Көп құрбандықпен жеткен Жеңіс
1944 жылы кеңес әскерлерi iрi-iрi жеңiстерге жеттi. Қаңтар айында Ленинград пен Новгород қоршаудан толық босатылды. Ақпан-наурыз айларында Оңтүстiк Бугтегi шабуылдар нәтижесiнде солтүстiк-батыс Украина азат етiлдi. Сәуір-мамыр айларында жау Одессадан, Севостопольдан, Қырымнан қуылды, 23 маусымнан 29 тамызға дейiнгi аралықта немiс әскерлерiнiң Белоруссияда тұрған «Орталық» тобына қарсы «Багратион» операциясы бойынша шабуылдар жүргiзiлдi. Майдан 1100 шақырымға созылды. Осы шабуылдардың нәтижесiнде «Орталық» топ талқандалды, бұл герман әскерлерiнiң ең ауыр жеңiлiстерiнiң бiрi болды. 1944 жылдың ортасында кеңес әскерлерi Украина, Белоруссия, Прибалтика жерлерiн толық азат еттi. Кеңес Одағының Баренцтен Қара теңiзге дейiнгi мемлекеттiк шекаралары қалпына келтiрiлдi.
Арденны: Германия әскерлерінің соңғы ірі шабуылы
1944 жылдың желтоқсанында батыста Эйзенхауэр басқарған одақтастар әскері мен шығыста кеңес әскерлерінің қыспағына түскен Германияның жеңілетіндігі анық байқалды. Сондықтан Германияның сөзсіз жеңілгендігін мойындап, қантөгісті тоқтатуға болатын еді. Алайда Гитлер бұл ақиқат жағдайды мойындамай, қарсыластарына тағы да бір ірі соққы беруге ниеттенді. Шабуыл Арденныда басталуға тиісті болды. Люксембург, Бельгия және Германияның шектесетін жерінде жатқан осы бір қалың жынысты ормандары мен төбелері бар Арденныда сонау 1870, 1914, 1940 жылдары неміс әскерлері жеңіс жолымен жүріп өткен еді. Бірақ ол жылдар мен 1944 жылдың арасында орасан зор айырмашылық бар екенін Гитлер еске алғысы келмеді. Фельдмаршал Гердт фон Рундштеттің айтуынша, Арденны шабуылына қандай бөлімдер қатысатынын, ол қашан, қалай басталатынын бүге-шігесіне дейін Гитлер өзі жоспарлаған. Шабуыл жасайтын әскерлер құрамасын басқару фельдмаршал Модельге тапсырылды. Әскерлердің алдыңғы шебінде болып, шабуылды бастайтын 6-шы армияға төрт таңдаулы СС дивизиясы енгізілді, оған қолбасшы болып Гитлердің жақын досы Й. Дитрих тағайындалды. 6-армияны сыртынан генерал фон Мантейфель басқарған 5-ші танк армиясы қолдауға тиісті болды. Арденны шабуылына қатысатын бөлімдер танктермен, зеңбіректермен, ұшақтармен өте жақсы қаруландырылды. Жоспар бойынша неміс әскерлері одақтастардың Арденныдағы күшін жарып өтіп, Антверпенге жетуге тиісті болды.
1944 жылы 16 желтоқсанда басталған шабуыл алғашында табысты болды, немістер 100 шақырымға жылжыды, алайда бұл жылжу уақытша табыс болып шықты. Бір ай бойғы ауыр шайқастан соң, 1945 жылдың қаңтарында неміс әскерлері қайтадан шегіне отырып, өздері шабуыл бастаған жерге – Арденныға келді. Екі жақтан да аса көп әскер шығын болды. Черчилльдің өтінішімен кеңес әскерлері қаңтардың ортасында шығыста ірі күштермен шабуыл бастады, немістердің бірқатар дивизиялары батыстан шығысқа ауыстырылды. Осылайша Гитлердің соңғы шабуылы жеңіліспен аяқталды.
Берлин операциясы
1945 ж қаңтарда кеңес әскерлерi Висла-Одер операциясын бастады. Шабуыл Балтық теңiзiнен Карпатқа дейiнгi созылған орасан кең майданда жүргiзiлдi. Ақпанның аяғында Польша жерi толық азат етiлдi. Соғыс қимылдары Германия жерiне ауысып, 1945 жылдың сәуір айында кеңес әскерлерi Одер және Нейседегi жау шебiн бұзып, Берлин бағытында шабуылын өрiстеттi. 1945 ж ақпан айында ағылшын-американ әскерлерi батыста шабуылға шығып, Рейн өзенiнен өтiп, Рурда герман әскерлерiнiң 325 мыңдық тобын қоршап алып, сәуір айында тiзе бүктiрді. Сәуір айының ортасына қарай одақтастар әскерi Эльбаға шығып, Берлинге 100-200 шақырым жерде, ал кеңес әскерлерi шығыс жақтан 60 шақырым жерде тұрды.
Берлинге шабуылды I-Белорусь (маршал Г.К. Жуков), 2-Белорусь (маршал К.К. Рокоссовский) I-Украин (маршал И.С. Конев) майданының әскерлерi жүргiздi. Сонымен қатар Балтық флотының, Днепр флотының, әскери-әуе күштерінің бірқатар бөлімдері де қатысатын болды. Берлин бағытында герман қарулы күштерінің «Висла» тобы құрамындағы екі ірі армия (генерал К. Типпельскирх) және «Орталық» тобындағы екі армия (генерал-фельдмаршал Ф. Шернер) орналасқан-ды. Берлинге шабуыл жасауға қатысқан кеңес әскерлерінің күші жаудан әлдеқайда басым еді: кеңес әскерінде 1 906 000 адам, 41600 зеңбірек пен миномет, 7500 ұшақ, 6250 танк, 155 900 адамнан тұратын поляк әскерінің екі армиясы болды. Немістердің Берлинді қорғауға қойған күштерінде 1 млн адам, 10400 зеңбірек пен миномет, 3300 ұшақ, 1500 танк болды. Берлин операциясының ауқымында Зеелов-Берлин, Штеттин-Росток, Котбус-Подстам, Штремберг-Торгау және Бранденбург-Ратен жеке шабуылдық операциялары іске асырылды.
Берлин операциясы 16 сәуірде қуатты артиллериялық және әуе шабуылымен басталды. 1-Белорусь майданының әскерлері Одерде Кюстрин ауданында шабуыл жасады, 1-Украин майданының әскерлері Нейседен өтуге ұмтылды. Берлиннің шығысында 70 шақырым жердегі Зеелов биігі ауданында немістер аса бір мықты бекіністер жүйесін салып, Берлин қорғанысының басты бекетіне айналдырған болатын. Зееловты герман қарулы күштерінің 200 мың әскері, 300 ұшақ және 512 танкі қорғады. Шабуылды 3155 танкпен, 3188 ұшақпен жарақталған 900 мың кеңес әскерлері іске асырды. Зеелов биігін алу Берлинге жол ашатындықтан екі жақ та айрықша табандылықпен шайқасты. Зеелов биігі үшін шайқаста кеңес әскерінің 33 мың адамы, поляк әскерінің 5 мың адамы, герман қарулы күштерінің 12 мың адамы қаза тапты.
19-25 сәуір аралығында кеңес әскерлерi Берлиндегi герман әскерлерiн қоршап алып, топ-топқа бөлiп тастады. Берлинге тікелей шабуыл аса ауыр жағдайда жүргізілді. Берлин қаласын айналдыра үш қабат бекіністер салынған, қаланың барлық ірі ғимараттары бекініске айналдырылған, көшелерде баррикадалар жасалған, қалада 400-ден астам темір-бетон құрылымдар, бункерлер жасалған. Қаланың ішіндегі шайқастарға 1945 жылдың қаңтар-наурызында герман қарулы күштері қатарына шақырылған 16-17 жастағы жасөспірімдер де пайдаланылды.
25 сәуірде Торгау ауданында одақтастар әскерлерi бiр-бiрiмен кездестi. 26 сәуір – 8 мамыр аралығында Берлиндегi герман әскерлерiн талқандау iске асырылды. Берлинде шайқас жүрiп жатқанда 30 сәуірде бункердегi кабинетiнде Гитлер өзiн-өзi өлтiрдi. 2 мамыр күнi Берлин гарнизоны тiзе бүктi. Берлин гарнизонының тізе бүгу актісін 8-ші гвардиялық армияның қолбасшысы, генерал В.И. Чуйков қабылдады. Берлин операциясының нәтижесінде герман қарулы күштерінің 480 мың адамы тұтқынға түсті.
Берлин операциясы екінші дүниежүзілік соғыстың аса ауыр, қиян-кескі шайқастарының бірі, операцияның барысында кеңес әскері қаза тапқаны, ауыр жараланғаны бар, 352475 адамнан айырылды, поляк әскерінің шығыны 8892 адам болды, демек күн сайын орта есеппен 15 700-дей жауынгер қаза тапқан.
Көпшілікке арналған әдебиетте және баспасөз бетінде Берлинге шабуыл туралы алып-қашпа әңгіме көп-ақ. Соның ішінде Берлинге тікелей шабуыл жасау жауынгерлердің аса көп қазаға ұшырауына әкелді, сондықтан тікелей шабуылдың орнына оны қоршап алып, тізе бүгуге мәжбүр ету керек еді, Сталин Берлинге батыстық одақтастардан бұрын кіруге жанталасты, сондықтан әскерлерді аямай төгіп салды деген сияқты пікірлер бар. Әрине, соғыс тарихы өте күрделі мәселе, оны зерттеу барысында сан алуан сұрақтар туатыны белгілі. Бұл жерде мынадай екі жағдайды еске сала кеткіміз келеді. Біріншіден, өздерінің басып алған жерлеріндегі жасаған зұлымдықтарын білетін және соған орай да болуы мүмкін екенін білетін нацистік басшылардың өз астанасын бірден бере салуы мүмкін дегенге сену қиын, астанасы үшін олар, әрине, жан аямай күресетіні сөзсіз. Оның үстіне, нацистердің кеңес әскерлерін зұлым, қатыгез, құбыжық етіп көрсеткен үгіт-насихатын да естен шығармау керек. Екіншіден, Сталиннің Берлинге одақтастардан бұрын кеңес әскерлерін кіргізуі туралы пікірдің жаны бар сияқты. 1945 жылы ақпанда Мәскеуде кеңес әскерлерінің Берлинге шабуылының жоспары жасала бастаған болатын. Уинстон Черчилль Берлинге шабуыл жасау үшін жеке бөлімдер құру туралы одақтастар әскерінің қолбасшысына ұсыныс жасады, алайда Дуайт Эйзенхауэр бұл ұсынысты қабылдамады, АҚШ президенті Ф.Рузвельт те Эйзенхауэрді қолдады. Қалай болғанда да, Сталин мен Черчилльдің арасында Берлинді кім алатыны туралы мәселеде бәсекелестік болған, бірақ Черчилльдің Еуропаның болашағына қатысты стратегиялық мақсатын Эйзенхауэр мен Рузвельттің прагматизмі жеңген сияқты.
Жеңіс күніндегі Прага үшін шайқас
30 сәуірде Германия соғыс-теңіз флотының қолбасшысы гросс-адмирал Карл Дениц М. Борманнан жеделхат алды, онда Дениц Гитлердің мемлекет басшысы қызметінің мұрагері болып тағайындалғаны айтылды (бұрынғы кезде мұрагер Г. Геринг болатын). Ал 1 мамыр күні Борман мен Геббельс Деницке жеделхат жіберіп, оның империяның президенті болғанын хабарлады. Сол күні Дениц радиодан неміс халқына арнап сөйлеген сөзінде: «Фюрер, мені өзінің ізбасары ретінде қалдырды. Мен осы бір ауыр сын сағатта үлкен жауапкершілікті түсіне отырып, неміс халқының билігін қолыма алдым. Менің бірінші міндетім – немістерді алға ентелеп келе жатқан большевиктік жаудың қолынан жойылып кетуден сақтап қалу. Шайқас тек осы мақсатпен ғана жүргізіледі. Егер америкалықтар мен ағылшындар осы мақсатты орындауымызға бөгет жасаса, онда оларға қарсы күресті де жалғастырамыз. Бірақ мұндай жағдайда ағылшын-американдар соғысты өз халықтары үшін емес, большевизмді Еуропада тарату үшін жалғастыратын болады». Деництің бұл сөзі АҚШ, Ұлыбритания және Кеңес Одағы арасындағы одақтастық ынтымаққа іріткі салу мақсатынан туған еді. Алайда тап сол күні Эйзенхауэрдің штабы радиодан нацистердің батыс одақтастар мен орыстардың арасына жік салу айласын әшкерелеген хабарлар берді. 5 мамырда Эйзенхауэр Деництен сөзсіз тізе бүгуді талап етуін күшейтіп, неміс әскерлерін жоюға кірісеміз, – деді. 7 мамырда Реймсте Германияның сөзсіз тізе бүгетіні туралы хаттамаға қол қойылды. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түнде (00 сағат 43 минутта) Берлиннің түбіндегі Карлхорста маршал Жуковтың штабында Германияның сөзсіз тізе бүгуі туралы хаттамаға Германия құрғақтағы қарулы күштері атынан генерал-фельдмаршал Кейтель, әскери-әуе күштері атынан генерал-полковник Штумпф, соғыс-теңіз күштері атынан адмирал фон Фридебург қол қойды. Актіге қол қою рәсіміне кеңес әскерлері атынан маршал Г.К. Жуков, Ұлыбритания қарулы күштері атынан маршал А.Теддер , АҚШ қарулы күштері атынан генерал К. Спаатс, француз қарулы күштері атынан генерал Ж.-М. де Латтр де Тассиньи қатысты.
Германияның сөзсіз тізе бүкені туралы акт жасалып жатқан кезде Чехияның астанасы Прагада шайқастар тоқтаған жоқ болатын. Кеңес әскерлерінің Прага стратегиялық шабуылдық операциясы 1945 жылдың 6-11 мамырында іске асырылды. Операцияны 1-ші, 2-ші, 4-ші Украин майданының әскерлері (1 770 700 адам) жүргізді, оған поляк әскерінің 2-ші армиясы (69 500 адам), 1-ші және 2-ші румын армиялары (139 500 адам), 1-ші чехословак армиялық корпусы (48 400 адам) қатысты. Шайқастар ұзындығы 1200 шақырым майдан шебін қамтыды. Шайқастардың нәтижесінде Германияның сөзсіз тізе бүккені туралы хабарға мойынсұнбай, күресті жалғастыра берген жаудың 860 мыңдық әскерлер тобы талқандалды. 11 мамырда кеңес әскерлері Хемниц, Карловы Вары, Пльзень шебіне жетіп, американ әскерлерімен кездесті. Прага үшін шайқас кеңес әскерлерінің Еуропадағы соңғы шайқасы болды. Жалпы алғанда, нацистік Германияны талқандауда басты рөл атқарған кеңес әскерлері екенін біздің ғана емес, шетелдердің де кәсіби тарихшылары мойындайды. Американ профессоры У.Дюбланика Германия қарулы күштерінің екі майдандағы (шығыс және батыс) шығындарының арақатынасы 20:1 болды деген пікір айтады.
Кеңес әскерлерінің қатарынан 8 668 400 офицер мен жауынгер шығын болды (соғыста қаза тапты, жара мен аурудан қайтыс болды, әскери трибуналдардың бұйрығымен атылды, тұтқыннан қайтпады), оның 74 пайызы 20-ға жетпеген жастардан бастап, 35 жасқа дейінгі, 26 пайызы – 36-55 жас аралығындағы адамдар.
Екінші дүниежүзілік соғыс Германия мен оның одақтастарының жеңiлуiмен аяқталып, соғыстың басты қылмыскерлерi Халықаралық сотта жазаларын алды. Соғыстың басты қорытындысы – әлемдiк өркениеттi құрып кетуден аман алып қалуы, адамзатқа қас нәсiлшiлдiк фашистiк идеологияны жоюы болды. Соғыс миллиондаған адамдардың санасы мен өй-өрiсiне ықпал жасады, ендi олар соғысты болдырмау, әлемдiк өркениеттi сақтау, адам құқығын қорғау мәселесiне неғұрлым белсендi түрде араласатын болды. Халықаралық қатынастарда бейбiт қатар өмiр сүру қағидалары орнықты, дүниежүзiлiк демократияның геосаяси, әскери-саяси, экономикалық тұғырлары нығайды.