Өмірі өнеге болған дара тұлға
Газетіміздің қаңтардың 12-сі күнгі саны Қазақстанның кеңестік дәуірдегі басшысы болған аса көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығына арналған болатын. Бұл нөмірде басшылық қызметімен, ұстанған саясатымен, жеке адамгершілік қасиеттерімен халқына сыйлы болған тұлғаның өмір жолы мен тағылымына қатысты материалдар жарияланған еді. «Алаш айнасының» осы мерейтойлық санына орай, редакцияға өз ризашылығын білдірген оқырмандар жиі хабарласып жатыр. Бүгін солардың бірі – Алматы облысында ауыл мұғалімі болып қызмет ететін Қайырбек Сағынаевтың лебізін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жуырда Алматыда салтанатты жағдайда Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығын тойлауға арналған шараларды бастап берген болатын. Мемлекет басшысының: «Димекең – Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы», – деуі Қонаев есімінің халқымыз үшін қаншалықты ұлы екенін айғақтап тұр. Бірақ оның өзі өмірден: «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ешқашан ұмытпадым», – деп өткен еді. Дінмұхаммед Ахметұлының Англияға барған сапарында премьер-министр Уинстон Черчилльдің «Қазақтың бәрі ірі ме?» деген сұрағына: «Халқымның бәрі ірі, бірақ мен ең кішісімін», – дегені оның халқына адалдығын да меңзейді. «Халық – түтінімді түтетіп, қайта оралатын жерім. Халқым мені көтерді, билікке ұсынды. Менің бағамды беретін – халық», – деген болатын ол. Қонаев – қазақ мемлекетін құрушы Керей, Жәнібек, Абылай сияқты ұлы хандармен қатар тұратын тұлға. Жібі түзу, жаны таза адам кез келген билікте болсын, биікте болсын, өз ар-ожданын жоғары сақтап қалады. Тарих боямалауды көтермейді. Кез келген уақытта Д.А.Қонаевтың есімі біз үшін биікте тұра бермек. Өйткені ол ұлты үшін, ұрпағы үшін қызмет етудің ең жоғарғы үлгісін көрсетті. Ұрпақтар бірлігі мен ата-бабадан қалған рухани қасиеттерді дәріптеу ол кісінің өмірлік идеясы болған еді. Қонаевтың ізгі тағылымы, жарқын жүзі, дидарлы кейпі болашақ ұрпақтың да мәңгілік есінен кетпеуі керек.
Қайырбек САҒЫНАЕВ, Алматы облысы Райымбек ауданы, Тоғызбұлақ ауылы, Қ.Байғабылұлы атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі