Қаңтар оқиғасында елді қорғаған әскери қызметкер Президенттен көмек сұрады
Қаңтар оқиғасы кезінде Шекара қызметінің әскери қызметкері Мәди Қалантаев бұйрықты орындау барысында әскери техникамен байқаусызда адам қағып кетіп, оқыс оқиғаның арты зардап шегушінің өлімімен аяқталды., - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аzattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінде болған оқиғаға қатысты Әскери тергеу басқармасы Мәди Қалантаевты күдікті деп танып отыр. Осылайша істің сотқа өту қаупі бар. Өз кезегінде әскери қызметкер оқиғаның қалай болғанын айтып, әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.
«Қаңтар оқиғасы кезінде мен өзімнің әскери борышымды атқардым. 10 қаңтарда таңғы уақытта барлық БТР-ды елдің шекарасына жеткізу туралы бұйрық түсті, жаңа террористік актінің қаупі болды. Үш БТР техникасы үш түрлі бағытқа жол тартты. Сол БТР-дің бірін мен тізгідедім. Ол күні таңертең ауа райы тұман, жаңбырлы болды, жол дұрыс көрінген жоқ. Сонымен қатар, БТР-дың екі жағында әйнегі жоқ, ал алдыңғы терезесі кішкентай болғандықтан мен көшеден өтіп бара жатқан адамды байқамай, оны қағып кеттім. Бұл ауыр трагедия. Бұл жағдай менің мәңгі есмде қалмақ. Мұны мен маған жіберілген ең үлкен сынақ деп білемін», - дейді Мәди Қалантаев.
Оқыс оқиға болған сәтте Мәди техниканы бірден тоқтатып, БТР ішіндегі әскерилердің бәрі сыртқа шыққан. Олар оқиға орнына жедел-жәрдем қызметі мен полицияны шақырған. Алайда 57 жастағы азамат санаулы сәттен кейін сол жерде көз жұмған екен.
Полиция мен жедел-жәрдем қызметі келгеннен кейін әскерилер өз қызметтерін атқаруға кеткен. Әскери қызметкерлер тәулік бойы жұмыста болғандықтан қайтыс болған ер кісінің үйіне көңіл айтуға тек 10 күннен кейін ғана баруға мүмкіндік туған.
«БТР-де болған барлық жігіттерді барып көңіл айтып, кешірім сұратуға жіберді. Қайтыс болған кісінің отбасына барып, болған жайт үшін кешірім сұрадық. 4-5 күннен кейін қайтыс болған ер адамның әйелі хабарласып, мені кешіргенін және жағдайды түсінетінін жеткізді. Ұлы да кешірді. Менің де отбасым бар екенін түсінді», - дейді Мәди.
Десе де Әскери тергеу басқармасы 29 наурызда оны күдікті деп таныған. Ал Мәди Қалантаевтың адвокаты Әйгерім Тоқмолдинова мұндай шешімнің қисынға келмейтінін айтуда.
«Біріншіден ол кезде елде Төтенше жағдай болды. Екіншіден ол терорристік жағдайға жол бермеу үшін бұйрықты орындауға шықты. Асығыс болды. Үшіншіден оның тізгіндеген БТР техникасы полициямен бірге жүруі керек еді. Бірақ қаңтар оқиғасы кезінде ондай мүмкіндіктің болмағанын бәріміз жақсы білеміз. Иә, ол бағдаршамның қызыл түсіне өтті. Елде сондай жағдай болып жатқан кезде ол әрбір қызыл түске тоқтай берсе, діттеген жеріне дер кезінде жетіп үлгермейтін еді», - дейді қорғаушы.
«Ол бұйрықты орындады. Оған дейін ол Көктөбедегі телемұнараны, қалалық әкімдікті, президент резиденциясын қорғауға атсалысты. Ол өз өмірін Отан алдында қиюға дайын болды. Ал енді оны мемлекет керек қылмай отыр. Ол проблемасымен жалғыз өзі қалды. Зардап шегуші тарап оған ешқандай кінә тағып отырған жоқ, олар толықтай кешірімдерін берді. Неліктен қазір мемлекет қолдау көрсетпейді мұндай азаматтарға?», - дейді адвокат.
26 жастағы Мәди Қалантаевтың Шекара қызметінде жұмыс істеп жүргеніне 3-ші жыл. Әскери қызмкеткердің жары және 3 баласы бар. Өз кезегінде әскери қызметкердің жары күйеуі сотталған жағдайда балаларымен «далада қаламыз ба?» деп үрейленіп отыр.
«Сол кезде ол халықты қорғағаны үшін кінәлі ме? Бізді қайтыс болған кісінің отбасы түгелдей кешіріп отыр. Ол уақытта соғыс болып жатты, алай-дүлей заман болды. Бәріміздің жүрегімізде қорқыныш ұялады. Менің күйеуім үш баланың әкесі. Біз де далада қалғымыз келмейді. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден бізге көмек беруіңізді сұрамыз», - дейді жары Мақпал Қасымбекова.
Егер бұл іс Мәдидің пайдасына шешілсе, ол әскери қызметін бәрібір де тастамайтынын айтып, Мемлекет басшысынан көмек сұрады.
«Мен қоғамға қауіп төндірмеймін, болған жайтқа өкінішпен қараймын. Маған елдің игілігі үшін қызмет етуге мүмкіндік беруіңізді сұраймын», - дейді ол.