Астанада «Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасы таныстырылды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Halyq Uni.kz-ке сілтеме жасап.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, отбасын қолдау орталықтарының қызметі бойынша респонденттердің 70%-дан астамы олардың қызметтерін пайдаланбағаны, 19,3%-ы бұл орталықтардың бары туралы алғаш рет білгені, сұраққа жауап бергендердің тек 7,1%-ы көмекке жүгінгені анықталды, - деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Нұрбек Матжани ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Зерттеу барысында Ақтөбе облысы мен Алматы қаласы тұрғындарының аталмыш орталықтардың қызметінен бейхабар екені белгілі болды.
Орта есеппен барлық жастағы қазақстандықтардың шамамен 25%-ы азаматтық некеге оң көзқарас танытты, ал 30%-дан астамы оған бейтарап ұстаныммен қарайды. Азаматтық некені респонденттердің 32,8%-ы қолдамайды, - деді басқарма төрағасы.
Ұлттық баяндамада балалармен бірге үнемі уақыт өткізу көрсеткіші әйелдерде – 44,5%, ерлерде – 25,6% деп жазылған.
Бала тууды жоспарлау бойынша сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73,5%-ы бала тууды жоспарлау керек деп санаса, 15,2%-ы жоқ деп жауап берді. 11,3%-ы бұл сұраққа жауап бере алмады, – деді Нұрбек Матжани.
Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 54,1%-ы әкенің отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуі маңызды екенін айтқан.