Соңғы кездері Алматы қаласы Әуезов ауданының аумағында ұрлық жасау оқиғалары жиілеп кетті. Ұрлық фактілері бойынша соңғы тоқсан қорытындысы нәтижесінде, 74 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 54 іс аяқталды, 10 іс бойынша үкім шығарылды, 41 іс тоқтатылды, 31 іс медиация тәртібімен қысқартылды.
Мысалы, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (ұрлық) айыпталушы Мақсұт және Садықовқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушылар Мақсұт және Садықов, 2016 жылы 12 желтоқсанда 05.30 сағат шамасында, адамдар тобымен алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау мақсатында және олардың әрекетін ешкім бақыламай тұрғанына көз жеткізіп, "Olimp KZ" ЖШС жұмыс орынынан сейфтен жасырын түрде "Olimp KZ" ЖШС тиесілі 2 453 350 теңге мөлшерінде ақшалай қаражат және құны 18 000 теңге тұратын "Qmax" мониторын, құны 78400 теңге тұратын "TOSHIBA" ноутбугын ұрлап, жалпы сомасы 2 573 350 теңгеге залал келтірген.
Сот отырысында сотталушы Садықов Р. А. кінәсін толығымен мойындаған. Сотталушы Мақсұт та кінәсін толығымен мойындап, материалдық залалды толығымен өтегені ескерілуін сұрады.
Сот үкімімен сотталушы Мақсұт Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен айыпты деп танылып, оған осы баппен 3 (үш) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2016 жылдың 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-ші бабы 1 бөлігі 4 тармағына сәйкес сотталушыға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігінің жартысы қысқартылып өтеуге 2 (екі) жыл 3 ( үш) ай бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Сот үкімімен сотталушы Садықов Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен айыпты деп танылып, оған осы баппен 4 (төрт) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2016 жылдың 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-ші бабы 1 бөлігі 4 тармағына сәйкес сотталушыға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігінің жартысы қысқартылып өтеуге 3 (үш) жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Сотталғандарға қатысты пробациялық бақылау белгіленді .
Өздеріңіз көріп отырғандай, ешқандай қылмыс және оны жасаған адам жазасыз қалмайды. Оңай жолмен олжа тауып, баиймын деген жандар әсте қателеседі. «Маңдай термен тапқан – нан қашанда тәтті болады» деген нақыл кейбір жандарға ақыл болу керек.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
Ұрлық түбі – қорлық
Последние статьи автора