Тасада қалған таланттар

Тасада қалған таланттар

Бәлкiм, келiспессiздер, бiрақ спортта бiр төмендедiң бе, содан көтерiлiп, бұрынғы белесiңе қайта жету қиынның қиыны. Одан кейiнгi жағдай белгiлi. Ешкiм iздемейдi, қолтаңба сұрамайды, тiптi бұрынғыдай сұхбаттар да бере алмайсыз. Оған талай спортшылар өз тәжiрибесi арқылы көз жеткiзген. Десек те, олардың бұрынғы еңбектерiн елемей кетуге де болмайды. Солай емес пе?! Олай болса, тасада қалған таланттарымызды сiз бен бiз болып тағы бiр рет iздеп көрсек қайтедi?!
Ашығын айтуымыз керек, кейбiр жағдайларда болашағынан көп үмiт күтуге болатын талантты спортшыларымызды өзiмiз қолдан құртып аламыз. Сенбейсiз бе?! Онда жуан жұдырықты қос боксшымыз Ердос Жаңабергенов пен Рүстем Iргебаевтың автобиографиясының кейiнгi жылдарына көз жүгiртiп шығыңыз. Мамандардың пiкiрiне сүйенсек, Ердос пен Рүстемнiң бүгiнде спорттан шеттетiлiп қалуына жеке бапкерлерi кiнәлi көрiнедi. Өйткенi жас кезiнде оларды шетiнен барлық жарыстарға қатыстыра бергенше, бiр уақыт тынықтырып алулары да керек едi.
Бокста тасада қалып қойған жуан жұдырықтылар саны бұлармен шектелiп қалса жақсы ғой. Бiрақ жас кезiнде жасындай жарқылдаған Евгений Егембердиев пен Арман Жұмагелдиевтi, Афины Олимпиадасында басты көшбасшымыз саналған Нұржан Кәрiмжановты, сол додада қола медальға қол жеткiзген Серiк Елеуовтi, Афиныдан кейiн шлемiн шешкен Бейбiт Шүменовтi, Сиднейде ширек финалға жеткен Олжас Оразалиевтi, әуесқой бокстың әуселесiнен жастай кәсiпқой боксқа ауысуға мәжбүр болған Қанат Орақбаев пен Қанат Алтаевты айтпай кетуге болмайды.
2001 жыл. Жасөспiрiм боксшылар арасындағы Серiк Түлейбаев мемориалының финалына шыққан 71 келi салмақ дәрежесiндегi қарағандылық Евгений Егембердиев қарсыласын бас көтертпей төпелеуде. Халық гулеп барады. Арасында «Женя, сен болашақ Жировсың» деп айқайлап жатқандары да болды. Мамандар да оның болашағына зор үмiтпен қарады. Алайда содан кейiн Евгений салмақ қосып, 91 келiге дейiн ауырлады да, көпке дейiн көрiнбей кеттi. Тек Алматыда өткен 2006 жылғы студенттер арасындағы әлем чемпионатында қола медальға қол жеткiзiп, қайта жоқ болып кеттi.
Бiрде құлдилап, бiрде өрлеу кезеңiн бастан кешiрген Нұржан Кәрiмжанов 2004 жылғы Афины Олимпиадасына алтын алқадан басты үмiткерлердiң бiрi болып аттанған едi. Алайда ширек финалдан аса алмай, құрама сапына iлiгуден қалды. 28 жасар боксшы қазiр Ақтөбеде тұрып жатыр. Жарайды, Кәрiмжановты өз сәтсiздiгi үлкен спорттан аластатты делiк. Ал сол додада қоржынымызға қола медаль салып берген Серiк Елеуовтi құрамаға неге алмаймыз?! Айта кетейiк, оның орнына Бейжiң Олимпиадасында астаналық 20 жасар боксшы Мерей Ақшалов жұдырықтасты. Ұлттық құраманың бас бапкерi Дамир Буданбековтың айтуынша, төрт жылдық дүбiрлi дода қарсаңында Елеуов пен Ақшаловты рингке шығарып көрiптi. Сол кезде астаналық боксшы өзiнiң тәжiрибелi ағасын шаршы алаңда шыр айналдырып төпелептi-мыс. 1999 жылғы әлем чемпионатында күмiспен күптелген Олжас Оразалиев те спорттық ғұмырын ерте аяқтады. Оның басты себебi, 81 келi салмақта iзiн қуып дарынды боксшы Бейбiт Шүменов келе жатыр едi. Бiрақ Бейбiттiң де әуесқой боксқа берерi көп болмады. 2004 жылғы Азия бiрiншiлiгiнде алтынмен апталған Шүменов Афины додасындағы сәтсiздiгiнен кейiн, бiразға дейiн өзiне келе алмай, ақыры кәсiпқой боксқа ауысып кеттi. Ал мұнда Шүменовтан бөлек Қанат Орақбаев (66,6 келi) пен Қанат Алтаев (91+) та жүр. Марат Мәзiмбаевтың «Снайпер» клубының намысын қорғайтын олар өткен айдың басында өздерiнiң кәсiпқой бокстағы тұсаукесер жекпе-жектерiнде жеңiске жеткен-тiн.
Бокстан футболға ауыссақ, мұнда да бiраз спортшылардың тасада қалып қойып, таланттары ашылмай қалғандарын байқаймыз. Мәселен, Диас Камеловқа көсiлiп өнер көрсетуге жарақаты кедергi болды. Әйтпесе премьер-лигада бiрнеше клуб ауыстырған дарынды футболшының ұлттық құрамада да ойнайтын шамасы бар едi. Соңғы деректерге сүйенсек, Диас қазiр жаттығуларын талдықорғандық «Жетiсудың» сапында өткiзiп жүрген көрiнедi.
Кезiнде Грекияның «Акарнаикс» футбол клубында өнер көрсетiп, ауыр жарақат алып қалғаннан кейiн ешкiмге керек болмай қалған Асқат Борантаевты да тасада қалған таланттардың тiзiмiне қосуға болады. Жарақатынан айығып, елiне келген ол «Шахтер», «Тараз», «Қайсар» сынды командалардың намысын қорғағанымен, бұрынғыдай бой көсiлiп ойнай алмады.
Осыдан тура он жыл бұрын, футболдан Қазақстан жастар құрамасы Нигериядағы әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады. Сол кезде команданың негiзгi ойыншыларының бiрi – Әлихан Аққазынов пен Ерлан Оразаев болғанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейтiнi анық. Тiптi Аққазыновты «Қазақстан футболының болашақ Сегiзбаевы» дегендер де болған. Алайда бүгiнде бұлар туралы көпшiлiк жанкүйер есiне де алмайды. Екеуi де ауыр жарақаттың құрбаны болды. Ал Әлиханға 2000-2002 жылдар аралығында аяғына барлығы бес ауыр ота жасалды. Биыл бар болғаны 29 жасқа толатын ол кәсiпкерлiкпен айналысуда. Ерланның тағдыры да Әлихандыкiне ұқсас. Бiр ғана ерекшелiгi, 2004 жылы жарақатынан айығып, үлкен футболға қайта оралған Оразаев 2006 жылы аяғын тағы да зақымдап алады да, бұл жолы теңбiл доппен мәңгiлiкке қоштасады.
Спорттың өзге түрлерiне келер болсақ, зiлтемiршi Татьяна Хромова әлi күнге ауыр атлетикаға қайта оралуға үмiтiн үзбей келедi. Естерiңiзде болса, өткен жылы нәрестелi болған Таня бiраз уақыт штангаға жоламай кеткен болатын. Самбодан үш дүркiн әлем чемпионы атанған Асхат Шахаров сол күйi олимпиада асуын бағындыра алмай, спортпен қош айтысты. Ол 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында татамиде бақ сынап (дзюдо), нәтиже көрсете алмаса да, әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына тұңғыш рет жүлде салған саңлақ едi. Қазiр Асхат – Ақтөбеде облыстық олимпиада iзбасарларын дайындайтын орталықтың директоры. Еркiн күрестен спорт шеберi Дәулет Шабанбай әзiрше тәжiрибелi Нұржан Қатаев пен кавказдық келiмсек Таймураз Тигиевтiң көлеңкесiнде қалуда. Дегенмен болшағанынан көп үмiт күттiретiн бұл балуан Бейжiң додасына баруы керек болатын. Алайда Оңтүстiк Кореяда өткен Азия чемпионатында қола медальға қол жеткiзiп, олимпиадалық лицензияны иеленгенiне қарамастан, бапкерлер Тигиевке сенiм артуды жөн деп тауыпты. 2007 жылы ауыр жарақат алған спорт гимнасты Ернар Ерiмбетовтi де бүгiнде еске алатын жан кемде-кем. Ал 2003 жылдары Азия чемпионы атанған кезде қалай едi?! Барлығымыз құрақ ұшып, Афины Олимпиадасының жеңiмпазы етiп қойған жоқпыз ба?! Дегенмен Ерiмбетов мойыған жоқ. Жаттығуға қайта кiрiскен ол Азия бiрiншiлiгiне дайындалуда.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста