Соңғы іссапар

Сынаптай сырғыған қайран уақыт-ай десе­ңізші. Артында қалған ел-жұртын, туыс-бауыр­ларын, бауыр ет бала­ла­рын аһ ұрғызып, қан жұтқызып, сағын­ды­рып, опындырып кеткен еліміздің шекара қыз­ме­тіндегі тұлға, нағыз шека­рашы, нағыз пол­ков­ник Тұрғанбек Мұхамет­қалиұлы Стамбековтің де бұл пәниден бақиға өтке­ніне де қырық күн толып қалыпты-ау. Неткен өкініші көп өмір еді.
Тарих еншісіне кеткен өткен жылдың 25 желтоқсаны. Астана қаласы. Кешкі 16 сағат 52 минут. Әскери кеңестен шыққан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің беткеұстар басшы офицерлерін тиеп алған «Ан - 72» әскери ұшағы Астана әуежайынан Шым­кент қаласына жету үшін әуеге көте­рі­леді. 27 офицер. 27 тағдыр. Сол сәтте олар не ойлады екен? Бұл іссапар олар үшін соңғы, мәңгілік сапар екенін сезді ме екен?!. Қаптаған сұрақ. Ұшақ Шымкентке жет­пей опат болды. Бүкіл елдің қабыр­ға­сын қайыстырған орасан опат. Сол қыршын боздақтардың ішінде Шекара қызметінің басшылығында аз отырса да саз отырған Тұрғанбек бауырым өзіме етене жақын еді. Сыйластығымыз да, жолдастығымыз да шынайы бола-тұғын.
Полковник Тұрғанбек Мұхаметқалиұлы Стамбековпен таныстығым сонау 1995 жылы Шекара әскерлері (ол кезде Шекара қызметі осылай аталатын) қатарына қыз­мет­ке кіргенімізге көп уақыт бола қоймаған біздің шекараға алғаш іссапарымыз Жар­кент шекара отрядына барудан басталған еді. Жол-жөнекей шекара коменданты кім екендігін ақырын сұрап көргенбіз. «Бір жас майор. Алған бетінен қайтпайтын қайсар. Тік мінез. Бірақ өз ісін өте жетік біледі» деп жолсерігіміз қысқаша мінездеме берді. «Аты-жөні Тұрғанбек Стамбеков» деп қосып қойды, сөз арасында.
«Өсек» шекара заставасына да келіп жет­тік. Застава алдында бізді күтіп алған шека­рашылар есік алдында тұрған офи­цер­лерге алып барды. Танысу барысында маған Тұрғанбек тәкаппар секілді болып көрінді. Сол кездегі дәстүрдің ізімен шека­ра нарядына басшылық жасап тұрған Тұр­ған­бекке қазақша сауал қойсаң, ол орысша жауап береді.
Сол іссапардан мен Алматыға Тұр­ған­бекпен бірге қайтатын болдым. Түс ауа Тұрғанбек өзінің дайын екендігін ескертіп, «кіреберісте тос» деді. Содан үш адам болып, ескірек «Жигули» автокөлігімен жолға шықтық. Рөлде – басқа жігіт. Жа­нын­­да, Тұрғанбек. Алғашында ойла­ған­мын,  керемет бір шетелдік сүйріктей жор­ғамен жолға шы­ғамыз ғой деп. Сөйтсем, қайдағы. ...Жол-жөнекей ұққаным: мына біз мініп келе жатқан «Жигули» Тұр­ған­бектің бір таныс­ынікі де, рөлдегі жігіт жол­дасы екен. Шекарадағы «Қорғас» бекетінің аты сол кездерде-ақ дүрілдеп шыға баста­ған кез. Ал майор Тұрғанбек Станбеков болса сол дүрілдеп тұрған «Қорғас» беке­тінде шека­ра комен­да­ту­расының комен­данты. Кез кел­ген шетелдік мәшинені шертіп жүріп мінем десе де, қо­лын­да құді­рет бар. Жоқ, мұның тақы­мында шетелдік машина тұр­мақ, отандық жаман бір көлік те жоқ. Өз-өзім­нен таңғалдым да қойдым. Неткен қара­пайымдылық. Жолда біз сұрамасақ та, Тұрғанбек өзі сөз бастап, қол­басшысының өзі шақыртқанын, осы жолы не әскерде қалатынын, не қалмай­ты­нын, яғни тағ­ды­ры­ның осы жолы шеші­ле­тінін айтып бер­ген еді. Біз жақсылық тілеп қала бердік.
Сол жолы бәрі дұрыс шешіліп, Тұр­ған­бек Шекара әскерлері Бас басқармасына қа­расты шекара комендатурасының ко­мен­­данты болып Алматы қаласында қыз­мет­те қалды.
Тұрғанбектің кейінгі өмір жолдарына көз жүгірте қарасаң, үнемі өсу, өрлеу үстін­де болған екен. Әріптестері таңғалатын. Артында тұрған ешкімі жоқ, сүйреуші, сүйеушісі жоқ, бірақ осы жігіттің үнемі жолы болады да тұрады деп. Әрине, «Өзі жақсы адамға қай жерде де бір кісілік орын бар» дегендей, өзі таза, жұмысынан басқа еш нәрседе шаруасы жоқ, өтірік, өсек-аяңнан аулақ, нағыз офицерді көтер­меске жоғары басшылықтың да басқа лажы жоқ еді.
Сәл шегініс жасап кетер бол­сақ, Тұр­ған­бектің тәлім­гер­лері, ұстаз­да­ры, тәрбие­лен­ген орны мықты бол­ды.
Тәуелсіз жас мемлекеттің қа­сиет­ті шекарасын қорғауда алға­шын­да небәрі алты шекара отря­ды болды. Сол алты шекара отря­дына басшылық жасаған коман­дирлер қандай еді. Нағыз сайдың тасындай, іріктелген ма­ман сардарлар бола-тұғын. Гене­рал­дар: Құсайын Берқа­лиев, Шын­тас Өтепов, Александр Сәр­сем­беков, Төлеген Үмбетбаев, пол­ковниктер: Мұрат Абай­дил­ди­нов, Ақылбек Түсіпбе­ков­тер та­рап кетуге шақ қалған шекара бекеттерін төрт аяғынан тік қойып, қан­ша­ма істер тындырды. Ал соның бәріне білікті басшылық жасап, жоқты бар қылуға тыры­сып, Мемлекеттік шекараның нығайып, бекуіне көп еңбек сіңір­ген сол кездегі Шекара әс­кер­­лерінің қолбасшысы, кейі­ні­рек Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Болат Сейітқазыұлы Закиев болатын.
Міне, осындай тамаша, іскер, білікті ше­карашы офицерлерден тәлім алып, солар­ға сенімді көмекші бола білген Тұр­ған­бек Мұхаметқалиұлының да іскер, білікті офицер болып шықпауына қақысы жоқ еді. Алдыңғы толқын ағалардың жолын одан әрі жалғастырып, шекара деген қасиетті ұғымды өзінен кейінгі ұр­пақ­қа дұрыстап жеткізе білсем деп жүрген кезінде өмірі орта жолдан үзілгені қандай өкінішті.
Тұрғанбекпен соңғы рет 2011 жылдың қараша айында Астана қаласында өз каби­не­тінде кездестім. Ол кезде Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Шекара қызметі дирек­то­рының бірінші орынбасары – Бас штаб бас­тығы болатын. Үлкен қызметке кел­ге­ніне көп уақыт бола қоймаған кезі. Үлкен қызметке келдім екен деп шіренбей, жақсы қабылдады. Көріп жүрміз ғой кейбір жігіт­тер­ді, қолына билік тиген күннің ертеңіне жа­нына торсық байлатпай кететінін.
Сол күні қолы бос болды ма, әйтеуір, ме­німен екі сағаттай әңгімелесті. Алға қойған мақсаты, ойы көп еді. Сол жолы «Сәке, сен журналиссің ғой. Менің ойымда біраз нәрселер бар еді. Жазып, көмек­тессеңші. Мына осыншама жерді біздің ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалды, бізге осыншама байтақ, бай жерді аманаттап кетті. Сол ел қорғаған ер бабалар нағыз шекарашылар емес пе еді. Ендеше, неге бізге Мақаншы шекара отрядын Қабанбай батыр атындағы шекара отряды, Шонжы шекара отрядын Райымбек батыр атын­дағы шекара отряды деп атамасқа? Сен осы мәселелерді насихаттауға көмек­тес­сеңші» деп, елдік тұрғыдағы терең ойла­ры­ның бірін базына ретінде айтқан еді. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қыз­ме­ті­нің құрылғанына 20 жыл толу қарсаңы еді. Мен Тұрғанбекке өз ойым тура­лы айттым. Тәуелсіз еліміздің қасиетті шекара күзетінде тұрған Шекара қызметіне алда 20 жыл толмақ. Соған байланысты кітап шығарсақ. Оның ішінде өзі туралы жазсам деген ойым да бар екендігін жай ғана ескертіп өттім. Қашанда қара­пайым­дылығынан айнымайтын ол «кітап шы­ғар­сам деген ойыңды қолдаймын, бірақ мен туралы жазу ертерек шығар» деген де қой­ған. Кім білген, оның ерлік істері туралы очерк жазамын деп жүргенде еске алу жазамын деп. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы да.
Сол арада айтылған әңгімеге кейінірек қай­та ораламыз ғой деп жүрген кезде шека­рада болған келеңсіз оқиғалар қолға алған, есте жүрген істердің бәрінің быт-шытын шығарды. «Кейінірек» дедік. Кейі­ні­рек деп жүрген кезде тамаша азамат, үлгілі отбасы иесі, ақ еділ, ақжүрек офицер аяқастынан қайғылы жағдайға душар болды. Өзімен бірге өзегіңді өртеп, қаншама жос­парлаған істері істелінбей, атқарылмай қалды.
Жары Сәулесін жанындай жақсы көру­ші еді. Бақида да бірге болайық деді ме, оны да өзімен бірге ала кетті. Артында боз­да­ған қос құлыншағы қалды.
Тұрғанбек Мұхаметқалиұлымен бірге бол­ған офицерлер арасында Оңтүстік аймақ­тық басқармасының бастығы, пол­ков­ник Павел Михайлович Доценко, отряд командирлері, ағайынды Рахмандарды, Қайрат Мұқамадиевті жақсы білуші едім. Жандары жаннатта болғыр алғыр жігіттер еді. Павел Михайлович өте мазасыз, бас­та­ған ісін түбіне жеткізбей қоймайтын, өз ісіне жетік, білгір, нағыз майталман офи­цер еді. Ал Қайрат болса, керісінше, бия­зы, мінезі жұмсақ, елге жақсылық жаса­ғысы келіп тұратын қарапайым жан еді.
Жуырда қасиетті шекара шебін күзетіп жүр­ген Отан сақшыларына басшылық жасау­ға жүрегі таза, ары таза, әскери сала­ның жетік білгірі, генерал-лейтенант Нұр­лан Жоламанов мырза келгенін естідік. Енді Жаратқан ием жар болып, Жола­ма­нов­тың жолын ашып, шекара шебін шеген­деу­де үлкен жетістіктерге жетуін тілейік.
Сағидолла СИҚЫМБАЙҰЛЫ, запастағы полковник, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста