«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының Астанадағы орталық ғимаратында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілі» атты байқау оныншы рет ұйымдастырылды. Еліміздің теміржол саласының өңірлердегі кәсіпорындарынан үкілеп жіберген үміткерлері ақтық сында бақ сынасты. Олар – бұған дейін өңірлерде өткізілген сайыстарда топтан озғандар. Алайда қатысушылардың бәрі мемлекеттік тілде сайрап тұрды, ұлттық мәнердегі киімдері көздің жауын алды, түгелі құлақтың құрышын қандыра әуелете ән салды.
Негізі, жылына бір жалауын желбірететін жарыстың деңгейі көтеріліп, сапасы жоғарылай түскені байқалады.
Алыстан ат арытып келіп, елордамызда өнерін көрсетуге ниет білдіргендердің қатары да молайған. Байқауға қатысқан 23 өзге ұлт өкілі арасында өршіл өрендер, сақа жігіттер мен қыз-келіншектер, немере сүйген әжелер де бар, сахна төрінде теміржолшылардың тегеурінді қайратын дәлелдеп, аталған дода игі істің шарапаты екенін көрсетті.
Даналардың сөзіне сүйенсек, тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Сондықтан мемлекеттік тілді аялау, қолдап, үйренемін дегендерді қолтықтан демеу – қастерлі парызымыз. Осыны ойлаған түрікмен, өзбек, татар, орыс, украин, кәріс сияқты алып Отанымыздағы бауырлас ұлттар 10 балдық жүйеде бағаланған тартыста «Кел, танысайық!», «Халықтың асыл мұрасы», «Викторина», «Вагонда келе жатырмыз...», «Теміржол жұлдызы» кезеңдері бойынша Абай, Мұхтар жауһар туындыларын жазған асыл тілдің тұңғиығына үңілді. «Жүзі басқа – жүрегі бір, түрі басқа – тілегі бір» олар қоғамымыздағы ортақ қарым-қатынас құралының нәріне сусындап, оны қажетіне шебер жаратуға тырысты.
Бір қуанарлығы, байқауға қатысушылардың дені өздерін таныстыру барысында бейне роликтерді пайдалана отырып, өздерінің өмірбаяны, қызметі, отбасы, туған жері туралы сол мәтінді тебірене толғады. Тіл үйренудің табиғатын түсініп қана қоймай, оны баяндаушының еш қысылмай үйренетін, шетелдіктердің жиі қолданатын көрнекілік тиімді тәсілінің бірі – осы. Дидактикалық сабақ құралдарында мұны кеңінен пайдаланған ләзім.
«Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ персоналды басқару жөніндегі департамент менеджері Талғат Олжабайұлы Көктеубаев салтанатты шараны бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізіп отырды. Кеш тізгінін ұстаушы алғашында тұсаулы аттай кібіртіктеген сахнадағыларды серпілтіп, әлқиссасын әдемі сөзбен кестелеп, әспеттеуді де ұмытпады.
Жиналғандарды «ҚТЖ» ҰК» АҚ кеңсе бастығы, мемлекеттік тілді дамыту комиссиясының мүшесі Науан Сағитұлы Сарин құттықтап, сөз сөйледі. Ол тілдің сан қырына баппен қанығып, біртіндеп меңгерген еліміздегі өзге ұлттардың ұл-қыздары енді орысша шүлдірлеген қаракөз қандастарымызға қынжылатын, ақыл айтатын дәрежеге жетіп қалды-ау деген ұтымды пікірін жасырмады.
Қазылар алқасына ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы Саян Досаров төрағалық етіп, ҚТЖ шаруашылық басқармасының құжаттарды аудару мен түзету бөлімінің бастығы Асылбек Қыраубаев, Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Баян Мәуленова, ҚТЖ теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығының сарапшысы Асқар Баякенов қазылар алқасы мүшелері ретінде қатысушыларға тиісті бағасын қойды.
Жоғарыда келтіргеніміздей, жарыс жолындағылардың әзірлігі әрқилы болды.
– Мәселен, өзін таныстыруда Семей магистралдық желі бөлімшесі құрамындағы Аягөз жол дистанциясының монтері Александр Лагута қағазға қарап ежіктесе, Екібастұз стансысының жүк қабылдап, тапсырушысы Альбина Галимова өткеніне қиналмай шолу жасап, әсерлі әңгімелеуде еш тосылмады. Екібастұздық тағы бір теміржолшы, инженер-метролог Владимир Десятерик толқыса да, жаңылмауға тырысты. ҚТЖ бұқарамен байланыс департаментінің қызметкері Елена Трифонова кәсіби журналист, кітапқұмар білімді ару екенін қазақ тілінде қысылып-қымтырылмай, еркін жеткізді. Екі апта этноауылға барып, арнайы курстарда мемлекеттік тілді ерінбей-жалықпай игеріпті. Оңтүстік шаһар – Шымкент қаласының жігіті, ұлты өзбек Данияр Махаметовті кіндік қаны тамған туған өлкесінде қалың қазақтың өнегелі тәрбиесін көріп өскені осы байқауда бағын сынауға бейімдепті. Ақмола жол бөлімшесіне қарасты Жалтыр стансысының инженер-технологі Светлана Науменконың кербез күйден айнымай, өзін байыпты ұстауы жұртты тәнті етті. Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының электр механигі Татьяна Голенко қысқа да нұсқа ойын білдіріп, түрікмен қызы, Бурабай курорты жол дистанциясы инженері Нұргүл Мелеева қазақтың кеңпейіл қонақжайлылығына тағзым етіп, бас иді. Шымкент жол бөлімшесінің бухгалтері Зафар Ашуров бір сарында іш пыстырса, Балқаш вагон пайдалану депосының вагон қараушысы Остап Сахаров әйгілі Қазыбек бидің жоңғар қонтайшысымен тілдесуін шынайы бейнелеумен таңғалдырып, ду қол соқтырды. Алматы стансысының вагон қозғалысы жылдамдығын реттеуші Александр Игошен жүрегін жарып шыққан, өзінің теміржол тақырыбындағы жырын оқып, кедір-бұдырсыз таза тілі, ырғақты мақамы көрерменнің ризашылығына ие болды. Кейін сұрастырсақ, мұрты енді тебіндей бастаған жастың нағашы жұрты қазақ екен. Ақтоғай жол дистанциясының столері Василий Пак қолындағы параққа шұқшиып біраз әлектеніп, кейін байқауға қатысудан біржола бас тартты. Қостанай жол бөлімшесі экономикалық жоспарлау бөлімінің инженері Антон Ткаченконың атасы – «Құрметті теміржолшы», өзі қазақшаға судай екен. Антон тақымын қысып, тілеуін тілеген залдағы халықты «Анашым» әнімен тебірентті. Магистралдық желі дирекциясының құжат айналымы және оның орындалуын бақылау бөлімінің хатшысы Евгения Тарасова сүйкімді дауысы сыңғырлап, өрнекті өнерімен көрерменді баурап алды.
Байқау барысында «Қаражорға» биінің әлсін-әлсін сахна төрінен табылып, бишілердің қимылын мың құбылтуы жағымды әсер қалдырды. Әсіресе Елена Трифонова: «Қара жорға» халықтық биге айналып келеді. ҚТЖ кімнен кембіз? Ал, қанеки, шығыңыздар ортаға!» деген ұранмен:
«Қара жорға – сал күрең,
Тарихын біл алдымен.
Бабалардан жалғасқан,
Тағылымы бар білем.
Жорғалаған күй майда,
Бұған жетер би қайда?!
Ойнаңыздар, жамағат,
Билеңіздер мұндайда, – деп
бастап кеткенде, залдағы біраз жастар желпінісіп қалды. Шындығында, 150 мыңдық армияға бергісіз, ұлттық компанияның өндірістік гимнастикасына айналдыруға болатын би түрі кештің шырайын шығарды.
Елена Трифонованың бейнебаяны тапқырлығымен көзге түсіп, «Вагонда келе жатырмыз...» сайысында қызықты оқиғалардың сүбелісі де, керісінше, жұтаң, дөрекі сипаттағысы да кездесті. Тағдырларды табыстырған дәнекер теміржолдан әзіл-қалжыңдарды әңгімесінің өзегіне айналдырғандардың хикаяларынан шойын жолдағы кемшін тұстар да байқалып қалып жатты. Олар негізінен болат жол бойындағы сервистік қызметтің осал тұстарын әжуалап, үнемі пойызға билет болмауының сырларына үңілді.
– Қазіргі таңда «мемлекеттік тілдің жағдайы нашар, қоғамда беделі жоқ» деп байбалам салу қисынсыз, – дейді байқауды қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Саян Досаров. – Қыруар шаруаның жоспары құрылып, қаншамасы іске асып үлгерді. Тек ортақ іске әрқайсымыз өз үлесімізді қосқанымыз, дау-дамайды тыйғанымыз ләзім. Сонда ғана қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейіп, халықаралық қарым-қатынаста ағылшын, қытай, орыс тілдерімен қатар жүреді. Оған бай, асыл қазынамыздың қоры жеткілікті.
Байқау аяғында қатысушылардың басым көпшілігіне ынталандыру сыйлығы мен ұлттық компания вице-президенті А.Акчуриннің қолы қойылған дипломдар тапсырылып, үздік аудармашылар бәсекесінің жеңімпаздары да сый-сияпаттан кенде қалмады. Аудармашылар аламанында 1-орынды Алматы магистралдық желі бөлімшесінің аудармашысы Мағаш Ұзақова иеленді. Ал «Қазақстанның болашағы – қазақ тілі» конкурсының үшінші орнын Елена Трифонова қанжығасына байлап, екінші орынды Остап Сахаров еншіледі. Жеңістің ең биік тұғырына Евгения Тарасова көтерілді. Барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұлттық компанияның бұқарамен байланыс департаменті арнайы тағайындаған «Ақсұңқар» сыйлығын Антон Ткаченко мен Светлана Науменко тең бөлісті.
Елена ТРИФОНОВА, байқау жүлдегері:
– Қос тілді болат жолдағы қатар төселген рельспен салыстырсам, еш әбестігі жоқ. Мемлекеттік тіл мен ресми тіл көп ұлтты жақындатып, бірлігін нығайта түскендей. Осындай конкурстардың нәтижесінде қазақ тілінің күрделі тұстарын жетік меңгере бастадым. Ыстық ықылас танытқан компания басшылығына алғысымды білдіремін.
Остап САХАРОВ, байқау жүлдегері:
– Қазақ ауылында туып-өсіп, қазақтың қарадомалақ тентектерімен тай-құлындай тебісіп, бірге өскенім ұшан-теңіз пайдасын тигізуде. Тосын жайттар килікпесе, әрі қарай да тілді терең игеруге талпына бермекпін. Өзге құрбы-құрдастарыма «қазақша үйренсін» деймін. Өйткені қазақ тілінің жақын келешекте жалпы қауымның тіліне айналатыны хақ.
Евгения ТАРАСОВА, байқау жүлдегері:
– Мұндай байқауларда славян тектілерді түркі тілдес ұлт өкілдерімен қатар бағалауға, жоғары білімді инженер мен шалғайдағы слесарьді салыстыруға болмайды. Ондай жағдайда славян текті адам мен слесарьді көтермелеу керек. Олай дейтін себебім, қазақта «тең теңімен, тезек қабымен» деген мәтел бар емес пе?! Біз өзбек, татар, қырғыз, түрік әріптестеріміз сайрап қоя бергенде, қысылып қаламыз. Жарысты әрі қарай жалғастыруға құлқың болмай қалады.