«Таксисттер» қашанғы тайраңдайды?

«Таксисттер» қашанғы тайраңдайды?

Ел ішінде такси тасымалына деген сұраныс жоғары. Алайда шоқтығы биік саналатын қоғамдық қызметтің бұл түрінде әлі күнге дейін біржүйелілік қалыптаспай келеді: көліктеріміз «ала-құла», жүргізушілері дөрекі, мәдениеттен мақұрым. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, такси мемлекеттің ажырамас атрибуты іспеттес. Мәселен, құдай айдап АҚШ-тың бір штатына бара қалсаңыз, сары түсті таксиден аттап баса алмайсыз. Сондай-ақ әйгілі Лондонда жүрсеңіз қара түсті такси, Берлинде mercedes маркалы такси қол астыңызда дей беріңіз, кез келген уақытта қызмет көрсетуге дайын. Ал біздегі такси қызметінің сапасы қандай? Ауыз толтырып айтпасақ та, қазір ірі қалаларда, облыс орталықтарында таксиді бір стандартқа келтіру науқаны жүріп жатыр. Әзірше тасымал көлігін «шаршы белдеумен» буып, бірыңғай таксометр орнату міндеттелуде. Алайда «піспеген астың күйігі жаман» демекші, бұл істің де шала тұстары баршылық екен. 

Кемшіліктің бір тұсы таксиді бас­қару ісінің жүйесіздігінде жа­тыр. Саусағыңызды бүгіп, санай беріңіз – Көлік және ком­му­ни­ка­ция министрлігі, Қаржы ми­нистр­лігі, Кедендік бақылау коми­теті, Жол полициясы және ең соңғысы жергілікті әкімшілік бар, бақандай бес мемлекеттік орган бес жақтан билік айтқанда, таксистің не жаны қалады де­се­ңіз­ші. Бұған қоса, сала маман­дары әр облыста такси қызметін реттеп отыратын жергілікті әкім­дік пен мәслихаттың бекіткен ережесі болуы керектігін айтады. Әзірге ондай ереже тек Астана қаласында ғана бар.
Тағы ескеретін жайт, таксиді жүргізуші де, оны тұтынушы да – қарапайым халық. Дерек-дәйек­термен зерделесек, жер­гілікті халықтың 70-тен астам пайызы автомобиль тасымал­дау­шылардың қызметіне жүгі­неді екен. Әйткенмен адам өмірін қауіпке тігетін қатердің бір көзі де осы автокөліктерден келе­тін апаттар екенін тағы жоққа шығара алмаймыз. Аузымызды құр шөппен сүртуден аулақпыз. Ресми мәліметтерді келтірсек, осы жылдың соңғы 10 айы көле­мінде республика бойынша 11 149 жол-көлік оқиғасы тіркел­ген. Қайғылы оқиғалардың салдарынан 3000-ға жуық адам ажал құшып, 13 мыңы ауыр жара­қат алған (мұның ішінде такси қызметінің үлесі басым). Так­си туралы толғауымыздың «төр­кіні» содан шығып отыр. 

Рашид АМАНЖОЛОВ, Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масының бастығы: 
– Елімізде заңсыз жолмен ақша тапқысы келетін так­сис­терге тосқауыл қою үшін ар­найы рейдтер жүргізіліп тұрады. Тексеріс нәтижесінде көлік жүргізушілерінің басым бөлігінде жолаушы тасуға рұқ­саты болмай шығады. Кө­лік­тері де талапқа сай емес. Ең сорақысы, олардың көбі өз істерінің заңсыз екендігінен бейхабар. Сол себепті де заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін такси қызметін сұрып­тап, бір жүйеге келті­ретін уақыт келген сияқты. Осыған орай, Астана қаласы бойынша қабылданған «Жо­лау­шыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасы­мал­дау ережесіне» сәйкес, астаналық такси авто­мо­биль­деріне шанақ периметрі бойынша шаршылы белдеу­мен және көлік төбесіне орналастырылған, 500 метр қашықтықтан анық ажыра­ты­латын айырымдық белгімен жабдықталуы міндеттелінуде. 
Таяқтың екінші ұшы тағы бар. Таразының екінші жағында такси кәсібінен нәпақа тауып жүрген мың­даған, миллиондаған адам­дар­дың тағдыры тартылған. Так­систе­рімізді мезі еткен, 10-15 жыл­ға жуық жыр­ланып, иі қанбай, иленуі кем түсіп жат­қан стандарт төңіре­гіндегі мәселе­лердің гәбі неде сонда? Аталған саланың жілігін шағып, майын ішкен бесаспап ма­ман­дар такси қызметін бір стандартқа келтіру үшін ең алдыңғы ке­зек­те таксис­тердің тағдырын тәлкекке сал­майтын, кәсіптерін қайраңға батыр­майтын ортақ ереже қажет деседі. Ал әр өңірде такси тасымалын атқаратын кәсіпорындар, диспетчерлік қызмет орталықтары, такси жүргізушілері «бір стандартқа келтіру» та­лаптарына кезігіп қалып жүргенімен, елде заңды түрде бекітілген мемлекеттік стан­дарт атымен жоқ. Содан болар, заңды кү­ші жоқ талаптарға тап болған таксистер «шу» ете қалған алғашқыда. Мұның өз пай­дасы тиді. Министрлік төрінде шірен­ген шенеуніктер елең етіп, «Таксимен тасы­мал қызметі» деп айдарланған мем­лекеттік стандарттың жобасын даярлауға кіріскен. Онда таксистерге қойылар талап­тар ашық айтылған. 

Селім ҚУАНЫШҰЛЫ, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль көлігін және нормативтерді дамыту басқармасының бастығы: 
– Бұл мәселе төңірегінде көптеген талқылаулар, пікірлер айтылды. Осы уа­қытқа дейін жергілікті әкімшілік такси қызметін реттеп, өз талаптарын қойып кел­ген еді. Ендігі кезекте такси қызметін бір ретке келтіру ісі мемлекеттік деңгей­де, дәлірек айтқанда, министрліктің қо­лы­на өтеді. Қазір заңға арнайы тармақ енгіздік. Заң күшіне енген соң, ресми так­систер сап түзейтін болады. Әзірше таксиге жұмылдыратын көліктердің түс­тері әртүрлі болмақ. Тек олардың бар­лығында ортақ белгі болады: шаршы бел­деу мен айырымдық белгі тағып, так­сометр орнатылады. Бұған қоса, кө­ліктің артқы есіктерінде қызмет көрсе­тетін диспетчерлік қызметтің нөмірлері жазылуы міндеттелінеді. 
Селім Қуанышұлының айтуынша, такси тасымалына қатысты мемлекеттік стан­дарт­тың талаптарын міндеттейтін норма «Ав­то­мобиль көлігі туралы» Заңға тармақ ре­тінде енгізілген. Алдағы күндері жоба Пар­ламенттің қарауына жіберілмек. Демек, жаңа жобаның айы оңынан туып, 2013 жыл­дың соңына дейін депутаттардың қол­дауына ие болып жатса, көлігі талапқа са­қадай сай келмеген таксистер лезде-ақ өз нәпақасынан оп-оңай қол үзеді деген сөз. Мамандар солай дейді. Себебі мемлекет жобаны әзірлегенімен, бір стандартты қа­лыптастыру механизмдері мен шығын­да­рын таксистердің «арына» тапсырған. 
Таксистердің бүйрегіне шаншудай қа­далған бұл мәселе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әкімқаралардың қала, кент көшелеріндегі «ала-құла» дүңгіршік­терге қырғидай тиген сәтін көз алдымызға әкеледі.«Я бәрін бір түске бояймыз, я бол­маса көзін жоямыз» деп жаппай науқан жүргізген еді сол кезде. Нәтижесінде қара­па­йым халық талғажаулық нәпақа көріп отырған дүңгіршіктердің бәрі жойылып кеткен. Бақсаңыз, әр дүңгіршектің артында адам тағдыры тұр. Әр адамның артында бір-бір отбасы бар. Осылайша, ұсақ кәсіп­керлердің басым бөлігін жойып жіберге­німізді байқамай қалған едік. Дәл осындай дәурен ендігі таксистердің басына көшпе­сіне кім кепіл? 

Талғат ДОСКЕНОВ, Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының президенті: 
– Жалпы, таксиді бір стандартқа кел­тірген жөн бе? Қазақ таксистері бұған да­йын ба? Бұл сұраққа бас қатырған би­лік өкілін көрмедім. Жауаптары әлгін­дей: халықаралық стандарттың талапта­рына сай, шетелдің сары түсті таксиле­ріне қарап бой түзеуіміз керек. Шетел­діктер бұл күнге бірден келген жоқ. Ай-күні жетіп, дамуы пісіп, қоғамдық сана ықпалының нәтижесінде бір стандарт­тағы таксилер дүниеге келді. Ал біздегі таксистердің қызмет сапасын шетелдік­термен салыстыруға мүлдем келмейді. Елдегі таксист деп жүргендеріміз кім­дер өзі? Бұлар тұрақты жұмысы жоқ азамат­тар, зейнеткерлер, осы кәсібі ар­қылы бүтін отбасын асырап жүрген ұсақ кәсіп­керлер. Бұлардың көбісі кәсібін заңдас­тырып алған. Жергілікті билік «кө­лігіңді сары түске боя, бірыңғай кос­тюм ки» деп қалай талап қояды? Ең әуе­лі, біз талап қоймас бұрын, такси қызме­тін реттейтін ортақ ереже, ұтымды жол­дарын ойлап табуымыз керек.

Тобықтай түйін:
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, Қазақстанға келген шетелдіктердің ең алдымен елдегі такси қызметіне жүгінетіні сөзсіз. Ал отандық таксистердің қызмет сапасы сын көтермейтінін ұғыну аса қиын емес. Бұдан шығатын қисын: кез келген елдің мәдениетін сол елдің таксистері арқылы бағалауға болады. Мәселен, тура бес жылдан соң Қазақстанда EXPO-2017 халықаралық көрмесін дүркіретіп өткіземіз деп отырмыз. Сонда дейміз-ау, көрме өткіземіз деп шабылып жатқанда, шетелдіктерді отандық taxi қызметінен шошытып алып жүрмейміз бе?

«Алаш айнасының» мұрағатынан

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста