Латын әліпбиімен жазу ережелерін үйрену кезек күттірмес мәселе
Латын әліпбиіне өту заман талабына сай шешім және барлық жағынан сараланып барып жасалған тарихи қадам. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», — деген сөздері осы бағыттағы атқарылар жұмыстардың алтын қазығына айналған. Бүгінгі таңда бұл бағытта жан-жақты жұмыстар кезең-кезеңімен жоспарлы түрде атқарылуды.
Сонымен қатар тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да тіліміздің дамуына зор серпін беріп жатқаны анық. Осы бағдарламадағы Мемлекеттік тілге сұранысты арттыру қойылған мақсатқа қол жеткізудің екінші міндеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына кіріктіру деп көрсетілуі, тіл дамытудағы жасалар нақты қадамды айқындап тұр. Сонымен бірге, аталған бағытта мемлекеттік тілді ғылым, заңнамалық актілер және жаңа технологиялар тілі ретінде дамыту шаралары көзделеді. Сондықтан дәстүрлі және инновациялық тәсілдер негізінде өзіндік ғылыми-технологиялық тілдік базаны қарқынды дамыту барынша өзекті болып саналады. Қазақ тілінің халықаралық қарым-қатынас, демалыс және ойын-сауық саласында қолданылуын кеңейте түсу де көзделіп отыр.
Тілдің даму бағытында әліпби ауыстыру үлкен орын алады. Латын қаріпіне көшу ана тіліміздің дамып, жаһандау дәуірінде аяғын нық басып қолданыс аясының кеңейе түсуіне жол ашары сөзсіз. Бұл тақырыпта сөз қозғағанда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы айтылған ойларын бағытқа ала отырып ой қозғаған жөн. «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет», – деген болатын Елбасы осы мақаласында.
Қазіргі таңда латын әліпбиінің мүмкіндігі де, қолданыс аясы да өте ауқымды және зор беделге ие екені баршамызға мәлім. Әлемдегі ақпарат тасқынының басым бөлігі ағылшын тілінде таратылатыны белгілі, сондықтан еліміз үшін латын әліпбиіне көшудің пайдасы ұшан-теңіз.
Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу - елімізде білімді жастардың көбеюіне, жастарымыздың әлемдік деңгейдегі биік белестерді бағындыруына және басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас жасауына зор мүмкіндік береді. Тағы бір тиімді жағы кез келген ақпаратты, әлемде болып жатқан ғылыми өзгерісті жастар түпнұсқада оқитындай дәрежеде болады.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі қаншама жылдан бері елдің көкейінде жүріп, ішінара талқыланып, атылып жүрді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік», - деген болатын. Міне сондықтан бұл мәселе әбден пісіп жетіліп барып, Елбасы пәрменімен дер кезінде іске аса бастады. Әліпбиіміздің ауысуы халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған мол қазынасы, асыл мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, барымызды әлемге паш етуге мүмкіндік тудырады. Және де осы байланыс арқылы ел мен елді жақындастырып, жарқын болашаққа жасалған тиімді қадам болады деп топшылауға да болады. Бүгінгі күні қазақ тілінің мәртебесі, қазақ тілінің тазалығы маңызды мәселе болып отыр. Мамандар қазақ тіліне жұмсақ, үнді, мәдениетті тіл деген баға береді. Сондықтан латын әліпбиі қазақ тіліне ең жақын әліпби. Шетелдегі отандастарымыздың елден хабар алуы да біраз жеңілдей түседі, себебі көп елдерде осы латын әрпі қолданылады.
Осы бағытта еліміздің барлық өңірінде атқарылатын жұмыстардың да алар орыны, атқарар шаруасы, арқалар жүгі жетерлік. Еліміздің болашағына алаңдайтын әрбір адам, зиялы қауым өкілдері болсын, әртүрлі мамандық иелері болсын латын әліпбиіне көшуге құлшыныспен кірісіп, өздерін дайындап жатқаны анық. Еліміздің барлық аймағында осы бағытта түрлі талқылаулар мен жиындар өтіп жатқаны соның айғағындай. Тіл басқармаларының ұйытқы болуымен жаңа әліпбидің емле ережелерін түсіндіру, оқыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Соның бірі ретінде айта кету керек Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан құрылған Ресурстық тіл орталығы облыс көлемінде латынға жауапты мамандарға үнемі жүйелі түрде әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Соның айқын дәлелі 2019 жылғы 17-18 шілде аралығында Абай, Бұқар жырау, Шет аудандарының Мәдениет және тілдер бөлімінің латын бойынша әдіскерлері Ресурстық тіл орталығынан тағылымдамадан өтті. Тағылымдамадан өтушілерге орталықтың Латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ж.Жақанова тарапынан орталық жұмысы, әдіскердің міндеттері туралы ақпарат берілсе; Латын графикасына көшу бойынша талдау және мониторинг бөлімінің меңгерушісі М.Смағұлова тарапынан апталық, айлық есеп беру жүйесі түсіндірілді.
Жоспар бойынша орталық оқытушылары тіл мамандарына «Латын қарпінде жазып дағдыланамыз» тренингін өткізіп, ақпараттық технология мүмкіндігін барынша кеңінен қолдану бағытында тәжірибелерімен бөлісті. Тағылымдамадан өту барысында әдіскер-мамандар өздеріне берілген тақырыптар бойынша қысқаша сабақ үлгілерін көрсетіп, толғандырған сұрақтарына жауап алды. «Мың рет естігенше, бір рет көр дегендей», Ресурстық тіл орталығына арнайы келіп, әдістемелік көмек алған мамандардан нәтижелі жұмыс күтеміз.
Атқарылған жұмыстардан ойға түйгеніміз латын әліпбиіне көшу ісі еліміздің барлық өңірінде осылай жүйелі түрде атқарылса көздеген мақсатымызға қол жеткізу жеңілдей түсер еді.
Нұрлы Еділов