Кемелбек Әбдуәлі: "Бұл кәсіпті жолға қоятын да, жаны ашып қолға алатын да қазақтың балалары болуы керек"

Төрт түліктің жүн-терісі жайлы әңгіме қозғалса, далада ұшып жатқан жүн мен қоқыста шашылып жатқан тері ойға оралатыны рас. Ұлттың брендіне айналуға тиіс шикізаттың құрттап, айдалада шашылып, ысырап болып жатқаны қынжылтады. Дегенмен елімізде істің көзін танитын, жүн мен теріні құндылыққа айналдырып, кәсіптің көзін тапқан жандар да кездеседі. Солардың бірі отыз жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан маман Кемелбек ағамыз. Статистикаға жүгінсек, бұрындары елімізде жылына 100-105 мың тонна жүн өндірілген екен. Ал бүгінгі күні осы өндірісті қайта жандандыруға не кедергі? Тері мен жүн өндірісін жолға қою Үкіметтің мінберіне дейін көтеріліп, айтылғанымен мәселенің шешімін таппай келе жатқаны қалай? Осы саланың қазанында қайнап келе жатқан кәсіпкер ағамызбен арнайы сұхбаттасқан едік.

- Бұл кәсіпті бастағаныңызға қанша уақыт болды? Бәрі неден басталды?

- Бұл кәсіпке 1993 жылы жаз айында келдім. Екі жыл бұрын 1991 жылдан бастап інім Керімбек тері өңдеу цехында істей бастады. Өзі өңдеген терісінің тондарын киіп жүргенін көріп, қызығатынмын. Сөйтіп осы кәсіпке келуіме інім ықпал етті. Қазір бірге еңбек етіп жатырмыз. Ата бабамыз «мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деп бекер айтпаған. Қой ғана емес қазақтың барлық төрт түлігінің өнімі кәсіп көзі. Мінсең көлік, сойсаң ет, саусаң сүт болатын малымыздың терісінен де талай дүние жасауға болатынын ұмытып барамыз.  

 

- Қазір айына қанша тері және жүн өңдейтін мүмкіндігіңіз бар? Бұдан да ары кәсіпті кеңейту үшін сізге не керек?

- Қазір айына шамамен алпыс мың тері өңдейміз. Кәсіпті кеңейту үшін мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе екен дейміз. Тәжірибе жетеді, ойға түйген ойларымыз да бар, соны бөлісіп, жүзеге асыруға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қызығушылық болса кәсіпті одан әрі ұлғайтуға ынталымыз. Бізге қазір жаңа станоктар керек, сосын техникалық колледждермен байланысты күшейтіп, осы іске талпынып тұрған жастарды іріктеп алғымыз келеді. Шәкірттер тәрбиелеп, осы істі одан әрі дамытып кететін мамандарға зәруміз.

- Теріні сояр алдында қасапшыларға құлаққағыс болсын, тері жарамды болу үшін неге мән беру керек? Қазір қандай малдың терісін көп қабылдайсыз

- Қасапшыларға үлкен өтініш мүмкін болса теріні теспей, бүлдірмей сойса екен. Рас, он теріден кейде 2-3 ғана жарамды болып жатады. Өйткені көп терілер талапқа сай емес. Қалай болса солай сояды. Обал деген ұғым бар. Негізі малдың терісі қазақтың маңдайына біткен үлкееен байлығы. Соны түсінуіміз керек. Бағасына жетуіміз қажет. Өзіміздің қазақы қойдың, меринос қойдың сосын ешкінің терісін көп қабылдаймыз.

- Қазір Қазақстанда желге ұшып жатқан жүн, далада жатқан тері көп. Өйткені қабылдайтын жер жоқ. Мемлекет осы істі жолға қою үшін қандай шаралар жасауы керек? Қазақтың терісін қазақтың брендіне қалай айналдыра аламыз?

- Негізі ауыл шаруашылығын жолға қоя білсек, елімізді асырап мол табыс та әкеліп, мемлекеттің брендіне де айнала алар еді. Бұл саладан табыс көп. Тек көзін таба біліп, еңбек етсек болғаны. Бұл саланы жолға қою үшін қазір елімізде көптеп ашылған колледждерді өндіріспен ұштастыруымыз керек. Жастар колледж қабырғасынан осындай кәсіптің маңыздылығын түсінсе, ары қарай тез алып кетер еді. Әр облыстан тері, жүн қабылдайтын пунктер ашу керек. Солар арқылы тері, жүн өңдейтіндерге бағыттап отырса біздің де жұмысымыз жолға қойылар еді. Қазір осындай қабылдайтын орындардың жеткіліксіздігінен жүндер далада желге ұшып шашылып жатыр, тері қоқыста жатыр. Сонша байлықты біз осылай далаға тастап отырмыз. Егер әлгіндей сақтайтын, қабылдайтын пунктер болса оларды өз бабында сақтап, еліміздегі тері жүн өңдейтіндер үлгеріп ұқсата алмаған жағдайда шетелге жіберуге де мүмкіндік туар еді. Ең бастысы оларды ұдайы кәдемізге жаратып отырар едік. Бірлі жарым адамның тері немесе жүнмен айналысуы оны елдің брендіне айналар деңгейге жеткізе алмайды. Сондықтан қоғам болып жұмылып, мемлекет көңіл бөліп, тері мен жүннен пайда табуға тырыса бастауымыз керек. Мал ата кәсібіміз екенін, оның өнімдерін пайдалану табиғатымызға жат емес екенін ұғындырып, өңдеген дүниемізді шетелдерге ұсына бастасақ, мемлекеттің брендіне айналып шыға келер еді.

- Қазір мемлекет тарапынан тері мен жүн өңдеуді жолға қою қажеттілігі жиі айтылғанымен, жасалып жатқан шаралар жоқтың қасы. Кәсібіңізді кеңейту үшін Сізге мемлекет тарапынан қандай қамқорлық керек?

- Бұл кәсіпті жолға қоятын да, жаны ашып қолға алатын да қазақтың балалары болуы керек. Өйткені бұл жанымызға жақын іс. Ата бабамыз малдың сүтінен сан түрлі тағамдар ойлап тапса, жүнінен тоқып талай зат жасап, киімдер тігіп, жүнін өңдеп, жуып сабап киізге дейін басқан. Көздің жауын алар о дүниелер халқымыздың қазақы үйлеріне де көрік берген. Біз осыны қалай ұмытамыз. Осыны көре тұра қалай мән бермейміз. Жұмысты ең алдымен колледждерді осы салаға бағыттаудан бастауымыз керек. Колледждер кәсіптің бастауы болуы қажет. Қыркүйек айында көрме болады деп жатыр. Сол көрмеге барлық қолымыздан шыққан дүниені арнайы апарамыз деп отырмыз. Жұртшылықтың назарына ұсыну арқылы бағасын алып, көпшіліктің қызығушылығын да байқап көрсек дейміз. Мемлекет ең алдымен техникалық колледждермен байланыс орнатуға мұрындық болса, ары қарай жұмыс күшін көбейтіп кәсібімізді жолға қоюға да мүмкіндік туар еді. Негізі менің өндірісім аздап қиындықпен жүзеге асады. Өйткені станоктарыма қырық жыл болған. Қазір заманауи станоктер көп жаңадан шығып жатқан. Соларға қол жеткізсек өндіріс көлемі де екі есе артар еді. Сапасы да жақсара түсер еді. Мемлекеттен осы бағытта көмек болса өндірісті тез жолға қояр едік. Қазіргі таңда ішкі нарықпен қатар көрші елдерде біздің өңделген терілерге сұраныс көп. Соны пайдалануымыз керек. Мен ешбір грантсыз және субсидиясыз таза қол еңбекпен ірі кәсіпорындардың тапсырысын жасаудамын. Егер мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе осы ісімізді кеңейте түсер едік. 30 жылда өзгермеген бұл салаға тек мемлекеттік деңгейде қамқорлық керек. Сонда ғана көл көсір табысқа кенеліп, мал өнімін брендімізге айналдыра аламыз. Былғары аяқкиімдермен өз халқымызды өзіміз қамтамасыз етер едік.

 

- Осы іске қызыққандар үшін айта кетсек, тері өңдеуді жолға қою үшін неден бастау керек?

- Мен кәсібімізді қызғанып өзім ғана айналысайын демеймін. Үйренгісі келгендер бәрі тартылсын, үйренсін, одан әрі дамытсын. Мақсатым пайда табу емес, атадан қалған асыл дүниені қазақтың қолына қайтару және шәкірт тәрбиелеу. Ақ адал малымыздың барлық өнімін қолдануға Алла нәсіп етсе екен. Ештеңесіне обал болмасын. Менің ұстанымым осы. Жастар жиіркенбей білек сыбана кірісіп, тері өңдеуге кіріссе деймін. Үйренем деген жастар үшін құшағым ашық. Атап өтер жайт, бірнеше жыл бұрын Үндістанның Кашмир деген қаласынан кәсіпкерлер келді. Жүн өңдеуді үйренгісі келетінін айтып келіп, біздің технологиямызды игеріп кетті. Кейін Кашмир қаласынан жүн өңдеу цехы ашылды. Қазір бұл салада табыс та, қызығушылық та бар екенін білген талайлар қызығушылық танытып жатыр. Басқалар қызығып жатқанда өз ата кәсібімізге біз неге жатырқап қарауымыз керек. Тезірек қолға алайық, сойылмады дегенде күніне қанша мал сойылып жатады. Солардың терісінің, жыл сайын түлеп жататын жүнінің кәдемізге асып көздің жауын алар дүниелерге айналғанын көрсетейік жан жағымызға. Бұл тек қызығушылық танытсақ болғаны, елдің брендіне айналар дүние болар еді. Теріден жасалған дүниелер сапалы, өте төзімді болып келеді. Ондай сапа тіпті әлем назарын аудартар еді.

- Қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

- Негізі қазір он бір адам болып істейміз. Кейде тапсырысқа үлгермей кеткен кезде қосымша жалдамалы жұмысшыларды қатарымызға тартамыз. Шамамен он бес шақты адаммен өндірісімізді дөңгелетіп отырмыз. Қазіргі таңда «Тараз кож обувь» өндіріс орнына етік аяқкиімдер тігетін тері дайындап берумен айналысып жатырмыз. Сондай ақ таза теріден жиҺаз өнімдерін жасауға көңіл бөліп отырмыз. Алдағы уақытта жекелеген заттарды сатуға тапсырыс алып, көлемін арттырамыз ба деген ой бар.

- Негізі нарықты таза былғарыдан жасалған өнімдер қымбат болып келеді. Құпия болмаса сіздің тауарларыңыздың бағасы қандай?

- Әрине таза теріден жасалған дүниелердің бағасы жоғары болады. Біраз дүние жасап шығардық. Оның ішінде диван да, сөмке де, партмоне, тондар, көкірекшелер, мәсі де бар. Бір ғана ешкінің терісі туралы айта кетсем, ешкі терілерін – жүндес тері, тақыр тері, түбітті тері, серке терісі, лақ терісі, лақ мариі деп бөледі. Ешкі терілері төзімді келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киім тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды. Бұдан біз қазіргі уақытта сөмкелер,спорттық грушалар, дивандар тігеміз. Енді қазір таза теріден аяқкиімдер жасап жатырмыз. Егер мемлекет осы іске көңіл бөлсе халық тарапынан қызығушылық жоғары боларына сенемін. Мыңдаған жұмыс орындары да пайда болар еді. Жалпы бұл салада еш ұтылу жоқ. Барлық жағынан тиімді. Сондықтан тезірек көңіл бөліп, қолға алуға тырысуымыз керек.

 

- Кәсібіңіздің болашағын қалай елестетесіз?

- Алысқа бармай-ақ, көрші Өзбекстанды мысалға алайық. Онда саланы дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесінде, тері өндірісінің қуаттылығы 800 пайызға артты! Олар теріні шикі түрінде сыртқа шығаруға тыйым салып, шетелден әкелінген қондырғылар мен химқоспалар үшін салынатын кедендік баж және қосымша құн салығын алып тастады. Бізге де салаға деген дәл осындай бетбұрыс қажет. Қазір елімізде мал басын арттыруға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Енді сол малдың барлық өнімін тиімді игеретін кәсіпті неге жолға қоймасқа?! Халқымызды жұмыспен қамтып, ата кәсіп мал шаруашылығын дамытатын, қазір құнсыз шашылып жатқан тері мен жүнді өңдеп халқымызды түрлі киім кешек, аяқкиіммен қамтамасыз етіп жеңіл өнеркәсіпті жолға қоя аламыз. Барлық жағынан тиімді осынау кәсіпке көңіл бөлінсе екен, бар тілегім осы. Әлі де болса мемлекет көңіл бөліп, қазақтың қазынасы жүн мен теріні өңдеуге көңіл бөлуді қолға алсақ екен.

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста