«Көкек ана» кінәлі де, жеңілтек жігітте жазық жоқ па?
Үйленбей жатып-ақ бойжеткендеріміздің тас емшегі иіп жатса, қазір оған өздері де именбейді, біз де еш таңғалмайтын болдық. Кеше сұмдық саналған бұл құбылыс бүгін етек алып кетті. Иә, күйеуге тиюден үмітін үзгендер «өзінің қызығы» үшін сәбилі болып жатса, әрине, оларды түсінуге тырысасың. Ал оң босағада отырып некесіз бала туғандардың мұндай қылығы, шыны керек, қынжылтпай қоймайды екен. Оны айтасыз, аборт жасатушылар барған сайын жасарып, мектеп оқушылары арасынан табылып жатыр.
Басқа-басқа, қазақ үшін бұдан өткен масқара жоқ еді. Қыздарымызды неге тым еркінсітіп жібердік? Неге тізгіндей алмай отырмыз? Қай жерден қателік кеттік? «Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болушы еді», мүмкін бар кінә үлкендерден шығар, дұрыс бағыт-бағдар бере алмай жүрген? Көкейде сауал көп. Негізі, бұл – өз алдына үлкен тақырып, өзекті мәселе.
Ал біз әңгімемізді қыздардың тәлім-тәрбиесі мен олардың жат қылықпен былғанып жатқандығынан бастасақ та, ат басын екінші жаққа бұрмақпыз.
Екінші жақ деп отырғанымыз – етегінен ұшынған жігіттеріміз. Иә, қыздардікі дұрыс емес, оған дау жоқ. «Құнажын көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзбейді». Некесі қиылғанша абыройынан айырылмаулары тиіс еді. Бірақ болары болды делік, бұл жерде қателік екі жақтан да болған жоқ па? Мұнымен біз не айтқалы отырмыз? Қыздарымыз таланып болған соң, бар ауыртпалықты арқалап қала береді. Қарабет болатын да солар, аборт жасататындар да солар, жігіттің соңынан еріп, «маған үйленші» деп жалынатындар да солар, ата-анасын жерге қарататын да солар, қысқасы, «сүйекке таңба түсті» деген сөз. Бір сәттік ләззат қандай тәтті болса, оның зардабы сондай ащы болмақ. Мұндай қиын жағдайдан әркім әрқалай шығады. Ал жатырына біткен жаратылыстың тағдыры не боламақ? Көп жағдайда, көп жағдайда дейміз-ау, негізінен, мұндай қыздар бар жауапкершілікті өз мойнына алуға мәжбүр болады. Ең ауыры – әке тәрбиесін көрмеген бала психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, жарымжан бала. Мұны ғылымның өзі дәлелдеген.
Өйткені кеше ғана сүйдім-күйдім деген жігіт қара көрсетпей кетеді. Қыздарымыз болса жалғызбасты ана болып шыға келеді. Баланы өсіріп, жеткізу оңай шару емес. Тіпті жолда туылған балалардың әкесінің кім екенін білмей өсіп жатқандығының өзі қандай қасірет. Некесіз баланың көбеюі көбейіп келеді, алайда Алматы қалалық сотының судьясы Қанат Молдашевтың айтуына қарағанда, «әкелікті танытып, алимент өндіріп жатқандар анау айтқандай көп емес». Сондай-ақ «мұндай жағдайда қыздар жергілікті сотқа арызданып, сот үкімімен алимент өндіріп алуларына болады» дейді судья. Қыздарымыздың басым бөлігі басын ала қашқан жігітті мәжбүрлегісі жоқ. Осының өзі жігіттердің жауапкершіліктен оңай құтылуына мүкіндік туғызып отыр емес пе. Тағы бір айта кетерлігі, ананың уызына жарымай қалған жетімдер санын көбейтуде әсіресе «ойнаймын деп от басқан» жастардың үлесі өте зор.
Сонымен не айтпақпыз дерсіздер. Үйленбей жатып бала туған қыздарды қалай сөгеміз, жігіттерді солай сойып салу керек. Тіпті қыздарымыз сот арқылы әкелікті танытып, алимент өндіріп алудан да ұялмасын дегіміз келеді. Егер қыздарымыз өз құқықтарын өздері қорғауды қолға алса, бұл бір жағынан, өзге жігіттерге сабақ болып, қыздарды алдайтындардың санын сиретуге ықпал етсе, екінші жағы әкесіз балалардың қатарын азайтуы мүмкін.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сенсек, жылына жасөспірімдер арасында 10 000-ға жуық қыз бала жүкті болып жатады екен.
Зерттеу кезінде анық болғандай, 6000-ға жуық аборттың 90-ын жасы он беске толмаған қыз балалар жасатқан.
Баласын жалғыз тәрбиелеп жатқандар саны барған сайын артып барады. Статистикалық мәліметті алға тартсақ, мұндай әйелдер саны қазір жарты миллионға жетіпті. Олардың арасында некеге тұрмағандар да аз емес. Ресми дерек бойынша әрбір бесінші бала әкесінің аты-жөнін де білмейді.
Ресми деректердің айтуынша, жетімдер 80 мыңның үстінде.
Ал бейресми дереккөздер бұл көрсеткіш 100 000-ға жуық дейді. Қазақстанда қазіргі таңда барлығы 660 балалар үйі мен интернат тіркелген.
«Ұят пен адамгершіліктен жұрдай әлгі көргенсіздер (жігіттерді айтады) қыздың тапталған арын, жоғалған пәктігін, көзден бұлбұл ұшқан абыройын қайтарып бере алмайды.
Қыздың бойында сұлулық бар кезде ғана олар соның маңайын төңіректеп, қолдап-қолпаштап еріп жүреді де, сұлулық жоғалған кезде иттің еті таусылған сүйекті жайына қалдырғаны секілді, олар да көздеген «құрбандығынан» біржолата ат ізін суытады.
Шейх Әли ат-Тантауи