«Халық Назарбаевқа опасыздық жасады» - Бекболат Тілеухан (ВИДЕО)
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан халықтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың масылдық психологияға қатысты "Микрокредит ал да екі сиыр сатып ал. Өзіңді асыра" деген сөзін мазаққа айналдыруын "опасыздық" деп санайды. Бұл жайында ол Qasqa Jol Youtube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында айтқан.
Халық Назарбаевқа опасыздық жасады - Бекболат Тілеухан
Біз 2020-2021 жылдары Назарбаевтың бағасын бере алмаймыз. 2040-2045 жылдары оның қадірін білетін жағдайға келуіміз мүмкін. Опасыздық істедік. Елінің ақсақалын, Елбасын соншама дәрежеде масқаралап, мазаққа ұшырату қоғам тарапынан опасыздық болды деп айта аламын. Шынында да опасыздық. Сына, бірақ мазақтауға болмайды. Мазақтау басқа, сынау басқа. Ол сөзім үшін мен жауап берем,- дейді депутат.
Сөзіне дәлел ретінде Тілеухан Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы егемендікті сақтап қалу, шекараны бекіту жолындағы ірі қадамдарын атап өткен.
Заманында көп нәрсенің қадірін біле бермейміз. Көп адамға ұнамайтынын білем. Бірақ ұнамайды деп өзім иланған ақиқатты жасырып қал алмаймын. Назарбаев – ұлы саясаткер. Көзім жеткен соң айтам. Мен Назарбаевтың сойылын соғып жатқан жоқпын, тарихи ақиқатты айтып жатырмын, - деп пікір білдірген ол.
Еске салсақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамда қызу талқыға түсіп, әзілге айналып кеткен "екі сиыр" жайлы сөзі 2019 жылы Nur Otan партиясының кеңейтілген отырысында айтылған еді.