Өскемендегі Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің шаңырақ көтергеніне биыл 56 жыл толады. Жарты ғасырдан астам уақыт мұғдарында киелі шаңырақ жас дарынды қас дарынға айналдыру жолында аянған емес.
Бүгінде елімізді ән-күймен тербетіп жүрген талай тарландарды тәрбиелеп, қияға қанат қақтырған да – осы шаңырақ. Сан елге барып, сан марапат, сан жүлде иеленді. Мұхтар Шаханов айтқандай, бөдене таланттың емес, шынайы талап пен ілкімді ізденістің арқасында. Дегенмен бір қарағанда білікті ұстаздар бас қосқан, білімді шәкірт жиылған осы бір өнер ордасында мемлекеттік тілдің ахуалы мүшкіл дегенге сенгің келмейді. Бірақ ақиқаты – осы. Сенбесеңіз, бір мезет колледж ұстаздары өздері әзірлеп, сараптама жасаған мына кестеге назар салыңыз.
Яғни колледждегі ұзын саны 110 ұстаздың 21-і ғана қазақ тілінде дәріс өткізе алады. Өнер колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Кәкееваның сөзіне сенсек, білім ордасындағы мемлекеттік тілдің көсегесінің көгермей отырғанына қазақ тілін еркін меңгерген маман кадрлердің жетіспеушілігі себеп. Кадрлер жоқ емес, бар. Алайда Астана мен Алматының жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар өздеріне тиісті жағдай жасалмағаннан кейін облыс орталығына келгісі келмейтіні рас. Оларға лайықты жағдай жасауға өздері мемлекеттің ақшасына қарап отырған колледждің шамасы келмейді. Білім ордасын өз қарауына алған облыстық білім басқармасы басшылығы бұл мәселеден бейхабар секілді.
Осылайша шаһардағы өнерпаздарды даярлайтын бірден-бір білім ошағы мемлекеттік тілде дәріс беретін маман тапшылығын сезініп отыр. 1992 жылы білім ордасының тарихында алғаш рет қазақ тілінде дәріс беретін қазақ халық аспаптары бөлімі ашылған болатын. Сырттан келген қандастарымыз бен алыс ауылдардан келген қаракөздеріміздің дені қазір осы бөлімде білім алуда.
Өйткені басқа бөлімдерде сабақ, негізінен, орыс тілінде жүргізіледі. Жүргізілмегенде қайтсін, ана тілімізде дәріс оқитын ұстаз жоқ. Оны колледж басшылығы да жасырмайды.
Екі рояль мен екі пианино қажет
Мемлекеттік тіл ғана емес, оқу ордасында мемлекеттік тілдегі оқулықтар да жоқтың қасы. Оқулықты айтасыз, білім ошағының материалдық-техникалық базасы да көңіл көншітпейді. Құрал-жабдықтар мен аспаптардың көбі ескірген. Сатып алайын десе, бағалары удай. Бір ғана рояльдың құны 35 мың АҚШ долларын құраса, пианиноның құны 5 мың АҚШ долларына жетіп жығылады екен. «Білім ордасына дәл қазір осындай екі рояль мен екі пианино қажет», – дейді директор.
– Ең керегі – осылар. Сосын ең болмағанда ескі автобус болса да, бір шағын автобус болса жақсы болар еді. Өйткені өзіңіз білесіз, облыстағы, қаладағы барлық іс-шаралар біздің колледждің өнерпаздарының қатысуынсыз өтпейді. Ән айтады, би билейді. Барлық іс-шарада біздің шығармашылық ұжым жүреді. Сондықтан олардың әрі-бері жүріп тұруына қолайлы бір автобус керек, – дейді ол.
Әлмира Оралбекқызы, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің директоры:
– Менің ендігі ойым – колледждің материалдық-техникалық базасын көтеру. Тілге келсек, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз қазір мемлекеттік тілде дәріс беретін мұғалімдерді іздеп жатырмыз.
Айнұр Кәкеева, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:
– Біздегі мұғалімдердің көбі – кезінде Ресейден келгендер. Өздеріңіз білесіздер, ол кездегі білім орыс тілінде берілді. Қазір қалада қазақ мектептері көбейіп, қазақтардың саны да артып келеді. Әсіресе қазақ тілінде музыкалық білім алғысы келетін бала көп. Сондықтан мәселе туындаған жайы бар. Дегенмен мәселені шешуге тырысып жатырмыз.
P.S.
Қазақтың маңдайына домбыра мен қобыздан басқа аспапты игеру ғана жазылмаған шығар. Қазақ баласы да скрипка мен фортепьяноны игеріп, музыка әлеміне бойлағысы келеді. Олар да Марат Бисенбаев пен Айман Мұсаходжаева секілді төрткүл дүниені саз құдіретімен тербегісі келеді. Сондықтан облыстық білім басқармасы өнер колледжіндегі бүгінгі жағдайды бақылауға алып, тиісті шешім қабылдар деп сенеміз.