттарымен әкелген барлық тігін машиналарын алып кеткен.
Хакім Абай бабаның 150 жылдық мерекесіне келген 100 мыңнан астам қонаққа арналған барлық мал осы завод ішінде сойылды.
Сол үрдіспен ауыл азаматтары заводты мал соятын арнаулы орынға айналдырғысы да келген.
Бірақ бұдан да ештеңе шықпады.
Тұрсынғазы малды ауданның жағдайын жақсы біледі. Сонау бір кездерде Таскескен ауданының әкімі болып тұрған шағында қойдан өндірілетін өнімді, әсіресе, жүнді кәдеге жарату ісімен қатты айналысқан.
Абай ауданының шаруашылықтарындағы жүн жетіп-артылады. Өткізетін жері, сақтайтын орыны болмағандықтан, шаруа қожалықтары қыруар байлықты сасытып, сар далаға тастап, қайрансыздықтың қамытын киіп жатқан.
Әкім завод иесі, облыстық мәслихаттың депутаты Тасболат Битеновпен ақылдаса отырып, жоғары жаққа хат жолдады. Зауыттың бүгіні мен келешегі жөнінде кең көлемді іс-жоспар жасап, қарыз ақша (субенция) сұрады.
Соның нәтижесінде өмірге жаңа бір өндіріс орыны келді.
Онда қойдан алынған жүнді сұрыптау, жуып, кептіру, байлау технологиясының барлық тәртібі сақталған, болашақта 100 кісі жұмыс істей алатын цех пайдалануға берілді.
Бүгінде оған 35 адам жұмысқа тартылған. Дайындалған жүнді Қытай, Ресей сияқты көршілес елдерге сату мәселесі де қолға алынып жатыр.
Былай қараған адамға осының бәрі оп-оңай шаруа сияқты. Ал түптеп келгенде, қаншама ерік-жігерді, табандылықты талап ететін жұмыстар.
Халыққа қызмет етудің, сол арқылы оларға жақындай білудің бір үлгісі де осы шығар...
Абай елінің бар байлығы өнер екендігін жоғарыда айттық. Бұдан 40 жыл бұрын басталған, жыл сайын аудан орталығында өткізіліп келе жатқан «ауыл, мекеме күндері» – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Байқауға әр ауылдан жүзге жуық өнерпаз қатысады. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, солардың ішінен оза шауып бәйге алғандарына, талабы тасты жарып, таныла білгендеріне аудандық, облыстық қорытынды концерттерге жолдама беріледі. Бір сөзбен айтқанда, «Қаламқас» халық ансамблінің жаңа резерві қалыптасып отырады.
Әкім назарынан жергілікті шығармашылық иелері де қалыс қалып көрген емес. Мәселен, былтыр ғана аса дарынды ақиық ақын, жазушы марқұм Мерғали Ибраевтың 70 жылдық мерейтойына байланысты облыстық ақындар мүшәйрасы өткізілсе, биыл сол ақынның төл шәкірті республикаға танымал ақын Бауыржан Жақыптың 50-ге келген елеулі мерекесін ел болып атап өтті.
Ақын шашбауын көтерісіп жүрген қазақтың қарымды қаламгерлері Несіпбек Айтов, Ұлықбек Есдәулетов, Рафаэль Ниязбековтерге де лайықты құрмет, қошемет көрсетіліп жатты.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» дейді Мұхтар атамыз. Ал елдіктің белгісі-ер мен елдің арасындағы тығыз байланыстан анық аңғарылып жатады.
Жалғыз өнер емес, ауданда спорттың бұқаралық түрлері де жалпы халықтық сипат алып келеді. Себебі жастардың спортпен айналысуына толық мүмкіндік жасалғандығын жоғарыда айттық.
Тұрғындар саны небәрі 4000-нан әрең асатын шағын ауылға екі спорт мектебінің, бірнеше спорт залдары мен футбол, хоккей алаңдарының көптеу болып көрінуі де мүмкін. Бірақ халыққа қажетті нәрсенің қай-қайсысы да ешқашан артық болып көрген емес.
Бұдан бірер жыл бұрын облыс әкімі жүлдесі үшін болып жататын облыстық спартакиадада ауданның құрама командасы қазақша күрестен басқа барлық спорт түрінен ең артта қалатын. Биылғы жылы аудан жастары ортадан жоғары орынға көтерілді. Небәрі 15 мың көлемінде ғана халқы бар аудан үшін бұл аз көрсеткіш емес. Ат спортынан да, жеңіл атлетикадан да алға басушылық байқалады. Абайлық атбегі азамат Аян Жарылғаповтың аттары қазір облыс шабандоздарын шаңға бөктіре бастады. Бұл да болса – көңіл бөлініп, алаңдаушылық тудырудың арқасы.
Рас, абайлық палуандардың атақ, даңқы бұрын да, бүгінде бүкіл Алашқа әйгілі.
Бір кездері қазақша күрестен Орта Азияның чемпиондары болған Нығыман Садуақасов пен екі дүркін республиканың түйе балуаны болған Мағау Оразбековтің ізбасарлары қазір әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүр.
Сөз жоқ, бұған аудан әкімінің тікелей басшылығымен жыл сайын аудан орталығында қазақша күрестен өткізіліп жүрген марқұм Мағау Оразбеков пен Манарбек Таутановтардың атындағы облыстық, республикалық жарыстардың жасап отырған ықпалы ерекше.
Жақында ғана абайлық балуан Айбек Нұғымаровтың «Қазақстан барысы» атанып, Елбасы сыйлығын жеңіп алуы Абай еліндегі спорттық ахуалдың қандай дәрежеде екендігін көрсетсе керек. Ауданның әлеуметтік саладағы осындай жетістіктері оның экономикалық дәрежесінің еселеп артуына үлкен септігін тигізуде. Айталық, ауданда 401 088 бас қой-ешкі, 50 161 бас ірі қара, 22 578 бас жылқы, 139 бас түйе болса, жыл сайын олардың барлығын өз төлі есебінен үдемелеп өсіру жүзеге асып келеді. Асылтұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылық саны 37-ге жетті.
Халықты ет, сүт, қымыз тағамдарымен үнемі үзіліссіз қамтамасыз ету жұмысы нақты қалыпқа келтірілген. Мәселен, бір ғана Қарауыл ауылында жас кәсіпкер Ерсін Сармурзин басқаратын мал бордақылау алаңы бар. Мұнда қысы-жазы ірілі-ұсақты мал бордақыланады.
Керек қылған адам кез келген уақытта тапсырыс беріп, төрт түлік малдың қай-қайсысын да қолма-қол сойдырып ала алады.
Алаң жанынан ашылған «Ет, сүт тағамдары» дүкенінде ауылшаруашылық өнімдерінің бәрі бар.
«Әкім бол, халыққа жақын бол» деген сөз осындайдан айтылған шығар.
Тұрсынғазы Жантұяқұлының республикалық аттестациядан ойдағыдай өтіп келуіне тілектес болып, өтіп келіп, қайта сайланғанда да бүкіл аудан жұртшылығы болып қуанып жатуының себебі де – осыдан.
Тұрсекең биыл күзде 60 жасқа толады. Нағыз кемеліне келіп, кең дүниеге Абайдың көзімен қарайтын кезі. Алда атқарылмақ шаруа бастан асады. Істегенінен істемегі көп. Ойындағысының орындалмағаны басым. Ендеше, адамзат ғұмырының талтүсіне тақаған замандас інімізге мол денсаулық, зор бақыт тілейміз.
Жоғарыда Мырзатай ағамыз айтқан қасиетті елдің бағын молайтып, сорын азайту бағытындағы байсалды қызметіңізге Алла жар болсын!
Төлеген Жанғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Абай ауданы, Қарауыл ауылы