Жан азығы
Электронды технологиялар қаншалықты қарқын ала дамып, интернетті пайдалану кең етек жая бастағанымен, қазақ қоғамы қолға ұстап оқитын кітаптан қол үзбек емес. Бүгінде еліміздегі баспалардан жыл сайын түрлі тақырыптарды қамтыған жаңа әдебиеттер шығару ісі біртіндеп жолға қойылып келе жатқаны аян. Қазіргі кезде кітап шығару соншалықты оңай болып көрінгенмен, оның да өз машақаты да жоқ емес. Ең бастысы – мәртебелі оқырман қолына сапалы да мазмұнды кітапты жеткізе білу. «Жақсы кітап – жан азығы» деген қағидаға сүйене отырып, біз бүгін таяуда баспа бетін көрген бірнеше таңдаулы да жаңа дүниелермен оқырман қауымды таныстыра кетуді жөн көрдік.
«Қиямет-қайым ғасыры»
Үстіміздегі қараша айының басында қазақтың көрнекті жазушысы Смағұл Елубайдың «Қиямет-қайым ғасыры» атты кітабы жарық көріп, оның тұсаукесер рәсімі Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен болатын. Өмір мен өлім арасындағы тіршілік туралы пайымдауларға кеңірек орын берілген бұл ойсалар шығарманың кітапта «Век страшного суда» деген атаумен орысша нұсқасы да қоса берілген. Жазушының бұл жаңа еңбегі «Мерекенің баспалар үйі» баспасынан шыққан.
Жазушы Смағұл Елубайдың есімі қазақ оқырманына бұдан бұрын «Ақ боз үй», «Ай астындағы үй», «Өтелмеген парыз», «Сұрапыл сұржекей», «Батыр Баян» туындыларымен жақсы таныс. Ал «Қиямет-қайым ғасыры» – автордың жаңа жанрда жазған тұңғыш туындысы.
Бұл кітап жөнінде белгілі мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «Қым-қуыт ХХІ ғасырдың аласапыран иіріміне түскен бүгінгі адамдардың іркілуге, ойлануға, қайдан келіп, қайда бара жатқанын таразылауға мұршасы жоқ. Алайда кейде тоқтап, қайдан келіп, қайда бара жатқаныңды пайымдау әр адам үшін парыз болуы керек. Бұл кітап осы тосын тақырыпты Шәкәрім мен Абайша қозғаған. Кітап біздің әдебиетіміздегі ерекше, басқа кітапқа ұқсамайтын тың шығарма түрінде жазылған», – деген пікір білдірген.
«Нарынқол нақыштары»
Таяуда танымал ақын Мінуар Әкімханов өлеңсүйер қауымға кезекті жыр жинағын ұсынды. Туған жер табиғаты мен ел жайсаңдарын өзек еткен жаңа кітап «Нарынқол нақыштары» деп аталады. Кітапқа негізінен ақынның кейінгі жылдары жазылған жаңа өлеңдері топтастырылған. Жинақ «Тоғанай Т» баспасынан белгілі қоғам қайраткері, өнер жанашыры Бақыт Сағындықұлы деген азаматтың жеке қолдауымен жарық көрген.
Мінуар Әкімханов ел арасына ақындығымен қоса, журналистика мен полиграфия саласындағы еңбектерімен белгілі. Ақын бірқатар республикалық басылымдар мен баспаларда қызмет ете жүріп, осы уақытқа дейін оннан астам кітаптың авторы атанған.
М.Әкімхановтың «Тұңғыш», «Шалқия», «Жырға сапар», «Жалғыз арша», «Айғайтас» жинақтары кезінде оқырманнан лайықты бағасын алған.
«Уақыттың жүрегі»
Соңғы кездері қазақ поэзиясында көп қамтылмай кеткен баллада жанрын жаңғыртып, тың ойларға құралған жаңаша жырлар жазып жүрген талантты ақын Бақыт Беделханұлы өз оқырманына «Уақыттың жүрегі» атты жаңа кітабын жарыққа шығарды. Ақынның бұл кітабы елімізде мүйізі қарағайдай атақты ақын-жазушыларымыздың көптомдықтарын шығарумен аты шыққан «Қазығұрт» баспасында басылған.
Бақыт Беделханұлы қазіргі уақытта Қазақстан жазушылар одағының Әдебиетшілер үйіне жетекшілік етеді. Ақын осы шығармашылық одақтың қарбаласқан тіршілігіне араласа жүріп, әдебиетке жаңа келіп жатқан талай жас буынның шығармашылық кештерінің өтуіне септігін тигізіп келе жатқандығы – оның өлеңге деген адалдығын айшықтай түссе керек.
Б.Беделханұлының өлең-жырлары бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. Тұңғыш кітабы 1998 жылы «Кең дүние» деген атпен шыққан. Бұдан соң 2001 жылы «Көкемарал» атты кітабы жарық көрген. «Уақыттың жүрегі» – автордың үшінші жыр жинағы. Жаңа жыр-жинағына жазған алғысөзінде автордың өзі айтқандай, «Уақыттың жүрегі» – Бақыттың жыры еді» деп қабыл аларсыздар, қадірлі оқырман.
«Тарланбоздар»
Қазіргі қазақ спорт журналистикасы жаңа есімдермен толығып келеді. Бұл тақырыпқа тереңдеп барып жүргендер некен-саяқ болса да, осы саланы меңгеріп жүрген қазақтың жастары бірқатар ізденістерімен көзге түсе бастағаны қуантады. Кезінде қазақтың белгілі қаламгері, ұлттық спорт журналистикасының бастауында тұрған Сейдахмет Бердіқұловтар мен бүгінгі Несіп Жүнісбайұлы сынды журналист, жазушы ағаларының ізін басқан жас журналист-публицист Бақтияр Қабасов қаламынан туған бірқатар дүниелерін бір жинаққа топтастырыпты.
Жақында «Жаухар» баспасынан Бақтиярдың «Тарланбоздар» атты публицистикалық кітабы жарық көрді. Бұл кітапта есімдері қазақ спорты тарихында ойып тұрып орын алар айтулы дарабоздардың жеңісті жолдары әңгімеленеді. Кітапқа сондай-ақ, дүбірлі додаларда ел мерейін үстем еткен сайыпқырандарымыздың толағай табыстары, ел спортын өркендетуге сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мен автордың осы салаға қатысты мақалалары енгізілген. Б.Қабасов – 2007 жылдың қорытындысы бойынша «Спорт – Қазақстан журналистерінің назарында» байқауында жылдың үздігі атанған. Қазақ спорт журналистикасына қалам тербеп жүрген ол журналистер арасында ұйымдастырылған бірқатар республикалық және халықаралық фестивальдардың лауреаты. «Тарланбоздар» – жас журналист-публицистің тұңғыш кітабы.