Пошташының айлығы шәйлығына қашан жетеді?
Бұрын ауыл-ауылдарға хат таситын пошташы деген құрметті мамандық болатын. Газет, журнал, хат, жеделхат, түрлі төлем қағаздарын жеткізіп беріп, алғысқа бөленетін. Төрткүл дүниенің жаңалығын газеттен тұщына оқып, хат алып, ағайын туыстың амандығын біліп ақжарылқап қалатын. Ауылдықтардың асыға күтетін адамы да пошташы еді. Ал бүгінде бұл маңызы кеткен мамандықтардың қатарында. Айлығы шәйлығына жетпейді, мардымсыз. Жұрт газет-журнал жаздырып алмайтын болды, интернет тұр төрде. Жаңалықтың нешеатасын да теледидардан сарнап айтып береді күн сайын. Хат жазу деген қалды. Оның орнына айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ұялы телефон бар. Сонымен пошташының қызметіне деген қажеттілік туындамайтын болды. Бүгінгі «пачтольон Печкиндердің» жағдайын «Алаш айнасы» зерттеп көрген еді.
Бұрынғы хат тасушы қызметін зейнетақы таратумен айырбастап мәртебесі бір көтеріліп еді. Енді оны да қажетсінбейтін түрі бар. Өйткені жұрттың басым бөлігі зейнетақы төлемдерін банкоматтан алатын болды. Ауылдағы бірді екілі газет жаздырып алатындарға соны тасымалдап күнін көріп жүр. Алатын айлығы 9 мың теңге. Ия, еліміздегі күнкөріс деңгейінің ең төменгі шегі 18 560 теңге болып келсе, пошташы соның ширегіне де жетпейтін соманы қанағат тұтуына тура келеді. Сондықтан да өзі-өзін ақтамайтын, шығыны көп ауылдағы байланыс тораптары жабылып жатыр. Мәселен, Жамбыл облысында биылдың өзінде 8 байланыс торабын жабу туралы бұйрық шығарылыпты. Кезінде байланыс тораптарына қатты көңіл бөлініп, даңғарадай ғимарат салынып, олар материалды техникалық базамен жарақтандырылған болатын. Ал енді соның бәрі ақшаны желге шашқанмен бірдей болып отыр. Пошта жүйесінің 2012 жылға дейінгі даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңірдегі ауыл аймақта 86 ауылдық пошта бөлімшесі салынған болатын. Заманауи техникамен жабдықталған осы бөлімшелер расында өзін-өзі ақтамайды да. Бұрынғыдай пошта қызметіне жүгініп, туған туысқа ақша салу деген бүгінде мүлдем жоқ, зейнетақысын темір терминалдан алады, газет-журналдарға жазылмайтын болды. Осындай себептерден кейін пошта ғимараты қаңыраған керексіз үйшікке айналып отыр. Сондықтан да пошташылықты ауылда қолы бос, айналысатын жұмысы жоқ азаматтар атқара беретін болды. Ал жастар... бұл салаға ат басындай алтын беремін десең де жоламайды. Өйткені біледі, табанынан таусылып зыр жүгіргенде алатын айлығы түкке де жетпейтінін. Бүгінгі балалар ұшқыш болам деп армандаса армандайтын шығар, бірақ пошташы болам деп қиялдамайды. Өйткені қадірі қашқан мамандық екенін біледі. Жамбыл облысының өзінде тек қана газет таратумен 600 қызметкер айналысады. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 2 000 мыңға жуық пошта қызметкерлері бар. Олардың арасында жастыр аз. Тым аз...
Жұртшылықтың басым бөлігі поштаның қызметі тек газет және зейнетақы таратумен шектеледі деп ойлауы мүмкiн. Негізінде пошта 50-ден астам қызмет түрiн көрсетеді. Депозит қабылдау, зейнетақы және әлеуметтiк жәрдемақыларды төлеу, салықты қабылдау, құнды заттарды тасымалдау, экспресс жолданымдар, курьерлiк қызметтен сияқты маңызды жұмыстарды атқарады. Атқаратын жұмысы маңызды болғанымен, алатын айлығы мардымсыз болып тұр ғой. Мәселе осыда. Бір қызығы пошта бастықтары, яғни аймақтағы филиалдардың директорлары 200 мың теңгеден астам айлық алады. Ал ауылдағы поштабайлар аз ғана айлықты місе тұтуға мәжбүр. Олай етпеске амалы да жоқ. Пошта қызмет түрлерiне сәйкес түскен табыспен нәпақаларын айырады. Қызметкерлердің жалақы мөлшерін «Қазпошта» АҚ орталық аппараты жасақтап бекітеді. Бүгінгі күні пошташылардың айлық еңбекақылары орташа деңгейде 29 783 теңгені құрайды екен. Бұл орталықтағы байланыс қызметкерлерінің алатын жалақысы. Ауылдағы пошташыныкі бұл деңгейге жетпейді. Қалада болсын, ауылда болсын бұл қызметті көбіне зейнетке шыққан, жасы ұлғайған жандар атқарады. Әйтеуір зейнетақыға қосымша болсын деген ниетпен. Осылайша кадр тапшылығы сезілмейді. Жастар тұрақтап жұмыс істей алмайды. Жалақыдан да бұрын бұл жұмыстың ауырлығына шыдамайды. Қаладағы көпқабатты 10 не болмаса 12 қабатты үйлердің көбісінде лифт жоқ. Жаяу көтерілуіне тура келеді. Оның үстіне пошташылық әрі қауіпті мамандық түріне де жатады. Өйткені жеке тұрғын үйде тұратындар иттерін бос қоя береді. Қызметкерлерді бірнеше мәрте ит қапқан жағдайлар да болған.
Пошта жәшігі – проблема
Былтыр ҚР «Тұрғын үй-коммуналдық саланың мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер енгізу туралы» қабылданған болатын. Сол заңда атап көрсетілгендей абоненттік пошта жәшіктері жалпы үлестік меншік құқығына ие пәтер иелеріне тиісті деп белгіленген болатын. Әкiмшiлiк пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы облыс орталығындағы қанша үйге пошта жәшiгi керек екенiн есептеп шығарып, арнайы қаржы қарастыруы керек. Тіпті кезінде бұл мәселе Үкіметтік деңгейде қаралып, премьер-министрінің кеңсе басшысы облыс әкімдеріне абоненттік пошта жәшіктерін орнатуға арнайы тапсырма да берген болатын. Әкімдік «Қазпоштамен» бірлескен жоба аясында өңірді абоненттік жәшіктермен қамтамсыз ету бағдарламасын да жасақтаған-ды. Алайда, ПИК әзірге тым-тырыс... Біткен ғимаратты қабылдап алатын комиссияның құрамында түрлі мамандар болады емес пе, оның сейсмикалық жағдайына байланысты беріктігін анықтайтын мамандардан бөлек, мүгедектерге жағдай жасалған ба, пандус салынған ба соны тексеріп қол қоятын мамандар болатыны белгілі. Сол сияқты көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілгенде «Қазпоштаның» қызметкерлері де комиссия құрамына ендірілген болатын. Осы талаптан кейін нысанды тапсырушы мердігерлер қазпошталықтарға да ат басын бұрып қол қойдыратын болған. Өз кезегінде пошташылар әрине тұрғын үйлерде пошта жәшіктері орнатылған ба, жоқ па соны тексеріп барып қана қол қоя алады. Өкініштісі бұл талапқа барлық құрылыс ұйымдары мән бермейді. Жүрдім бардым қарайды.
Айта берсек пошта қызметінің күнгейінен көлеңкесі көп. Ақ қар, көк мұзда жұмыс істеу қиын. Иттерден қашып. Олар тақымына темір тұлпар басып қызмет істемейді. Әрі оларға мұндай жағдай жасап беру ешкімнің де ойында жоқ. Жаяу жалпылап жүргендері сол. Әлемдік тәжірибе бойынша пошташының қоржынындағы газет журналдың салмағы 7 келіден аспауы керек екен. Осы талапты сақтай алып отыр ма, әй қайдам. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда оқырмандар газетке аз жазылатын болған. Оның есесіне жарнама мен салық салымдарының ескертулері көбейген. Тек біздің елімізде ғана емес ТМД ға қарасты елдердің бәрінде де пошташылардың айлық жалақылары мардымсыз. Бұл мәселе үнемі ел үкіметінің назарынан түспей келе жатса да шешімін табар түрі жоқ. Мәселен, мәскеулік пошташылар 14 мың рубль алатын. Бұрын. Былтырдан бастап оны 17 мың рубльге көбейтті. Ресейде пошташылардың айлығын көтеру мәселесі әлі де талқыланып жатыр. Пошташылар мен пошта операторларының айлығын үш жыл ішінде елдегі орташа айлық жалақыдан жоғарылату жөнінде шешім шығарып отыр. Мұны байланыс министрінің өзі көтеріпті. Ал біздің министрлік үнсіз...
Пошташыға ескерткіш...
Украинадағы Закарпат облысындағы аудан орталығы Перечинде пошташыға арнап ескерткіш қойылған. Бұл әлемдегі жалғыз ескерткіш. Әрі қайталанбас туынды. Ауылдық пошташы Федор Фекеттің құрметіне қойылған. 30 жыл пошташы болып істеген ол қыста мұздың астына түсіп кетіп қайтыс болған. Қызмет бабын атқарып жүріп. Бұл пошташыға деген елдің ерек құрметін көрсетсе керек.