Оңтүстіктің орынтақтары босап жатыр
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов он шақты күннен бері өткен жартыжылдық қорытындысы жайлы аудан әкімдерінің есебін тыңдап жатыр. Нөкер-уәзір, қолдаушы ақсақал-қарасақалдарының бәрін жиып келген аудан басшылары қанша тырысса да, облыс басшысының «қаһарынан» құтыла алмады.
Шымкенттегі обләкімшіліктің «қасапханасынан» Қазақстандағы халқы ең көп саналатын Мақтаарал ауданының әкімі Қасымбек Хаметов те «туралып» шықты. Аудандағы 300 мыңдай халыққа басшылық жасап жүрген Хаметов іле-шала қызметінен босатылды. Аудан әкімнің есеп беруінде мәлім болғандай, мақталы аудандағы 24 ауылдық әкімшіліктің 13-інде балабақша жоқ екен. Мектептерде жұмыс істейтін 212 психологтің 115-і басқа мамандық иесі болып шықты. Тамшылатып суару технологиясына да бұл аудандағылар құлықсыз. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ тарапынан 2 пайыздық өсіммен ұсынылған 2,5 млрд теңгенің небәрі 100 мыңы ғана игерілген. Биыл пайдалануға беріледі делінген төрт мектептің де бітпей қалатын түрі бар. Аудандағы Киров, Жданов, Ленин сияқты елді мекендердің аты әлі күнге өзгертілмей, көненің көзі болып тұр. Облыс басшысының алдында «баламыздың тірлігі жаман емес, жұмысқа келгеніне көп бола қойған жоқ қой» деп жамыраған аудан ақсақалдарының да жүні жығылып қайтты. Ал Мақтааралдың ендігі су жаңа әкімі – Серік Тұрбеков. Бұған дейін «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған. Орынтағы шайқалып тұрғандардың қатарында Кентау қаласының әкімі Көктембек Табылдиев пен Бәйдібек ауданының әкімі Садық Кенжебаев та бар.
Айтпақшы, Оңтүстік Қазақстандағы біраз жайлы орындарға жаңа басшылар келмек. Облыстық білім, сәулет, қала құрылысы басқармаларының бастықтары, облыс әкімінің баспасөз хатшысы лауазымдарына байқау жарияланды.