«Халық Батырын» іздейміз
Енді бір жылдан соң сіздер мен біздер Ұлы жеңістің 65 жылдық мерекесін тойларымыз анық. Осыған орай, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры «Атақазақ» қоғамдық бірлестігі, «Алаш айнасы», «Ана тілі» газеттерімен және Қазақ радиосымен бірлесе отырып, тарихта Ұлы Отан соғысы деген атаумен қалған Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлік көрсетіп, алайда әділетсіздіктің кесірінен Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмай қалған қазақстандықтарды ұлықтауды қолға алады.
Осы күнге дейін «Алаш айнасы» газетінің бетінде ерліктері ескерілмей келген батыр аталарымыз жайында «Атақсыз қалған батырлар» айдарымен тұрақты түрде жазылып келді. Өз уақытында Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмаған батыр аталарымыз еліміздің әр өңірінде әлі де баршылық. Соғыс қиыншылығымен қатар саяси қиянат көрген сол жандардың бүгінгі үрім-бұтағы, мұрагерлері, туған-туыстары өз аталары туралы қолда бар мәліметті «Алаш айнасы» газетіне хабарлауы керек.
Маңызды делінген мәлімет-деректер Мемлекеттік тілді дамыту қоры жанынан құрылған арнайы сарапшы, тарихшы мамандардың талқысынан өтеді. Алдағы жылы соғыстың 65 жылдығы қарсаңында Халық батыры жобасымен анықталған батыр аталарымыз Халық Қаһарманы атағына ұсынылатын болады.
Ұлы Отан соғысының қарсаңында әскери академияны бітірген біздің жерлестеріміз де болды. Солардың бірі – Ғали Әділбеков. Ол Қызыл Армияның броне-танк әскери академиясын бітіріп, соғыс басталғанда танк әскерлерінің құрамында жаумен шайқасты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ғали Әділбековтің тікелей командирі болған, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, кейін Кеңес Одағының маршалы атағын алған Иван Игнатьевич Якубовский өзінің «Земля в огне» деген 1975 жылы жарияланған мемуарында жаумен шайқаста ерлік көрсеткен танк әскерлерінің командирлері жайлы айта келіп, солардың біреуі жөнінде әңгімелегісі келетінін білдіреді: «Менің айтайын дегенім подполковник Ғали Әділбеков туралы, оның ұлты қазақ болатын. Ғали Әділбековпен біз 1942 жылдың қаңтарынан, екеуміз 121-танк бригадасында қызмет еткен кезден таныс болатынбыз. Ол тамаша моральдық – әскери қасиет иесі еді, ұйымдастырушылық қабілеті, ерік-жігері мол, гитлершілермен күресте қорқу дегенді білмейтін. Осылай бола тұрып, ол тым қарапайым, барлық жауынгерлер мен офицерлерді өз маңына тартып тұратын адам еді... Ол Ұлы Отан соғысын танк батальонының командирі болып бастады. 1942 жылдың ақпанында «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ол басқарған батальон жаудың жиырмадан астам танкі мен бронды мәшинесін, он танкіге қарсы ататын зеңбірегін, бірнеше рота жаяу әскерін құртты... Тағдыр екеумізді кейін Днепр бекіністерінде кездестірді. Ғали Әділбекұлы гвардиялық танк полкінің командирі еді. Егер 43-тің қарашасында ерлікпен қаза таппағанда, үлкен шенді әскери бастық дәрежесіне көтеріліп, көптеген даңқты жауынгерлік істерді тындырғын болар еді», – дейді ол.
Ғали Әділбековтің әскери киім киіп түскен фотосуреті Алматыдағы «Даңқ аллеясы» мұражайында ілулі тұр. 30 жасынан сәл асқан шағында-ақ подполковник әскери шенінде көзге түсіп, келешегіне жарық жол салған есіл ер Ғали Әділбеков қапияда қаза болмағанда... Бригада, дивизия басқарған қазақ батырларының бірі болар еді-ау! 1941 жылғы жиһан соғысына дейін қазақ ұлтынан шыққан жігіттердің танк полкінің командирі болу түгілі, офицер атануы бірен-саран еді. Мықтаса жаяу әскерге қабылданатыны белгілі.
Ғали Әділбеков 1908 жылы 1 қаңтарда Семейде, Белағаш болысы Қызылқұм ауылында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, атасы Әділбектің тәрбиесінде болады. 1923 жылы Қазақ аймақтық жеткіншектер мектебіне (интернат) оқуға түсіп, оны 1925 жылы бітіреді де, Орынбордағы қызыл командирлер мектебіне барып оқиды. Одан әрі Ташкентке жіберіліп, ондағы В.И.Ленин атындағы Орта Азия әскери мектебінен дәріс алады. Оны 1928 жылы бітірген соң, танк әскері командирлерін даярлайтын курсқа жіберіледі. Семей, Ташкент, Орынбор, Ленинград, Түмен, Свердловск, Курск... Міне, бұл қалалар жас қазақ офицерінің қызмет ету баспалдақтарына куә болғандай. 1930 жылы 43-ші атты әскер полкінің взвод командирі болып Қарақұм шөліндегі басмашыларға қарсы ұрысқа қатысып, ауыр жараланады.
1937 жылы Ғали кезекті демалысында отбасымен Семей және Алматы қалаларына келіп, әскери қызметшілер Кәрім Әсенов, Мұқан Жалғабаев, Ахмет Исаев, Садық Жұмабаев сияқты дос-жарандарымен қауышады. Дәл осы кезде саяси қуғын-сүргін басталып, аңдушылар мен сөз тасушылар күш алған тұс еді. Достары Ғалидің тезірек Алматыдан кетпесе, суық та үрейлі қуғын-сүргін қауіп төндіретінін ескертіп үлгерген болатын. Айтқандай-ақ Ғалекең Түменге кете салысымен әлгі азаматтарды НКВД қызметкерлері сұрақтың астына алады. «Әділбеков өкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізген жоқ па?» – деген жымысқы сұрақтар қойып, әбігерге түсіреді. 1939-1941 жылдары Ғали Әділбеков Мәскеу қаласындағы броне-танк әскерлерінің академиясын бітіріп шығады. Соғыс қарсаңында Ғ.Әділбеков өз отбасымен Курскіде болып, әскери бөлімшені басқарады. Іле-шала соғыс өрті лап ете қалады... («Егемен Қазақстан». 2000 ж. 3 наурыз).
Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңінен бастап-ақ Ғали Әділбеков қиындықтан қорықпайтын ержүрек әскери командир болды. Зұлым жаумен шайқаса жүріп ерлік пен өрліктің тамаша үлгілерін көрсете білді.
Майдан даласында ерлікпен шайқаса жүріп қаза тапқан подполковник Ғали Әділбековті жұбайы Меңжиан көп іздестірді. Қызмет істеген жеріне сан рет хат жазды. Алайда соның бәрі ешбір хабарсыз жоғалып кетіп жатты. Бірақ өзінің ері жайлы әйтеуір бір нақты хабар келетініне Меңжианның сенімі өте зор еді. Ақыры ерінің өзіндей болмаса да, көзіндей көрінген сол хабар да келіп жетті. Оны Ғалидің қандыкөйлек жолдасы, полк штабының бастығы, капитан Александр Ионов жазыпты.
«Біздің әскери бөлімнің бұрынғы командирі Әділбековтің атына жіберілген сіздің көптеген хаттарыңыз менің қолыма түскен еді. Соларды оқи отырып, менің ұққаным, сіз еріңіздің майданда қаза тапқаны жөнінде ғана қаралы қағаз алыпсыз. Рас, жалғыз бұл қағаз ана үшін, жар үшін тым аз...
Алдымен өзімді таныстырып өтейін. Мен сіздің еріңізбен қызметтес болдым. Тірі кезінде әрқашан бірге жүріп, майдан жолындағы сандаған шайқастардың ауыртпалығын бірге өткердік.
Мен көптің атынан айтайын, Әділбеков әскери командирлердің ішінде аса мақтаулысы және нағыз ер жігіт болатын. Ол сізді және балаларын үнемі есіне алып, суреттеріңізді майдандас жолдастарына көрсетіп отыратын еді. Бір күні подполковник Әділбеков басқаратын біздің полк ерекше тапсырмамен жауға қарсы аттанды. Біздің күшімізге шыдамай Днепр өзеніне келіп тығылған дұшпан, шамасы келгенше, Кеңес жауынгерлерін тойтаруға тырысты. Екі арадағы шайқас қыза түсті.
Алынбақ аймақ сан рет қолдан екінші қолға өтіп, жарылған снарядтар мен бомбалар ешкімге жазығы жоқ жер бетінің талқанын шығарып жатты. Ақыры жау біздің тегеурінімізге төтеп бере алмай, отқа оранған қаншама танктерін қалдырып, өзеннің арғы бетіне өтіп, жан сауғалады.
Біздің полк жаудың тылына шыға беріп, қажетті жерлерде «қазанша» жасай отырып жау шебін бұзып келе жатқан. Полктің ең алдында – подполковник Әділбеков отырған танк, ал оның соңында басқа бөлімшелер де іркес-тіркес болатын. Осындай бір кезде қалың орман арасынан гитлершілдер өздерінің танктерінен бізге қарай оқ жаудырды. Бірақ олар қаншама атқылағанымен Әділбеков басқарған полкті тоқтата алмады. Жауға қарсы шабуыл өте шапшаң басталды. Атыс екі жақтан да күшейе түсіп, осы бір ауыр шайқас кезінде жаумен бірге біз де талай-талай ардагер адамдарымыздан айырылдық. Сөйтіп, 1943 жылы 21 қазанда Днепрден өту кезінде біздің танк полкінің командирі, сіздің еріңіз подполковник Ғали Әділбеков нағыз батырларша қаза тапты. Ол Киев облысының Переяслав ауданында, Луковица деревнясының солтүстігінде жерленді...
Иә, түсініп отырмын. Бұл – сіз үшін, шынында да, өте ауыр жағдай. Бірақ сіз анасыз ғой, бүгін де сіздің жаныңызда еріңіздің өзіндей болмаса да, көзіндей болған балаларыңыз бар. Міне, сіз енді соларды өсіріңіз. Оларды әке даңқына лайық етіп тәрбиелеңіз. Менің әзірге айтайын дегенім – осы. Егер подполковник Әділбеков туралы тың хабар білетін болсам, оны дер кезінде жазып тұрармын. Сәлеммен И.Ионов. 16 қараша.1944 ж».
Алайда ол жазам деген келесі хат сол жылы да, одан кейін де келмеді. Майдан жолында жоғалып кетті ме немесе жаумен шайқаса жүріп капитан Ионовтың өзі де қаза тапты ма, әйтеуір Меңжиан басқа ешқандай хабар ести алмады. Жылдар өтіп жатты. Әкесі майданға аттанғанда төрт жаста қалған ұлы Әлім азаматтық борышын өтеп, Кеңес Армиясы қатарынан оралды. Бұл күндері зейнеткер. Ал қызы Роза орта мектепте мұғалім болып, құрметті демалысқа шықты.
Өздерінің жас кезінде Отан жауымен шайқаса жүріп, қаза тапқан әке бейнесі балаларының есінде қалмапты. Алайда ер жетіп, ел қатарына қосылған балалар да кейін әкесін іздестіре бастады. Ақыры подполковник Әділбековтің денесі жерленген селоның мекенжайы табылып, Роза сол селоның тұрғындарына хат жазды. Хат селолық мектепте жауынгерлік Даңк музейін ұйымдастыруға байланысты материал жинап жүрген колхоз партия ұйымының хатшысы, мұғалім Н.Веросоцкийдің қолына түседі. Арада аз уақыт өткен соң Роза Әділбековаға Украинаның Луковица селосынан жауап хат келді.
«Бүгінде біздің музейімізде сақталып тұрған майдандық газеттердің әр санын кезінде қадағалай оқыған хуторымыздың ескі тұрғындары сіздің әкеңізді жақсы біледі екен, – деп жазады Н.Веросоцкий.
– Фашистерге қарсы кескілескен шайқастар кезінде подполковник Әділбеков ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен екен. Майдан шебінде ол әрқашан ең шешуші участоктарда болып, өзінің шеберлігімен, іскерлігімен, ержүректілігімен үнемі жеңіске жетіп отырған. Днепрден өту кезінде нағыз ерлерше қаза тапқан сіздің әкеңіздің ұйымдастырушылық қабілетін партия мен үкімет жоғары бағалай келіп, қаза тапқан соң екінші рет Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттапты.
Украиндықтардың дәстүрі бойынша, жергілікті халық Бауырластар зираты басына сәуір айының соңында барады. Сол күндерде біздің мектептің оқушылары зират айналасына гүл егіп, веноктар қояды. Осы жерде Отанға адал қызмет етуге ант қабылдайды. Подполковник Әділбеков жерленген жердің табиғаты аса көркем.Содан да болар бұл жерден жыл бойы адам үзілмейді. Ал жазда Бауырластар зиратына тақау жерде пионерлер лагері орнайды».
Тағы да бір хат. Оны Зоя Космодемьянская атындағы пионерлер дружинасы жіберіпті. «Подполковник Әділбеков басқарған танк полкінің жауынгерлері біздің хуторға бірінші болып келеді, – депті пионерлер. – Сөйтіп, фашизмнің жендеттерінен сүйікті жерімізді азат етіпті. Сізге сүйікті әкеңіздің қабірін суретке түсіріп жіберіп отырмыз». («Семей таңы», 1970 жыл. 8 қыркүйек).
Қазір 79 жастағы Роза апай 71 жастағы інісі Әлім екеуі Алматыда тұрады. Бала-шағасы өскен-өнген отбасы екен.
Батыр командир Ғалидың зайыбы Меңжиян Ілиясқызы 1998 жылы 85 жасында қайтыс болыпты.
Әкесінің бүкіл дерегін құнттап жинаған Роза апайдың архивінің өзі – бір төбе. Соғыс майданында 9-механикаландырылған корпустың командирі, генерал-майор Константин Малыгин 90-жылдары қайтыс болғанға дейін 47-танк полкінің командирі, өзі жақсы көрген Ғали Әділбековтің отбасымен үзбей хат жазысып, Роза апай тіптен оның Мәскеудегі үйінде қонақта да болыпты. Әкесі туралы естуге құмартқан қыздың бұл алғырлығы айтуға тұрарлық әңгіме десек те болар. Генерал К.Малыгин «Әскери тәртіптің ортасында» деген мемуарында Украина жеріндегі Букрин биігіне шабуыл жасаған шайқастың бір сәтін келтіріпті...
«...Жаудың мұздай қаруланған әскеріне шабуылды 40-шы армия бастады. Оған 3-ші гвардиялық танк армиясы да тұтқиылдан қосылатын болды, – деп жазады ол. – Жау шебін тықсырып-ақ жібердік. Бірақ аяқ астынан майдан қолбасшысы шешімін өзгертіп, маған корпусты тоқтатуға шұғыл тапсырма берді. Басталған операция, кейін білгеніміздей, мүлдем тоқтатылған болып шықты.
Бригаданы мен тез-ақ кері қайтардым, ал 47-ші гвардиялық танк полкі жауды жайратып, қанды ұрысқа кірісіп-ақ кетіпті. Оларды радио арқылы әрең кері шақырдым. Дәл осы кезде подполковник Ғ.Әділбеков өз танкісімен жойқын соғыс шебінде еді... Шайқас саябырсып, танкісінен ол шыға бергенде тасадан жау минометінен оқ атылады. Зулап келген зілдей оқ өзіне тигенін байқамай да қалады. Біз даңқты командирден, батыл әскери адамнан осылай айырылдық...»
Ал мына бір құжат Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы мұрағатынан алынған.
«Боевая характеристика на заместителя командира 121-танковой бригады подполковник Г.А.Адильбекова
За время войны с германским фашизмом товарищ Адильбеков показал себя как волевой командир не знающий страха. Своим примером показывал образцы героизма, готовность отдать свою жизнь за общее дело. Товарищ Адильбеков со своим батальоном участвовал в семи атаках и за эти атаки батальоном уничтожил 8 вражеских танков, 13 бронемашин, 9 автомашин, 10 противотанковых орудий до батальона вражеской пехоты. За проявленное героизм и мужество в борьбе
с германским фашизмом товарищ Адильбеков награжден орденом «Красное Знамя».
Энергичный, трудолюбивый, растующий командир.
В обстановке ориентируется. Организовать бой и увязать вопросы взаимодействия с другими родами войск может. В проведении своих решений тверд, настойчив. С марта месяца 1942 г. выдвинут на должность заместителя командира бригады и утвержден в этой должности южным фронтом.
Командир
121-танковой бригады
полковник Невжинский,
121-танковой бригады
полковой комиссар Плотников
10 сентября 1942». (Адильбекова Р. «Слово об отце». Алматы. 1999. с. 14)
Соғыс басталған кезде әскери дивизия мен бригаданың басында қазақ командирі болған емес, ал одан төменгі орта офицер құрамында да олардың саны тым аз болды. Мұның да өз себептері болды. Біріншіден, қазақ ұлтынан шыққан офицерлер құрамының аз болуы болса, екіншіден, оларды әскери училище, академияларда оқытып-дайындауға орталық әскери ведомстволар құлықсыздық танытты. Осының салдарынан соғыс аяқталғанда қазақ арасынан шыққан бірде-бір саптағы генерал болған жоқ. Соғысқа дейін әскери академияны бітірген Шәкір Жексенбаев техникалық қызметтің генерал-майоры болатын, оның өзінде де бұйрықты ол Фрунзе атындағы академияны бітіргеннен кейін, жиырма жылдай уақыт өткен соң алды. Шағын ұлт өкілдерінен шыққан генерал-полковник О.И.Городовиков, армия генералы И.А.Плиев сияқты жоғары дәрежелі генералдар болды.
Соғыс қарсаңында әскери академияны Әбілхайыр Баймолдин, Хаби Халиуллин, Шәкір Жексенбаев пен Ғали Әділбеков бітірді. 1941 жылғы жиһан соғысына дейін қазақ ұлтынан шыққан жігіттердің танк полкінің командирі болуы түгілі, офицер атануы бірен-саран еді.
Ғали Әділбеков болса гвардиялық танк полкінің командирі бола жүріп бригада командирінің орынбасары қызметін атқарған екен. Егер 43-тің қазанында ерлікпен қаза таппағанда, үлкен шенді әскери бастық дәрежесіне көтеріліп, көптеген даңқты жауынгерлік істерді тындырған болар еді.
Қазақтың болашақ генералдары Әбілқайыр Баймолдин, Хаби Халиуллиндер полк, дивизия басқарып жүріп, ерлікпен қаза тапты.
Міне, соғыс жылдары қазақ генералитетін құрайды деген адамдардың тағдыры осылай қалыптасты. Ал қазақ – жаратылысынан жауынгер халық, олар найза мен қылыштың заманында ғана емес, автоматты қару мен моторлы соғыстың заманында да өзінің қайсар да қайтпас халық екенін көрсете білді, өздерінің даңқты ерліктерімен соғыс тарихының беттеріне есімдері алтын әріппен жазылды.
Ұлы Отан соғысында танк полкын басқарған, танк бригадасы командирінің орынбасары дәрежесіне көтеріліп, асқан ерлік көрсетіп, Отан үшін отқа түскен Ғали Әділбеков Халық Қаһарманы атағына әбден лайық демекпіз. Өйткені ерлік елдіктен туады. Елсіз ер болмақ емес. Олардың рухы ешқашан сөнбейді. Жылдар өткен сайын жарқырап, жарығын алысқа түсіре бермек.