Қазақтың бойы қанша сантиметр?

Қазақтың бойы қанша сантиметр?

Бой туралы ой қозғасақ алдымен мына бір оқиға еске түседі. Қазақтың атақты ғалымы Қаныш ағамыз жолсапармен Англия жеріне қадам басқан. Кезекті қонақасының бірінде сол жердің азаматтарының бірі «Қазақ деген халықтың барлығы сіз секілді ірі ме» деген сауал қояды. Қалт айтса да қалып айтып көрмеген қазақтың ұрпағы Қаныш ағамыз сол жерді іркілместен жауап қайтарып, әлгі сауал қойған адамға «Мен өз ұлтымның ішіндегі ең бәкене бойлысы едім. Олар менен әлдеқайда биік» деген екен. Ол кісінің бұл әңгімесі құр босқа айтыла қоймаған шығар. Өйткені, біздің халқымыз өткен ғасырдың бастапқы кезеңінде қазіргіден ұзын болған деген деректер оқта-текте айтылып қалады. Әрине, тап сол уақытта аталмыш тақырып қаншалықты зерделенді, біз оны біле бермейміз. Білетініміз, қазақтың жақсы мен жайсаңдарының көбісі ұзын бойлы болған екен. Әрине, бұл тақырып бізді ойландырады. Сол сауал төңірегінде ойлануға тура келеді. Шынында, біздің ұлтымыз қандай бойлы халыққа жатады? Мұндай қызық тақырыпты "Алаш айнасы" кезекті мәрте қозғап отыр бұл бойға қатысты.
Бұл тұрғыда антропология ғылымының алатын орны ерекше. Өйткені, өткен шақтағы өмірді безбенге тартып, бұл тұрғыда нақты жауап табатын ғылым саласы көптеген сауалдардің түйінін тарқатады. Біздің ғалымдар археологиялық қазба жұмыстарының барысында табылған сүйектердің көбісі ұзын бойлы адамдардың қаңқалары болғанын жасырмайды. Орталық Қазақстан өңірінде жүргізілген зерттеулер барысында осындай жағдайлар кездескен. Онда табылған адамдардың қаңқаларының ұзындығы 2 метрден кем болмаған екен. Сондай-ақ, жамбас сүйектерінің өзі бір метрге жуықтаған адам қаңқалары байқалған.
Бұл сөз тектен-текке айтыла салған әңгіме емес. Түбі бір түркі жұртының түпкі мекені – Түркістан шаһарында орын тепкен Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде ілулі тұрған найзаның ұзындығы 2,5-3 метрге жуықтайтынын талай мәрте байқаған едік. Сол бір сәттерде мына найзаны қандай алып адам ұстаған деген сауал тіл ұшына орала кеткен. Елдің арасында айтылатын кейбір аңыздарда әулиелі кейбір адамдардың біразы ұзын болғаны тілге тиек етілген. Тіпті, олардың арасында түйеге мінгенде аяғы жер сызып жүретіні де болған деседі. Әйтеуір, көкейдегі сауалымыз бізді сан сауалға жүгіндіреді. Әрине, бұл тұрғыда әзірге нақты жауап та айтыла қоймас.
Елімізге белгілі антрополог ғалым Оразақ Смағұлов ағамыз Қазақстан жерінде осыдан 23-25 мың жыл бұрын жеке алып адамдар болғанын айтады. Олардың барлығы дерлік 2 метрден төмен болмаған деседі. Мұндай адамдардың табылған сүйектері де кездескен. Әрине, бұған қарай отырып, тұтас бір ұлттың бойы сондай болған деп жорамал жасау қисынға келмейді. Өйткені, төбесі көк тіреген алып адамдар әрбір ұлтта кездесіп қалуы ғажап емес. Қазақ халқының аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарында батырлардың барлығы дерлік алып денелі, еңсегей бойлы болғаны суреттеледі. Шынында, солай болған ба екен? Бірақ, оны кім білген? Бәлкім, оның астарында шындық та жатқан шығар-ау. Бұл тұрғыда ғалымдар тыңғылықты зерттеу жүргізе жатар деген ойдамыз.
Байқасаңыз, Азия құрлығында тұратын халықтың көбісі бәкене бойлы болып келеді. Оған не себеп? Біздің қазақ та сондай ұлттар қатарына жатқызыла ма? Демограф ғалым Мақаш Тәтімов қытай мен жапон ұлттарының еркектері арасында қапсағай денелісі сирек кездесетінін айтады. Оның себебі де бар. Себебі, бұл ұлттар негізінен жеміс-жидекті қорек етеді. Ал қазақ халқы ежелден ет пен сүтті тұтынған. Соның негізінде Азия халықтары арасында сүйегі ірі ұлттың бірі болуы мүмкін деген әңгімелер айтылады.
Рас, қазақ халқының бойының орташа ұзындығы 170 сантиметр екені белгілі. Ал жаңа біз сөз еткен жапон мен қытай жігіттері 159-165 сантиметр аралығында көрінеді. Ендеше, біздің ұлтымыз кейбір халықтармен салыстырғанда бойшаң екенін аңғару қиын емес. Жер жүзі балуандарынан басым түсіп, түгелге дерлігінің жауырын жерге тигізген Қажымұқан атамыздың бойы 2 метр, салмағы 215 келі болғаны талай кітаптарда айтылып жүр. Осы деректердің өзі көп жағдайды аңғартады. Әрине, ұлтымыз ұсақталып кете қоймағанына шүкірлік етеміз. Жылма-жыл елімізде өтіп жатқан «Қазақстан барысы» сайысында талай алыптарды көзіміз көріп жүр. Күрес дегенде түн ұйқысын төрт бөлетін ағайынның айызын қандырып, талай жақсы күрес өнерін тарту еткен Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Ұлан Рысқұл, Руслан Әбдіразақов сынды алып денелі жігіттер біздердің мақтаныштарымыз. Алтын құрсақты аналарымыз алыптарды да дүниеге алып келе алатынының басты дәлелі осы болса керек-ті.
Ғалымдардың хабарлауынша, дүниежүзінде бойшаң бойлы халық голландықтар екен. Осы мәселені зерттеп жүрген адамдар олардың орташа бой ұзындығы 185 сантиметрге тең деп бағалаған. Расында да, біздің еліміздің футболдан ұлттық құрамасы еуропалық әріптестерімен кездесу өткізген кезінде олардың біздікілерден бой ұзындығы анық байқалып қалады. Әсіресе, Скандинавия түбегінде орын тепкен елдердің спортшыларының биіктігі аңғарылады. Жалпы, голландықтардың бой ұзындығы америкалықтар мен ағылшындардың өзінен 10 сантиметрге жоғары екен.
Қазақ қысқа бойлы ұлттардың қатарына жатпайды. Дегенмен төбеміз көк тіреп тұр деп те айта алмаймыз. Қазақы болмысымыз бойынша орта бойлыға жатамыз. Ғалымдар бұл тұрғыда алаңдарлық жайдың жоқ екенін көлденең тартады. Өйткені, әлем халықтарының барлығында соңғы уақытта 10 сантиметрге ұзару үрдісі байқалады.
Рас, бұл тұрғыда әлі де зерттеу жүргізуіміз тиіс. Сонда көптеген сауалдың түйіні шешіледі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста