Кешегі ауған соғысының бүгінгі саяси салдары

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Осыдан 21 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында, геосаяси кордонға айналған Ауғанстаннан 10 жыл соғысудан көз ашпаған КСРО әскері шығарылды. Дәл осы аймақ КСРО-АҚШ ықпал аймағының түйіскен жері ғана емес, ислам атын жамылған радикалдық күштер құжынаған ұяға айналды. Исламның гүлденген мекені көне Үлкен Қорасан аймағының бір бөлігі саналған Ауғанстан топырағына есірткі егіліп, емін-еркін қару-жарақ сатылып, ондаған жылдардан бері қантөгістен көз ашпай келеді. Ауған соғысына байланысты 800-ден астам кітап жазылып, ондаған фильм түсірілген. Миллиондаған тағдырларға қайғы-қасірет әкелген 1979-1989 жылдардағы Ауғанстандағы соғыстың саяси сабағы және тарихи бағасы толықтай берілді деуге ерте. Дегенмен Кеңес-ауған соғысына тәуелсіз Қазақстанның тұрғысынан қандай саяси баға берілуі керек?

АУҒАНСТАНДАҒЫ АЯҚТАЛМАҒАН АЛАСАПЫРАН
Ислам әлемінің кіндігінде жатқан Ауғанстанның ерекшелігі – этникалық және діни-топтық әркелкілігі болатын. Ауғанстанды толық билеуді мақсат тұтқан әртүрлі саяси топтардың жетекшілері сырттан көмек іздеуге бейілтұғын. Кірпік қақпай аңдыған алпауыттар да Ауғанстанды аласапыран етуге әркез даяр тұрды.

Билікті төңкеріспен басып алу үйреншікті саяси күрес еді. 1978 жылы сәуір төңкерісі нәтижесінде Ауғанстан республикасында (1973 жылы монархия төңкеріс арқылы құлатылып, республика болып жарияланған) президент Мұхаммед Дауд отбасымен қоса өлтіріліп, билікке М. Тараки бастаған Ауғанстан коммунистік халықтық-демократиялық партиясы келеді. Тараки тұсында КСРО-мен достық, татулық және ынтымақтастық туралы тарихи келісім жасалып, социалистік лагерь өз іргесін исламдық Ауғанстан жеріне қарай кеңейтпек болады. Алайда Таракидің орынбасары болған Амин бастаған топ Таракидің билігін бір күнде төңкеріп тастап, өзі би, өзі қожа болып, КСРО-дан ат құйрығын үзеді.

Осындай жағдайда 1979 жылы 12 желтоқсанда Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешім қабылдаған КСРО мен КОКП-ның бұрынғы кейбір жетекшілері Л.И.Брежнев, Ю.В.Андропов, Д.Ф.Устинов, М.А.Суслов соғыстың бақандай он жылға созыларын ескермеген шығар. Оның үстіне соғысқа себепші болған олар ауған соғысының аяғына дейін өмір сүрген жоқ. 1979 жылы Мәскеу «Шторм-333» арнайы операциясы бойынша Хафизулла Аминнің көзін жойып, оның орнына Бабрак Кармальді қойғанымен, Ауғанстандағы ахуал одан әрі ушығып кетеді. КСРО үкіметтік күштерді қолдаса, АҚШ, Қытай, Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Мысыр, Израиль елдері үкіметтік емес радикалды исламдық күштердің қолтығына су бүркіп, айтақтады.

Соғыста Кеңес әскерінде 80-104 мың, ауған демократиялық күштерінде 50-130 мың әскер болса, оған қарсы АҚШ қолдаған оппозициялық күштер жағында 25-140 мың адам ұрыс жүргізді. КСРО құрамында Отан алдындағы міндетті арқалаған 22 000 қазақстандық толарсақтан қан кешіп, ауған жерінде 2238 күнге созылған соғыс қимылына қатысты. Ауған соғысында оның 924-і опат болып, 1015 жауынгер мүгедек болып қалды және 21 адам хабарсыз жоғалып кетті. Соғыстан қайтқандардың көпшілігі «ауған синдромынан» айыға алмай жүрді. Сонымен қатар 90-шы жылдардың басында өткізілген тест көрсеткендей, соғысқа қатысқандардың 30-40 пайызы кәсіби психологтардың көмегіне мәжбүр болған.

Ең сорақысы, Женева келісімінде тұтқындарды қайтару мәселесі қарастырылғанымен, Кеңес Одағы тұтқынға түскен 300-дей әскерін қайтаруға құлықты болмады. 1989 жылы 15 ақпанда Өзбекстандағы Термез шекаралық көпірінде 40-шы армия қолбасшысы генерал-майор Б.В.Громов кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан толық әкетілгенін бүкіл әлемге жариялады. Алайда Кеңес әскері кетіп, АҚШ әскері келгенімен, Ауған жеріндегі аласапыран осы кезге дейін толастамай тұр. Кезінде КСРО-ға қарсы соғыста ауғандық радикалды исламдық күштерге дем берген АҚШ-тың енді оларға қарсы бар айласынан бәлендей нәтиже жоқ. Баяғы жабайы жасақ деңгейінен жүйелі құрылымға айналып үлгерген тәлібтер АҚШ-қа оңай шағылатын жаңғақ емес. Сайып келгенде, Ауған соғысы КСРО-АҚШ «қырғы-қабақ» текетіресінің орнына әлемдік ауқымға халықаралық лаңкестік, исламдық экстремизм, есірткі контрабандасы мәселесін көлденең қойып отыр.  

СОҒЫСҚА ҚАНДАЙ САЯСИ БАҒА БЕРЕМІЗ?
Тәуелсіз ел ретінде ардагер ұғымын әлі де анықтай алмай, анықтамаған соң ардақтай алмай жатқан сияқтымыз. Ел үшін, ұрпағы үшін Ұлы Отан соғысында от пен оқ ортасынан оралғандар мен ауған соғысында қан кешкендердің мәртебесін бөле-жара қарау керек пе? Соғыстың үлкен-кішісі жоқ. Қай-қайсысы да Отан үшін, мемлекет үшін басын оққа байлады. Мемлекеттің бұйрығын орындаған, Отан алдындағы борышын ерлік шежіресімен өтеген ардагерлердің жазығы не? Отан үшін шейіт болғандардың отбасына көмектесудің былай тұрсын, ардагер атағын қимай келеміз.

Соғыстың әділетті, әділетсіз немесе қате яки дұрыс екеніне бас қатыруды басқа мәселе ретінде былай қоя тұрып, соғысқа мемлекеттік тұрғыдан, оның болашағы, патриоттығы тұрғысынан саяси баға берілуі керек сияқты. Мемлекет ауған соғысына қатысушыларға ардагер мәртебесін бермейтін шешім қабылдаған жағдайда Құдай бетін әрі қылсын, Қазақстанның сарбаздары ҰҚШҰ мүшесі ретінде өз елін қорғауы қисынды бола ма? Ардагер мәртебесі болмаса, несіне мемлекеттің саясатымен басын оққа байлауы тиіс? Демек, ауғандықтарға ардагер мәртебесі бекітілмесе, Қазақстан ҰҚШҰ аясында өз елін қорғауға құқы жоқ деген сөз. Одақтас елдер алдындағы міндеттемемізді орындай алмауымыз мүмкін. АҚШ әскері Иракта, Ауғанстанда жүрсе де, мемлекеттің саясатының құлы болып жүр деп есептеледі. Ал ардагер мәртебесін белгілеген жағдайда Қазақстан әскері кез келген ықтимал қауіп-қатерлерге сақадай-сай тұрар еді.

Дерек пен дәйек:
Тұтастай алғанда, КСРО-ның 620 мың азаматы АДР территориясында әскери қызметтен өтті. Сондай-ақ әскер құрамында 21 мың адам жұмысшы және қызметші
кәсібінде болды. Ауғанстанда
кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында барлығы 200153 адам мемлекеттік марапаттауларға ие болса,
оның 10955-і осы соғыста шейіт кетті. Ерлігі үшін марапатталғандардың
2265-і қазақ.


Ой-тұжырым
Ауған соғысына мемлекеттік-саяси көзқарас елдің болашақтағы саяси ұстанымының бағыт-бағдарын айқындауы тиіс. Өйткені 100 жыл, 1000 жыл өтсін, ардагер мәртебесі әлеуметтік емес, мемлекеттік әрі геосаяси мәселе. Оның үстіне әлемдегі тұрақсыз аймаққа айналған Ауғанстандағы ахуалды реттеу Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басты басымдықтарының бірі екені анық. Қазақстан НАТО немесе ҰҚШҰ шеңберінде алда Таулы Қарабақ, Ирак, Ауғанстан т.б. аймақтарға өз бітімгершілік күштерін жіберуі мүмкін. Бітімгершілік күштер қанша жерден ерікті болған күннің өзінде саяси шешімдерді орындауға міндетті. Сондықтан кешегі соғыс сабақтары келешек саяси шешімдердің игілігі үшін қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста