Түзету мекемесі түзете алып отыр ма?
Еліміздің Бас прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше қазір түрмеде отырғандардың 41 пайызы екі және одан да көп мәрте сотталғандар екен. Яғни олар үшін түрме өз үйлеріне айналған, кесілген мерзімін өтеп болып, бостандыққа шыға сала қайтадан қылмысқа ұрынып, үйренген жеріне қайта баруға асығады. Түзету мекемесінің негізгі функциясы бас бостандығынан айрылғандарға қатесін түсінуіне мүмкіндік беру, оны бостандыққа бейімдей отырып, болашақта түзелуіне жағдай жасау екенін ескерсек сотталғандардың тең жартысы неге түрмеге қайта баруға асығады?! Еліміздің түзету мекемелері өз қызметтерін неге дұрыс атқара алмай отыр?!
Негізі жазасын өтеушілер қоғам үшін тиімді еңбек күші. Кеңес одағы кезінде түрмедегі жазасын өтеушілер ғана емес, әкімшілік жаза қолданылып, он-он бес күнге қамалғандарға да жұмыс дайын еді. Ал қазір еліміздегі сотталғандардың 17 пайызы ғана жұмыспен қамтылып отыр. Ал қалған жазасын өтеушілердің 83 пайызы түрмеде «ас ішіп, аяқ босатушылар ғана». Тіпті жақын күндері «аяқ босатушылар» саны тіпті арта түсуі мүмкін. Өйткені жыл санап еліміздің түзету мекемелеріндегі еңбекпен қамтылғандар саны азайып келеді. Сәйкесінше қоғам үмітін үзген, түрмені екінші үйі санайтындар қатары артуда. Кеңес одағы кезінде бас бостандығынан айрылғандардың тәртібін еңбекпен түзеу көзделетін. Ал қазір түрмедегі «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық» оларды одан әрі аздырып жатқандай.
Айта кетер жайт бүгінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың қарызы 29 млрд. теңгеден асып кеткен. Оның 17 миллиарды сотталғандардың мемлекет алдындағы қарызы болса, қалғаны жеке адамдар алдындағы қарызы. Яғни кесілген үкім бойынша сотталушы материалдық шығынды зардап шегушіге өтеп беруге міндетті болса да түрмеде еңбекпен қамтылмағандықтан бұл мүмкін болмай отыр. Қордаланып қалған бұл қарыздарды қайтару үшін түзеу мекемелеріндегі еңбекті дұрыс жолға қою керек. Сондай-ақ жазасын өтеп шыққанан кейін алғашқы уақытта керек-жарағын алу үшін де түрмеде жұмыспен қамтылуы қажет. Тіпті түрмеде жұмыспен қамтылса бостандыққа шыққан алғашқы уақыттарда қажетті қаражаты болар еді. Осының арқасында жазасын өтеп шыққан азамат мұқтаждыққа бола қайта қылмысқа бармас еді, тіпті қоғамға үйренісіп, түрмеге қайта баруға тырыспас та еді. Мамандар да «жұмыспен қамту жолға қойылса, еңбекке баулу арқылы жазасын өтеушілерді бостандықтағы өмірге бейімдеу оңай болар еді. Түрмеде ғана емес, олар бостандыққа шыққан соң да оларды жұмыспен қамту мәселесі дұрыс жолға қойылмағандықтан олар түрмеге қайтып оралады» дейді. ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асановтың айтуынша «бүгінде әрбір оныншы сотталушының ешқандай білімі жоқ. Ал он адамның үшеуінде мамандық жоқ. Арнайы мамандықтары барлары жұмысқа орналаса алмайды» екен. Сондықтан бүгінде еліміздің түзету мекемелері «айналмалы есік» приципі бойынша жұмыс істеуде. Түрмедегі адам саны жөнінен талай елді басып озғандықтан, соңғы кездері жазасын өтеушілердің санын барынша азайту мақсатында жұмыстар да атқарылып жатыр. Соттардың қайта шешім шығаруымен бостандыққа шығып жатқандар сол үмітті ақтамай тұрғаны өкінішті.
Расында да түрмедегілердің санын азайту мақсатында елімізде түрлі жеңілдіктер жасалуда. Мәселен 2010 жылдан бері Қазақстанда кісі өлтіргені үшін сотталған үш мыңнан астам адам мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылған көрінеді. 2010-2014 жылдар аралығында «Кісі өлтіру» бабы бойынша бес мыңға жуық адам сотталған. Оның ішінде 25 тен 30 жылға дейінгі мерзімге 4 адам бас бостандығынан айрылған. Ал 35 адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілген. Осыған қарамастан нақ осы баб бойынша босатылып жатқандар да жетерлік. Мәселен соңғы төрт жылда кісі өлтіргені үшін сотталғандардан шартты түрде мерзімінен босатылуға барлығы он мыңнан астам өтініш келіп түскен. Сот олардың ішінде 3 408 өтінішті қанағаттандырған. 2010 жылы 1075, 2011 жылы 473, 2013 жылы 577 және 2014 жылы 507 өтініш қанағаттандырылған. Демек, қылмысына сай жазасы берілгенімен, «түзелдім» деп бостандыққа шыққысы келгендерін босатудай босатып-ақ жатырмыз. Алайда олардың сол жерге қайтып келмесі үшін не істей алып отырмыз? Бар мәселе осында. Олардың қылмысқа ұрынуының алдын алмағаннан кейін, жасалған рақымшылықтан қайыр жоқ секілді.
Мәселен биылғы жылы 10 мыңнан астам азамат жазасын өтеп бостандыққа шығады деп күтілуде. Ұзақ уақыт қоғамнан тысқары, көпшілік ортаға шықпаған азаматтар қоғамға үйренісе алмай қайта түрмеге оралуы әбден мүмкін. Демек он мың азамат бостандыққа шықты деп қуануға әлі ерте секілді. Өйткені олардың келер жылы қайтадан түрме есігін қағып тұрмасына кепіл жоқ...