Зорланып, өлтірілген 8 жастағы қыздың ата-анасы экс-әкімді айыптады (видео)
Көмек беремін дегендердің енді көлеңкесін де көре алмай жүр! Атырауда былтыр көршісі зорлап, кейін жауыздықпен өлтірілген 8 жасар Айкөркем Алдамжардың ата-анасы сөзінде тұрмаған жергілікті басшыларға өкпелі.
Олардың айтуынша, қылмыскер көршісінің отбасымен бір шатырдың астында тұру қиын болғандықтан, басқа үй беруді сұрап, сол кездегі қала әкімі Серік Шәпкеновтың қабылдауында болған. Экс-әкім қайғыдан қан жұтқан ата-ананың жағдайына түсіністікпен қарап, қоластындағыларға қолайлы баспана табуды тапсырған. Бірақ үй табылғанымен, қазір әкімдіктегілер кезіндегі әңгімені ұмытып кетсе
Айкөркем мен оны азаптап өлтірген көршісі Арман Рсалиевтің отбасы әлі күнге дейін бір ауылда, бір көшеде, тіпті бір шатырдың астында тұрып жатыр. Қан жұтып отырған ата-ананың айтуынша, қанішердің отбасын былтыр ауылдастары ауылдан күштеп көшіріп жібермек болғанымен, тәртіп сақшылары мұның заңсыз екенін айтып, тоқтатқан көрінеді.
Бірақ сол кездегі қала әкімі, қазір Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов мұны басқаша жолмен шешпек болыпты. Яғни қайғырған жанұяны жеке қабылдап, ауылдан кетуге ниетті екенін білген соң, жергілікті басшыға 10-15 миллион теңге аралығында үй табуды тапсырған. Баспана табылғанымен, бұл шаруаның әрі қарай баспай тұрған жайы бар.
Назгүл Сағынова, Айкөркем Алдамжардың анасы:
-Үш үйді қарастырып алып келіңдер, бағасын сұрағанда 10 мен 15 миллион деп айтты. Онымен біздер өзіміз іздедік, өзіміз таптық, фотоларын апардық, солардың біреуінің берілетінін айтты. Содан бері хабар жоқ, айтуын айтып алды да сол кездегі қала әкімі Серік Шапкенов мырза, біздерді ұмытып кетті.
Айкөркемнің ата-анасы жұмысбасты шенеуніктердің уәдесін естеріне салмақ болып, бірнеше рет хат та жазыпты. Бірақ келген жауап көңілдерінен шықпады. Ауыл әкімдігінің есігін де күнде қағып, енді жақсы жаңалықтан үміт үзген. Мұндағылардың айтары да Алдамжар отбасын әзір қуантпайтын да секілді.
Шапхат Қалиев, Қайыршақты ауылдық аймағының әкімі:
-Бұл жанұяға отбасында болып жатқан қиындықтарға байланысты әкімдік пәтер алып беруге демеушілікпен көмектесеміз деп айттық. Қазіргі уақытта демеушіліктердің реті болмауына байланысты әлі бұл жұмыстарды орындай алмай отырмыз. Алдағы уақытта қолымыздан келгенше көмектесуге жұмыстар жасаймыз.
Еске сала кетейік, 8 жасар Айкөркем Алдамжар былтыр маусым айында мектеп жанынан ашылған лагерге кетіп сол күй оралмады. Оның денесі арада 5 күн өткенде Жайық өзенінен табылған еді. Кейін жеткіншекті 24 жастағы көршісінің әуелі зорлап, кейін суға тұншықтырып өлтіргені белгілі болды. Қылмыскер өткен жылы 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.