Кімдікі ұрыс, кімдікі бұрыс?!
Ақтөбе облысы Алға ауданындағы Есет батыр ауылының 60 жастағы тұрғыны Жайлыбай Төлегенов полиция қызметкерлерінен таяқ жеп, ауруханаға түскен көрінеді. Қобда ауданында тұратын адамның 60 бас жылқысы жоғалып, сол ауданның полиция қызметкерлері ұрлықты осы Жайлыбай Төлегеновтен көріпті. Ақсақал полицейлердің ұрлықты мойындатамыз деп, өзін ұрып-соғып, қинап, қорлағанын айтады. «Өздері ғана сабап қоймай, аудандық ішкі істер бөлімінің ішінде ұрланған мал иесінің де қолына дубинка ұстатып, «кегін» алуға рұқсат берді», – дейді ақсақал.
Және полициядан зардап шеккендер – екеу. Бірі – Жайлыбай Төлегенов, екіншісі – Евгений Гончаров. Төлегенов Алға аудандық ауруханасында жатыр, ал Гончаровтың қайда екенін ауылдастары әлі біле алмай отыр.
Жайлыбай ТӨЛЕГЕНОВ, зардап шегуші:
– 16 маусым күні күндізгі сағат екінің кезінде ауылымыздың учаскелік полиция қызметкері Асылбек Сағиев, облыстық ішкі істер департаментінің полиция қызметкері Нұрбек Әділхан тағы бір полиция өкілі, аты-жөнін білмедім, полицей екенін кейін білдім, өйткені бұл екеуі полиция киімін кимеген болатын, мені үйден алып кетті. Сондай-ақ ауылдасымыз Сәрсенбай Жүнісовте жұмыс істейтін Евгений Гончаровты машинаға салып алды. Сондай-ақ қастарында ұрланған жылқылардың иесі, қобдалық Марат деген болды. Айтпақшы, полицейлер біздің ауылдың тұрғыны Зымрат Алдияров дегенді де бірге алып жүрді. Сөйтсек, Зымраттың бұл оқиғада атқаратын «аса маңызды» жұмысы бар екен. Ол біздің «қылмысымызға» куә болмақ. Полицейлердің айтуынша, Зымрат біздің «ұрлығымызды», 60 жылқыны «КамАЗ» машинасына «тиегенімізді» көріпті-мыс. Соның бәрін Қобда аудандық ішкі істер бөліміне барғанда қағазға түсіріп, куәлік ететін көрінеді.
Осылайша Алғаға жеттік. Алғада учаскелік полицей Асылбек Сағиев қалып қойды. Біз одан әрі Ақтөбе арқылы Қобдаға кешкі сағат 7-8-дерде бардық. Жол бойы әлгілер бірнеше рет тоқтап, арақ ішті. Евгений екеумізге ауық-ауық шүйлігіп қояды. «Қылмыстарыңды мойындаңдар, мойындамастарыңа қоймаймыз, міне, куәміз бар», – дейді. Сонымен Қобда аудандық ішкі істер бөлімінің екінші қабатына көтерілдік. Жауап алды. «Сәрсенбай Жүнісовтен күдіктенеміз. Жылқыларды ұрлаған – сол. Сен соған көмектестің, мойныңа ал. Біз бәрібір мойындатамыз», – деп, мойныма қиып салмақ болды. Жасамаған қылмысты қайдан мойныма аламын. Мен ештеңе білмейтінімді айттым.
Ақсақалдың айтуынша, полиция қызметкерлеріне жоғалған жылқы иесі Марат та қосылған. Тіпті басына противогаз кигізіп, тұншықтырған да сол екен. Тамақ бермей, аштан-аш қамап тастайды. Қинау екі күнге созылған. Оның үстіне Зымрат Алдияров болмаған оқиғаны болды деп, көрмеген нәрсені көрдім деп куә ретінде арыз жазған. Ол Жайлыбай ақсақалдың Гончаровпен бірге 60 жылқыны «КамАЗ» көлігіне тиеп бергенін көргенін айтыпты. Алайда ол сол «КамАЗ» машинасының мемлекеттік нөмірін атамаған. 18 маусым күні аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары келіп, ақсақалды босататынын, ал Гончаровты әлі де ұстайтынын айтады. Сол күні кешкі сағат тоғыздарда үйге жеткен ақсақал жағдайы нашарлап, бүйрегі қысып, басы қатты ауырып, ауруханаға түседі.
Александр Кононенко, Алға аудандық ауруханасының дәрігер-хирургі:
– Жайлыбай Төлегенов 18 маусымда түнге қарай денсаулығы орта дәрежелі күйде түсті. Есет батыр ауылынан шұғыл түрде жеткізілді. Науқас Қобда аудандық ішкі істер бөлімінде полицейлерден таяқ жегенін айтты. «Соққыдан миы шайқалған» деген диагноз анықталып, бекітілді. Қолы сынған. Қолына «гипс» салынды. Бел омыртқасы, бүйрегі ауырады.
Ақжарқын Төлегенова, Жайлыбайдың зайыбы:
– Ауылдың учаскелік полицейі Асылбек Сағиев қыр соңымыздан қалмай қойды. Ауылға өзі қожа, өзі би болғысы келеді. Егер адамгершіліктен аттамай, ешкімнің жүйкесіне тимей, заң жолымен би болса, бола берсін. Әділ болса, тіпті хан болсын. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ істейтін ісі, жасайтын қылығы – осындай. Бұрын «Менің милициям мені қорғайды» деп айтушы едік. Енді «Менің полициям мені қорлайды» дейміз бе, қалай? Аудандық ішкі істер бөлімі Асылбек Сағиевтің ісін зерттесе, көптеген мәліметтерді білетін болады. Ал куә болып жүрген Зымрат Алдияровтың да «концерті» жеткілікті. Ауыл адамдарын қоқан-лоқы жасап, қорқытып, үркітеді. Ауыл адамдарын басынғаны сондай – «Менің «крышам» бар, облыстық ішкі істер департаментінде басшы қызметте. Маған ештеңе істей алмайсыңдар» деп, ашық айтып жүр. Тіпті ол адамдардың аттарын да айтты. Мен анық-қанығына жетпегесін ол кісілерден ұят болар, ар-ұяттарына сызат түсірмейін деп аттарын атамай отырмын. Қажет болса, Зымраттың айтқан адамдарының аттарын атап бере аламын.
Қазір запа шегуші аудандық, облыстық прокуратураға, облыстық ішкі істер департаментінің бастығының атына осы оқиға бойынша арыз түсірген.
P.S. Қандай да бір қылмысты ашу үшін полиция қызметкерлері күдіктілерге күш көрсетеді, ұрып-соғады дегенді естіп жүрміз. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев: «Шағымданушылар бәрін өтірік айтады, ешкім ұрған жоқ. Жауапкершіліктен қашу үшін әдейі ауруханаға барып жатып алды. Енді шу көтеріп жатыр», – дейді. Төлегенов қылмыс жасамағанын, тектен-тек зардап шегіп отырғанын айтады. Тіпті Төлегенов қылмыс жасағанның өзінде де, полицейлердің қол жұмсауына рұқсат етілген бе? Полиция бөлімінде полицияда жұмыс істемейтін Марат атты адамды кіргізіп, Төлегеновті ұрғызғанын да қалай түсінуге болады?