Шыңғыс хан мінген тұлпарға лифтімен шықтық

 

Тойдың үстінен түстік

Моңғолдар әлемдегі ең үлкен ескерткішті Ұланбатыр маңында Шыңғыс хан ата-бабасына арнап тұрғызыпты деген хабарды естіген бойда «бұл қандай ескерткіш болды екен, оны кім тұрғызды, кім қаржыландырды» деген мазасыз ойларға берілгенім бар. Моңғол бизнесмені «Женко Тур» саяхат фирмасының қожайыны, Моңғолия Парламентінің бұрынғы мүшесі Баттулга деген азаматтың идеясы және соның қаржысымен іске асқан 250 тонна таза болаттан құйылған, биіктігі 40 метр ескерткішті көрудің жақында сәті түсті.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім, осы қозғалыстың басқарма мүшесі Болат Дүйсембі және филолог ғалым Аманқос Мектептегі, биолог ғалым Болатхан Зиядан және мен бар – бес адам Моңғолия елімен танысу сапарымызды әуелі бүкіл түркі халықтарының киелі бесігі саналатын Алтай тауларының етегінде орналасқан Бай-Өлкеден Қазақ аймағының өмірі, ондағы қандастарымыздың жай-күйімен танысудан бастадық. Біздің барған кезіміз шілденің 11-інен бастап үш күн бойы тойланатын Моңғолияның ұлттық мерекесі – «Наадам» мерекесіне сәйкес келді. Жыл сайын үш күн бойы ұлттық мейрамдарын тойлауды дәстүрге айналдырған моңғол халқы секілді байөлкелік қандастарымыз да аттарын бәйгеге, палуандарын күреске дайындап, көңілдері думан-шаттықта екен.

Той комиссиясының бастығы, аймақ әкімінің іс басқару кеңсесінің басшысы Зарқұм бізді құрметті қонақтар отыратын арнайы үстелге шақырды.

Келер жылы өзінің орнағандығының  70 жылдығын атап өткелі отырған Бай-Өлкенің Қазақ аймағында бүгінгі күні 120 мыңдай қазақ өмір сүреді, яғни қазақтар аймақ халқының 90 пайыздайын құрайды.
Ең ерекшелігі, қазақ тілінде газет-журналдар шығады, күн сайын қазақ тілінде радио хабары беріледі. Аймақ орталығында Қазақстанның көмегімен жабдықталып, іске асқан қазақ музыкалық драма театры жұмыс істейді. Сондай-ақ 36 мектептің 35-і – қазақ тілінде. Ал Бай-Өлке тұрғындары Қазақстанның «Хабар», «Қазақстан», «КТК» секілді телеарналарының хабарларын сателиттік байланыс арқылы көріп, Қазақстандағы жаңалықтарды күн сайын естіп-білу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Аймақ тұрғындарының көбі мал шаруашылығымен шұғылданады, 1 миллион 400 мыңдай бас малы бар. Моңғолия елінде 3 миллионға жетер-жетпес халқы бар десек, өткен жылғы есеп бойынша мал саны 42 миллионға жеткен екен. Есептеп көріңіз, әр адамға шамасы 14-15 малдан келеді.

Алтай тауының баурайында, Қобда өзенінің қойнауында орналасқан Бай-Өлке қазақ аймағы Ресейдің Алтай Республикасымен және Қытайдың Алтай аймағымен шекараласады.

Шекарадағы шикілік

Бай-Өлке қазақтарының атажұрты Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасы көбінесе осы Ресей елі арқылы өтеді. Екі ел арасындағы Ресейдің «Ташанта» шекаралық кеден бекеті қазақтардың ары-бері жүруіне ең көп кедергі жасап отырғаны жайында талай айтылды. Осы жайттың бүгінге дейін еш өзгермегенін осы жолы да өз көзімізбен көріп, басымыздан кешірдік.

Біз бұл кеден бекетінде ешбір себепсіз 6 сағат бойы тұруға мәжбүр болдық. Өйткені бұл бекетте де біздегідей жемқорлық есе бермей тұрған көрінеді. Ресей шекарашыларының қазақстандық және моңғолиялық нөмірлері бар жеке автокөліктерді тоқтатып қойып, олардың алдына өздерінің отандық нөмірлі машиналарын ешбір себепсіз кіргізіп, көзімізді бақырайтып қойып, «істейтіндеріңді істеп алыңдар» деген кейіптегі қылығын көріп, Моңғолияға алғаш рет сапар шегіп отырған менің сапарлас жолдастарым таңғалғандарын жасырмады.

«Наадам» тойы аяқталар күні аймақ әкімі Қабыл Сәкейұлы осы аймаққа әдейі сапарлап келген Ресей елінің Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.А.Говориннің құрметіне арнап, қонақасы берді. Оған Қазақстаннан барған біз де толық құрамымызбен шақырылдық. Осы қонақасы барысындағы достық әңгімелесуде аймақ әкімі Қабыл мырза аймақ тұрғындарының Қазақстанға туысшылап және басқадай шаруаларымен баруы мәселесінде Ресейдің «Ташанта» шекара-кеден бекетінің көп кедергі жасап отырғанын елші мырзаға ашық айтты.

Біз Ресей елшісі алдында байөлкелік қандас бауырларымыз көтерген бұл мәселенің оңды шешілуіне Қазақстанның тиісті министрлік, мекемелері де атсалысар деген үміт-тілегіміз бар екенін айттық. Ең дұрысы, ол – көптен бері айтылып келе жатқан Бай-Өлке аймағы мен Шығыс Қазақстан облысы арасын тура жалғайтын жол мәселесі, яғни Ресейдің екі араға кіріп алған 60 шақырым жерінің мәселесі оңды шешілсе, онда Моңғолия қазақтары болсын, Қазақстан азаматтары болсын Ресей арқылы 2000 шақырым артық айналма жол жүрмес еді әрі «Ташанта» шекара бекетіндегі Ресей шекарашыларынан мұндай қорлықты көрмес еді. Бұл Қазақстан тарапынан кешіктірмей қолға алатын іс болуы керектігіне тағы бір рет көзімізді жеткіздік.

Көш көлікті болмай тұр

Аймақ әкімінің іс басқару кеңсесінің басшысы Зарқұм Қазақстаннан келген бізбен болған кездесуінде Бай-Өлке қазақтарына қатысы бар екі түрлі мәселенің басын ашып айтты. «Біріншісі – Қазақстан алғаш тәуелсіздігін жариялаған соң-ақ шетелде жүрген барлық қазақтардың алғашқы қарлығаштары болып атажұртқа жеткен Моңғолия қазақтарының бүгінгі көші-қон жағдайында көптеген қиындықтар орын алып отыр. Қазақстанға көшеміз дейтіндер әлі баршылық. Бірақ олар шетелдегі қазақтарды көшіріп алуға жыл сайын Қазақстаннан бөлінетін квотамен көшіп барайын десе, Моңғолия қазақтарына бөлінетін квотаның саны жеткіліксіз. Бұған дейін квотаның басым көбі Өзбекстан қазақтарына беріліп келгені – шындық. Ал осы квотамен Қазақстанға барғандарға баспана берілмейді. Ал Қазақстан Үкіметінің шетелдегі отандастарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы жөнінде, ол бағдарламаның қалай іске асатындығы туралы әзірге бұл жақтағы қазақты қуантатындай жақсы хабар, толық ақпарат жоқ болып тұр. Екінші мәселе – ол биылғы жылы Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі бірлесіп, Моңғолиядағы Қазақ мәдени орталығын 120 мың қазақ тіршілік етіп жатқан Қазақ аймағында ашпай, осы аймақтан шыққан аз ғана қазақ зиялылары мен студенттер тіршілік ететін Ұланбатыр қаласында құрғандығын қалай түсінуге болады? Бұл қазағы көп аймақ басшыларымен ақылдаспай істелген іс болды», – деді аймақ әкімінің іс басқару кеңсесінің басшысы Зарқұм.

Бай-Өлкеден шыққан сапарымыздың екінші күні Увс аймағының жеріндегі Хяргас (Қырғыз) көлінің жағасындағы саяхат базасына барып қондық.  

Экспедицияда бірге жүрген сапарлас жолдастарыма моңғолша – Хяргас, қазақша Қырғыз көлінің тарихынан азды-көпті өзімнің білетінімді айтып бердім. Қырғыз елінің бұрынғы Президенті Асқар Ақаев Моңғолияға ресми сапармен келген бір жолында Ыстықкөлден бір тостаған су алып келіп, осы Қырғыз көліне құйып, көлден тағы бір тостаған суды алып кетіп, Ыстықкөлге апарып құйғаны туралы әңгіме барын жолдастарымның есіне салдым.

Қырғыз көлі мен Ыстықкөл екеуінің арасында бір байланыс барын осы екі көлді көрген кімде-кім сезінеді-ау деймін. Екеуінің де суының құрамы мен жылылығы, астындағы құм, тастары, географиялық орналасуы – барлығы да бір-біріне өте ұқсас.

Біз бұл жерде демалып жатқан бай-өлкелік біраз қандастарымызды кездестіріп, аз-кем әңгімелестік.

Тарих таңбасы

Жап-жасыл шөпті дала Завхан аймағы жерінен өтіп, Архангай аймағына кіргенде жердің бедері өзгеріп, орман пайда бола бастады. Бұл – 1930 жылдары Мәскеу нұсқауымен Моңғолияда бай-феодалдар мен ламаларға қарсы жүргізілген саяси қуғын-сүргін кезінде коммунистерге ең көп қарсылық көрсеткен аймақтың бірі. Тіптен Моңғолия тарихы кітабында көтерілісшілерді басып-жаншу үшін Архангай аймағына Кеңестер Одағы танк бригадасы мен әскери ұшақ эскадрильясын кіргізгені туралы жазылған. Ең қызығы, орман ішін паналаған көтерілісші ламалар түн қараңғысын жамылып, өздерінің арттарынан қалмай, от шашып, қуып келген «темір тажалды» қайыс арқандармен матап, оны ағаштарға мықтап байлап тастағаны туралы әңгіме сол жылдары пайда болған. Бұл – әрине, шындық жағдай.

Ертеңінде бір кезде Шыңғыс хан империясының астанасы болған Қарақорым қаласының орнына бардық. Осы қаланың орнында «Эрдэнэ зуу» атты будда храмы орналасқан. Бұл жерден 45 шақырым қашықтықтағы осыдан XV ғасырдай бұрын бүгінгі Моңғол жерінде Көктүріктердің ірі мемлекетін құрған Білге хан мен Күлтегін қолбасшының ескерткіштеріне барып, бас иіп, тағзым еттік. Жергілікті халықтың немқұрайдылығы және табиғат құбылыстарының кесірінен бүлінуге жақын қалған руникалық жазуы бар бұл екі ескерткіш тасты Түркияның ғалым мамандары аман сақтап қалды. Екі алып ескерткіштің қайта жөнделіп, Орхон мұражайынің ішіне қойылғаны туысқан Түркия елінің бағаланбас, қажырлы еңбегі болмақ.

Осыдан 6 жыл бұрын белгілі дипломат, қайраткер ағамыз марқұм Болатхан Тайжанды, сол кісінің үлкен өтініші бойынша, осы ескерткіштер басына алып барғанымда түркиялық ғалымдардың істеп жатқан жұмыстарына ризалықпен қарап, көзіне жас алып тұрып: «Дүниенің талай елін араладым, талай жерін көрдім, бірақ бұл ескерткіштердің қазақ үшін жөні басқа, біз – сол Көктүріктердің нағыз мұрагеріміз», – деп айтқаны есімде. Сондықтан ата-бабамыз Көктүріктердің артындағы ұрпақтарына қалдырған осы ескерткіштерді аман сақтап қалу үшін көп жұмыс атқарған, қыруар қаржы шығарған Түркия Үкіметіне, оның ғалым мамандарына зор ықыласпен алғыс айту ләзім. Түркия Үкіметінің қаржысымен Қарақорымнан Орхон мұражайына дейінгі 45 шақырым жол жөнделіп, асфальтталыпты. Мұражайдың күзетшісі және қызметкері моңғол азаматтары Түркия жағынан жалақы алады екен.

Біз экспедиция мүшелері сол күні ата-бабаларымыздың басында түнеуді ұйғардық. Моңғол малшысынан 45 мың тугрикке – біздің ақшамен 4500 теңгеге бір ақсарбас қой сатып алып, құрбан шалдық, елімізге амандық тіледік.

Ертеңінде яғни сапардың бесінші күні 400 шақырымдай жол жүріп, кештетіп Ұланбатыр қаласына келдік. 1980-1992 жылдар аралығында он екі жыл өмірім өткен кездегідей емес, қала тым үлкейіп кеткенін, жоба-жоспарсыз салынған құрлыстар көбейіп, бір кездегі совет үлгісіндегі қаланы танудың қиын бола бастағанын бірден байқадым. Қалада автокөлік санының тым көбейіп, ескі жолдардың жөнделмеуі салдарынан қала ішінде көлік тығынының пайда болуы әдетке айналыпты.

Шыңғыс хан кереметі

Монғолияның Полиция бас мекемесінде істейтін туысым, полковник Бақыт Айып ертесі күні бізді Ұланбатырдан 52 шақырым жердегі Тоныкөк ескерткіші басына, одан 12 шақырымдай жердегі Төв аймағының Эрдэнэ жеріндегі Шыңғыс ханның алып ескерткішіне апарды.

Көктүріктер құрған империяның ақылгөй кеңесшісі Тоныкөк абыздың тас жазуы бар ескерткішін де Түркия елі өз қамқорлығына алыпты. Көктүріктер империясының Шығыс қағанатының ақылгөйі Тоныкөктен кейін, шамасы 500 жылдан соң, осы далада билік құрып, бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, жарты әлемді өзіне бағындырған Шыңғыс ханның ескерткіші, расында кімді де болсын қызықтыратын, архитектурасы жағынан жақсы салынған ескерткіш болыпты.

Ақшыл болатпен қапталған ат үстіндегі алып Шыңғыс хан оң қолындағы алтыннан жалатқан қамшысын таянып, ойлы жанарымен күншығысқа қарай көз жіберіп тұр. Шыңғыс ханға арналған бұл алып ескерткіштің неліктен осы жерге салынғандығының себебін сұрағанымда, ескерткіш ішіндегі мұражай қызметкері: «Жігіт бозбала шағында Тэмужин Толы өзенінің жағалауындағы хан сарайында отырған өкіл әкесі Керей ханы Тұғырыл ханға сәлем беру үшін жолға шығып, дәл осы ескерткіш орнатылған жерден бір қамшы тауып алады. Мұны ол үлкен жақсылыққа жорып, кейін талай соғыс-шайқастарға қатысқан сапарларында жолының болатындығына имандай сеніп, өзімен бірге ешқашан тастамай алып жүреді екен. Сондықтан Шыңғыс ханның осы қасиетті қамшысының белгісі ретінде сабы алтындалған қамшыны да жеке дүние ретінде мұражайға қойдық, – деді. Шыңғыс хан мінген тұлпардың жалына дейін шығып, маңайды жақсылап тұрып шолуға да болады.

Ол үшін ескерткіштің тұғыры саналатын 10 метр биік, диаметрі 36 метрлік дөңгелек құрылыс ішіне кіріп, сол жерден лифтімен жоғары көтерілесіз. Болашақта 200-ге жуық киіз үй ескерткіш маңына тігіліп, ескерткішті көруге келген саяхатшыларға арнап моңғол салт-дәстүрі бойынша түрлі тағамдар ұсынылып қызмет көрсетілмекші. Қазірдің өзінде әлемнің көптеген елдерінен саяхатшылар осы алып ескерткішті көруге келе бастапты. Шыңғыс хандай ірі саясаткер, мықты қолбасшыны дүниеге әкелген моңғолдар бүгінде сол ірі тұлғаны мақтан етіп, өздерінің рухтарын жебеп-көтеруге пайдалануда. Олай дейтінім, Ұланбатыр қаласында әрбір адым аттаған сайын кездесетін қонақүй, мейрамхана, кафенің аты Шыңғыс хан атымен байланысты.

Біз әрқашан тарихтан өзімізге жақын халық саналатын «ағаш уықты, киіз туырлықты» моңғолдарды сырт теппей, сол елде тұрып жатқан 150 мыңдай қандастарымыздың барлығын тағы ескере отырып, бұл елді өзімізге жақын тартып өз саясатымызды жүргізсек, бұдан ұтарымыз көп болмақ. Біздің кәсіпкерлер неге жерінің асты қазба байлыққа толы, ал жерінің үсті төрт түлік малға бай Моңғолияға, соның ішінде Бай-Өлке аймағына қомақты инвестиция салудан қашқақтайды? Неге сонда тұрып жатқан қандастарымыз тағдырына жеткілікті көңіл бөлмей отыр? Неге Қазақстанға көшейін деген қазақтар алдында түрлі кедергі, қиындықтар азаймай отыр? Бүгінгі күні моңғолия қазақтарының арқа сүйер, пана тұтар жалғыз елі болса, ол – Қазақстан.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста