Қазақстанда отбасын құрғандардың әрбір үшіншісі ажырасып кетеді екен. Және бұл статистикалық көрсеткіштің жыл өткен сайын оңалатын түрі көрінбейді. Үйленіп алып, үй болудың қиындығына шыдамай айырылысып жатқандарды тоқтату мүмкін болмауда. Сондықтан кейбір мамандар некеге тұрақсыздарға ірі көлемде айыппұл төлетуді ұсынып отыр. Әлемнің кейбір елдерінде бар мұндай тәжірибе бізге енгізілсе, ажырасуға асыққандарға аз да болса тұсау болары анық.
Қазақстанда тіркелген әрбір 100 некенің 34-і отбасы болып қалыптасып кете алмайды екен. Бұл жағдай елімізде жетім балалар мен жесір аналардың санын күрт көбейтіп жібергені белгілі. Мұны сот орындаушыларының жұмысына қарап-ақ аңғаруға болады. Сот актілерін орындау департаменті бүгінде негізгі назарды алимент төлеуден қашып жүрген әкелермен күреске аударғаны аңғарылады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 6 мыңнан астам көкек әке туған балалары алдындағы қарызын, қарыз дейміз-ау, нақтырақ, әкелік парызын өтеуден қашып жүр. Әртүрлі шаралар жасалғанымен, қашқын әкелерді табу оңай іс емес сияқты.
Елена СКОКУНОВА, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы:
– Солтүстік Қазақстан облысында алимент бойынша 6 мыңнан астам сот шешімі орындалмай отыр. Сот орындаушылары түрлі акциялар өткізеді. Рейдке шығып, борышкерлердің үйлеріне барады. Ескерту парақтарын таратады. Биыл үш рет акция өтті. Айта кету керек, сот орындаушылары көптеген қиындықтарға тап болады. Алимент төлеушілер тұрғылықты мекенжайларын, қызмет істеп жүрген жұмыс орындарын жасырады. Тіпті шет ел асуға әрекет жасайтындар да бар. Біз олардың мүлкіне қатысты қандай да бір заңды әрекет жасау құқығына шектеу қоямыз. Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тыйым саламыз.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша баласына қарызы ең көп борышкердің тегі – Сидоренко. Ол баласына 3 миллион теңге берешек екен. Естеріңізге сала кетейік, егер алимент төлеуші жұмыс істейтін болса, заңға сәйкес, бір бала үшін жалақысының төрттен бірін беруі тиіс. Ажырасқандардың ортасында екі бала болса, оларға табыстың 33 пайызы тиесілі. Ал үш не одан да көп балаға жалақының 50 пайызы алимент ретінде төленеді.
Статистикаға көз жүгіртсек, ажырасып жатқандардың арасында жаңа үйленген жастардан гөрі оншақты жыл бірге тұрғандардың саны басым екенін көреміз. Мысалы, 2012 жылы ажырасқан 48,5 мың отбасының 24,9 пайызы 5-9 жыл бірге тұрғандар екен, ал 14,1 пайызы 20 жылдан астам уақыт өмірдің суығы мен жылысын бірге татқандар, тек 10,2 пайызы ғана бір жылға жетпей ажырасқандар болып шыққан. Солтүстік Қазақстан облысы ажырасу жөнінен республикада алдыңғы орында. Мұнда бір жылда барлық некенің 40 пайыздайы тарап тынады екен.
Жанболат САМАШЕВ, Қызылжар қалалық әділет басқармасының басшысы:
– 2012 жылы қалада 1861 неке тіркелсе, 836 жұп ажырасты. 2013 жылдың 10 айында 1996 неке тіркеліп, 859-ы ажырасты. Көбіне балалары жоқ адамдар ажырасады. 2-3 жыл тұрады да, некелерін бұзады. Психологпен кеңескенде, «көңіліміз жараспады, мінезіміз келіспейді» дейді. Ажырасатындардың орта жасы 26 мен 33 жас аралығындағылар.
Бүгінде үйленуден ажырасу оңай болып кетті. Үйленудің машақатын бәріміз де білеміз, алдымен той жасау міндеті шығады, ол үшін жақсы асаба, кең тойхана, сәнді көйлек тағысын тағыларды табу қажет. Одан кейін құдалардың да көңілін аулау маңызды, ол үшін тең-тең кит салынады. Ал ажырасу үшін бұл сән-салтанаттың ешқайсысы да керек емес. Бар-жоғы бюджетке 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3460 теңге төлесең болғаны.
Мысалы, Ресей Федерациясының депутаттары дәл осы ажырасу үшін төленетін салықтың көлемін 1 мың АҚШ долларына дейін көтеруді ұсынып, бүгінде қоғамда талқыға салынып жатыр. Ал Вьетнамда некені бұзғаны үшін 10-20 миллион донг немесе 485-970 АҚШ долларына дейін айыппұл төлеуге тура келеді екен. Осындай айыппұлдарды бізде де төлету керек. Бұл туралы бастаманы Азаматтық альянс көтеріп отыр. Әзірге ұсынысты парламент немесе үкімет тарапынан қолдаушылар шыға қойған жоқ.
Бір пікір:
Қуандық ХАМЗЕНОВ, заңгер:
– Бұл бастама өте орынды. Дегенмен азаматтардың құқығын бұзады деушілер де табылатыны белгілі. Әрине, үйлену мен ажырасу әркімнің өз шаруасы, алайда отбасы Отанның негізгі тірегі екенін ұмытпайық. Сондықтан қандай да бір мемлекет салықты көбейту, айыппұлдар салу арқылы өз саясатын жүргізе алады. Егер ажырасу үшін бюджетке төленетін қаржының көлемін көбейтетін болсақ, жастар бұл қадамға бармас бұрын ойланар еді, тиісті қаржыны бірге жинаймыз деп жүргенде бір-біріне қайтадан бауыр басып қалуы да мүмкін.