Тақырыптың тұздығы:
Гомель облысынан 1994 жылы 9-сыныпта оқитын Диана Балыконың «Чернобыл және менің тағдырым» атты шығармасын назарларыңызға ұсынамын.
«1992 жылдың ақпан айында мені Брагиннен Гомель ауруханасына алып келді. Бөлмеде төрт кісі болдық. Бәріміздің диагнозымыз—лейкоз екі күннен соң, қасымдағы екеуін бір жаққа алып кетті, біз Оля екеуміз қалдық.
Бір күні Оля маған:
– Диана, сенің өмір сүргің келе ме? Тек жыламашы өтінем, таяуда өлетінімді сезетін сияқтымын, сен қалай ойлайсың? Өлім қорқынышты ма? Түнде түсімде неше түрлі дыбыстар, дәрігерлердің дауысы естілді. Таңертең тұрсам, тағы бір бос кереуетті көрдім, ішкі жан-дүнием алай-түлей болып кетті. Ертең мен 15-жасқа толамын. Ал бүгін дәрігер маған ауруханадан шығаратынымды айтты, анам болса жылады. Үйге Брагинге келдік.
Анам сіңілісі ұл туғанын айтты, барып құтты болсын айтуымыз керек деді. Себебі олар тұңғышын көп күткен. «Галя, Галочка»--деп анам сіңілісін құшақтады. Галя ұлын анама көрсетті, сүйтсем әлгі баланың басы үлкен денесі кішкентай құбыжыққа ұқсап тұр. Мен шошып далаға атып шықтым. Қанша жүгіргенім белгісіз есімнен айырыла жаздадым. Бізге не істеп жатыр, ақырзаман деген осы ма? Мен тағы жүгірдім, сүрініп кетіп мұздай жерге құлап түстім, сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Менімен қосылып қара аспанда жылап тұрды. Қараңғы түсе бастады. Мен қатты айқаладым;
– Отанымды қайтарыңдар! Жалаң аяқ көк майса шөпте жүргім келеді, таза суын ішіп жуынсам деймін. Аспан сен мені естимісің?...Құрып кеткір Чернобыл!..»
Осы кішкентай белорус қызының шығармасын оқып көпке дейін өзіме келе алмадым. Осындай адамның үрейін ұшыратын әсерді Қазақстандық балаларда сезінген. Қоршаған ортаны тазалаудың орнына тағы да сол баяғы Семей полигонындай АЭС-ты Балқаш пен Курчатовтың ортасына құрғысы келетінін 16 қаңтар күні Парламент қабырғасында депутаттарға Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев ұсынысын айтты. Бірақ депутаттардың жаңбырдай жауған сұрақтардың астына қалды. Әсіресе, депутат Айткүл Самақова «Бүкіл әлем бас тартып жатқан АЭС-тың Қазақстанға керегі не? Және қалдықтарын қайда жібермексіз?».
Ал, Бақытжан мырза «АЭС-тың Қазақстанға тиімді жағын айтып, қалдықтарды Семейге жібереміз орнын дайындап қойғанмыз деп шыр-пыр болды». Ресми деректерде АЭС-ның тек жақсы жақтарын мақтап БАҚ-да «Атом энергетикасы—экология жағынан таза энергетика»--деп жазып та, айтып та жатыр. Сүйтіп, қоғамдық жақсы пікір қалыптастырғысы келеді. Бүгінгі күні атом энергетикасы өте қауіпті екенін, 2012 жылы Жапонияда орын алған «Фукусима-1», «Фукусима-2» апат есімізде. Атом энергетикасы экономикалық жағынан тиімсіз және бұқара халқының денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Атом энергетикасының пайда болуы туралы аз сөз
Атом – бомбаға энергия жетіспегендіктен азық ретінде пайда болған энергетика еді. Оны қазіргі таңда, АҚШ, Франция, Ұлыбритания және КСРО ғалымдары мойындап отыр. Атом энергетикасының пайда болуына қаншама қыруар қаржы шығындалды десеңізші, қазба жұмыстарынан тыс, институттар мен заводтар ашылды. Оған аса дайындықтан өткен мамандар тартылды. Кейінірек атом энергетикасы атом бомбасын дайындауға ауыстырылды. Нәтижесінде атом энергетикасы мемлекетке қомақты табыс әкелді.Бір ғана Францияның өзіне 30 млрд доллар болса, АҚШ-қа 50 млрд доллар болды. Осылай фантастикалық табыс басқа салалардың көзін жойды. Атом энергетикасының дамуы АҚШ пен КСРО-ның саяси емес, әскери қаруланудағы жарысы еді, әсіресе, 1960-шы жылдары қатты дамыды. Н.С. Хрушевтың Нью-Иорктың мінбесінен «Көздеріңе көк шыбынды үймелетіп, анаңнан туылғаныңа пұшайман боласыңдар»--деп аяқ киімін шешіп алып, мінбесін ұрғаны да осы тұс еді.
1990- шы жылдары дамудың шегіне жетіп қарулануды тоқтату туралы шешім қабылдады, өйткені атом энергетикасы мемлекеттің қазынасына әсер етпей тұра алмады. АҚШ-«Три Майл Айлендте» КСРО-да Чернобылдағы апат қаншама адамға қайғы әкелді, мемлекеттің қаржысын ысырап етті.
Әлемдік тәжірибе
Бүгінде көптеген дамыған елдер АЭС қарсы болып отыр. Өйткені, экономика мен экология жағынан тиімсіз болып тұр. Соңғы 30 жылда АҚШ-та 108 атом энергетикасына байланысты құрылыс тоқтап қалды. 1999 жылы АҚШ-та 16 АЭС жабылып қалды. 2001 жылы Италия, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швеция, Испания, Греция, Польша, Мексика және Бразилия елдері АЭС құруға қарсы билікті көндіріп шешім қабылдауға мәжбүр етті. Соңғы Германиядағы 19 станция Швециядағы 12 станция 2012 жылы жабылды. 1985 жылы Австриядағы жалғыз АЭС жұмыс істемей жатып тоқтап қалды, себебі ол бүкіл Еуропаға қауіп тудырды.
Назарбаев университетінің профессоры Александр Моррисон мырзаның сөзіне қарағанда, «Еуропада халқының денсаулығын бәрінен жоғары қояды, ал Қазақстанда бір Аллаға аян».
АЭС құрылысының технологиясы
АЭС-ты құру 10 жылдан көп уақытты және қомақты қаржыны талап етеді. АЭС 20% электрэнергияны жағады, іске түскенде, тағы 80% қосылады, 30-35 жыл қызмет етеді. Одан кейін 10-15 жыл дем алу керек. Сонан соң, абайлап бөлшектеу қажет, құруға қанша ақша кетсе, бұзуға да сонша ақша керек. Радиоактивті қалдықтарды қайда? шығарып тастау керек, ол да өте зиянды. АҚШ билігіне Барак Обама келгелі АЭС құруға тоқтау жасалды. Ресейде бір кілә қалдықтың құны 80 долларға тең.
АЭС-тың экономикасы
Бүгінде Ақтаудағы АЭС 1997 жылы 25 жыл жұмыс істеп тоқтатылған. АЭС-тың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс бюджетінен жылына 660-690 млн теңге бөлініп қарапайым халықтың салығынан алынып отыр. Маңғыстау облысында электрэнергия басқа облыстарға қарағанда, үнемдеу үшін екі есе арзан. Табиғи газбен де қамтамасыз етілген. ГРЭС-ке қарағанда, АЭС-ке төлем 6-8 есе қымбат. Жыл өткен сайын атом энергиясы да қымбаттай бермек.
Бізге нені ұсынып отыр?
Екі жыл бұрын Ақтау қаласында АЭС құру туралы жиын болды. Су жаңа станция ВБЭР-300 салуға ұсынды. Ресейден келген Фадеев Юрий Петровичке «Осындай станциялар Ресейде бар ма? қанша уақыт жұмыс істей алады?» деген сұрағыма, қашқалақтап қиналып жауап бергендей болды. «Бұндай станция еш жерде жоқ, әзірге қағаз жүзінде ғана бар»--деп қояды. Бірақ, жауабы мені қанағаттандырмады. Залда отырғандар да наразылық танытты.
Орнымнан тұрып «Ресей тағы біздің елді сынақ алаңына айналдықмақшы, соншама Ресейде жер жетпей ме? Владивосток пен Калининградтың арасы 18 000 шақырым қалаған жеріңе АЭС-ты сала берсін. Апатты қолдан ұйымдастыруы да мүмкін, олар оған әбден машықтанып алған, жабдықтар мен мамандар Ресейден келеді, тағы миллиардтаған қаржы талап етеді. Неліктен біз өз-өзімізді сыйламаймыз, Ресейліктер келіп алып білгенін істегісі келеді «жуас түйе жүндеуге жақсының» кері. 70 жыл бізді пайдаланғаны жетер. Біздің ел үшін мүлдем тиімсіз, Ресейге пайда әкеледі, бізге мәңгілік радиоактивті зиян қалдықтарға уламақшы» дедім.
Ақтау қаласы шетте орналасқандықтан, апат жағдайда қала халқын тез арада басқа жерге көшірудің өзі мүмкін емес. Жанында Каспий теңізі тиіп тұр, радиоактивті бөлшектер суға тисе, «Қуырдақтың көкесін сонда көресің» демекші, бәрі бітті дей бер. Ақтау халқына әлі күні БН-350-мен уланған жерде тұрып жатқаны үшін әлеуметтік қолдау ретінде әрбір тұрғынына ақша төленуі туралы сөз болған емес, болмайтында шығар. Апат болған жағдайда әрбір тұрғынның өмірі мен денсаулығын сақтандыру олардың өңі түгілі түсіне де кірмеген. Балқаш пен Курчатов арасына АЭС құруға қызығушылық танытып отырған, энергетика министрі Владимир Школьник мырза өз аузымен емес, орынбасары Бақытжан Жақсалиев қазақтың аузымен айтқызып отыр. Өйткені, қаржылық құйтырқының арқасында қомақты қаржыға кенеледі, «Маңғыт аузыңа саңғыт» деп Виктор Храпуновтың ізін қуып Швейцариядан бір-ақ шығады. Себебі осыған дейін шетел қашқандар қаншама.
«Есек ылайдан өтті, қу кетті» деп қоянның суретін салып кетеді. Жер сипап біз қаламыз. Осылай өзіміздің көрімізді өзіміз қазбақшымыз немесе ағаштың басына отырып алып, ағаштың астын кесіп отырған Қожанасырдан аумай қалдық.
Ресей АЭС-тен қалай құтылып жатыр?
«Атомстройэкспорт» Ресейде және шет елдерде АЭС құрумен айналысады. Калининдық (2007 жыл), Нововоронеждық (2009 жыл), Волгодондық 1979-2009 жылдар аралығында АЭС құрғанда арзан материалдарды қолданған, тұтынушылардың бәрі наразы болған. 2009 жылдың желтоқсан айында Волгодондық АЭС-те апат болды. Өйткені, материалдардың тозығы әлдеқашан жеткен. Жаңартайын десе, қаржы жеткіліксіз.
Сондықтан 2010 жылдың 10 қаңтар күні Қытайдың Тяньван провинциясында 10 жыл Ресей мамандары құрған АЭС-те апат болды, қытайлар орыстарға қайтадан істеуге мәжбүрледі. Осылай қытайлардың алдында орыстардың абыройы айрандай төгілді. Осыдан кейін дүниежүзі бойынша ешкім Ресеймен келісім шартқа отырмайтын болды. Енді келіп Қазақстанды жағалап жүргені. АЭС құру Қазақстанның болашағы жоқ дегенмен бірдей естіледі маған.
Чернобыл апаты 28 жылдан 500 млрд доллар құрап отыр. Украина әлі күні мемлекеттік қазынадан 5%, Белоруссия 10%, Ресей 1% бөліп отыр. Ресей АЭС-і 1992—2004 жылдар аралығында 300 рет апат орын алған. Жапониядағы оқиғадан кейін Швейцария, Франция, Италия, Австрия мен Австралия АЭС құруға тыйым салды. Тек Иран, Қытай Үндістан елдері атом клубы мүшелігіне өткісі келеді.
АЭС-ты ауыстыратын не бар?
Елдің қауіпсіздігі халықтың денсаулығы үшін энергия көздерін 60 мемлекет күннің көзінен самал желден алып отыр. Соңғы 10 жылда желдеткіштердің күші 30% жоғарылаған. Германия, Испания, АҚШ, Дания, Үндістан бір ғана Италияда желдеткіш станцияның қуаты 1500 МВт, осылай 7 млн доллар мұнайдың бағасын үнемдеп отыр.
АҚШ-тың желдеткіш станциясының төрағасы Бил Ричардсонның сөзіне қарғанда «2017 жылға қарай желдеткіш станцияларды көптеп салуды билікке ұсынып отырмын, өйткені олардың өміршеңдігіне дау жоқ» дейді. ТМД елдер ішінде желдеткіш станциялары көп ел Украина. Қазақстан барлық жағынан желдеткіш станцияларды салуға жақсы жерде орналасқан дейді мамандар.
Желдеткіш станциялар сұйықтықты талап етпейді, атмосфераға улы газдар мен қатты қалдықтарды шығармайды. Қазақстан табиғи самалға бай, желдің қуаты 8-10/cек, Еуропа елдерінде 4-5/сек. Сондықтан біздің ел үшін желдеткіш станциялар көптеп салу керек, әрі арзан ауаны ыластамайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ халқын жаңа XXI-ғасырда аяғынан тік тұрып, өзге елдермен терезесі тең боларын ойласақ, АЭС құруға үрім-бұтағымызбен қарсы шығып, ақ аюдың жемтігі болудан аулақ болған абзал.