Қытай жігітіне күйеуге шыққан Айжан Райымбекова өзінің отбасы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Baq.kz pandaland.kz сайтына сілтеме жасап.
«Алматыда туып-өстім. №73 орта мектепті бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде бакалавриат пен магистратураны тәмамдадым. Университетке оқуға түскенге дейін қақ-соқпен ісі жоқ, тұйықтау қыз болдым. Құрбыларым да аз еді. Алайда мектеп бітіріп, студент атанғаннан кейін өмірім басқа арнаға бұрылды. Қоғамдық жұмыстарға араласып, жаңа қырымнан таныла бастадым. 2007 жылы тағылымдаман өту үшін Бейжіңге аттандым. Болашақ жарыммен де сол кезде танысқан едім. Бізді ортақ досымыз, менің жерлесім таныстырды. Жерлесім Қытайда алғашқы студенттер ұйымының негізін қалаған еді, оның жақын досы ретінде жұбайым да біздің іс-шараларға жиі қатысып тұратын. Қазақстан мен қазақтың мәдениеті оған жақын болды, оқуға келген қазақтармен жақсы тіл табысатын. Басында біз жай ғана дос ретінде араластық. Кейін магистратураны тәмамдап, Бейжіңге жұмыс істеуге келгеннен кейін, достығымыз махаббатқа ұласты», - дейді ол.
Бүгінде екі ұлды дүниеге әкеліп, бір отбасының ұйтқысына айналған қазақ қызы ата-анасы күйеу балаларын қалай қабылдағанын айтып берді.
«Шетелдікке тұрмысқа шығатыныма отбасым үзілді-кесілді қарсы болатын шығар деп қатты уайымдадым. Оның үстіне, қазақтар қытайларды жақтыра бермейді ғой. Бірақ, ата-анам болашақ жарымды қуана-қуана қабылдады. Күйеуім өзінің қарапайымдылығымен, адамгершілігімен, қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүріне деген құрметімен жақындарымды баурап алды. Түптеп келгенде, барлық ата-ана баласының бақытты болғанын қалайды емес пе. Менің отбасым да таңдауыма түсіністікпен қарады», - дейді Айжан.
Қытай азаматына тұрмысқа шықса да, Айжанның екі ұлы Қазақстан азаматтары екен, төлқұжатта да қазақ деп көрсетілген.
«Балаларым Қазақстан азаматтары, төлқұжатта қазақ (Арсалан – үлкені, Тамерлан – кіші ұлы) деп көрсетілген. Жұбайым бұған қарсы болмады, керісінше құптады. Балаларым қытай, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлейді, қазақ тілін аздап қана біледі», - дейді ол.