Қытайдағы қазақтар жерінен айрылып жатыр. Бірнеше жылдан бері мемлекеттік деңгейде қолға алынған «егінші-малшыларды отырақтастыру» бағдарламасы жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстау, көктемде көктеу қонған қазақтың жайлымдық, егістік жерін мемлекет иелігіне қайтарып алуда. Осылайша, «жер анасынан» қас-қағым сәт айрылған ағайын қанаты сынған құстай күй кешуде.
Көшпенді түркінің басты байлығы – жер екендігін ескерсек, қарындастар сол асылын жоғалтуда. Жер туралы әңгіме бола қалса еске түркілік кезеңнен қалған мына бір миф орла кетеді. Ғұндар бірнеше ғасырлар бойы Қытайды бағындырып келген. Бірақ әр кез Қытайдан жеңіліс тауып отырған. Ғұн елі бір әлсіреген кезде Қытай үкіметі Мөдеге елші жіберіп, оның бір керемет жүйрік атын беруді талап етеді. Мөде уәзірлерін шақырып кеңеседі, уәзірлер бермеуге кеңес береді. Бірақ Мөде күш жинап алғанша елдің амандығын тілеп, атты бергізеді. Соғысқа сылтау іздеген Қытай басшысы ендігі жерде Мөденің бір сұлу жас тоқалын өзіне әйелдікке беруді сұрайды. Мөде бұл қалауын да бергізеді. Үшінші жолы әбден даңдайсыған қытайлар ғұндардың оңтүстігіндегі бос жерді сұрайды. Сонда Мөде тағы да уәзірлерін жинап алып ақылдасады. Сонда уәзірлері: "Ақыры бос жатқан жер ғой, берейік", – дейді. Мөде сонда "Біздің ең құнды, қасиетті дүниеміз – жер, біз бір тұтам да жер бермейміз", – дейді де, Қытайға соғыс ашады және жеңіске жетеді. Ғұндардың бұл әпсанасынан көшпелілер үшін "жер", атамекен" ұғымы сонау ерте бастан-ақ ең қасиетті, ең қадірлі құндылық саналғанын көреміз.
«Бейқұт үй» құт болмады
«Бейқұт үй» сіздерге бейтаныс атау болғанмен онда жаңалықтың жаршысындай болып елестеуде. Мәселен, қандастар жиі шоғырланған Іле, Алтай, Тарбағатай аймағының әр аудан-қалаларында қаз-қатар салынған бұл үйлерге Қытай билігі жерінен айрылған шыңжаңдықтарды бірнеше сотық жермен «алдаусыратуда». Қытай баспасөзінде жиі қолданылып жүрген «安居富民工» сөзі «жайлы үй салып, халықты ауқаттандыру инженериясы» іс-жүзінде керісінше жүзеге асуда. Жобаның басты мақсаты – Қытайдың ішкі өлкелеріндегі жан саны тығыздығын төмендету. Жыл сайын миллиондап Шыңжаң, Тибет өлкесіне ағылып жатқан қытай тұрғындары (Халық жұмыскерлері деп атайды) соның дәлелі. Нақтылап айтар болсақ, соңғы бірнеше жылда жергілікті бюджет есебінен 424 миллион юан қаржы шығарып, Шыңжаңда бейқұт үйден 920 мың 200-ін салып, аз санды ұлт (жан саны 5 миллионнан төмен) егінші - малшы қауымынан 3 миллион 600 мың адам жаңа үйлерге көшіп кірген.
Шыңжаң өлкелік тұрғын үй және қала, ауыл құрылысы мекемесі басшысының орынбасары Уи Миңның айтуынша 2011 жылдан бастап әр ұлт егінші - малшы бұқарасының тұрғын үй қауыпсыздігін қамтамасыз етуді, ауыл - қыстақ тұрғын үйлерінің сапасын жоғарылатуды, ауыл-қыстақтардың қоныстану ортасын шын мәнінде жақсартуды көздеп бейқұт үй салып, халықты ауқаттандыру инженериясын 4 жыл үздіксіз «халық тұрмысы құрылысы жылындағы» маңдай алды халық тұрмысы инженериясына енгізіпті.
2011-2013 жылға дейін халықты ауқаттандыру инженерясі бойынша 900 мың отбасына бейқұт үй салып беру міндеттеліп, 2013 жылдың соңына дейін түгелдей салынып бітіпті. Әуелі, биыл жыл басынан бері 300 мың бейқұт үй салынып, оған мал шаруашылығын гүлдендіру бойынша отырар үй, өлшемді қора тұрғызылып, оған 100 мыңнан астам қазақ малшы отбасы игіліктенеді екен. Бір сөзбен «Аңқау елге арамза молда» болған билік мұнысын партия мен үкіметтің абзал саясатының арқасы деп жария етуде.
Мынандай бір жағдай еске түседі. Қытайдың ішкі өлкесінен келген Ваң есімді қытай күре жолдың бойындағы бір қандасымыздың үйіне қатты қызығыпты. Тіпті, жекелік меншігіне 350000 юань баға да қойыпты. Шикі керпіштен соғылған үйінің мұншалық жоғары бағаланғандығына қуанған ағамыз бірден үйді сатып жібереді. Қолына қомақты ақша түскен соң ауылдан жер алып, мал шаруашылығымен айналысыпты. Арада бірнеше жылдар өткенде «егінші-малшыларды отырақтастыру» мемлекеттік бағдарламасымен ауылдағы жайлымдығынан құр алақан қалып, қайтып қалашыққа келеді. Сонымен көп қабатты тұрғын үйден 3 бөлмелі пәтерді 230000 юанға сатып алудан басқа амалы қалмайды. Бір қызығы, сол көпқабатты тұрғын үй кезінде қытайға сатқан ескі үйінің орнынан тұрғызылған болып шығады. 9 этаж 200-ге жуық отбасыға арналыпты.
Міне, жер мәселесі өршіп тұрған Қытайда, арзымас ақшаға немесе мемлекеттік жымысқы саясатына алданып гектар-гектар жерінен айрылып жатқан қандастың тағдырына алаңдайсың.
Ағайынның аңғалдығы
Осыдан біраз бұрын «Қытайдағы қазақ тілді сайыттарда 200 мың оралман Қазақстаннан Қытайға қайта көшеді екен» деген ақпар тараған еді. Тіпті оның басты себебін атамекендегі тұрғын үй бағасының қымбаттығымен байланыстырып, Қытайлардың Қазақ елінде үйсіз-күйсіз жүрген егінші-малшы қауымға арнап тегін үй соғып беріп жатқандығын айтқан еді. Тіпті, қазақы Алтай қаласының Абитан қалшығының бір қыстағына 300 бейқұт үй, Жеменей ауданының бір ауылда 500 бейқұт үй, Көктоғай, Шіңгіл ауданында да 500 үй салынып қойыпты деген дақпырт тарап кетіпті. Анығында, ол үйлердің бар екені рас. Алайда бұл үйлердің қайтып келетін оралмандарға салынып жатқандығы өтірік болып шықты. Тіпті, атамекенге көшкен ағайындардың Қытайға өтуі де өтірік болып шықты. Сонда жалған ақпар таратудағы мақсат не? Қытайдағы көзқарақты зиялы қауымның өкілі Жардамбек ақсақалдың айтуынша бұл жергілікті биліктің кезекті саяси ойыны болып, елдің назарын басқаға аудару арқылы Қытайдан ішкі өлкелерінен келген жұртқа қазақтар қоныс тепкен құйқалы топырақтан шұрайлы жер алып бермек болған бақай қулығы екен.
Тіпті, сол ішкі өлкелерден қытайлар өздеріне тиесілі жерді місе тұтпай қарындастарымыздың тоқымдай жеріне де көз алартқаны жиілеп кетті. Соның бірі өткендегі Боғда баурайында, Дабаншың районында орын алған бассыздықтан кейін іле-шала Алтайдағы қазақтар да өздері мекен еткен жерінен айырылып, адамдары соққыға жығылып, малдары тоналып, қаптаған қытайдың қысымына жолығуда. Алтай қаласы маңындағы Балбағай ауылдығына қарасты Сарқарын қыстағына жаңа құрлыс (бейқұт үй) тұрғызбақшы болған малшылардың жерлері мен жайылымдарын ауыл шаруашылық 13-ші отрядының бастығы бір топ қытайды бастап келіп зорлықты күш жасап тартып алған. Қытай бастық қол астындағы өзі ертіп келген кірмелерге: «Ештеңеден аянбаңдар, қазақтар қарсы келсе өлтіре сойылға жығыңдар, сендер жаралансаңдар билік қаражат бөліп емдетеді» – деп құлақтарын көтеріп, өңшең жабайы иттерін айтақтаған. Сонымен қоймай бауырларымыздың алдында, қытай басшысы: «Бізді автономиялық район, аймақ, мемлекет заң органы да басқара алмайды!», – деп көпірген. Онымен қоймай сол талас болып жатқан жерде жайылып жүрген қазақтардың малдарын сойылмен ұрып, күрекпен шауып, жаралап, өлтірген. Бұл қорлыққа шыдамаған қазақ малшылары жиналып, қарсы келгенше қытайлар оқиға орынан тайып тұрған. Бүлікті бастаған қытайдың әскери районының белгілі мансаптысы екені де белгілі болды. Бір малшы қазір ауыр жарақат алып, емханада жатқандағы жайлы сол жақтағы азаматтар хабарлады. Негізі бұл малшылардың жері зорлық көрсеткен отрядпен ортада бұрыннан шекара торы болған, оны арнайы техникамен келген қытайлар бұзып тастап, өздеріне Сарқарын ауылының жерін үстемдік жасап тартып алмақшы болған. Міне, мұндай бассыздықтар жетіп артылады.
Атам қазақтың «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген аталы сөзі бар. Ағайынның ендігі барар жер басар тауы, Қазақстан екендігінде дау жоқ. Жардамбек қария: «у ішсең де руыңмен» деген ғой, қаусаған денемді сүйретіп болса да атамекенге барсам деген арман бар. Сол құрғыр паспорт ашу мәселесі қиындап барады. Ұзын сонар кезек екен деген өкпе-ренішін де айтып қалды.
Иә, жат елдегі қандастардың жерінен айрылуынан тыс бірте-бірте тілінен де айрылып бара жатқандығын естіп, көріп қайттық. Ол келесі тақырыбымызға арқау болмақ.
Жеріңді алса, нең қалды қайран қазақ?
Последние статьи автора