Жұлдызды жазбай таныңыз
Қазіргі Санкт-Петербуг, бұрынғы Ленинградта туып, қалың елге атамекені Қазақстанда танылған суреттегі бұл саңлағымыз бүгінде өзі серік еткен спорт түрін басқарады. Қазақ баласы Ленинградқа қалай барып қалды дейсіз ғой?! Әскери ұшқыш болған әкесі қызмет бабымен сол жақта жүргенде суреттегі тұлғамыз дүниеге келген. Бес жасында елге оралған отандасымыз есейгенде шыңға өрлеуді өзіне серік етті. Кейін Эверест шыңына шыққан тұңғыш қазақ атанды. КСРО құрамасының белді мүшесі болған. Тіпті бір кездері команданы капитан ретінде де биік шыңдарға бастаған. «Қар барысы» атағы бар. Бұдан бөлек, «Халықтар достығы», Құрмет сынды ордендермен марапатталған.
А) Мақсұт Жұмаев
Ә) Қазбек Валиев
Б) Бағлан Жүнісов
В) Қайрат Закирьянов
«Жұлдызды жазбай таныңыз» айдарының өткен жолғы санында білекті балуанымыз Мәулен Мамыровтың жас кезіндегі белдесуінің суретін берген болатынбыз. Еркін күрестен Олимпиада ойындарында жүлде алған жалғыз қазақ. 1997 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 1994 жылғы Азия ойындарының чемпионы. 1999 жылғы Азия чемпионы. 1990 жылғы КСРО чемпионы. Халықаралық деңгейдегі дүбірлі додаларда еншілеген жүлделерінің саны тым көп. 11 дүркін Қазақстан чемпионы. Осындай атақтары бар балуанымызды оқырмандарымыз қалай танымасын?! Хабарласып, дұрыс жауабын айтқандар аз болған жоқ. Ал бірінші болып дұрыс жауабын алматылық тұрақты оқырманымыз Дәурен Ермекбайұлы тапты.