«Кендірлідегі» келелі істер
«Дені саудың – жаны сау». Десе де көп жағдайда тіршіліктің қамымен денсаулыққа тиісті деңгейде көңіл бөле бермейтініміз рас. Қазіргі таңда жұмыс беруші мекемелердің барлығы бірдей жұмысшы денсаулығына жіті қарап, тиісті әлеуметтік қолдаулар көрсетіп жатыр деп айту қиын шығар. Дегенмен өз еңбеккерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне тиісті деңгейде әлеуметтік көмек көрсетіп отырған кәсіпорындар да жоқ емес. Осындай іргелі кәсіпорынның бірі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ десек артық айтқандық болмас. Отандық мұнай өндіруші компания өз жұмысшыларының қолайлы еңбек етуіне, денсаулықтарын нығайтуына және демалыс уақытында шипажайларда тынығуына барынша жан-жақты мүмкіндіктерді жасап отыр.
Осы жылдың қыркүйек айында Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына орай «Кендірлі» демалыс аймағында медициналық-оңалттыру орталығы ашылды. Жаңа әлеуметтік нысан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының мұнайшылары мен осы сала ардагерлері, сондай-ақ өзге де тұрғындарға қызмет көрсетеді. Осындай медициналық-оңалттыру орталығының салынып, пайдалануға берілуіне «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы мұрындық болып, үлкен қолдау көрсетіп отыр. Компания 2004 жылы құрылып, қызмет ете бастағалы бері облыстың әлеуметтік дамуына 10 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсады.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және Маңғыстау облысының әкімдігі бекіткен 2010-2014 жылдарға арналған «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалында әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға байланысты іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды қолға алып отыр. Аталған медициналық-оңалттыру орталығы – осы шаралардың бірі ғана. Компанияның бұдан басқа да әлеуметтік жобаларды іске асыруда атқарып жатқан іс-шаралары жетерлік.
«Кендірлі» демалыс аймағы Каспий теңізінің жағалауына орналасқан. Қарт Каспийдің керемет табиғаты аясында орналасқан орталықтың таза суы мен ауасы, жоғары сапалы, толыққанды емдеу түрлері адам денсаулығына таптырмас шипа екені белгілі. Теңіздің ауасы адамның тыныс жолын жақсартса, теңіз толқыны адам психологиясына жағымды әсер етеді. Енді осынау көрікті теңіз жағалауында медициналық-оңалттыру орталығының ашылуы мұнайшыларды, жалпы, мұнайлы қала тұрғындарын тек зор қуанышқа бөлеп отыр.
Орталықтың жанынан «Ақбөбек» атты жаңа балалар сауықтыру лагері де ашылған. Бұл лагерь мұнайшылардың балаларына жазғы демалыс уақытында қызмет көрсетеді. Жаздың күні бұл жерде 1500 баланың демалуына болады.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы бұл екі ғимараттың салынуына 1,5 млрд теңге жұмсады. Бұл ғимараттар Қазақстан Үкіметінің Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешудегі кешенді жоспарын орындау аясында салынып отыр. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың бұл бастамасына «Медикер» медициналық компаниясы өз үлесін қосты. Медициналық компания орталықты медициналық жабдықтар, жиһаз және өзге де мүліктермен қамтамасыз етті.
«Кендірлі» медициналық-оңалттыру орталығының қызметінің басты мақсаты – «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының және «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың өзге де бөлімшелерінің қызметкерлеріне кешенді емдеу-сауықтыру қызметін көрсету арқылы денсаулықтарын нығайту, қызметтік белсенділіктерін арттыру. Бұл орталықта жылына 3,5 мың адам емделсе, ал айына 300 адам өз денсаулықтарын нығайта алады.
«Медикер» медициналық орталығының бас директоры Гүлжан Садырбаеваның айтуы бойынша, бұл орталықта бір мезгілде 100 адам ем қабылдай алады. Орталықтың емдік жұмыстары, негізінен, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының қызметкерлеріне алысқа бармай-ақ, өз жерінде кешенді емдеу, сауықтыру қызметін пайдалануға үлкен мүмкіндік тудырып отыр.
«Өзенмұнайгаз» қызметкерлері демалыс орнында демалумен қатар, жыл сайын емделуге 60 АЕК көлемінде материалдық көмек алады. Ал мұнайшылардың 7 мен 14 жас аралығындағы балалары Қазақстан, Ресей мен Украинаның лагерьлерінде тегін демалады. Енді маңғыстаулық мұнайшылардың балаларының алысқа бармай-ақ, Каспий теңізінің жағалауындағы лагерьде де демалуына мүмкіндік туып отыр.
Өндірістік филиалдың мұнайшыларына 14 емдеу және медициналық реабилитациялық қызмет түрі көрсетіледі. Орталықта: Мойылды өзенінің сульфитті лай-батпақты пайдалану арқылы емдеу, «Қатон-Қарағай бұғы саябағының» бұғы мүйізі өнімдері негізінде емдеу, сумен емдеудің түрлері, гирудотерапия, парафинді емдеу (балауызбен емдеу), шөппен емдеу, оттегімен емдеу, дәстүрлі физиотерапия, массаж және денешынықтыру тағы да басқа емдеу-сауықтыру қызметтері көрсетіледі. Мұның бәрі бір орталықта болғандықтан, демалушылар өз денсаулықтарына толыққанды ем түрлерін қабылдайды. Әртүрлі ем көрсету үшін оның негізгі көзі шоғырланған жерлерге барып емделу де қажет емес, әр аймақтан табылатын ем түрлері шоғырланған кешенді орталық бұл қызметтерді бір мезгілде көрсете алады.
Теңіз жағалауында демалып, емделу адам денсаулығына өте пайдалы. Әсіресе теңіз суы, ауасы мен толқындарының денсаулыққа әсері мол. Теңіздің тұзды және йодтың ионы бар ауасы адамның тыныс алу жолдарына жақсы әсерін тигізеді.
Осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру тек аудан тұрғындары үшін ғана емес, жалпы, мемлекетімізге де тиімді. Себебі Президентіміз жыл сайынғы халыққа Жолдауында денсаулық сақтау саласын жақсартуды, тұрғындардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды айтып келеді. Елімізде «Салауатты өмір салты», қазіргі «Саламатты өмір» атты денсаулық сақтау саласында түрлі мемлекеттік бағдарламалар да қолға алынып жатыр. Міне, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы елімізде қабылданып жатқан осындай әлеуметтік маңызы зор бағдарламалардың өмірде тиісінше жүзеге асуына өз үлесін қосуда.
Салауатты өмір салтын насихаттау, медициналық қызмет түрлерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын республикамыздың астанасынан бастап, барлық қалалар мен жергілікті жерлерде дамыту қазақстандықтардың денсаулықтарын нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Сол себепті «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан «Кендірлі» демалыс орнында медициналық-оңалттыру орталығы мен оның жанынан «Ақбөбек» атты жаңа балалар сауықтыру лагерін ашып отыр.
Қызметкерлердің денсаулығы компания үшін өте маңызды. Себебі адам еңбегі компанияның негізгі капиталының бірі екені белгілі. Ал денсаулық адамның өмір сүру салтына және еңбегінің нәтижесіне байланысты. Сондықтан денсаулық мәселесіне жіті көңіл бөлінуі орынды. Әлеуметтік көмек пен өмірді сақтандыру сияқты жауапкершілікті сезініп отырған мұнай компаниясының бұл бастамасы, атқарып отырған игі істері өзге де компанияларға үлгі болары сөзсіз.