Жол ережесіне енген өзгертулерге қатысты түсінік пен пікірлер
Заңға енетін өзгертулер алдымен қоғам талқысына түсіп, халықтың талап тілегін ескере орытып енгізілуі тиіс болар. Ал бізде керісінше, алдымен заңды қабылдаймыз да, кей баптың қисыны келмей жатса кейін алап тастай саламыз. Ал қисынсыз кейбір өзгертулерді түсіндіре алмай әлек боламыз. Міне, бірнеше күннен бері ішкі істер органдарының өкілдерін түсінік бергізіп, әуреге түсірген - жаңа жылдан бастап жол қауіпсіздік ережесіне енген өзгерістулер болды. Сол өзгерістерге қатысты айтылған түсініктер мен пікірлерде назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Автокреслоға қатысты
Қайсар СҰЛТАНБАЕВ, Астана қаласы Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
- Мысалы баланың үлкен кісімен бойы бір болмайды. Бізде мынау белдіктер бар, бұл белдіктерді салған кезде олар кейде баланы құтқарушы емес, оған қарсы жұмыс істеп кетуі мүмкін. Неге десеңіз ол мойнынан қылқындырып қалуы мүмкін. (i-news.kz)
Евгений ДЕМИДЕНКО, Астана қаласы ІІД жол-патрульдік полициясы арнайы батальонының инспекторы:
- Біз күнде әр мектеп жанында бақылау жүргіземіз. Автокреслоны пайдаланбайтын ата-аналар аз емес. Заң бұзғандарға 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. (balapan.kaztrk.kz)
Игорь ЛЕПАХА, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
– Қазақстан БҰҰ-ның бала құқықтары туралы Конвенцияға мүше екенін білесіздер. Мемлекет қандайда бір халықаралық құжатқа қосылса, сол халықаралық құжаттағы нормаларды орындауы керек. Сондықтан, біз ол ережелерді ұлттық заңнамамызға енгізуге міндеттіміз. Конвенцияға сәйкес, балаларды жол апаттарынан сақтау мақсатында осындай қадамға барып отырмыз. Құжатта міндетті түрде автокресло деп жазылмаған. Бұқаралық ақпарат құралдары соңғы күндері тек қымбат автокресло туралы ғана айтып жүр. Бұл жерде балаларды ұстап тұратын құрылғылар деп көрсетілген. Автокресло сондай құрылғылардың бір түрі ғана. Ал, одан дөзге де бектіу құрылғылары бар екені туралы жазылмай отыр. Жаңа заңға сәйкес, 12 жасқа толмаған балаларға қорғаныш белбеуін тағып жүру міндеттелді. Баланың бойы 1 метр 35 см, салмағы 36 келі болса онда оған ешқандай автокреслоның қажеті жоқ. Туу туралы куәлігін де ешкім сұрамайды. Тек қауіпсіздік белдемшелерін тағуға міндетті. Мұндай белдемшелер Ресейде 30 рубль тұрады. Қазақстанда 1000 теңгеден аспауы керек. (kerey.kz)
Қанат СӘДУАҚАСОВ, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
- Бұл жерде бастысы коммерциялық мақсаттағы тасымалдарға жағдай жасау емес, негізгі мақсат - таксист болсын, жеке көлік құралы болсын, балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігін сақтау. Олар қауіпсіздік белбеулерімен жабдықталған көлік құралдарын пайдалануы тиіс. (alashainasy.kz)
Қайсар СҰЛТАНБАЕВ, Астана қаласы Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
- Бұл белдіктерді салған кезде кейде бала үшін оны құтқарушы құрал емес, оған қарсы жұмыс істейтін құрал болуы мүмкін. Неге десеңіз ол мойынынан қылқындырып қалуы мүмкін. Ал мына қондырғы екі белдікті белден түсетін және кеудеден түсетіндерін қосып тұрады да баланың қылқынуына жол бермейді.
Бауыржан РАҚЫМЖАНОВ, СҚО Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
- Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес 12 жасқа толмаған балаларды автокреслосыз алып жүруге болмайды. Заң талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының1-бөліміне сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Ережені екінші рет бұзған жүргізуші үшін айыппұл мөлшері екі есе – 10 айлық есептік көрсеткішке дейін артпақ. (oltustikkaz.kz)
Қанат СӘДУАҚАСОВ, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы:
- Күшіне енген жол қозғалысы туралы заңда жолаушыға арналған алдыңғы орында автокресло, ал артқы орында баланы бекітіп қоятын арнайы құрылғы немесе баланы қауіпсіздік белдігімен байлап қоюға ыңғайлы жабдық болуы тиіс. (qazaquni.kz)
Раушан ШОХАЕВА, Қызылорда облысының ІІД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:
- «Үгіт-насихат құралдарын халыққа кеңінен таратып, тек қана автокресло жөнінде ғана емес, жалпы жол-көлік оқиғасын алдын-алуда атқарылатын жұмыстар жайлы бірнеше кездесулер және мектептерде акциялар ұйымдастырылуда.
(syrboyi.kz)
Лариса КРАСНИКОВА, Астана қаласы ІІД ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Бүгінгі шара арқылы біз жүргізуші ата-аналарды көлікпен тасымалдау кезінде балаларды ұстап тұратын орындықтарды пайдалануға шақырамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, балаларды ұстап тұратын құрылғыларды пайдалану жолаушы-балалардың арасында жазатайым жағдайларын 54%, ал жарақаттану жағдайларын 70% төмендетеді. (astanazan.kz)
Елтай ЖҰМАҒАЗИН, Ақтөбедегі әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Жаңа талап ойдан шығарылған жоқ. Әлем елдерінің тәжірбиесінен алынған. Айыппұл салынған жағдайда көлік жүргізушілері 7 тәулік ішінде белгіленген соманың жартысын төлей алады. Сонымен қатар, көлік салонында 12 жасқа толмаған қанша бала отырса, сонша автоорындық болуы шарт. Бала қауіпсіздігі-басты талап. (kerek-info.kz)
Күндіз шам жағып жүруге қатысты
Қанат СӘДУАҚАСОВ, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы:
- Шамды жағып жүру жол апатын азайтады. Мұны біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. Жол қауіпсіздігі туралы конвенциядан алып отырмыз. Көлікке біз сән, мән берейік деп емес, апатты азайту үшін енгіздік мұны. Дұрыс түсініңіздер. (i-news.kz)
Қайсар СҰЛТАНБАЕВ, Астана қаласы Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы:
- Біз күні ертең қолданысқа енетін жолда жүру заңнамасының жобасын әзірлеу барысында әлемдік тәжірибелерге көп арқа сүйедік. Сонымен қатар, осындай тәжірибелерге зерделей отырып Қазақстан бүгінде жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында халықаралық конвенцияны ратификациялап отыр. Осындай зерттеулер нәтижесінде көз жеткізгеніміз, көлікпен жүру кезінде күндіз де және түнде немесе елді-мекендерден тыс жерлерде яки қала ішінде болсын көліктің жақын қашықтықтағы шамын жағып жүру арқылы жол апаттарын 20 пайызға дейін төмендетуге болатындығын білдік. Сондықтан да біз осы норманы қолданысқа енгізуді жөн көрдік. (baq.kz)
Қанатбек ӘЛІМЖАНОВ, Жамбыл облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Жаңа өзгеріске сәйкес, солай. Мұны әрбір көлік жүргізушісінің есте сақтағаны абзал. 2008 жылы үлкен жолдарда көлік шамын жағып жүру туралы өзгерістер енгізілгенде «оның не қажеттілігі бар» дейтіндер болған. Бірақ, уақыт өте келе бәрі соған дағдыланып кетті. Бұл да солай. Жүргізушілер елді мекен ішінде де көлік шамын жағып жүруге міндетті. Сонымен қатар жылдамдық шектеулерін де естен шығармағаны жөн. Автобустар мен үлкен салмақты көліктер елді мекен сыртында жылдамдықты сағатына 90 шақырымнан асырмауы керек. Ал жеңіл көліктер үшін сағатына 110 шақырымнан аспауы тиіс. Кейде өзіміздің облысымыздың аумағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы арқылы құйындай құйғытатын жүргізушілерді тізгіндеп жатамыз. Сонда олардың айтатын уәжі: «110-нан асырмау туралы белгі қай жерде тұр?» дейді. Қарапайым ғана жол жүру ережелерін оқымаған осындай жүргізушілерге қарның ашады. (akjolgazet.kz)
Сенімхатқа қатысты
Қанат СӘДУАҚАСОВ, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы:
- Сақтандыру полисінде сеніп тапсырылған адамның аты-жөні болмаса, әрине алдымен көлік иесіне әкімшілік айыппұлдар салынады. Айтпақшы, қоғамда үлкен дау тудырған бап заң жобасынан алынып тасталды. Ол арнайы белгі жоқ жерге машинаны қалдыруға тыйым салатын. (i-news.kz)
Қанатбек ӘЛІМЖАНОВ, Жамбыл облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Ендігі жерде сенімхат талап етілмейді. Бірақ, сақтандыру полисі болуы қажет. Онда көлік иесі мен жүргізушісінің аты-жөні жазылады. Сақтандыру полисі болмаған жағдайда, автокөліктер бірден айып тұрағына кіргізіледі.
– Айыппұлдарды төлеу тәртібі туралы да айтып өтсеңіз.
– Азамат өзіне салынған айыппұл-мен келіскен жағдайда жеті тәулік ішінде оның тек жартысын ғана төлеуіне мүмкіндігі бар. Мысалы, сізге жол ережесін бұзғаныңыз үшін 20 мың теңге айыппұл салынды делік. Сіз жеті тәулік ішінде соның жартысын, яғни, 10 мың теңге төлеп, түбіртегін тиісті орынға өткізіп кетуіңізге болады. Ал жеті тәуліктен асырып алғандар айыппұлды 100 пайыз көлемінде толық өтейді.
Медициналық қобдишаға қатысты
Венера ЖАНТАЕВА, фармацевт:
- Бұйрық күшіне енген күннен бастап көлік жүргізушілерінен сұраныс көп болды. Алайда дәл қазір дәрі қорапшасының жаңа құрамы сатылымда жоқ. Оны шағаратын Шымкенттегі зауыт жаңа қобдиша тізімін жасақтап үлгермей де жатыр. Бұрын оның құны 1200-1500 теңге шамасында болса, жаңасы 2500 теңгеге дейін бармақ. (24.kz)
Саят ИБРАИМОВ, Алматы облыстық ІІД Әкімшілік полиция бөлімі инспекторы:
- Бұл үрдіске –бір қуанса, фармацевтикадағылар қуанар болар... Қазақстанда тек жеңіл автокөліктер саны- 4 млн-нан асады. Басқасын айтпағанда. Иелері саудаларын күрт қыздырары анық. (zhetysutv.kz)
Александр ХАЙЛЕНКО, Автокөлік өндіруші компанияның директоры:
- Медициналық қолғап пен медициналық қайшыны дәрілер құрамына неліктен енгізгені түсініксіз. Бір ғана қайшының бағасы мың теңгеден асады. Әрі біздің Қазақстанда өндірілмейді. (nur.kz)
Зүрият СЫБАНҚҰЛОВА, Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті:
- Мына жерде хлоропирамин деп жазылған. Жүргізуші оның орнына супрастин салады. Тәртіп сақшысы мұны не деуі ықтимал? Өйткені бізде хлоропирамин ампула түрінде тіркелген. Ал таблеткасы сатылмайды, жоқ, оның орнына супрастинді пайдалануға болады. Ең сорақысы мұнда оны есеңгіреу кезінде қолдану керек деген. Бұл аллергияға қарсы дәрі. (nur.kz)
Гауһар РАЙЫМҚҰЛОВА, Фармацевтикалық қызмет көрсету басқармасының жетекшісі:
- Осы тамызда автокөлікке арналған медициналық қобдишаның тізбесі бірінші рет бекітілген болатын. Тізімге оқыс оқиға орын ала қалған кезде ең қажет болуы мүмкін деген дәрілер енгізілген. Бұйрық тіркелінді және күшіне енген. Бірақ сіздер айтқандай ұсыныстар болатын болса, біз оларды қарастыруға дайынбыз. (nur.kz)
Игорь ЛЕПАХА, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
- Жол потрульдік полиция қызметкерлері автокөлікте медициалық қобдишаның бар жоғын ғана тексереді. Оның құрамын қарамайды. (zakon.kz)
Гауһар РАЙЫМҚҰЛОВА, Фармацевтикалық қызмет көрсету басқармасының жетекшісі:
- Автокөліктегі дәрі-дәрмектің қалай сақталатынын бақылау қиын. Себебі ондағы дәрілік заттардың көбі белгілі бір температуралық сақтауды қажет етеді. Сондықтан да бұл жолғы медициналық қобдишада дәрілік заттар емес, орау-таңуға арналған құралдар енгізілді. Бұл жиынтық туралы бұйрық 11 қаңтардан бастап қабылданды. Сондықтан өндірушілер медициналық қобдиша құрамын енді ғана шығара бастайды. Оған шамамен екі-үш ай уақыт қажет. (24.kz)