Жалғыздық қазақтың жан ауруына айналып барады
Соңғы кезде қарттар сөзіне жалғызбастылар деген тіркесті қоса-қабат айтатын болып алдық. Жаныңды ауыртатын жағдайға айналып келеді. Бес күн жалғанда ағайын-туыстың, бауыр еті балаңның қасыңда болғаны қандай ғанибет. Әрине, әрбір адамның өмірі тақтайдай тегіс емес екенін бәріміз де білеміз. Кедір-бұдыры көп, бұралаңы да аз емес. Сол ұлы жолда сүрінбей, сынақта сәтсіздікке ұшырамау әрбір адам баласының өзіне байланысты. Мұны ешбір пенденің басына бермесін десең де, солай болатынын несіне жасырамыз? Жарық дүние есігін ашқаннан кейін әрбір адам баласына өзінің өмір сүру қағидасын түзуге ерік берілген. Адамдардың өмірді тануы, мінез-құлқы да әртүрлі болатынын ескерсек, кейде сондай жағдайға ұшырайтын адамдардың тағдыры туралы ойлануға тура келеді. Шындығын айтқанда, мұндай көрініс біздің қазақ қоғамында бұрынғы кезеңде өте сирек кездесетін. Қазір қаулаған өрттей көбейіп бара жатқаны барша жұртты алаңдатады. Қоғамдағы өзекті мәселе жайында «Алаш айнасы» ой толғайды.
Жалғыздық дегеніміз не? Жалғыздық сөзінің түбірі жалғыз деген сөзден шыққан. В.Даль жасаған түсіндірме сөздігінде жалғызбастыға оқшау, өз-өзімен, жеке деген анықтама беріледі. Физикалық жалғыздық деген бар. Ол адам еріксіз немесе ерікті түрде жалғыз қалатын объективті жағдайға байланысты айтылады. Бірінші жағдайда оның күйзелісі аянышты болуы, екінші жағдайда – қанағаттанушылық (ерікті оқшауланудан әрқашан шығуға болады) әкелуі мүмкін. Рухани жалғыздық – жалғыздықтың ең ауыр түрі, оның негізінде жоғалту, басқалардың сені ұнатпау сезімі жатыр.
Өркениетті елдерде қартайған кездегі жалғыздық проблемасына ерекше көңіл бөлінеді. Қартаю процесімен юірге келе жатқан өмірдегі әлеуметтік байланысты үзу, жақындары мен достарының өлімі, зияткерлік құлдырау және т.б. секілді барлық өзгерістер жалғыздың сезімінің пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Зерттеулер ағылшын, дат және американдық егде азаматтардың 70-80, поляк халқының 50, сербтердің 30 пайызы жалғыздықты сезінбейтінін көрсеткен. Қазақстан бойынша егде адамдардың 60-70 пайызға жуығы өзінің отбасында балаларымен бірге тұрады екен.
Жалғыздықтың көптеген сыры мен қыры бар. Осы мәселені зерттеп жүрген мамандардың айтуынша, оның құрбаны көбінесе әйелдерге қарағанда ер адамдар болады. Бұл физикалық төмендеумен қатар зияткерлік белсенділіктің құлдырауы нәтижесінде келетін жалғыздық болып табылады. Әйелдер ер адамдарға қарағанда, ұзақ өмір сүреді. Қартаю әсеріне де аз ұшырайды. Егде әйелдер ер адамдардан гөрі шаруашылыққа басымен кету оңай болады. Олардың көбісі үй шаруашылығының уақ-түйегіне егде ер адамдарға қарағанда бірден сүңгіп кетеді. Зейнетке шыққаннан бастап ер адамдарда іс азайса, ал оның әйелінде атқаратын іс көбейе түседі. Зейнеткер ер адам өмір сүру үшін табыскер ретіндегі өз ролін жоғалтады. Есесіне әйел ешқашан үй иесі ролінен ажырамайды.
Достарымен және көршілерімен байланыстар олардың жалғыздық сезімін төмендетіп, жарамдылық сезімін және басқалардың сені құрметтейтіндігін сезінуді арттырды. Ең бастысы – жалғыздық ахуалына түспеу, өзін-өзі қоршауға түспеу.Осыған байланысты балар мен ата-аналар арасындағы өзара қарым-қатынас мәселесі ерекше орын алады. Махаббат – сезімдердің ішіндегі ең күштісі. Жұбайына, балаларына, немерелеріне, басқа да жақын адамдарына, қаны немесе рухы жағынан туғандарына махаббат кәрілікті ығыстырады, жалғыздықтан арылтады, рухани және физикалық күш береді. Ата-ана махаббаты – биологиялық сезім, ал балалардың ата-анасына махаббаты – әлеуметтік сезім. Ол әлеуметтік айналамен тәрбиеге сіңеді. Осы сезім дамымаса, қоғамның желімегендігін айтуға болады. Өкінішке орай қоғамда балалардың тек материалдық қолдаумен ғана шектеліп, егде ата-анасымен кездесуге, жан-тәнімен әңгімелесуге уақыт таппайтынын айтуға тура келеді.
Сонымен бірге, геронтофобия мен эйджизм кәріліктен қорқу және ұнатпау біздің қоғамға ентелеп кіруде. Ағылшын зерттеушісі Р.Батлер 1960 жылдардың басында «эйджизм» терминін бастапқыда қолданды. Ол егде адамдар болғандықтан, адамдарға қарсы бағытталған таптаурындық пен кемсітушілік процесі ретінде айқындалды. Егде адамдармен байланыс жас адамдарға өздерінің болашақта қартаятындығын еске түсіретіндей қарастырылуы мүмкін. Көптеген жас адамдардың тікелей кәрілік тәжірибесі жоқ, тиісінше, ол әлеуметтік таптаурындарға, әсіресе келеңсіздеріне сүйенеді. Біздің қазақстандық қоғамда ахуал сондай жаман емес. Бізге ғасырлар бойы қалыптасқан және ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан ата-анаға, әжелер мен аталарға жауапты үйлесімді көзқарасты құрметпен түсіну деңгейін қолдау ғана талап етіледі.
Дегенмен, көңілді алаңдатып отырған жағдайлар баршылық. Қазақстан статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылғы санақта 800 мыңға жуық жасы 30-ға жетпеген жігіттер мен қыздардың отау көтеріп, түтін түтете қоймағаны анықталған. Тағы бір елеңдетерлік жағдай, жасы 50-ден асқан ер азаматтардың 70 мыңы сол жасына дейін әлі шаңырақ тіктеп, отбасылық өмірдің ыстық-суығын сезіне қоймаған екен. Ал ондай әйелдердің саны 110 мыңға жуықтайды. Ал одан бұрынғы өткен 1999 жылғы бұл көрсеткіш біршама төмен екенін байқау қиынға соға қоймас. Сол жылы отау көтермеген 50-ден жасы асқан ерлер 19, әйелдер 34 мың адамды құраған. Осының өзі біршама көңілді алаңдатарлық дүние екенін естен шығармағанымыз абзал.
Рас, бүгінгі қоғамда кейбір адамдар отбасылық өмірді екінші-үшінші кезектегі мәселе ретінде қарайтын жағдай туындады. Әрине, бұл өте дұрыс емес. Кейбір еуропалық мемлекеттерде үйлену мәселесіне осылайша қарайтынын естіп те, біліп те жүрміз ғой. Сол бір жағдайдың біздің өмірімізге де дендеп еніп бара жатқаны өте бір алаңдататын дүниеге айналды. Қазекем өзінің баласына он үш жаста отау иесі екенін айтып, отбасылық өмірге ерте бейімдейтін. Өкінішке орай, сол бір тәрбие қазір адыра қалып бара жатқанын алаңдатып отыр. Бүгінгі күні кейбір адамдар қызмет-қызмет деп басқа жайларды жадынан жоғалтып алғандай күй кешеді. Соның салдарынан кейіннен опық жеп жатқанын да көзіміз талай мәрте көрген.
Қазекем ертеде айтушы еді. «Жалғыздық тек Құдайға жарасқан» деп. Осы сөзді естен шығара қоймағанымыз жөн болар еді-ау...