Жаз келсе Жайықта жағажай «жыры» басталады. Көне шаһардың шығыс жақ бетін көлбей ағатын өзен жағалауының жабайы кейпі көп жылдан бері жазыла-жазыла жауыр болған тақырып. Мұнда қашан барсаң да көретінің – су жағасына қалай болса солай орнатылған алты күнқағар, екі киім ауыстыратын орын және жалғыз әжетхана. Арқаңды қыздырып, аунап-қунап жататын құм туралы әңгіме атымен жоқ. Шілденің шіліңгірінде бұл жерде кісінің көптігінен көз тұнады. Бірақ қарапайым тазалық мәселесі тағы да назардан тыс қалыпты. Жағадан алысырақта тұрған бір қоқыс жәшігі қай жыртыққа жамау болсын? Күнұзаққа тағам қалдықтары мен ішімдік шөлмектерін жинап шаршайтын жергілікті коммуналдық мекеме жұмысшылары еңбектерінің еш кететіндігіне наразы.
Тәртіп босаң жерде тентектердің тынысы кеңитіні белгілі. «Әсіресе шарап қызуымен Жайықты жалаңаяқ кешіп өтпекші болған «батырлар» жиіледі» дейді суда құтқару қызметінің мамандары. Асау өзеннің ағысымен алысамын деп соңғы бір айдың өзінде 10 адам суға кеткені ешкімге сабақ болмай тұр. Құтқарушылар қайығын байқап, іс барысын білмекке оқталғанымызда, оқыс оқиғаға өзіміз де куәгер бола жаздадық. Алмас Үмбетов есімді бозбала өзеннің арғы бетіне жүзіп өтемін деп, орта жолда суға бата бастады. Сол күні кезекшілікте жүрген Мұрат Ахметқалиев пен Аянбек Сыпанов дереу көмекке ұмтылды. Ажал аузынан қалған Алмас ағаларына алғысын айтып, үйіне қайтты. «Мұндай келеңсіздіктер тәулігіне әлденеше рет қайталанады» дейді құтқарушылар.
Жағажайды жайландырып, кәдімгідей табыс табуға болатындығын оралдық кәсіпкер Сергей Погореловский баяғыда түсінген. Қалалық мәдениет және демалыс саябағының аумағындағы Шаған өзені бойын жалға алып, ақылы жағажай ашып қойған ол демалушыларға қажет қызметтің барлық түрін көрсетеді. Ал осы саябақтағы тегін жағажайдың жағдайы Жайықтағы жұпыны жағалауды еске түсіреді.
Ибрагим ЖҮСІПҚАЛИЕВ, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
– Таяуда Жайық жағалауындағы жағажайлар қалпына келтіріледі. Тендер жеңімпазы «Болашақ Т» серіктестігі Мәңгілік алау ауданы мен Жылу электр орталығы аралығындағы аумақты қоршап, құрылыс жұмыстарын бастайды. Көп кешікпей қала тұрғындары біткен іске куә болмақ.
Роберт КЕНТАСОВ, Орал демалыс саябағы директорының орынбасары:
– Жағажайды жалға беру секілді қадамға еріксіз барып отырмыз. Әрине, суға тегін түскісі келген халықтың ренжуі де дұрыс. Алайда саябақ өзі тапқан табысқа өмір сүретін мекеме болғандықтан, мұндай мүмкіндікті жіберген ағаттық болар еді. Әрі жағажайдың иесі демалушылардың жағдайын жасауға міндеттенеді. Кісі көп келсе, оған кіріс кіреді. Қазір тағы бір бос жер бар. Тәуекелі тастай кәсіпкер табылып, жағажайды жайластырамын деп жатса, біз өз тарапымыздан тіпті одан бір жыл жал ақысын да алмас едік.