Біздің еліміздегі ата-аналардың баласын мемлекеттік балабақшаға орналастыру үшін беретін жыл сайынғы парасының көлемі 1,5 млрд теңгені құрапты. Мұндай бас шайқатып, таңдай қақтырарлық соманы жемқорлыққа қарсы қоғамдық бірлестіктердің бірі «Қазпотребнадзор» орталығы таратып отыр.
Мәліметтерге жүгінсек, елдегі ата-аналардың 48 пайызы баласын балабақшаға орналастыру барысында жемқорлықтың шарықтап тұрғанын көріп, балабақшадан күдерін үзген. Ал ата-аналардың 13,2 пайызы үйінде қамалып отырған бүлдіршінін балабақшаға орналастыру үшін параны балабақша басшысына өздері ерікті түрде ұсынған. Ал 28 пайызы балаларын бақшаға орналастыру үшін тамыр-таныс іздеп, табалдырық тоздырғандарын жасырмайды. Сөйтіп, қоғамдық бірлестіктердің арнайы зерттеулері балабақша мәселесі өзекті бола түскенін одан әрі нықтай түсіп тұр. Ендеше, осы турасында біраз талдап көруді жөн көрдік.
Параның көлемі қанша болып тұр?
Сонымен, елдегі мемлекеттік балабақшаларға баланы орналастырудың ауырлығы қанша тұрады? Мұндай балабақшаларға баланы орналастыру үшін қанша пара беру керек?
Ресми деректер балаларды балабақшаға қабылдаудың орташа парасы бүгінде 33 мың 500 теңгені құрап отырғанын көрсетеді. Қайсыбір пара түрінің 5 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге бір-ақ шарықтайтын тұсы тағы бар. Бағамдасақ, балабақша мәселесінде ең қымбат пара алуда Батыс Қазақстан облысы (140 мың теңге) көш бастап тұр. Ал ең арзан пара алатындардың тізімінде – Шығыс Қазақстан облысы. Пара алуда 6000 теңгені қанағат тұтатын шығысқазақстандықтар ар-ұятты ойлады ма екен, әйтеуір бұл аймақтың ата-аналары «облыста балаларды балабақшаға орналастыру өзгелерден әлдеқайда жеңілдеу» депті.
Пайымдасақ, баласы бар әр отбасының басындағы жағдай осы. «Пара бересің, болмаса балабақшада орын жоқ» деседі мамандар.
Олай болса, мәселені шешудің қандай тетіктері бар? Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың бергені мен берері қандай?
«Балапан» бағдарламасы не берді?
Білесіздер, 2010 жылдан бері біздің мемлекетімізде мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту мақсатында «Балапан» бағдарламасы іске асырылып келеді. Жалпы, жоспар бойынша бұл бағдарламаның бізге берері мол болатын. Тиісті орындар 2014 жылға дейін елдегі балалардың 74 пайызын осы бағдарлама аясында балабақшамен қамтуды жоспарлап отыр. Тіпті «жекеменшік балабақша саламын» дегендердің өзіне осы бағдарлама аясында бірқатар жеңілдіктер бар. «Сондықтан болар, елімізде соңғы үш жылда балабақшалардың саны 200 бірлікке немесе 49 пайызға көбейді» дейді мамандар. Әйтсе де сарапшылармыз бұл бағдарлама аясында да әлі де болса толық қамтылмай жатқан жайттардың баршылық екенін жіпке тізіп берді.
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, сарапшы-маман:
– «Балапан» бағдарламасы аясында жекеменшік балабақшаларға қойылатын лицензиялық талаптар және санитарлық ережелер мен нормалар жеңілдетілді. Мысалы, жекеменшік балабақшаны мүліктік жалдау (жалға алу) негізінде ашуға рұқсат беріліп отыр. «Балапан» бағдарламасының аясында мемлекеттік тапсырыс жекеменшік балабақшаларда да жүзеге асырылады. Әрине, осы іс-шаралар жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер санының өсуіне ықпал етеді. Бірақ жаңағыдай жеңілдіктер жасалып отырғаннан кейін сол жеңілдіктерді желеу етіп балабақшаны талапқа сай етудің орнына, керісінше «сапасыз балабақшалар санын көбейтіп алмаймыз ба» деген қауіп те жоқ емес. Сондықтан бұл жерде тағы да сол бақылау, қадағалау мәселесі назардан тыс қалмауы керек. Мемлекеттің көмегімен жекеменшік балабақшаны ашып алып, балабақшаның ақысын межеде көрсетілгеннен жоғары етіп ұстап отырған кәсіпкерлерді де көріп жүрміз. Сондықтан балабақша мәселесі қай кезде де өзекті болғандықтан бақылауды күшейткен абзал деп ойлаймын.
Балабақшаға салықтық жеңілдік керек
Мамандардың балабақша мәселесіне қатысты айтар тағы бір ойы – біздегі мемлекеттік көмекпен жұмыс істеп жатқан жекеменшік балабақшаларға салықтық жеңілдіктер қажет. Мысалы, бізде жекеменшік балабақша үшін мынадай салықтық жеңілдіктер енгізілген: олар корпоративтік салықтан босатылды, жер салығы азайтылды, мүліктік салық 0,1 пайыздық мөлшер бойынша есептеледі. Бірақ мұндай салықтық жеңілдіктерді азсынатындар да баршылық...
Дәурен ӨМІРЗАҚОВ, заңгер:
– Бірқатар елдерде, мысалы, Францияда жекеменшік балабақшаларға салықтық жеңілдіктер 12,8 пайызға дейін қарастырылған. Швецияда – 12 пайыз; Ресейде – 1,9 пайыз. Санамалай берсек, балабақша мәселесінде жұртшылығына жеңілдіктер қарастырып отырған елдердің легі жетіп-артылады. Әсіресе немістер балабақша жүйесін модернизациялауға барынша мән беріп отыр. Егер біз болашақта жекеменшік балабақшалардың төлемақысының деңгейі ортаңқол азаматтың қалтасына тиімді болатындай жүйе орын алсын десек, онда жекеменшік балабақшаларға салықтық жеңілдіктер жағын қарастыру керек. Оларды корпоративтік салықтан, жер салығынан мүлде босату қажет. Жоқ дегенде 10 пайыздық салықтық жеңілдік қарастырсақ, олар да қолдауды сезініп, төлем құнын азайтады. Сондықтан «балабақшаға пара бара берсін» демесек, жекеменшік балабақшаларды қолдау керек, жеңілдіктер бөлу керек. Тіпті уақыт өткен соң, сол жекеменшік балабақшаларды мемлекет өз қарамағына алса, тіптен жақсы. Біз осылайша ең алғаш нарықтық экономикаға енген тұста жекешеленіп, сатылып кеткен балабақшалардың санын толтырып, сапасын қалпына келтіріп алуымызға болады.
Түйін
Қалай десек те, қазір қазақтың қара домалақ баласын әсіресе қалалы жерде мемлекеттік балабақшаға орналастыру жағы қиын болып тұр. Жекеменшік балабақшаның төлем ақысы қымбат, мемлекеттік балабақшаның табалдырығын аттау тіптен мұң болғандықтан, бүгінде жас отбасылар үшін баласын бағып-қағып, ол баланың қанына қазақы тәрбие сіңіріп беретін ауылдағы шал-кемпірдің мәртебесі артып-ақ тұр. Тиісті орындар тиімді шешімдерді қарастырып-ақ жатыр. Бірақ соның бақылауы келіспей тұр ма, болмаса бабы келіспей жүр ме, әйтеуір баланы бағатын орындардың тапшылығы толастар емес. Осындайда өзімізді жұбату үшін ауылдағы қарияларымыздың мектебі аман бола тұрсын дейміз амалсыз...