Жұмысшының жалақысы өспесе де, орташа жалақының өсетіні қалай?
Соңғы жылда мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы өскен жоқ, ал жекеменшік кәсіпорындардың жұмысшыларының жалақысын арттырғаны жайлы дерек тағы жоқ. Бірақ еліміздегі орташа жалақы көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Статистика агенттігінің мәліметінше, еліміздегі орташа жалақы көлемі өткен жылы 86 мың теңге көлемінде болса, биыл 105 289 теңгені құрап отыр. Бұл – кеңестік мемлекеттің шекпенінен шыққан елдер арасындағы жоғарғы көрсеткіштің бірі. Алайда бұл көрсеткіштің қайдан алынатыны белгісіз.
Республика бойынша жалақы көлемінің орташа мөлшеріне қатысты сауалнама жасап, зерттеу жүргізген мамандар статистикалық мәліметтің шындықтан алшақ екенін айтады. Cауалнамаға қатысқан еңбекке қабілетті топ өкілдерінің бәрі биыл жалақысының өспегенін айтқан. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, білім және денсаулық саласы мамандарының жалақысы 40-70 мың теңге арасында болса, дүкендегі кассирлер мен сатушылардың жалақысы 30-70 мыңды құрайды екен. Ал әкімдік және мемлекеттік мекеме мамандарының жалақысы 40-100 мың теңге аралығында көрінеді. Ал ауылдық жерлерде жеке кәсіпкерлердің қолында қызмет ететін жұмысшылар, тіпті 20-30 мың теңге алады. Өйткені ауылды жерлерде жұмыс орны тапшы. Ал жұмыс берушінің 20 мың теңге жалақы тағайындауға толық құқығы бар. Өйткені бүгінгі таңда республикадағы ең төменгі жалақы – 18 660 теңге болып, заңмен бекітілген. Сондықтан 19 мың жалақы төлеп отырғандардың әрекеті заңға қайшы емес.
Десе де, елімізде 105 мыңнан артық жалақы алатын мамандар да бар. Олар, негізінен, ұлттық компаниялардың басшылары мен топ-менеджерлері. Алайда олар «коммерциялық құпия» дегенді желеу етіп, жалақы жайлы ақпар бермейді. Сондықтан кейде бейресми дерек көздеріне жүгінуге тура келеді. Сондай бейресми дерек көзі құрылыс компаниялары мамандары мен саяси мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жайлы мынадай дерек айтады. Дерекке сәйкес, құрылыс компаниясының директоры – 600 мың, бас мамандар – 300 мың, жетекші мамандар 230 мың теңге көлемінде жалақы алатын көрінеді. Ал саяси мемлекеттік қызметтің жоғарғы деңгейіндегілер – 600-750 мың, төменгі деңгейіндегілер 250-300 мың теңге табыс табады екен.
Еліміздегі ең ірі қаржылық құрылымның бірі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қызметкерлердің жалақысынан мемлекеттік құпия жасамай, олардың 2012 жылда алған жалақысын өз сайтында жария етті. Онда компанияның топ-менеджерінің жалақысы бонустар мен сыйақыларды қоспағанда, 1млн 200 мың теңге екені айтылған.
Ал бейресми дерек көздері жұмысшылардың жалақысы өспегенімен, топ-менеджерлер мен басшылықтың жалақысы, бонустары мен сыйақылары өсіп отыратынын жеткізеді. Соның нәтижесінде еліміздегі орташа жалақы мөлшері ауық-ауық артып отыратын көрінеді.
Байыптап қарасақ, еліміздегі орташа жалақы мөлшері осылай, екі топ-менеджері мен жүз балабақша тәрбиешісінің жалақысынан құралады екен.
Төменгі жалақы мөлшерін өсіру қажет
Қазақстандық тағамтану академиясы мамандарының айтуына қарағанда, ересек адам организмі қалыпты жұмыс істеуі үшін азық-түлік себетінің ең төменгі құны 15-16 мың теңге болуы қажет. Бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 45 пайызы. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейінің қалған 55 пайызын коммуналдық, медициналық және басқа да қызмет түрлеріне кететін шығындар құрайды. Сондықтан бүгінгі таңда ең төменгі күнкөріс деңгейі 18 660 теңге емес, шамамен 35-36 мың теңге болуы тиіс.
Жалпы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандары да бүгінгі таңдағы ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің төмен екендігін мойындап отыр. Министрлік мамандарының есебінше, халықтың еңбекке жарамды тобына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі жалпы халықтың жан басына шаққандағы сондай көрсеткіштен 30 пайызға артық болуы тиіс. Яғни ең төменгі жалақы мөлшері 18 660 теңге емес, 24 258 теңге болуы керек. Сондықтан да қазіргі уақытта министрлік мамандары ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемін арттыруды қайта қарап жатқан жайы бар.
Жалақы мөлшері жыл сайын қаралуы керек
Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, нарықтық қатынастармен дамып жатқан елдерде жалақы мөлшері елдегі инфляция деңгейін ескере отырып, жыл сайын қайта қаралады екен. Жалақы мөлшері жұмыс беруші, кәсіподақ және мемлекет өкілдерінің қатысуымен үшжақты келісім негізінде белгіленеді. Кейбір Еуропа елдерінде жекеменшік кәсіпорындар үшін мемлекет жалақы мөлшеріне тарифтік автономия жариялаған. Мұндай елдерде жалақы мөлшері жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы келісім негізінде бекітілетін көрінеді. Мысалы, болжам бойынша алдағы жылы инфляция 3 пайыз болады деп күтілсе, жұмыс беруші жалақыны 5 пайызға өсіруді ұсынады, ал кәсіподақ 7 пайызға арттыруды қолдайды. Келісім нәтижесінде тараптар бір ортақ мәмілеге келіп, келесі жылға жалақы мөлшерін 6 пайызға өсіруге уағдаласады.
Өкінішке қарай, біздің елде ондай жүйе жоқ. Сондықтан да жалақы мөлшерін жұмыс беруші өз қалауымен белгілейді. Сол себепті қарапайым жұмысшы мен басшылардың жалақысы арасындағы алшақтық 10-15 есеге артқан. Мысалы, жұмысшы 100 мың теңге жалақы алса, топ-менеджерлер мен басшылардың жалақысы 1,2-1,8 млн теңге. Оған қоса, басшылар мен топ-менеджерлерге сыйақы мен бонус қарастырылған. Себебі жекеменшік кәсіпорындардың жалақы саясатына мемлекет араласпайды, ал кәсіподақтың шама-шарқы жоқ.
Жалақының төмен болуы мемлекет үшін де тиімсіз
«Жалақының төмен болуы ел экономикасы үшін де тиімсіз» дейді мамандар. Өйткені жалақы аз болса, бюджетке түсетін салықтық түсім мөлшері де азаяды екен. Сонымен қоса, мамандар айлық жалақы аз болған жерде жұмыс сапасы да соған сәйкес болатынын айтады. Олардың пайымдауынша жалақы ол – жұмыскерді ынталандыру құралы. Яғни жалақысы жоғары болса, қызметкер барынша сол жұмыс орнын жоғалтпау үшін сапалы еңбек етуге тырысады. Демек, жалақының жоғары болуы мемлекет үшін де, жұмыс беруші үшін де, жұмысшы үшін де тиімді болмақ. Алайда қазіргі кезде мұның бірі де ескеріліп жатқан жоқ. Жұмыс беруші үшін ең бастысы сапа емес – қомақты табыс. Біздің жұмыс берушілер ол межеге жалақыны аз төлеу, салықтан жалтару арқылы жеткенді жөн көреді. Ал оған мемлекеттік бақылау да қазір әлсіз болып тұр.