Туристерді қатты қызықтыратын орындар Қазақстанда баршылық. Соның бірі Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі Алакөл деуге болады.
Жаз қызығы басталып, суға түсу науқаны қыза бастағаннан-ақ Алакөлдің жағалауы демалушыларға лыққа толда. Олар тіпті көлдің қасиетті суына шомылу үшін жолдың қиындығына қарамастан алыс, жақын шетелдерден де көптеп келіп жатады.
Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының ортасында орналасқан Алакөл - емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Бұл жердегі Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы меицинада дәлелденген. Бір замандарда Жібек жолының керуендері де көл жағасын басып өткендіктен, оның суы мен ауасы ұзақ жолдан науқастанып келе жатқан жолаушылардың денсаулығын түзетуге көмектесетіні ерте заманнан-ақ байқалған екен.
Осы емдік қасиеті үшін бұл өлкеге денсаулығын жақсартқысы келетіндер көп келеді. Көл маңындағы ыстық бастаулар ежелден бері өзінің керемет емдік қасиеттерімен белгілі. Шығыс Қазақстан облысы аумағында теңіз деңгейінен 579 метр биіктікте және Алакөл көлінен 2 шақырым қашықтықта Барлық минералды бастауы орналасқан. Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында 269-дан аса құстар түрлері мекен етеді. Реликті шағала, жек дуадақ, қарабасты күлегеш, бізтұмсық шағала, бұйра және қызғылт бірқазан, ақбас үйрек және басқа да аз кездесетін және жер бетінен жоғалып бара жатқан суда жүзетін шөл және тау құстары бар. Алакөл фитопланктоны құрамында балдырдың 58 түрі, зоопланктонның 80 түрі кездеседі. Көлде балықтың алабұға, шармай, көксерке, көкбас, сазан т.б. түрлері бар. Осыған байланысты балық аулап демалам деушілер де көлге келуге құмар. Қамыс арасында теңбіл мысық өзен сағаларында ондатр сияқты сирек аңдар да кездеседі. Сонымен қатар Қазақстандағы 18 зубрдың 8-і Алакөлге жерсіндіріліп, Жыланды ауылдық округіне қарасты Көкжар учаскесінде 123 бас қодас өсірілуде екен. Жағалауы шабындық және жайылым болғандықтан әдемілігімен де көз тартады. Міне осындай жағдайдың арқасында көл бойындағы сервистік қызмет көрсету деңгейі жылдан жылға даму үстінде.
Елбасы кеше Алматы облысына барған жұмыс сапарында өңірдегі туризмнің дамуына баса назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев кеңестің және туристік кластер нысандарын аралаудың қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті ақтарушы органдарға Қазақстанның туризм саласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген ған болатын. Қорытынды сөзінде Мемлекет басшысы «Алакөл Қазақстан бойынша демалушылар ең көп баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасқандығымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің кереметтігі суының емдік қасиетіне байланысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды», – деді.
Қазақстанда туризм саласын дамыту үшін 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес құрылған Қазақстанда алты мәдени-туристік кластердің бірі «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы». Бұны Алматы қаласы мен Алматы облысын қамтитын кластер деуге болады. Сол себепті Алакөлді Алматы обылсындағы туристтік орталықтардың бірегейі ретінде қарастыруға болады.
Алматы облысы туризм басқармасының былтырғы жыл қорытындысы бойынша атқарған жұмыс туралы ақпараттық есебінде келтірілген деректерге қарағанда Алматы облысында туризмді дамыту шеберлік-жоспарын және оны іске асыру жөніндегі 2014—2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғастырылып жатыр екен. Алматы облысының аумағында Алакөл мен Балқаш курорттық аймақтарын дамыту жоспары әзірленіп, бекітіліпті. Былтыр Астана қаласында Алакөл, Балқаш курорттық аймақтарын дамыту бойынша ұсыныстарды қарау және іріктеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында инженерлік-көліктік инфрақұрылымдардың құрылыстары, жағажайларды қоршау бөгендерінің жұмыстары, авиарейстерді субсидиялау бөлігінде республикалық бюджеттен қаржыландыруды талап ететін мәселелерді көрсете отырып, курорттық аймақтарды дамытудың әлеуетін таныстырған екен.
Көл жағалауында демалушылар ағымының жыл сайын артуына байланысты, былтыр «Жетіген-Достық-Жетіген» маусымдық теміржол қатынасы ұйымдастырылды, бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 85,0 млн теңге қаражат бөлінген. Туристерді Алакөл көлінің жағалауына қолайлы жеткізу үшін Үшарал қаласында әуежай қолданысқа берілген. Құрылыс жұмыстарына 896,9 млн теңге қаражы бөлінсе, «Астана-Үшарал-Астана» әуебағытын субсидиялау 2017 жылға 173,0 млн теңге қаржыны құрапты. Соның арқасында аптасына 3 рет «Жетісу» Авиакомпаниясы» АҚ-мен бірлесіп жасалған әуерейсі жолға қойылған.
Жағажай туризмі Алматы облысында әсіресе Алакөл және Балқаш көлдерінде және Қапшағай су қоймасында жетіліп келеді. Облыста жағажай туризмін дамытуға қолайлы басқа да шағын су қоймалары бар. Соны бір мысалы «Сегіз көл» демалыс аймағы. Облыста мұндай жасанды су қоймалары жеткілікті. Әрине барлығында бірдей қолайлы жағдай болмауы мүмкін, бірақ есесіне бағасы арзанырақ болады, - делінген облыстық туризм орталығы берген мәліметте.
Биылғы демалыс маусымы бастала салысымен көл жағалауындағы тіршілік қыза түседі. Алакөл суының емдік қасиетіне байланысты бұл өңірде туризм саласын дамытуға мүмкіндік мол. Елбасының өңірге жұмыс сапарында берген тапсырмаларына орай аймақтағы туризм саласы болашақта даму қарқының үдете түсері сөзсіз.
Таңат Жайлау