Соғыс басталар алдында Кеңес Одағы бойынша қазақ халқының саны 3 миллион 250 мыңға жетіп, апаттан кейін қайта толығып келе жатқан еді. 1929-32 жылдардағы ашаршылық, 1937-38 жылдардағы аласапыран да елді әбден есеңгіреткен болатын.
Соғысқа қатысқандардың ең жасы 1929 жылы туғандар, аштық жылдарында олар төрт-бес жаста болды. Міне, халқымыздың сақталып қалды-ау деген ең соңғы еркеккіндікті ұрпағы осылайша майдан шебінен бір-ақ шықты. Демографиялық пайымдау бойынша, тікелей майданға 500 мың қазақ азаматы аттанды. Соның 350 мыңы, яғни 70 пайызы, соғыстан қайтып оралмады. Әрине, оның ішінде елге қайтпағаны мен тірі қалғандары да жоқ емес-ті. Соңғы кезде ғана белгілі болып отырған бір шындық – 5,3 миллионға жуық солдат жау қолына түскен болса, соның кемінде 50 мыңы – қазақ азаматтары. Олардың арасында кейін аман-есен еліне қайтқандары бірен-саран ғана еді. Волокаламск үшін болған шайқаста Панфилов дивизиясының 13,5 мың жауынгерінен 9 мың адам қаза тапты.
Батыс Қазақстан тұрғындарынан Ақтөбе қаласында құрылған 312 дивизия 1941 жылы күзде Тула мен Москва арасындағы ұрыстарда құрамын түгелге жуық жоғалтты. Соғыс кезіндегі штат бойынша бір дивизия 11 мың адамнан тұрса, соның 300-ден астамы ғана қалды.
Алматыда жасақталған қазақтың 100-атқыштар бригадасы 1942 жылғы желтоқсан айында Калинин майданында жүргізілген ұрыстарда 2572 адамынан айырылды. Бұл бригада құрамының жартысынан астамы еді.
1942 жылы ақпан айында Ақмола қаласында 100-ұлттық атты-әскер дивизиясы жасақталды. Ұлттық дивизияның негізі қандастарымыз – қазақ ұлтынан құрылды. Аз ғана дайындықтан соң, жаңа жинақталған штатты әскер корпусы маршал Тимошенко мен әскери Кеңестің мүшесі Н.С.Хрущев басқарған әскерге қосылады. Бірден Харьков түбіндегі ұрысқа қатысып, зор қару-жарақпен қаруланған неміс әскеріне жаман қылыш, шолақ мылтықпен қарсы шығудың соңы жеңіліспен аяқталғаны белгілі болса да, тарихымызда оның жеңілу сипаты ашылып көрсетілмеді. Жау қолына тұтқын болып түскендер «бізде тұтқындар болмауы керек» деген Сталиннің бір ауыз сөзінің не екендігіне көздері жетті. Олар Франция, Германия, Польша территорияларындағы лагерьлерге тоғытылды. Міне, қорғану ұлтшылдығы осы лагерьлерде өмірге келіп еді.
Кеңес әскерлеріне қайта қосылудың бар амалын жасаған тұтқындардың іс-әрекетінен соғыс жағдайында ештеңе шықпады. Мәселен, «Түркістан» легионынан қашып келген Тимур Жанкелдин басқарған (Әліби Жанкелдиннің ұлы) бір взвод қазақ солдаттарын қызыл әскерлер «сатқындар» ретінде атып тастады.
28 панфиловшылар айналасындағы шындық ұзақ уақыт айтылмай келді. Олардың фашистердің 54 танкісіне қарсы тұрып, ерлікпен қаза тапқанының өзі бүкіл дивизияның ерлігіне жатқызылды. Панфиловшылар туралы кино түсірілгенде, немістерге қарсы ұрыс кезінде окоптан қашып шыққан жауынгерлердің бірін азияттық ретінде бейнелеу ұйғарылды. Осы арқылы олардың жанкешті ерлігін, патриоттық сезімін жоққа шығару қажет болды. Арға түскен дақтың зардабын көргендер де болды.
Иә, шындық құнды десек те, оның бетін ұзақ уақыт жауып келдік. Мәскеу түбіндегі шешуші шайқаста полк командирі Бауыржан Момышұлы жаумен отыз рет бетпе-бет келіп, бірнеше дүркін жау қоршауын ұйымдасқан түрде бұзып шықты. Мәскеуге ұмтылған неміс әскерінің екпінін баяулатып, шығынға ұшыратты, бұған қоса әр жерде шашырап қалған өз бөлімшелерімізді қоршаудан құтқарып, алғы шепке әкеліп қосты.
Дубосековада болған ұрыста 28 панфиловшының ерлігі әлемге аңыз болып тарағаны рас. Саяси жетекші Клочковтың «Россия кең байтақ, бір-ақ шегінер жер жоқ, артымызда Москва!» деген жалынды сөзі бүкіл жауынгерлерге ұран болғаны аян. Әйтсе де сол сұрапыл кезде Баукеңнің айтқан мына сөзі одан да құнды болса керек. Қорғаныс шебінің картасын алып келген штаб бастығына Баукең: «Арқамызда Москва тұрғанда, маған картаның қандай қажеті бар!» – деп картаны қақ айырып, жанып тұрған отқа салып жіберген өжеттігін қалай ұмытармыз?!
Соғыс басталған кезде әскери дивизия мен бригаданың басында қазақ командирі болған емес, ал одан төменгі орта офицер құрамында да олардың саны тым аз болды. Мұның да өз себептері бар дейміз. Біріншіден, қазақ ұлтынан шыққан офицерлер құрамының аз болуы болса, екіншіден, оларды әскери училище, академияларда оқытып, дайындауға орталық әскери ведомстволар құлықсыздық танытты. Тіпті Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар бөлімдердің құрамы да көпұлтты болып, олардың ұлттық, таптық құрамы пайыздық мөлшерде ғана көрсетілетін. 100-ші, 101-ұлттық атқыштар бригадасы мен 3-атты әскер дивизиясының құрамында ғана негізінен қазақтар болса, ал олардың қолбасшылық құрамы көбінесе орыс ұлтының өкілдерінен тұрды.
Біз мына мәселені ескеруіміз керек. Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің құрамындағы ұлт өкілдерінің сан мөлшері көп айтыла бермейтін. Тоталитарлық жүйе және оның идеологиясы, ұлттық айырмашылықтар мен ерекшеліктерді, халықтар достығы, коммунистік патриотизм деген ұранның маңайына топтастырып, онша дәріптемейтін.
Соғыс туралы ащы шындықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шеккендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезеңінде мыңдап қырылып, тірі қалғандары тұтқынға түсті. Одан сәтін тауып құтылғандар партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерьлерде азап шекті. Ал славян халқынан басқа халықтар өкілдерінен фашистік командование әртүрлі легиондар құрып, өз еліне қарсы айдап салмақшы болды. Олардың кейбірін өздері басып алған жерлерде партизандарға қарсы жұмсауға әрекеттенді. Сонда да легионның бөлімдерінен қашып шығып, Болгария, Югославия, Италия, Франция партизандарына қосылған азаматтар аз емес.
Борис Алексеевич Викторов деген орыс генералы 1965 жылы «Казахстанская правда» газетіне Сталинград түбіне жеткізілген «Түркістан легионының» бір батальоны 1942 жылдың қарашасында Қызыл Армия жағына өтіп кеткенін және оларды осы бағытта үгіттеп, бағыт берген Бақыт Байжанов пен Құлмырза Ишановты гестапо қапасында қаншама азаптамаса да, сыр ашпаған қалпы қаза тапқандарын жазғаны бар. Сол екеуінің тіл тістеген қайсарлықтары арқасында батальон біздің жаққа есен-сау өткен. Украина, Белоруссия партизандарына қарсы қойылған легион роталары да жалғыз оқ атпастан отандастары жағына шығып отырған. Осыдан кейін неміс командованиесі легион батальондарын француз мәкилеріне (партизандарына) қарсы соғысқа салады. Алайда бұл жерде де қазақ жігіттері арасынан Ахмет Бектаев, Әбу Молдағалиев, Зұным Жаманқұлов сияқты жетекшілер табылып, солардың басшылығымен француз жағына өтіп кеткен.
«Түркістан легионына» қатысы бар деген айыппен 1947 жылы 8-18 сәуір аралығында Алматы қаласында атышулы «49-дың соты» болды. Оларға «Әлихан Бөкейхановтың, Мұстафа Шоқайдың, Тұрар Рысқұловтың, Файзолла Ходжаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Темірбек Жүргеновтің, Сұлтанбек Қожановтың істерін алға апарушы, революцияға қарсы күрес жүргізуші, неміс Қарулы Күштерінің барлаушылары» деген айыптар тағылды. Осы айыптар бойынша шығарылған сот үкімімен 11 адам – ату жазасын, 4 адам – 25 жылға, 20 адам – 20 жылға, 9 адам – 15 жылға, 4 адам – 10 жылға және жалғыз әйел Шәрифа Сәдуллаева 7 жылға түрмеде отыру жазасын алды. Бірақ 1947 жылы маусымда КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумы «ату жазасы барлық елдер бойынша тоқтатылсын» деген қаулы шығарып, «49-дың» бәрі де тірі қалды. Олар кейін біртіндеп кешірімге ие болғанымен, ақталмады.
Кеңестік үстемшіл билік тіпті ел басына ауыр күн туғанда да, өзінің жымысқы саясатын қоймады. Тіпті үлкен ерлік жасағандардың өздері ұлтына қарай қатаң іріктеліп отырды. Әйтпесе сол соғыста батальонын қоршаудан алты рет шығынсыз алып шыққан Бауыржан Момышұлындай командирлер көп болып па еді? Екі рет Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылса да, қайсыбір әскери басшылардың «бізден бұрын әскери-тарихи романға кіріп кетті» деген қызғанышынан жолы кесілді. Тіпті олар осы себептен жоғарыдағы кітапты жазған Александр Бектің өзіне Сталиндік сыйлықты бергізбей қойды... Ал фашизмнің ордасы – Рейхстагқа ең алғаш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов неге атаусыз қалды. Әрине, Рейхстагқа ту тігушілердің бірі – орыс ұлтынан, екіншісі – «ұлы көсемнің» ұлтынан болуы керектігі әбден ойластырылғаны айтпаса да түсінікті.
Ұлы Жеңістің 20 жылдығында соғыс ардагерлері Мәскеуге шақырылған. Сонда грузин Кантария 150-дивизиясының Рейхстагқа тігілген туын Қызыл алаңға ұстап шығады. Сол топта Рахымжан Қошқарбаев та болған. Ол Кантарияның қолынан туды жұлып алып: «Бұл туды Рейхстагқа бірінші мен тіккенмін», – деген. Шындықты білетіндер оған қарсы келмейді. Қошқарбаевтың сол туды көпшіліктің ортасында ұстап тұрған суреті қазір бар.
100-ұлттық атқыштар бригадасының әйгілі мергені Ыбырайым Сүлейменовтің қолынан оққа ұшқан неміс солдаты мен офицерінің нақты саны 341 болды. Не зеңбірек емес, не пулемет емес, жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – соғыс тарихында бұрын-соңды болмаған ерлік! Амал не, қазақтың құралайды көзге атқан мергеніне батыр атағы бұйырмады.
1944 жылдың қақаған қысында майдан шебінде қаза тапқан Панфилов дивизиясының мергені Төлеуғали Әбдібеков ағамыздың ең жоғары батыр атағын үш рет алмақ түгілі тым құрыса, бір мәрте де лайықты бағасын алмауының бір ғана құпия сыры «халық жауы» саналған әкесінің інісі Кемелбайға келіп тірелуі – расында, төтенше озбырлық. Отансүйгіш қасиетті рухты қорлау болып табылатыны сөзсіз.
Ең таңдаулы деген фашист мергендері оның соңына түсті. Алайда Төлеуғали оларды бір-бірлеп құртты. Кеңес Армиясының жылдық мерекесі қарсаңында жаудың асқан шебер мергенімен жекпе-жек болды. Бұл уақытта Төлеуғали суық тиіп, сырқаттанып отырды. Гитлершіл қас-қағым сәтке озып кетті, бірінші оқ Әбдібековке тиді, бірақ өлімші болып жараланған аға сержант фашистен кегін алып үлгерді. Гитлершіл батыр қазақтың соңғы атқанынан сеспей қатты. Бұл атақты мергеннің есебіне енген 397-дұшпан болатын.
Панфиловшылардан 34 жауынгер Кеңестер Одағының Батыры атанған. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған «Панфиловшылар» атты кітапта Т.Әбдібековтің есімі тек кітаптың ең соңындағы – «Құраманың ескерткіш күнтізбесі» атты соғыс хроникасында екі жерде жай ғана аталынып өткен. Нағыз қаһарман адамның бұдан былай да еліне елеусіз, белгісіз болып қала беруі дұрыс па?
Туған елін жаудан жан аямай қорғаған даңқты сұрмерген бір өзі бір батальондай дұшпанның көзін жойған Төлеуғали Әбдібеков орыс жерінде Калинин облысының маңында жерленген. Тек №2916 нөмірлі снайпер винтовкасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық мұражайында сақтаулы тұр.
Ештен кеш жақсы. Батырдың өшпес рухына тағзым ететін уақыт әлдеқашан жеткен жоқ па?! Сондықтан Төлеуғали Әбдібековке өлгеннен соң арада 65 жыл өтсе де ресми атақ берілуі керек.
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері Кеңес кезінде жіберілген келеңсіздік түзетіліп жатыр. Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев сияқты көзсіз батырларға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Қазақтың ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова да осындай айрықша құрметке ие болды. Енді кезек Ыбырайым Сүлейменов пен Төлеуғали Әбдібековке келіп тұрған тәрізді. Олар өздерінің лайықты бағасын алып, Халық Қаһарманы атанса, оған ел де, аруақтар да риза болар еді. Қазақта Ы.Сүлейменовтей, Т.Әбдібековтей ерен ерлер көп емес қой.
Ұлы Жеңіс мерекесі, шынын айтқанда, бір жағынан қаралы кезең болғанымен, ерлік пен елдік, ар-намыс, отаншылдық пен биік рух аяусыз сынға түскен ғаламат тарихи сәт еді. Ендеше, өткеніміздің қадау-қадау оқиғаларын сезім көзімен сүзіп өтпей, оған сындарлы әрі байыппен қарайтын кезең келді. Өмірдің сайрап жатқан кең даңғыл жолы жоқ. Оның жарқыраған жарық күні де, түнерген тұманды түні де бар. Осындай алмағайып кезеңнің Ұлы Отан соғысы екені белгілі. Қандай ұлы оқиға болсын оның тарих талқысына түсуі заңды. Кейінгі кездерде біздің елімізде осы соғысқа, Жеңіске деген екіұшты, әртүрлі пікірлер айтылып қалып жүр. Олардың кейбіреулері немістер Қазақстанға емес, Ресейге шабуыл жасады, Ресей біздің Отанымыз емес, сондықтан бұл соғыста қаза тапқан қазақтар босқа кеткен боздақтар дегенді айтады. Шын мәнінде, сол кезде – Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО Одағына жататын барлық республикалардың ортақ отаны болатын. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, мәселеге тереңірек қарасақ, фашистердің мақсаты бір Ресей емес, бүкіл әлемді басып алып, барлық халықты құл ету болатын. Гитлер Қазақстанды, сірә, сол қалпында ұстаймын, халқын аман-есен сақтаймын, шаруасын шашау етпеймін, қазақтардың мұртын қисайтпаймын, басынан сипап отырамын демесе керек!
Демократия деген жарықтықты ту-талақай, жүн сабағандай етіп иемденген кері ауыздардың керенау сөздерін есту сол сұрапылдан аман келген ардагерлер үшін ауыр-ақ, ал соғыстан қайтпағандар рухы алдында масқара, ұят. Қасиеттеп, ардақтап келген киелілерімізді келеке еткеннен келісеріміз шамалы-ау.
Ұлы Жеңістің құнын түсіру – бүтін бір ұрпақтың жанқиярлық ерлігін мансұқ ету екенін де ұмытпайық! Келешегіміз алдында күпір болмайық, жетім мен жесірдің көз жасын ұмытпайық, арманда кеткен атамыз бен әкеміздің, ағамыз бен әпкеміздің аруағынан ұялайық! Өмір бойы баласын күтіп, өлдіге қимаған өр аналарымыз ең соңғы үміттерін қабірге бірге ала түсті, солардың үзілмес үмітін желге ұшырмайық. Аналарымыздың ақ жаулық – арын құрметтейік.
Соғыстан қайтқан солдаттар, арамызда жүрген ардақты ардагерлер! Саптарыңыз сиремесінші, сағыныштарыңыз күйремесін!