Бұрын «семіздік» дегенде көз алдына америкалықтар мен италиялықтарды елестеткен бүгінгі қазақстандықтар үшін қазір бұл өз бастарындағы басты проблемаға айнала бастады. Себебі біздің елде 55% ересектер мен 22% балалар артық салмақ жинап, басым бөлігі семіздікке ұшырап үлгерген. Бұл дегеніңіз бар-жоғы 17 млн халықтың 9 миллионға жуығы артық салмақ пен семіздіктің зардабын тартып отыр дегенді білдіреді.
Осыдан 10 жыл бұрын АҚШ-тың 62% тұрғыны семіздікке ұшырағаны анықталып, бұл мәселе ұлттық қауіпсіздік проблемасы ретінде қарала бастаған. Кейіннен осы елге Президент болып сайланған Обама мен елдің бірінші ханымы тікелей араласып, семіздікпен күресу шараларына жүздеген млрд АҚШ долларын жұмсаған. Біздегі жағдай қазір де оңып тұрған жоқ. Ал егер осылай жалғаса берсе, Американы басып озар түріміз бар. Мамандар бүгін қолға алмасақ, ертең мәселені шешу өте қиын болатынын айтады. Шетелдік сарапшылардың зерттеу нәтижесіне қарағанда, әлемдегі өлім-жітімнің 60%-ы дұрыс тамақтанбай, артық салмақ жинап, семіздікке шалдығудың салдарынан пайда болған аурулардан болады екен. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, қан тамыр, асқорыту мен жүрек аурулары, қант диабеті мен сүйек сынғыштығы, тіпті қатерлі ісік ауруларының басым бөлігі семіздіктен пайда болады екен. Әсіресе жасы 10-ға келмеген балалардың арасында мұндай қауіп аса жоғары. Мамандар «адамның семіздікке ұшырауы сапасыз өнім мен фасфудты жиі қолданудан болып отыр» дейді.
Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик:
– Қазір дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын сақтауға көпшілік мән бермейді. Семіздіктің қалай пайда болатынын білмейтіндер жетерлік. Әйтпесе семіздік аз немесе көп мөлшерде тамақтанудан пайда болмайды, яғни ол елдің экономикасына, ұлтына, жасына қарамайды. Ол дұрыс тамақтанумен, күнделікті пайдаланатын тағамдарымыздың сапасымен тығыз байланысты. Күнделікті тұтынатын тағамдарымыздың барлығы дерлік сапалы деп айту қиын. Ал мектеп жасындағы балалар газды сусын мен фасфудты жеуге әуес. Бұл – семіздікке бастайтын алғашқы қадам. Халқының басым бөлігі семіздік дертіне шалдыққан шетелдердің ғалымдары семіздікпен күресуге шылым шегетіндермен күресу үшін жұмсалатын қаржыдан бірнеше есе көп шығын шығатынын айтуда. Сондықтан бұл мәселеге үстірт қарауға болмайды.
Тағамтану саласының ақсақалы, Т. Шармановтың айтып отырғаны негізсіз емес. Өйткені АҚШ-та семіздікпен күрес үшін 114 млрд доллар шығындалса, шылым шегетіндермен күрес үшін 45 млрд доллар жұмсалған екен. Семіздік қаржылық мәселе ғана емес, ол – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Өйткені семіздік қаржылық шығынға ғана ұшыратып қоймай, жұмыс күші мен демография тұрғысынан да орасан зор шығын келтіреді. Олай дейтініміз, артық салмақты адамдар ауруға бейім, олардың еңбек тиімділігі төмен, көп жағдайда еңбекке жарамсыз, өмір сүру ұзақтығы да төмен екені ғылыми тұрғыда зерттеліп, дәлелденген. Зерттеу нәтижесі жұмыс берушілердің семіздерге қарағанда орташа салмақты немесе арық адамдарды қызметке көп алатынын және семіз адамдарға қарағанда арықтардың ұзақ өмір сүретінін көрсеткен.
Фасфуд орталықтарын жаба алмаймыз
Бір қызығы, балалар мен жасөспірімдердің, тіпті ересектердің арасындағы семіздіктің өршуіне бірден-бір себеп болып отырған фасфуд, газды және энергетикалық сусындар екенін біле тұра, олардың сатылымына тыйым сала алмаймыз. Әйтпесе бір Алматы қаласында әрбір жоғары оқу орнының маңында бестен, оннан фасфуд орталықтары бар. Ал Ұлттық дұрыс тамақтану орталығы таратқан мәліметтерге сүйенсек, жастар арасында денсаулыққа аса үлкен зиян келтіретін тамақтар мен сусындарға деген сұраныс жоғары. Мысалы, еліміздегі әрбір үшінші оқушы қалтасындағы ақшасын фасфудқа жұмсаса, әрбір үшінші бала кем дегенде аптасына бір рет тәтті, газдалған сусын ішеді, ал әрбір оныншысы энергетикалық сусындар сатып алады екен. Отандық мамандардың айтуынша, қазір фасфуд жастардың, студенттер мен оқушылардың үнемі жейтін сүйікті тамағына айналған. Біздің елдің 60% студенті күнделікті жылдам әзірленетін тағамдармен ауқаттанса, әрбір жетінші студент газдалған және энергетикалық сусындарды үзбей ішетін көрінеді. Соған қарамастан, шетелдіктердің алып келген кәсібіне тыйым салып, оқу орындарының маңынан алыстата алмаймыз. Себебі бәрі де заңды жолмен жұмыс жасап отыр.
Санжар Боқаев, Алматы қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы:
– Бізді студенттердің арзан және жылдам тамақтана салуды әдет қылғаны қатты алаңдатады. Әрбір жоғары оқу орнының жанында 5-10 фасфуд даярлайтын орын бар, дегенмен олардың жұмысын тоқтата алмаймыз, тіпті санын қысқартудың өзі оңай болмай тұр. Себебі бәрі де заңды жолмен ашылған. Бұл – нарыққа әбден терең тамырланып алған кәсіптің бір түрі, сол үшін онымен күресуден бір сәтке де қол үзуге болмайды.
P.S.
Әлемнің бірқатар елінде фасфуд сатылымына тыйым салынды, жақында көршілес Ресей де жылдам әзірленетін тағамдар мен энергетикалық сусындардың жарнамасы мен сатылуына тыйым салу жөнінде мәселе көтерді. Ал біздің ел қашан бас тартары белгісіз, әзірше дұрыс тамақтану бойынша ақыл-кеңес айтқаннан басқа амал жоқ. Бәлкім, бұдан былай бұл мәселеге Үкімет араласып, оң шешімі табылар.