Сүлеймен бидің асы

Сүлеймен бидің асы

Қазақтың аруаққа ас беру, ат шаптыру салты сонау  сақ, ғұн  дәуірінен келе жатқаны мәлім. Мыңжылдық тарихы бар, барша түркі халқының маңдайына басқан әйгілі «Манас» жырында «Көкетай ханның асына»  үлкен бір тарау арналған. М.Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» мен І.Жансүгіровтің «Құлагерінде»  қазақ асының өту барысы, сән-салтанаты сөздің майын тамыза, тілдің балын ағыза суреттеледі.


Халық жадындағы қария сөздерде ­Ең­се­гей бой­лы Ер Есімнің бәйгенің алдын бер­мес Сарып құла аты, Абылай ханның асын еске салатын «Абылайдың асында шап­­пағанда, атаңның басына шабамы­сың» де­­ген нақыл сақталған. Ал бертінгі ХІХ ға­сыр­дың со­ңы мен ХХ ғасырдың ба­сын­дағы оқи­ғалардан Ер­ден Сандыбай­ұлы­ның асы, То­бықты Өскенбайдың асы, Керей Са­ғы­най­дың асы және Найман Сүлеймен би­дің асы­ның даңқы алабөтен. Неге? Марқұмның кө­­зі тірісінде атқарған ісі мен қазақ қо­ға­мындағы сал­мағы қан­ша­лық болса, оның асы­ның сән-сал­та­на­ты да соған сай болуы тиіс деп саналған. Ен­­деше, біз сөз етіп отырған Сүлеймен би кім еді?
Сүлеймен би Әділбекұлы (1841-1905) – Қа­ракерей Қабанбай батырдың қа­ра шаңырағын ұстап қал­ған Әлі деген ұлы­нан туған Жақас байдың ба­ла­сы, яғни Қа­бекеңнің 4-ұрпағы. 1860-1866 жыл­да­­ры Шәуешек пен Құлжада қытай би­леу­ші­ле­рінің үс­темдігіне қарсы бірнеше рет кө­те­ріліс болған. Най­манның Бай­жі­гітінен та­райтын ел кө­те­ріл­ген­дік­тен, ол та­рихта «Бай­жігіт көтерілісі» деген атпен қал­­ған. Қа­зақтың Әділбек, Тоқыр ба­тырлары мен дүң­­геннің Бұр батыры бас­таған қол қытай мен қалмақты торғайдай тоз­дырған. Сол кез­де 22-23 жас ша­ма­сындағы Сүлеймен Әділ­бекұлы да осы кө­теріліске белсене қа­тыс­қан. Қытай дуан­б­асының хат­шысынан сұ­растырып жаз­ған Құрбанғали Ха­лид­тің «Та­уарих хам­сасында» айтылғандай, осы кө­те­рілісте қытай-қалмақ әскерінен 60-70 мың­­дай адам қаза тапқан. Шәуешектегі Ре­сей елшілігі мен саудагерлердің бар­лы­ғы Ұры­жарға қашып барып тығылған. Қа­зақ­тар осы көтеріліске түрткі болған Қы­тай дуан­басының көзін жойған. Бірер жыл­дай бас­шысыз қалған соң ортасынан Отын­шы би­ді хан сайлаған. Бірақ келе-ке­ле қазақ пен дүңгеннің ара­сы­на жік түс­кен. Оның үс­тіне осы кезде ішкі Қы­тай­дан 200 мың­дай жазалаушы әскер шық­қа­ны мә­лім бо­лып, көтерілісшілердің кө­бі Ресей қол ас­тын­дағы қазақтардың ор­тасына қарай лық­сыған. Тіп­ті Мәмбет Отын­шы би мен Жұ­мық Қоңыз ба­тыр­ды (Құр­манғажы) орыс әскері ұстап алып, Се­мей түр­месіне қа­мап қойғанда, осы Бай­жігіттер Тәшкен ма­­ңындағы Жан­жі­гіт­тің (Байжігіттің ағасы) ұр­пақ­тар­ының қа­сы­на көшіп кетуге қам­данған. Арасынан бар­­лауға бірнеше адам өкіл жіберіп, бі­рер жылдай алыс жолға да­йын­далып, дүр­лігіп барып тоқтаған. Сол бұл­ғақ жыл­да­ры Әділбек батыр Жақасұлы дү­ние са­лады. Сейілқан зәңгінің (1876-1922) ше­­­жі­ре­­сінде осы оқиғалардың нақ­ты мер­зімі: «1864 жы­­лы Манасқа ауып, екі жыл­­дан соң ұлу жылы жұ­тап қайта орал­дық. 1866 жылы орысқа бодан бол­дық. Төрт жылдан соң жылқы жылы Сүлеймен Ға­­дыл­­бекұлы болыс болып сай­лан­ды...1893 жылы 1 қа­­­зан күні Қытайға қа­­­ра­дық», – деп жазылған екен.1855 жыл­­­дан бастап Ұрыжардан ары аса ал­май отыр­ған Ресей әскері осындай ала­са­­­пы­ран­ды пай­­даланып, 1865 жылы Бақ­­тыға ба­рып, бекініс сал­­ған. Осы та­ри­хи оқи­ға­лар­ды Қ. Халид те аталған кі­та­­бы­ның бір­не­ше жерінде тәптіштеп тұрып жа­­за­ды.
Сөйтіп, 1870 жылы 29 жасында Сү­лей­­­мен Әділ­бек­ұлы ел ағасы болып сай­ла­­­нады. Бүліншілікке ұшы­раған елінің ба­сын қо­сып, ымыра-тоқтамға кел­тіреді. Сол кез­дегі Мәмбет елінің айтулы би-ше­шен­­­дері – Отыншы, Тоқыр, Мыңбай, Бу­ра­­тай, Жа­ман­бала, Жаңабай, Қиярыс­тан т.б. бәрі де: «Бәтуа жа­сасып, әміріңе кір­дік, айт­қа­ныңа тұрдық» , – деп ант бе­рі­се­ді. Содан 27 наурыз 1905 жылы қайтыс бол­ғанша 35 жыл бойы ел билеп, қара қыл­ды қақ жар­­ған әділдігімен қалың жұр­тының ықы­ласына бө­ленеді (З.Сәнік. «Сү­леймен би» А. «Тоғанай Т» 90-бет). Оны әйгілі Әсет Най­манбайұлының мына жыр жолдары айғақтайды:
...Ерекше туған ер еді,
Шарасын шапқан кеңінен.
Алмастан алған қорытып,
Нәсілі болат тегінен.
Омыртқадан шабылып,
Айырылды халқым белінен...
Арұн-Рашид патшадай
Әмірі жерде қалмас-ты.
Уағдасы мықты, опалы,
Айтқанынан танбас-ты...

Төрт беттік жоқтауда осы тектес асыл сөз­дер то­лып жатыр. Ал Кәрібай ақын Сү­лей­мен бидің па­ра­сат-пайымын былайша си­паттайды:
Бір істі үш өлшемей кеспей-тұғын,
Өзінің заманының данасы еді...
Нәпсіге еріп, дүниеге қызықпаған,
Әз басы арамдықтан ауаша еді.
Атақты Көктұманың съезінде,
Жиынның төбебасы – ағасы еді.
Бітірген съездегі істеріне,
Сүйініп, болды разы Алаш елі...

Мұндағы «Бір істі үш өлшемей кеспей-тұ­ғын» деген баға Сүлеймен бидің үш та­раптың (өз тарабы, қар­сы және қалыс аға­йын жақтар) көзқарасы тұр­ғысынан ойлай бі­летін сұңғылалығын, сол үшеуін та­­ра­зылап барып қана кесім шығаратын әділ­ді­гін айғақтаса керек. Өзгенің пікірі, бөг­де­нің тұрғысынан ой қорытып, іс та­ра­зылай бі­лу қабілеті «Шарасын кеңінен шап­қан», ілу­де бір кездесер, сирек бітісті жан­дардың ға­на үлесінде болса керек. Ал «Нәпсіге еріп дү­ниеге қызықпаған, Әз ба­сы арамдықтан ауа­ша еді» және «Уағ­дасы мықты, опалы» де­ген өлең жол­да­рының мән-мағынасын жі­ліктеп, талдап жа­ту артықтау болар. Сү­лей­мен би, болыс әрі төбебасына ба­­ғыт­тал­ған осы сияқты си­паттаулар мен ма­дақ­тау­­ларды аталған ақын­дардан басқа, Жан­ұзақ, Сара, Мау­сым­бай, Арғынбек жырла­ры­нан көптеп кез­­дестіруге болады.
Қытай мен Ресейге қараған қазақтар ара­­­сында кей­де бірер, кейде үш-төрт жыл­­­да бір рет сияздар (түселдер) өтіп тұр­­ған. Он­да екі ел қазақтарының ара­сын­­дағы дау-шары шешіліп, мал-басы тү­­ген­деліп, бір мәмілеге тоқтасып, ба­та­ла­сып тарқаған. Со­­ның ішінде хатқа түсіп, мұ­рағат құ­жат­та­рында сақ­талғаны әрі бүкіл облысты қам­тыған ауқымдысы – 1885 жылы Се­мей­ден 70 шақырым жер­дегі Шар өзенінің бо­йындағы Қарамола сия­зы. Зайсан, Өс­ке­­мен, Қарқаралы, Ке­реку, Семей сынды бес дуан­ның би-бо­лыс­тары бас қосқан осы­нау алқалы жиын­­да қазақтың бас ақы­ны Абай Құнан­бай­ұлының үш төбе бидің бі­рі болып сай­лан­ғаны, сонда қа­был­данған 74 баптан тұ­ратын ережені мақұлдаған 47 адам­ның іші­нен оның 18-інші болып қол қой­ғаны мә­­лім (Б.Байғалиев. «Ереже ав­то­ры Абай ма?» «Қазақ тарихы» жур­на­лы. №6.1995.30-34 беттер). Осы төтенше сияз­ға сол кездегі айтулы билердің бі­рі ре­тінде 44 жастағы Сүлеймен Әділбекұлы да қа­тысыпты. Бәлкім, осыған дейін бір рет 1884 жы­лы Нарын-Күршім сиязында 50 болыстың үстінен би­лік айтып, төбе би сай­ланған Сүлейменнің мұнда да жо­ға­ры­­­да­ғы үш мықтының бірі болып сай­ла­нуы әб­­ден мүмкін.
Қытай мен Ресейге қараған қазақтар ара­сын­да­ғы құжатта таңбаланған келесі бас­­қосу – 1888 жы­лы қыркүйекте өткен Бақ­­ты сиязы. Оны Барлық бо­лысы Бақты қа­­ласынан (деректе солай көр­се­тіл­ген) «Да­­ла уәлаяты» газетіне арнайы хабар қы­­лып жазған – Абыз Сәбекұғлы деген кісі («ДУГ» №47. 1988. А. «Ғылым» 1994). Бас­қосуды Аягөздің ояз бас­тығы аш­қан. Он­да Аягөз, Зайсан, Өскемен жә­не Қы­тайға қа­раған қазақтардың ара­сын­дағы үш-төрт жыл қордаланған 1040 іс бір жарым ай бо­йы қа­рал­ған. Мұнда да төбебасы сай­лан­ғаны айтылады. Бі­рақ кімнің сай­лан­ғаны хабарда көрсетілмеген­дік­тен, әрі бас­қа мұрағаттық құжат кез­дес­пеген­діктен, Бақ­ты сиязында Сү­лей­мен бидің төбебасы бол­ған-болмағаны туралы нақты ештеңе ай­та алмаймыз.
Бізге мәлім басқосудың тағы бірі – 1894 жылы та­мыз-қыркүйекте өткен Шұ­ба­­рағаш сиязы. Бұл ту­ралы «Дала уәлая­ты» га­зетінде былай деп жа­зы­лып­ты: «... Қы­­тайдың Шәуешек деген қаласынан әр­мен 13 шақырымда тұрған Шұбарағаш де­ген жер­­де... халық арасының сиезі бол­ды...Зайсан оя­зы­нан 15 болыстан қа­зақтар бо­лыс­тары бас болып кел­ді. Әмбе Қы­тай жа­ғынан Тарбағатай округіне қа­раған төрт үкір­дай қазақтары Мамырбек, Ке­­рімбай, Ең­се һәм Жағалбай деген үкір­дай­лар бас бо­­­лып келді. Төбебасылар орыс­қа қараған қа­зақ­тар­дан Еміл елінің бо­лысы Сүлеймен Әділ­бекұлы һәм Зай­сан оязынан Әзімбай Бо­табайұлы болды». (№46. 1894).
Құжатта таңбаланған алқалы бас­қо­су­­лар­дың та­ғы бірі – 1896 жылғы Көк­тұ­ма сия­зы. Қытайдағы ха­лық мұраларын жи­­нау­шы, шежіреші Бейсенғали Са­ды­қа­нұлы (1911-2001) 1985 жылы әйгілі жа­зу­­шы, зерт­теуші, «Сүлеймен би», «Хан ба­тыр Қа­бан­бай» сынды ондаған кі­тап­тың авторы Зей­нолла Сә­­нікке жазған ха­тында былай дей­ді: «Менің бұл жө­нінде (Қа­банбай ту­ралы – Ә.С.) сонау 1930-1940 жылдардан бас­тап жинастырғаным бар еді. Оны Кә­рі­бай және Маусымбай ақындар 1896 жы­лы өт­к­ізілген Көктұма съе­зінде Қабанбайдың төр­тін­ші ұрпағы Сү­леймен болыстан алыпты. Қытай-Ре­сей екі елдің елшілері қатынасқан сол съез­де Сү­леймен би 37 болыстың үстінен би­лік айтатын тө­бебасы бо­лып сайланған екен». (З.Сәнік. «Сү­лей­мен би». Т.7-бет). Атақты бидің бұдан бас­қа Шұ­­барағаш-Ой­жайлау сиязында да тө­бе би сай­лан­ға­ны туралы шежірелерде, өлең-жыр­лар­да де­ректер кезігеді.
Міне, осылайша қара қылды қақ жар­ған әділді­гі­мен, даналығымен ел жа­дын­да қал­ған Сүлеймен Әділбекұлына 1908 жы­лы қазіргі Үржар ауданының Бақ­ты ауы­лы­на таяу маңдағы Жантезек өзенінің бо­йын­­да ас берілген. Онда 300 ат шауып, 40 атқа бәй­­ге берілген. Абылай ханның асынан ке­йінгі үш жүз­дің баласы бас қосқан ең үлкен ас осы болған (Қ.Халид). Аттың басын Еміл­дің өткелінен жіберіп, Қос­­келіншек пен Дастарды басып, Құти­дан құй­ғы­тып, Са­баздың батыс жағын­дағы «Бәйге тө­бе­нің» түбінен өткен. Екі аралық – 60 ша­қы­рым. 300 аттың жарты­сына жуығы бол­ды­рып, барлығы жолда қал­ған. Асқа орыс­тың оязы, Қытайдың ду­тыңы қонақ бо­лып қатысқан. Тәртіп сақ­тау үшін Бақты ше­карасындағы орыс әс­кері мен Шә­уе­шек­тегі Қытай шерігі жал­данған (А. Жа­қып). Осынау дүбірлі ме­рекеге қазақтың көп­теген тарихи тұл­ғалары қатысқан.
Соның бірі – ХХ ғасыр басындағы қа­зақ газет-жур­налдарына қыруар қаржы бөл­ген, тұңғыш қазақ романына бәйге жа­рия­лаған, Қарағашта мектеп, медресе сал­дырып, оған Уфа, Қазаннан ұстаздар ал­дыртқан қазақ меценаты Маман Тұ­рыс­бек. Маман әулеті тұңғыш қазақ Кон­сти­ту­ция­сын жазған заңгер Барлыбек Сырттанов пен Түркістан ав­тономиясының алғашқы төр­ағасы, тұңғыш темір­жол­шы-инженер, та­рихшы Мұхаметжан Ты­ныш­баев бас­таған қа­зақ жастарының Мәскеу мен Петерборда оқуы­на қаржылай де­меу­шілік көрсеткен. Он­дай ірі бай­­лардың ақын-жыршы мен бал­уанын, әнші-күй­шісі мен мергенін ертіп жү­ретіні мәлім. Қа­ра нарға қа­лы кілем жа­уып, жібек қор­жынға тоғыз-тоғыздан қа­ра жам­бы, жа­нат ішік бастатқан асыл бұ­йым­да­рын сал­ды­рып, саба-саба қымыз артып, со­йысқа үйір­­лі жылқы айдатып, сән-сал­танатымен күймелі пә­уескемен келген.
Аста қазақтың болашақ дүлділ ақыны, сол кезде 12-13 жасар Ілияс Жансүгіров ат­­қа шапқан. Осынау дүбірлі жиында кө­ріп-білгенін зерделі жас жадына мықтап тү­­йіп, кейін «Құлагердей» озық өнер туын­­ды­сын жазып, дертінен шыққан. Ке­рей Са­ғы­найдың асы берілгенде дүниеге де кел­ме­ген Ілияс ақынның, әсі­ресе поэ­ма­ның «Ас», «Балуан», «Бәйге», «Көм­бе», «Ат қайт­қанда» бөлімдеріне келгенде тұл­пар­дай көсіліп, саңлақтай самғайтыны Сү­лей­мен­нің асы­ның ықпал-әсері екені анық.
Құрылтайға бергісіз берекелі аста І. Жан­сүгіров ас­қақ ақын әрі «Інжу-мар­жандай» ән жауһарының авторы Әсетті ал­ғаш рет көрген. «Аспанның аясында ән шал­қытқан» Әсеттің өнеріне құшырлана қол соқ­қан да кейін жүрегінің төріне бекем ор­ныққан сұ­лу суретті Ақан бейнесі ар­қы­лы сыртқа шығарған. Ал оған дейін «Тұң­ғыш тоғысу», «Әсет» сынды өлең­дері дү­ниеге келген.
Осы аста әйгілі Алаш ардагері Көлбай Тө­гі­сов­тің ба­уыры Әбділдәбек Төгісұлы үш жүздің балуан­да­­ры­ның бәрін жығып, ақтық айқаста цирк палуаны «Құж­қараның» жі­лігін сындырып, түйе палуан атан­ған. Ол – 20-жылдары Қажымұқан палуан Зай­сан­ға келгенде Қажекеңе амандаса барып, тең­білкөк тұл­парын сыйға тартатын Әб­діл­дә­бек. Өзі жасырақ ке­­зінде болмаса, пал­уан­дық жолын қумаған, Зай­сан оязында бо­лыс болып, кейін аласапыранда Қы­тай ауып, 1945 жылы сол жақта жеті күндік боранда көз жұмған.
 Сөйтіп, Сүлейменнің асы Алаш бала­сы­ның ұлт­тық рухын оятып, еңкейген ең­сені тіктеп, көкірек­тер­ге нұр құйған. Астан қайт­қан елдің көптігі сонша – ат­ты­лы­лардың арасына түлкі тұйықталған, құр ұша ал­май ат тұяғының астында қалған деседі. Басы қо­сылса, керемет күш екенін көр­ген қазақ, бәйге, бал­уан, ақындар са­йы­сына ұрандап, қаны қызған қазақ, бес­ті қымызға қызара бөрткен қа­зақ қай­тарда жәрмеңке базарды тойдың сар­қы­ты санап, хан талау қылып, тып-ти­пыл жай­пап кеткен көрінеді. Ас иесі Қа­нағат Сү­лейменұлы саудагерлерді қонақ қы­лып, тауар шығынын төлеп, риза қылып қайтарған екен.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста