Мопед тізгіндегендерге қатысты талап күшейтіледі. Енді қалада ойқастап жүретіндерді тәртіп сақшылары «Сергек» камерасы арқылы анықтайды. Жазалаудан басқа амал қалмады деп отыр. Өйткені жыл басынан бері мопедшілермен 200 жол апаты болып, 198 адам зардап шегіп, бір адам мерт болған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.
Осылайша әзірге тек пилот нұсқаны ұсынған полицейлер көліктегідей мопедтерге де нөмір тағып, жүргізушінің жеке мәліметін арнайы базаға тіркейтінін айтады. Сол арқылы жол ережесін бұзғандарды анықтап, айыппұл саламыз дейді.
Екі жылдан бері ереже бұзған көлік иесін жауапқа тарту жалғасса да, мопедті шлемсіз жүргізіп, жаяу жүргіншілер жолымен жылдамдықты арттырып айдайтындар әлі де азаяр емес. Енді тәртіп сақшылары талапты одан әрі қатаңдатуды көздеп отыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— «Сергек» компаниясы арнайы пилот жобаны ұсынып отыр. Бұл жоба арқылы курьері бар компаниялардың қызметкерлерін арнайы базаны құру арқылы, олардың карта арқылы жүрістұрысын қадағалап, сонымен қатар жылдамдықты асырды ма, жол жүру ережесін бұзды ма деген сияқты сұрақтарға жауап береді. Негізі бейнекамералардың көмегімен құқықбұзғанды айқындайды.
Қазір мопедпен жүретіндер қалада өте көп. Оларға «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес тек велосипедке арналған жолмен, не көлік жолының оң жағындағы жолақпен жүруге рұқсат бар.
Ал тротуармен және жаяу жүргінші өткелімен өтуге тыйым салынған. Соған қарамастан, көлік кептелісі кезінде жеткізу қызметіндегілер тапсырыс берушінің тауарын тез апару үшін рұқсат етілмеген жермен жүріп баруға мәжбүр екен.
Әли Расулжанов:
— Мысалы біз ыстық тамақты ыстық күйде жеткізуіміз керек. Сол себепті жаяу жүргіншіні бірінші кезекте өткізу керек. Көлікке кедергі етпеуіміз керек. Енді айыппұл туралы ештене айта алмаймын. Ереже бұзсақ, кез келген адам айыппұл төлейді. Тез жеткізу үшін кейде ондай жағдай болады.
Енді тәртіп сақшылары «Сергектің» көмегімен мопед жүргізушілерін қатаң қадағаламақ. Бұл бірінші кезекте өзінің және өзгенің өмірі мен денсаулығы үшін қажет дейді. Өйткені дәл осындай жол ережесін бұзып, жол-көлік оқиғасы көптеп тіркелуде. Қала тұрғындары да екі дөңгелекті тізгіндегендердің тротуарларда жүрулеріне түбегейлі қарсы.
Сайрамхан Мәдиева, Алматы тұрғыны:
— Бұл жерде, негізінде адамдар жүреді. Аяқ асты қағып кетуі мүмкін. Сондай жағдайға душар болса ше? Бұл дұрыс емес. Негізінде өзіне жол жасап қойсын. Сол жолымен жүрсін деп есептеймін. Айыппұл салынсын. Мына жолмен жүрмесін. Балалар да жүреді, кәрі кісілер де жүреді. Болмайды ғой. Аяқасты қағып кетсе ше?
Негізінен мопедтің қозғалтқыш көлемі 50 мен 125 текше сантиметрден асса, жүргізуші куәлігі болуға тиіс. Заңда көрсетілген ережелерді бұзған жүргізушіге «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексте көрсетілгендей, 30 мың теңгеден аса айыппұл қарастырылған.