Семей полигонынан зардап шеккендерге қаржылық көмек көрсетіледі
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл жайында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Гарифуллин айтты.
«Мәслихат шешімінің жобасында Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен тұлғаларға атаулы даталарда 2,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсету көзделген. Бұл санатқа зейнеткерлер мен бір реттік әлеуметтік өтемақы алушыларды қосамыз», деді ол қалалық қоғамдық кеңес отырысында.
Оның айтуынша, аталған әлеуметтік көмек жүзеге асқан жағдайда қала бюджетінен 6,4 млн теңге қажет болады.
Бұл мәселені Семейде зардап шеккендер қоғамына кіретін қоғамдық бірлестік көтерген. Қазір шара қоғамдық кеңес талқылауына шығарылған.