Мүмкіндік бар, ынта жоқ
Бүгінде елімізде сал ауруына шалдыққан мүгедек балалар саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Нақты айтсақ, Қазақстанда 44 574 мүгедек бала бар болса, соның ішінде 10000-нан астам балаға балалардың сал ауруы (ДЦП — детский церебральный паралич) диагнозы қойылған. Бұған экологияның ластануы, климаттың өзгеруі, дұрыс тамақтанбау, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы секілді түрлі факторлар әсер етіп отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, барынша шыдамдылық танытып, әдістемелік жүйемен емдеген жағдайда бұл аурудың салдарын түзетіп, баланы жүруге, сөйлеуге үйретуге және қоғамда өмір сүруге бейімдеуге болады екен. «Оның бірден-бір жолы — иппотерапия саласын (атқа мініп емдеуді) дамыту», – дейді дәрігер мамандар.
Жалпы, иппотерапия дегеніміз – адамды жылқының көмегімен, яғни ауруды атқа отырғызу арқылы емдеу деген сөз. Мұның әсіресе сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге септігі мол көрінеді. Таяуда Талғар ауданындағы жетім балалар, мүгедек балалар, соның ішінде сал ауруымен ауыратын жасөспірімдер тәрбиеленетін «Ковчек» мекемесінде осы мәселелердің барлығы көтерілді. «Қазақстандағы иппотерапияны дамыту» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатына ҚР Емдік дене шынықтыру дәрігерлері ассоциациясының президенті Людмила Дробышева, «Ковчек» балалар баспанасының директоры Марина Сугакова т.б. дәрігерлер қатысып, балалардың сал ауруын емдеуге болатындығы жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Людмила ДРОБЫШЕВА, ҚР Емдік дене шынықтыру дәрігерлері ассоциациясының президенті:
– Жылқы – табиғи тренажер. Иппотерапия адамның психикалық және физикалық жағдайына кешенді түрде әсер етеді. Яғни атқа мініп жүру барысында дененің барлық негізгі бұлшық еттері іске қосылады. Бұл – рефлекторлы деңгейде болатын құбылыс. Себебі аттың үстінде отыру, онымен бірге қозғалу барысында бала тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Оның үстіне, жылқының температурасы адамға қарағанда 1,5-2 градусқа жоғары болғандықтан, ол өз қозғалысын адамға ыңғайлап, отырған адамды жылытып, бұлшық тонусын қалыпқа келтіріп, қан айналымын жақсартады. Бұрын мүлде жүре алмаған не аяққа тұра алмаған балалар үшін иппотерапиямен тұрақты түрде айналысу баланың аяққа тұруына ықпал етеді.
Қазіргі уақытта «Ковчек» мекемесінде 50-ден аса мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 10-15 шақтысы қазақ балалары болса, қалғандары – түрлі ұлттың өкілдері. Мұнда балаларға қазақ және орыс тілдерінде дәріс беріледі. «Ковчек» балалар баспанасының директоры Марина Сугакованың айтуынша, Қазақстанда иппотерапия секілді сауықтыру әдісі әлі де болса кеңінен тарала қоймаған екен.
Марина СУГАКОВА, «Ковчек» мекемесінің директоры:
– Иппотерапия саласымен емдеу тәсілі Еуропа, АҚШ-та жақсы дамыған. Тіпті бүгінде 52 елде иппотерапия орталықтары ашылған. Алайда Қазақстанда атпен жүру салтымызда болғанымен, оны емдік жолға пайдалану өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Оған себеп, бұл салаға өте көп қаражат керек және жеткілікті дәрежеде мамандардың жоқтығы да айтарлықтай әсер етіп отыр. Осы ретте шетелдік мамандарды елімізге шақырып, олардан емдеудің түрлі тәсілдерін үйренуге болады. Бірақ оған мемлекеттік қолдау мен арнайы бағдарламалар қабылдануы қажет. Жақында «Мэри Кей (Қазақстан)» компаниясы біздің мекемеге иппотерапиямен айналысу үшін пони (кішкентай жылқы) сатып алып берді. Әрине, бізде қалталы азаматтар көп. Олар біздің балалар секілді демеушілікке мұқтаж жандарға жәрдемдессе екен дейміз. Сонда біздің балалар қоғамда өмір сүруге бейімделіп, кішкентай жүректеріне үміт оты жағылар еді.
Міне, дәрігер мамандар сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу үшін жылқының пайдасы зор екендігін тілге тиек етіп отыр. Алайда олар балаларды емдеп, тәрбиелейтін сауықтыру мекемелеріне жылқы алып беруге шамалары келмейді. Осы ретте олар «мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің аяққа тұруы үшін қалталы, жомарт азаматтар демеушілік жасап, көмектессе екен» дейді. Тіпті «Ковчек» балалар баспанасының директоры Марина Сугакованың өзі сауықтыру мекемесінде мүгедектік арбалардың жетіспейтіндігін алға тартуда. Осы тұста елімізде ірі мұнай компаниялары бар, түрлі коммерциялық ұйым өкілдері бар, балалардың қоғамға бейімделіп, емделуі үшін неге солар жәрдем көрсетпеске? Әрі-беріден соң, ең бірінші, еліміздің экологиясын ластап, халық денсаулығына қауіп төндіріп отырған солар емес пе? Енді соның өтеуі ретінде олардың да мүгедек балаларға көмектесуін неге талап ете алмаймыз?
Өкініштісі сол, қазір «Ковчек» мекемесінде тәрбиеленіп жатқан 50 балаға екі-ақ жылқы бар. Оның бірі – бұрыннан келе жатқан ірі қазанат болса, екіншісі –жақында ғана «Мэри Кей» компаниясы алып берген кішкентай пони. «50 бала үшін екі-ақ жылқы аздық етеді», – дейді мекеме басшысы. Елімізде сал ауруына шалдыққан он мың бала бар. Оның әрқайсысы жер-жердегі түрлі сауықтыру орталықтарында тәрбиеленіп жатыр. Он мың баланың иппотерапиямен емделуі үшін ары кетсе, екі-ақ мың жылқы керек екен. (Бес балаға бір аттан келеді). Осындайда қайырымдылық жасап, қамқорлық танытар қалталы кәсіпкерлеріміз қайда?
Қалай десек те, Қазақстанда иппотера- пия саласы мемлекеттік қолдауға зәру. «Бұл ретте арнайы бағдарлама қабылданып, білікті мамандар дайындалуы қажет», – дейді дәрігерлер.