«Әкесін сабағанды көрген едік, бірақ арбаға байлап сабағанды кім көрген» дегендей, қазіргі таңда еркектер «тоқал алғым келеді» десе таңғалмаймыз, алайда қыз-келіншектердің «тоқал болғым келеді» деп ашық айтқанын естіп пе едіңіз? Таяуда өзім жақсы араласатын тұрмыс құрмаған құрбыммен әңгімелесіп отырғанда ол маған өзінің байсалды бір ер адамға екінші әйел болғысы келетінін айтты. Алғашында аздап тіксініп қалсам да, біраз әңгімелескеннен кейін оның жан жарасын түсінуге тырыстым.«Алаш айнасы» интернет-газетіндегі «Отбасы – ошақ қасы» айдарына Сәния құрбымның аузынан жазып алған әңгімесін ұсынуды жөн көріп отырмын.
Сүйіп те көрдім, күйіп те көрдім
«Бір кездері махаббат деген оттың жалыны мені де шарпыған болатын. 20 жасымда өзімнің курстасым Қуаныш деген жігітке қатты ғашық болдым. Оның да мен дегенде жаны бөлек еді. Екеуміз екі жылдай жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Бірақ бізге бірге болуды жазбаған екен. Тағдырдың жазуымен жолымыз екіге айырылды. Қуаныш өзінің албырттығымен менің жүрегімді жаулаған еді. Бірақ қызуқанды мінезі біздің бір-бірімізден алыстауымызға себеп болды. Екеуміз болмашы нәрсеге ренжісіп қалып, ол бір-ақ күнде өзге қызды өзінің жары етті. Менің жаралы жүрегім біраз уақытқа дейін жазылмай жүрді, Алайда «уақыт – емші» ғой, уақыт өте келе ұмытылды. Бірақ осыдан кейін ешкімді шын сүйе алмадым.
Қатарымнан қалып қойыппын
Мені көптеген замандастарым түсінбейтін шығар. Бірақ шынымды айтсам, жалғыздықтан жалықтым, шаршадым. Жасым 30-дан асқанша жалғыз қалып қалам-ау деп ойламаппын. Енді міне, жасым 33-тен асып барады, әлі тұрмыс құрмадым. Құрбыларымның көбі күйеуге шығып, бала сүйіп, әрқайсысы өзінің отбасымен өмірдің ащы-тұщысын бірге сезініп жүр. Мен болсам осы уақытқа дейін «ақбозат мінген ханзадамды» күтіп жүре беріппін. Қазір ойлап отырсам, егер сүйген жарың, бала-шағаң болмаса, оқыған оқуың да, қызыл дипломың да, табысы мол жұмысың да түкке тұрмайды екен.
«Отызға келгенше бір жігітті қарата алмады ма?» деп ойлап отырған боларсыздар. Жігіттер сөз айтпады емес, айтты ғой, тіпті бір кездері алып қашқысы келген жігіттер де болды. Бірақ өзім «көлденең көк аттыларды» менсінбедім, біресе оқу дедім, біресе жұмыс істеп аздап ата-анама болысайын дедім, бауырларымның оқуына көмектестім. Әйтеуір әне-міне деп жүргенімде өз қатарымнан қалып қойыппын. Отыздан асқан жігіттердің көбінің отбасы, бала-шағалары бар. Өзім қатарлас жігіттердің арасында бойдақтары болса да олар жас қыздарды жар еткісі келетіні белгілі. Ал өзімнен жасы кіші жігіттер кейде көңіл білдіріп жатса, маған олар шын ниетпен аңсары ауып отыр деп ойламаймын. Өйткені жігіттер алғашында ұнатып, көңілдері алып ұшуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе жасымыздағы айырмашылық білініп, өзімді оның жанында үлкен сезінген сайын ыңғайсызданатын секілдімін. Осындайдан қызғаныш туады, өкпе-реніш болады дегендей. Оның үстіне қазіргі кезде кейбір жігіттер мен секілді бойдақ қыздардың табысы үшін, пәтері үшін сүйдім-күйдім деп қолына кіріп алып, дайын асқа тік қасық болғысы келеді. Өзімнің бір таныс қызым базарда сауда жасайды. Жас кезінде бір баласымен күйеуі тастап кеткен. Ол өзі жалғыз жүріп сауда жасап, ақшасын жинап баспана алды, жағдайы жақсы. Қазір үйіне бір жас жігітті кіргізіп алған. Әлгі жігіт қашанға дейін құрбыма күйеу болар екен? Бір күні өзіне жақсы жар тапқан кезде тайып тұрса, құрбым оның орнын сипап қалмай ма? Міне, осындайларды ойлағанда түнгі ұйқың шайдай ашылады.
Жолдан бала тапқанша, екінші әйел болған артық
«Тоқал» деген сөз құлаққа түрпідей тиеді екен. Сондықтан тоқал дегеннен гөрі екінші әйел деп айтқан жөн секілді. Мен екінші әйел болу туралы көп ойландым. Өз басым болашақ жарымның ақылды, білімді, сабырлы, өмірлік тәжірибесі мол байсалды адам болғанын қалаймын. Ал мұндай ер адамдардың басы бос болуы мүмкін емес. Сондықтан егер маған көңілімнен шығатын ер адам жолықса, тіпті екінші әйелі болуға да келісер едім. Ақыл-ойы, пайымы, таным-түсінігі өзіммен деңгейлес емес, әлі ақыл тоқтатпаған жігітпен көңіл қосқанша, салмақты, білімді, иманды, терең ойлы еркектің екінші әйелі болған артық. Ең бастысы, ол адам бірінші әйелінің келісімін алып, мені екінші әйелі ретінде қабылдаса болғаны. Мен өзімді екінші әйел ретінде ұстай алатыныма сенімдімін, өз орнымды білемін. Қазіргі кезде менің көптеген замандастарым жолдан бала тауып, баласының әкесі кім екенін білмей жатады. Сондықтан қазіргі қоғамда жесір әйел, кәрі қызы, жетім бала көбейіп кетті ғой. Ал жас қыздар көбінесе жасы үлкен қалталы еркектерге қызығып, олардың ойнасына айналады да, кейін аспанан жерге салбырап түскен періштедей жап-жас жігіттерге тиіп жатқандары да жетерлік. Жап-жас кезінде ешқандай қыз біреудің екінші әйелі болам деп ойламайды ғой. Бірақ әркімнің маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Әйел атаулының бәріне біреудің жалғыз жары болу бақыты бұйыра бермейді ғой…
Бәйбішелер бізді де түсінсе екен
Таяуда менің өте жақын досым, сырласым Марал жасы 50-ге таяп қалған бір ер адаммен танысып, әңгімесі жарасып жүрді. Маралдың жасы 35-те, бір қызы бар. Маралдың танысы сөйлесіп жүргендеріне бірнеше ай өткеннен кейін оған екінші әйелі болуға ұсыныс жасапты. Маралдың айтуынша, оны ұнататын Мұраттың өмірге деген көзқарасы, ақыл-парасаты өте жоғары кісі екен. Алайда оның бәйбішесі күйеуінің екінші әйел алуына рұқсат бермей жүрген көрінеді. Олар 5 бала тәрбиелеп отырған отбасы. Әйелі оған «егер екінші әйел алсаң, менімен ажырасасың» деп шарт қойып отыр. Алайда Мұрат та өз айтқанына қайтар емес. Жақында ол өзінің бірінші әйелімен бірге Маралды да ертіп ағайындарының тойына қатысып қайтыпты. Марал өзінің екінші әйел ретінде орнын біліп, тойға барарда көйлек те аламын, шашымды да сәндеймін демей-ақ, той кезінде Мұрат пен бірінші әйелерінің кенже балаларын қарап жүріпті. «Әрине, бәйбішелердің екінші әйелді бірден қабылдай салуы қиын ғой. Сондықтан екінші әйел болу үшін үлкен сабырлылық керек» дейді Марал. Мен құрбымның бұл әрекетін өте дұрыс деп есептеймін. Меніңше, егер бәйбішелердің түсінігі мол болса, әйел ретінде Марал секілді әйелдерді түсінуге тырысар еді. Өз басым егер маған Мұраттай ақыл-парасаты жоғары ер адам кездесіп жатса, екінші әйел бола алар едім деп ойлаймын. Ең бастысы, өзімді сыйласа, жағдайымды жасаса, болашақ балаларыма жақсы әке болса болғаны. Өзгелердің көзінен тығылып, жақындарымнан жасырып, біреудің күйеуіне ортақтасқанша, ашық түрде қазақтың жақсы бір азаматының екінші әйел болсам, Алланың алдында да арым таза болмай ма?». Айдана Распек
Алаш айнасы