Халқымыздың салт дәстүрге бай екендігі аян. Алайда тарих тасасында ұмыт қалғандары да аз емес. ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлес қосатын кіндік шешені мүлдем сызып тастағандаймыз. Тереңнен тамыр тартатын тарихқа үңілсек, ата-бабаларымыз кіндік шешені өз анасынан кем құрметтемеген. Сәби дүниеге келгенде оның кіндігін кез келген жан емес, басалқалы, көпке үлгі-өнегелі аналар кескен. Алдан жақсылық күтетін аталарымыз «нәрестеміз де келешекте осындай адам болса» деген ырымнан туса керек, мұның өзі. «Алаш айнасы» тілшісі қазаққа етене жақын кіндік шеше туралы өз ойын ортаға салады.
Халқымызда «бала кіндік шешеге тартады» деген де сөз бар. Баланың бойынан иненің жасуындай жақсылық көрсе «кіндік шешесіне тартқан ғой» деп әспеттеп отырған. Өз кезегінде баланы кіндік шешесін сыйлауға, құрметтеуге, үйреткен. Бүгінде осы алтын желі үзіліп қалғандай. Кейінгі буын кіндік шешелерінің кім екенін білмейді де. Шындығында, кіндігіңізді кім кесті? Перзентханада... орыс, еврей... Кім кескенін білмейсіз. Білуді шарт деп те ойламайсыз. Өйткені бүгінде бұрынғыдай үйде босану деген жоқ қазір. Ауылдағы ақ самайлы әжелеріміз бүгінде өздерінің кезінде талайларға «кіндік шеше» болғанын күрсініспен еске алады. Әрине, технология қарыштап дамыған заманда қатаң медициналық бақылауда босанғанды жоққа шығара алмаймыз. Дана халқымыз ежелден кіндік шешеге аса құрметпен қараған. Дүние есігін ашқан нәрестенің кіндігін кім кессе, бала есейгенде мінез-құлқы жағынан кіндік шешесіне тартады деген ұғым бар. Оған баланың екінші анасындай қарап, сый-құрмет көрсеткен. Баланың құлағына «кіндік шешеңді сыйла» деп құйып отырған. Ондай құрметке анау-мынау емес, көп балалы, сөзі де, ісі де үйлесімді сыйлы аналарды таңдап тартқан. Кіндік шеше де сәбиді өз баласынан кем көрмеген.
Ал, бүгінде біз осы құрметтің мәнін кетіріп алғандаймыз. Баланы перзентханадан шығарғаннан кейін көңіліне жаққан жанды «кіндік шеше» деп атай салады. Оның міндеті балаға қоларба, киім-кешек, ойыншық сатып әперу ғана сияқты. Кіндік шешенің қадірі қашқан заманда енді... «кіндік әке» деген термин үрдісімізге еніп келеді. Жақын жора-жолдастарының арасынан таңдап алынған әлгі атаудың иесі де аз-маз сыйлық жасаудан арыға аса алмайды. Балаға әкесіндей қарап тәрбиелеу деген екінші планға сырғып кеткен. Тек осының өзін сән көріп «крестный» деп қысқартып, қызықтап жүргендер баршылық. Әрине, мұның бәрі де батыстың бітіп болмайтын телесериалдарынан жұққан «ауру». Әйтпесе, христиан дініндегілердің баланы шоқындырған адамды «крестный отец» деп атайтыны мұсылмандыққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны рас қой. Мұны өзгенің қаңсығын таңсық көру демеске шара жоқ. Бұл «модадан» келіп кетер пайда шамалы. Соңғы әлетте ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңаша сипатқа ие болып жатыр. Оны осы заманға ыңғайлап, қиюластыратын «философтар» көп. Бір тойда біреу елден ерек бірдеңе істесе келесі біреу соны алды-артын ойламай іліп әкетеді. «Крестный отец» те соның бір көрінісі. Ұрпақ жалғастығы, ұлт болашағы, балаңызды ұлттық дәстүрмен сусындатып өсіру өз қолыңызда. Сондықтан да кірме салт-дәстүрге бой алдырмай, ұлттық нақышты ұстансақ ұтылмаспыз.
ОҚЫРМАН НЕ ДЕЙДІ?
Аманжол НАЙМАНБАЙ, ҚР Мәдениет қайраткері, сәулетші, дизайнер:
– Бұл дәстүрге өз басым ерекше құрметпен қараймын. Бала тәрбиесіне, болашағына әсер ететін бұл үрдістің ұмытылып бара жатқаны өкіндіреді. Менің кіндік шешем өте бір мінезі жайдары, ақкөңіл адам болған екен. Аты – Бибіайым. Әкемнің бөлесінің әйелі. Он саусағынан өнері тамған шебер кісі екен. Кейде мінезімнің кейбір қырлары, қолымның ісмерлігі сол кісіге тартқан ба деп ойлаймын. Кіндік шешемді өз анамнан кем сыйлаған емеспін. Ол кісінің де маған деген ілтипаты ерекше болатын. Өз баласындай көрді десем артық айтқандық болмас. Кіндік шешелердің барлығы осындай болса деп ойлайтынмын... Бұл үрдісті ұмыт қалдырмай әлі де жандандыруға болады. Тек ниет дұрыс болса болғаны... Бірақ әлгіндей «крестный» деп бұрмаламау қажет. Кіндік шеше деп айтылуы да керемет емес пе? Дұрыс түсінген адамға кіндік шеше деген атаудың өзі қандай әсер етеді? Бауырмалдыққа, мейірімділікке жетелейтіндей...
Бибіхан БАЙБАҚОВА, ұстаз:
– Бар қазақтың түп қазығы ауыл ғой. Сол ауылдарда әліге дейін небір жауһар дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай сақталған. Кіндік шеше деген ұғымды жастайымыздан естіп өстік. Өкінішке қарай, өзім кіндік шешемнің кім екендігін білмеймін. Заманына қарай ғой, мен қатарлылардың бәрі де перзентханада дүниеге келген. Ал ол жерде қай акушерканың кезекшілігі келсе, сол босандырады емес пе? Енді бұны қалыпқа салып кіндік шеше деп атауға болады дей алмас едім... Ауылға барсақ үлкен апаларымыз «кіндік шешелері» туралы небір әңгіменің тиегін ағытады. Қызығасың. Өкінесің де. Өзіңнің кіндік шешеңнің кім екенін білмейтініңе өкінесің. Осындай керемет дәстүрді ғасырлар қойнауына лақтырып, тарс ұмытқанымыз мүлдем дұрыс емес ау. Оны қалыпқа келтіреді дейтін үлкендеріміз «арғы жағалауда» тұр. Ал жастарымыз тым «жаңарып» барады. Оларды ұлттық дәстүрлеріміз емес, батыстың қаңсығы көбірек қызықтырады. Өкінішті әрине.
Құралай СӘТМҰХАМБЕТОВА, композитор:
– Менің кіндік шешем Кәмпит деген кісі болған екен. Мен ол кісіні көрген жоқпын. Отбасылық жағдайымызға байланысты біз ол жақтан көшіп кеттік те кіндік шешемнің тәрбиесін көре алмадым. Бұл үрдісті ұмытылып бара жатыр дегенге өз басыми қосыла алмаймын. Қайта жыл өткен сайын түрленіп, басқа қырынан дамып келеді. Қазір перзентханаларда босану үстінде өзіне жақын бір адамды қасында тұруға рұқсат беріпті ғой. Ол адамның баланың кіндігін кесуге де мүмкіншілігі бар көрінеді. Осылайша кіндік шеше атанғандар жайлы естідім. Көрдім де. Баланың анасы «қыз болғанда сіздің атыңызды қояр едім» деді. Бұл әлі жаппай үрдіске айнала қойған жоқ. Алайда ары қарай жалғастырып алып кетуге әбден лайық ақ емес пе? Әншейінде елеуге тұрмайтын болмашы бірдеңелерді жарнамалап жатамыз. Ал бұл сонау көнеден келе жатқан жақсы салт дәстүрдің жаңаша сипатқа енген түрі ғой. Сондықтан да қолдап, насихаттасақ әрі қарай жалғасын тауып кетер еді... Әрине, мұндай абыройлы атқа ие болу да оңай емес. оған ата ананың сын елегінен өткендер ғана ие болады. Ал енді перзентханада босанғандардың кейбірі босадырған акушердің де атын қойып жатады ғой. Жақсы дәстүр қай заманда да өз тінінен ажыраған емес. бұл дәстүр де ұмыт қалады деп ойламаймын. Тек сәл ғана назар салып, насихаттап жіберсек, ары қарай дөңгеленіп жүре берер, бәлкім?!
КІНДІГІҢДІ КІМ КЕСТІ немесе "КРЕСТНЫЙ" КЕРЕК ПЕ?
Последние статьи автора