Жастар арасындағы төбелеске қатысы бар деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылған Алмат Ақтаевқа елдің 9 облысындағы ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағалары араша сұрап жатыр. Олар арнайы петицияға қол қойған. Сотталушының жақындары мен қорғаушылары әділдік іздеп Алматыға келді. Айтуларынша, Ақтаевқа тапсырыспен айып тағылды.
Ауған соғысының ардагеріне араша сұраған петиция бүгін тоғызыншы облыс Алматымен толықты. Елдің түкпір-түкпіріндегі ауған соғысының ардагерлері әріптестерінің ақталғанын талап етуде. Айжамал Ақтаеваның әділдік барына үміттен күдігі ұлғайған. Өйткені, күйеуі Алмат Ақтаевты айтуынша жастар төбелесіне қатысы бар деп нақақтан нақақ соттаған дейді.
Айжамал Ақтаева, А. Ақтаевтың жары:
- Қорғаушыларының тауып отырған дәлеліне қарамай 4 жыл бас бостандығынан айырып отыр. Біздің ойымызша бұл Қызылорданың ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің, оның басшысы Сүлейменов Ғани алдында күйеуімді өзі бопсалап жүрді. Оны күйеуім маған айтып келіп отыратын. Сондықтан тапсырыс деп есептейміз.
Даудың басы алдыңғы жылы басталған. Ауылдастар арасында төбелес болады. Бастапқыда бұзақылық бабымен іс қозғалады. Төбелескендердің бірі Ауған соғысы ардагерінің жүргізушісі. Бірақ, бір қызығы Ақтаев жанжалға қатыспаса да айыпты деп танылады.
- Сотталушы Ақтаев ҚР ҚК 194 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылсын. 4 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалсын.
Үкім залдағыларды аң-таң қалдырды. Ашынғандар ашудан тіптен сот залында талып жатты. Алмат Ақтаев сотталуын тапсырыспен байланыстырады.
Шолпан Балкеева, адвокат:
- Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасының басшысы Ғани Сүлейменов пен Ақтаев Алматтың жеке бас араздығы негізінде туындап отыр. Осы қылмыстық іске қатысты деген Валил Шамил деген азамат бар. Шамил Ақтаев Алматта жүргізуші болып жұмыс істейді. Міне сол негізінде Ақтаев Алматты қосып отыр.
Ауылдастар арасындағы жанжалдың соңы төбелеске тікелей қатысы бар жігіттердің жеті жылға сотталуымен аяқталды. Ауыл ақсақалдарынан бастап қазір тұрғындар да сот шешіміне қарсы қол жинап жатыр. 16 шілдеде апелляциялық сот өтеді. Ауған соғысы ардагерінің жақындары ол жақта да қайыр болмаса, Жоғарғы сотқа дейін барамыз дейді.