Қазақстандағы жоғары оқу орындарын қысқарту жұмысы аясында Білім және ғылым министрлігі бірқатар жекеменшік университеттермен соттасып, куәліктерін алып қойды. Ал кейбір колледждердің басшылығы соттан да қорықпайтын сыңайлы. Олар студенттердің ақшасын жинап алып, жұмысқа келмей жүр.
Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары бізде 55 жоғары оқу орны болған екен. Сол кезде жекеменшік секторды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде он (1991-2001) жылдың айналасында Қазақстандағы жоғары оқу орындарының саны 182-ге (!) дейін өсті. Қазір ол университеттің саны біршама азайса да, білім беру сапасы әлі күнге дейін жақсармай жатыр. Сол себепті Білім және ғылым министрлігі еліміздегі жекеменшік және мемлекеттік жоғары оқу орындарын оңтайландыру жұмысын қолға алды. Осыған сәйкес, 2015 жылға дейін барлық университеттердің саны 100-ден аспайды. Ол үшін бүгінгі білім беру талаптарына сай келмейтін университеттерге өзара бірігу, институт немесе колледж болып қайта құрылу міндеті жүктелді. Мәселен, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз техникалық университеті және Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті бірігіп, Тараз аймақтық корпоративті университеті болып құрылды. Қарағанды қаласында Қазіргі заманғы гуманитарлық-техникалық институты, «МГТИ-Лингва» Орталық Қазақстан университеті және «Фемида» заң академиясы Орталық Қазақстан академиясын құрды. Бүгінде министрлік өкілдері қарағандылық «Болашақ» университеті мен Халықаралық бизнес академиясына да өзара бірігуге кеңес беріп отыр. Әйтпесе олар да куәліксіз қалуы әбден мүмкін.
Саят ШАЯХМЕТОВ, ҚР білім және ғылым вице-министрі:
– Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарын қысқарту жұмысы әрқалай жүргізіліп жатыр. Бір жерде сот дау-дамайлары болып жатса, енді бір жерде құрылтайшылар мен университет басшылығымен келіссөздер басталды. Бұл жұмыстың нақты қай уақытта аяқталатындығы белгісіз. Алайда ол ұзаққа созылмайды. Себебі министрлікке тиісті тапсырмалар берілді. Біз соның аясында жұмыс істейтін боламыз.
Университеттерді қысқарту аясында болып жатқан дау-дамайлар жоғары оқу орындарының куәлігін сот арқылы тартып алуға байланысты болып отыр. Оны бізге телефон арқылы хабарласқан Білім және ғылым министрлігінің Білім беруді бақылау комитетінің басшылығы жеткізді.
Нұржамал АЛДАБЕК, Білім беруді бақылау комитеті басшылығының орынбасары:
– Біз барлық жоғары оқу орындарын тексереміз. Талапқа сай келмейтін жекеменшік және мемлекеттік университеттердің куәлігін сот арқылы алып қоятын боламыз. Бүгінде осындай әкімшілік жазаға іліккен екі жоғары оқу орны бар. Біріншісі – Семейдегі «Қайнар» университеті. Екіншісі – Өскемендегі аймақтық университет. Екеуі де – жекеменшік жоғары оқу орны. Олар білім беру жұмысын жүргізе алмайды. Сондықтан студенттерді басқа оқу ошақтарына ауыстыруы тиіс.
Ал кейбір колледждердің басшылығы соттан да қорықпайтын сыңайлы. Олар студенттердің ақшасын жинап алып, білім беру жұмысын тастап кеткенге ұқсайды. Жақында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары Алматыдағы «Орхидея» медициналық колледжінің сапасыз қызметі туралы хабарлаған болатын. Фармацевтерді даярлайтын аталған оқу орнында студент-жастардың емін-еркін білім алуларына қажетті жағдай да жасалмаған: колледжде төрт-ақ аудитория бар, ал асхана мен спортзал мүлдем жоқ. Бір оқытушы бірнеше пән бойынша сабақ береді. Студенттер болса, екі жылдан бері сынақ кітапшаларын көрмеген. Бүгінде колледж басшылығы студент-жастардың ақшасын жинап алып, жұмыс орнында көрінбей жүр. Біз осы мәселе бойынша Білім және ғылым министрлігіне хабарластық. Вице-министр Саят Шаяхметов ол мәселе жайында хабарсыз болып шықты. «Біз ол колледж туралы әлі естіген жоқпыз. Алайда тиісті шараларды қолға алатын боламыз», – деді ол. Осы орайда министр Б.Жұмағұловтың айтқан бір сөзін еске салып өткенді жөн деп санаймыз. «Жоғары оқу орындарын оңтайландыру барысында бірде-бір студент оның ауыртпашылығын көрмеуі тиіс. Себебі барлық студенттердің құқықтары «Білім беру туралы» Заңмен қорғалады. Аталған нормалар қалтқысыз орындалатын болады», – деген еді Б.Жұмағұлов мырза.
ЖОО-ларды оңтайландыру студенттерді тақырға отырғызбаса болғаны
Последние статьи автора